«Қаламгер порталы» кеңістікке шыққалы көп болмапты. Бұл әдеби порталды құрып, жұмысын жүргізіп отырған өзіміздің аяулы ақын қыздарымыз екенін естігенде, қуанып қалдым. Қазақтың ақын қыздары қандай! Өлең де жазады, портал да ашады жігіттерден қалыспай. Бәрі шетінен бесаспап. Осындай қыздарға бар жақсылықты сыйлағың келеді қолда тұрса.
« Шираздағы Түркі аруы сүйсе мендей бейшараны, Бір меңіне қияр едім Самарқан мен Бұқараны» деп жырлаған Шығыстың ұлы ақыны Хафизді Ақсақ Темір шақырыпты деседі. Жарты әлемді билеген Ақсақ Темір қаһарланған жүзімен ақынды оқты көзімен атып: «Менің қос қаламды бір қыздың меңіне айырбастайтын сен кімсің? Басыңды алам пақыр!»деп айбатын төндіргенде, Хафиз айтыпты дейді : «Асыл патшам! Мен ақын байғұс басым, бір бейшарамын. Жырым мен жүрегімнен басқа байлығым жоқ. Сұлудың меселі қайтпасын деп, өлеңімде қос қаланы сыйлағаным рас еді» депті мұңайған жүзбен. Сонда тағынан ұшып тұрған Ақсақ Темір : «Міне, еркектік мінез! Міне, ақындық мінез!» деп қарқылдап күліпті дейді. Содан кейін Хафиздің атақты жыры шыққан шығар ,сірә! «Әкімі ақынын іздесе зор болар, Ақыны әкімін іздесе қор болар».
«Қаламгер порталының» жұмысына сәттілік тілей отырып, «Бес қыз» атты хикаямды ұсынамын. Қыздардың мұңы , қыздардың сыры қыздардың жырына айнала береді ғой...
Маржан ЕРШУ
«Жайық деген суы бар ,
Бізге біткен бес еркектің буы бар...»
Махамбет
БЕС ҚЫЗ
(хикая)
БЕЙМАЗА ҚЫЗДЫҢ СЫРЫ
Жалт-жұлт еткен жарқырауық дүние,
Жанарды қариды.
Жалтырауықтың жалған күйі де
Жазған көңілге дариды.
Сыртқы сұлулық көзіңді арбайды,
Ішкі сезімдеріңді мас қылып.
Уақыт көшін уақыт жалғайды
Өзегіне мұңнан тас түйіп.
Бетперделер де жалықтырады,
Сырты мен іші үндеспей.
Гүлден көз жасы тамып тұрады
Қызығы болған бір кештей.
Жүректер бос та, суық қой мүлдем,
Ал ерін күйіп-жанады.
Шынайы сезім адасып жүр ме
Бәлкім, алыстап барады...
АРМАНШЫЛ ҚЫЗДЫҢ ЖЫРЫ
Бірін бірі күндейді жұрт,
Жоқтай басқа қайғы сәл.
Бірін бірі тілдейді кеп
Маңдай болса тайқы сәл.
Дүние –думан өте берер,
Құлағымда , көзімде.
Алыстарға жетелеген
Жастық жарқын кезімде.
Ортасында дүйім елдің,
Өз тірлігім, бар қамым.
Уақытым жоқ аялдауға
Тек тоқтаудан қорқамын.
Өткен күннен сұрақ алып,
Өмірімді бастадым мен.
Біле ме екен мына халық:
Танылмаған жас дарынмын.
Тыңдар ма екен тұра қалып,
Дейді ме екен: «Сөзің шын.»
Жанталасқан мына қауым
Дарыныңды неғылсын?!
Атақ, даңқ, абырой да ,
Үлестірілген жыртыстай.
Ал, қара өлең –қалың ойда
Елеусіздеу бір тұста.
От құсады көкірегі,
Жалғаны рас жалғанның.
