Автор кітаптың жартысын ғана жазады. Қалған бөлігін оқырман жазады
Джозед Конрад
Жас қаламгерлер туралы сөз болса, нақтырақ шығармалары туралы айта бастасақ -изм, -мизмдарды қосаққа жетелей кететін әдетіміз бар ғой. Бәлкім, бұл соның бірі шығар.. Ислами түсінікті ығыстырып қойып, дүниеге қай қырынан қарасақ та «маңдайдағы жазуды» көретініміз бар, сөйте тұра жаға жыртысып дауға түсетініміз ойымыздың әлсіздігінен, өзгешелігінен болар. Көбіне сананың сан-саққа жүгіріп, еркіндікке шығып тыныстай алуын еуропоценристік туындылардан байқаймыз да, сол көзқараспен мейілінше ұғысамыз. Ұлықбекше: «Батысқа балам қызықпа, Батқан күн — біздің күніміз» десек те, шығыстан атқан таң нұрын батып бара жатқан күн шапағына алмастырып жатамыз. Жә, әңгіме ол жөнінде де емес.
Қаншама туындылар бар: уақыттық белдеу тоқтайтын, кейіпкер орын алмастыратын, жер асты мен жер үсті әлемі шайқасатын. Бірақ оның бәрінде адам жаны бір күйде ғана көрінеді. Иә, рух қалыбын өзгертуі мүмкін. Бірақ рух ситуацияны өзгерте алады ма?
Бұл әңгіме осы мәселені өзінше шешіп те, түйіп те берген секілді.
Математика ғылымдарының дәлелдеуі бойынша біз бәріміз (адамдарды қоса) материядан тұрамыз және материяның өзіміз. Ал автордың уақыт пен орынды шарттылыққа ығыстырып, тағдыр формасын бұзып-жаруы қалай? Адам тағдыры қай көзбен қарасақ та өзгермейді емес пе?
Әңгіме атауының өзі кванттық физикаға, яғни бір мезгілде бірнеше орында бола алатын атомдық бөлшекке қатысты тақырып. Енді мұны философияға салып ойланып көріңіз. Шатысып кеттіңіз бе? Ендеше бұл квант — иллюзияның басты белгісі.
Сіздің тағдырға деген көзқарасыңыз да квантқа ұқсас болуы мүмкін. Бармақ тістеп, өкініп, сан соққан сәттеріңіз көп болған шығар. Бірақ, бұл—тағдыр, қалқам. Ал, тағдырға өкпе мен өзгерту жүрмейді.
«Мен олай етпегенде немесе бұлай еткенде.. » дейтін пәндауи түсініктеріміз, ақыр соңында, өзін-өзі көндіруге, жұбатуға алып келеді де «жазған» өмірді әрі қарай сүйреуге итермелейді. Бірақ, сол тағдырды өзгерту басқа біреудің емес, дәл сенің қолыңда тұрған дүние ғой... Автордың айтамын дегені осы!
Қазақ әдебиетінде тәннен жанның ажырауы туралы көп айтылмады. Абайдан бастап, Мұхтар Мағауиннан бір-ақ шыққан идея еуропа жұртында әлдеқашан суып қалған «сорпа». Бірақ, бұл әңгімеге мұрындық болған шарттылық ситуацияда екі адамның өмір сүре беруі қалай? Білесіздер, Мағауиннің екі кейіпкері шығарма соңында бірдей уақытта көз жұмады. Яғни олардың бірінсіз-бірінің бола алмайтынын көрсетті. Ал, Бекбол мен Кәмиләның бір мезгілде бірнеше орында жүре алатыны, бірінсіз-бірі өмір сүре алатыны қалай? Мұндағы басты ойлантарлық, пәлсапа қуарлық түйнек те осында ғой.
Адам ойы арқылы бүкіл галактиканы өзгерте алады, ал материя арқылы, тіпті өзін де өзгертуге қауқары жоқ. Идеялар жан-жағымызды торуылдап, өмір сүрудің неше түрлі әдістерін алға тартса да, жазмыштың жазуынан артық көре алмаймыз. Таңдау болғанымен талдау болады ма тағдырда. Әрине, жоқ. Сенің ойың ғой тағдырға таңдау қоятын.
Демек, әркім өз ойына түзу, берік болуы тиіс. Сенің ойың — сенің тағдырың!
Біздің айтып отырған дүниеміз авторлық идеямен үндеспеуі де кәніш. Сол себептен, Э.Хемингуэйдің сыншыларға жоқ нәрсені оттап кетеді деп өкпе артуы орынды болған деп есептейміз. Бірақ, солай екен деп шығармадағы «ойнап кеткен» идеяларды тұмшалап тастасақ көркемдік көкжиек дегенге де обал жасағандай болатын шығармыз. Осы тұста Сауытбек Әбдірахмановтың мына сөзіне еріксіз қол жалғайсың: «Біздегі сын айтудың трафеттік бір үлгісі… .жалаң сюжет қуалап, қай тарауда кімнің қайда баратынын санамалап шығамыз да, кітапта жазылмаған жолдарды оқымаймыз».
Кейіпкерлердің кеңістік алмастыруы батыстық әдебиетте бұрыннан бар тәсіл. Психологиялық шығармалардағы тосын шешім әдеби сөредегі діни мектептен өткен ортағасырлық шығармаларды ығыстырғалы қашан! Бүгінде психикалық әсердің (ойлау, түйсіну, қабылдау, т.б.) адам жанына қандай өзгеріс әкеле алатыны жөнінде батыстық шығармалар арқылы етене таныспыз. Мәселен, Дэвид Митчеллдің «Облачный атласындағы» адам рухының көшуі кеңістік арасындағы алшақтыққа тікелей жалғасқан. Алдыңғы ғасырда өмір сүрген адам келесі дәуірде басқа адам болып қайта туады. Бірақ бәрін ұмытады. Ең сорақысы, бір адам алты қалыпқа түскенімен, барлық кезеңде бір қателікті қайталай береді. Бұл үрдіс өз шешімін тапқанынша қайталана бермек. Ендеше, мұның да атын «Тағдыр» деп жылы жауып қоя салуымыз керек қой. Әйтпегенде құрғақ психологиядан пафостық философия тудырып жатқандаймыз. Ежелгі діни түсініктерден келе жатқан «адам жанының көшуі» туралы сенімнің шығыстық дүниетанымда да болғандығын айтып жату артықтық болар.
Сөзімізді қорытындылай келе, Бекболдың әңгіме соңында бұрынғы тұрған пәтерінде шылым шегіп тұрған өз сұлбасын көруі оқырман назарынан тыс қалмайтын болар деп, жоғарыда айтылған пікірге қайта бір көз жүгіртіп өтуге кеңес берген болар едік.
Ұлжан Әділова