Тастама деп өтінемін
Шылбырына арманның.
Үміт нәзік бала сынды,
Аялауға үйренген.
Күдік деген жанашырды
Арқада ұстап жүрдім мен.
Жалғыздығым - үнсіз қайғым,
Ақылгөйлік дер ел мұны.
Қызыл оттай лаулатайын
Ошағымда өлең -жырды.
Жалғыз шырақ. Әлсіз сәуле,
Жүрегіме нұр құяды.
Қиялымды кезер кейде
Қасқырлардың сұмдық әні.
Жаралы қасқыр ну орманға,
Жалғыздыққа асығады.
Жанын емдеп, тәнін жазып
Үнсіздікке бас ұрады.
Қызығарлық қайсарлық қой!
Жанарымда - қасқыр дүние.
Пенде болып жар салдың ба?
Пенде болып күл күйіңе.
Адам -қасқыр жалғыздықта,
Жаны -жүдеу, сырты -бүтін.
Мұңайғанда адамға емес
Тек қасқырға еліктедім...
ҚАМКӨҢІЛ ҚЫЗДЫҢ МҰҢЫ
Күздің желі соғады үрлеп,
Шашыламын, шайқаламын.
Суыққа да тоңа білгем
Қай бағыт ед байқағаным.
Далада өндім. Қала келдім,
Мұнда - сиқыр, жұмбақ қой.
Суық сорған санам енді
Ашылмайтын құндақ -ой.
Қызыл, жасыл шамдар мені,
Жұлдыздар боп арбатты.
Түндер менен таңдар демі
Жастығымды жалмапты.
Бұл сұм өмір лапылдаған,
Ылықсыған зор лавалар.
Отқа да мен жақын барам
Білмегендер табалар.
Қиял көзін қадап кейде,
Ызалы аққан ағынға.
Қу өмірде -тозақ бейне
Айналамын сағымға.
Көз алдымда күле жанған,
Қатыгез қоғам, қу өмір.
Түлкі -қабақ түйе қалған
Күйелегіш бір көмір.
Соқыр жылап, ақсақ күлер,
Өзін-өзі алдайды адам.
Қадамыңа ақша тілер
Сұр өмір-ай, қандай жаман!
Жылы үйді, тасаны іздеп,
Оңашада егілеміз.
Өмір-мұңнан қашамыз деп
Көмір-мұңға көмілеміз...
КІНӘМШЫЛ ҚЫЗДЫҢ ҚЫЛЫҒЫ
Сұлу болу қайда маған?
Тәмпіш мұрын , дүр қарамын.
Сұлу қызды айналамда
Көрсем іштей қызғанамын.
Қолтығымнан демер кейде,
Аңсай күткен қиялдағы үн.
Ешкім мені ұялтқан жоқ
Өз түрімнен ұяламын.
Біреу мені кінәлайды,
Кінәлайды қалмай жүріп.
Өзіме аздай мына қайғы
Болсын менде қандай үміт?
Өнерім бар ел жұбатар,
Ақылым бар аздаған.
Жұмысым бар сен де ұнатар
Өз құным бар. Өз бағам.
Заман кеткен ілестірмей,
Көп қыздардың бірі едім мен.
«Модно», «Эффектно» емеспін ғой
Қарапайым жүрегім кең.
Таңдағанға таз жолығып,
Қалар шағын білемін.
Таңдағам жоқ, арбағам жоқ
Сол бір пәле күледі.
Көңіліме кіріп алған,
Көлеңкемдей қалмас менен.
Қайда барсам –жүріп алда
«Меніменен жалғас» деген.
Менің биім , түр-тұлғам да,
Оған мүлдем ұнамайды.
Жанарыма мұң тұнғанда
«Кімсің сен» деп сұрамайды.
Досы осы «Күдік» деген ,
Ойға кірген жабысып.
Күліп келед. Жүріп келем
Уақытпен жарысып.
Көңілімнен сан күдікті,
Әсте қуа алмаспын.
Сағым қуған сан үмітпен
Тек түсімде жалғастым...
НАМЫСҚОЙ ҚЫЗДЫҢ ЖҮРЕГІ
А. қала. Түн. Жаз айы,
Сол әдемі кеш пе еді?!
Жаңбыры да азайып
Салқын самал еспеді.
Сенің күлкің .Сол ғана,
Әрі мұңды кекесін.
Күлімсіреп ай қарап
Түн жамылды көрпесін.
Қызыл ала, көкала,
Алау шамдар көшеде.
Жалғыз ойға қамама
Үмітімді кесемін.
Сауықхана. Кафелер,
Көк түтінге буланып.
Кімге бақыт әкелер
Жапырақтар шулады.
Музыкалар бейбақтай,
Зорланып та жылаған.
Шаршағандай кей уақта
Жанға медет сұраған.
Сол бір жанның жанында,
Бейтаныс па, таныс па?
Жүрді бір қыз қамында
Жақын әрі алыстап.
Түнгі кештің пердесін,
Ай сәулесі түрткен-ді.
Айқай әуен тербесін
Масаң көңіл жұртты енді.
Сәл ашылған ернінде,
Арулардың нұр ойнап.
Қызыл-жасыл шамымен
Құтырынған бұл аймақ.
Сауықхана төрінде,
Жүрегіңнен жалын үз.
Койыныңа енердей
Қаумалаған қалың қыз.
Асып-толып құйылған,
Шарап дәмі өртеп бір.
Мұнда тегіс жиылған
Қызыққұмар еркек кіл.
Қиғаш қасы керілген,
Ана сұлу, қайсысы-ай?!
Қызыл шарап төгілген
Тауық еттің майлысы-ай!
Ерінді ерін іздесіп,
Көтерілген өкшелер.
Омыраулар тізбесі
Дөңгеленген бөкселер.
Сән-сауыққа ауысып,
Қыздар қызар тартынбай.
Мықындары майысып
Жарқыраған балтыр бар.
Сауықхана ішінде,
Әрі- масаң, әрі- асау.
Риза болған пішінде
Қызға отырсың жанаса.
Сағымданып көз алдың,
Іштің. Қыздың. Бозардың.
Көк түтіннің ішінен
Елестеген болармын.
Күлдің әлде мұңдандың,
Жүректе не сыр бар-ды?
Асығыстау тересің
Телефонын бір жанның.
Қандай күйде едің сен?
Неден жаның түңілді?
Таныстырдың өзіңше
Қасыңдағы «кіміңді».
Даңғойлығың жарады,
Сиқыр күлкі, кеш қызған.
Саусағымен санадың:
«Бір жігітке –бес қыздан».
Күлдің –дағы мақтандың,
Жай-күйіңді ақтардың.
Ескермепсің бірақ та
Жүрек жылап жатқанын.
Тыңдап бердім еріксіз,
Қай әлемнен келіпсіз?
Мен сүйетін адам сол
Қандай топас көріксіз!
Ойымды ұғып жатты кім?
Кейде ақылға тапшымын.
Жүрегімді жегенім
Таңдайымда ащы мұң.
Ай жылжыды, күн өтер,
Өткен күннен бір өтем.
Шырылдаса телефон
Алаңдаймын .Кім екен?
Болмай кесір адамға,
Жүрсең-дағы жаман ба?
Бәлкім осы дұрыс па
Маған, саған, оған да.
Кімді кім жеп тойынған,
Құмар қанбас ойыннан.
Сөз деген бір ауыр зат.
Соққысы зіл сойылдан.
Көңіл деген шыныдай,
Сөз-тас тисе , сынбай ма?
Жасырынған ұрыдай
Сеніміңді ұрлайды, ә!
Болсын сенде мың әйел,
Болсын бәрі шырайлы.
Ал , өзіме ез емес
Нағыз жігіт ұнайды!