ЛИРИКАЛЫҚ ПРОЗАДАҒЫ МОНОЛОГТЫҢ ҚЫЗМЕТІ

Жазушы шығармасындағы лиризм – адамды және әлемді танытудың тәсілі. Ол адамның ішкі әлеміне терең үңілуден, кейіпкер монологының жетекші рөлінен, психологиялық әрі лирикалық мәнді тереңдететін поэтикалық пейзаждан айқын көрінеді. Лирикалық проза эпос пен лириканың белгілерін автордың жетекшілік рөлімен тұтастыра отырып, өзінің түрлік және құрылымдық ерекшеліктерін көрсетеді.

Қаламгердің ішкі жан дүниесі суреттеудің негізі болып табылады; басты назар әңгімелеушінің өмірге қатынасына, ой-пайымына, сезімі мен толғанысына аударылады. Мұнда қосымша, маңызы жоқ мәселелердің бәрі назардан тыс қалады, негізінен кейіпкерлерді сұхбатқа әкелетін құбылыс, сезім ғана қалады. Жазушы үшін бастысы – ойдың дамуы болып табылады.

Жазушы бейнелеуі ең алдымен лирикалық кейіпкердің сезімі мен көңіл-күйін анықтап береді. Лирикалық кейіпкер шындықты сезімдік қабылдау арқылы таниды.

Сыншы С.Әшімбаевтың айтуынша: «Көркем шығармада адамның сыртқы түр-тұлғасын, нақты қимыл-қозғалысымен бірге оның жан әлемі, адам әрекетінің бұл екі формасы үнемі тығыз бірлікте болып отырады. Адамдардың ішкі әлемімен, психологиясымен байланыссыз ешқандай әрекет жоқ» [1, 45].

Лирикалық проза, ондағы кейіпкер бейнесі дегенде біз әуелі монологқа назар аударамыз.

Монолог – лирикалық прозадағы басты және тиімді тәсілдердің бірі. Ол автор ойының жеткізілуіне ерекше ықпал етеді. Жазушының, лирикалық кейіпкердің сезімі, толғанысы басқа да түрлі әдіс-тәсілдер арқылы берілгенімен, лирикалық монологтың маңызды қызмет атқаратынын қайталай айтқымыз келеді.

Лиризм табиғаты жазушының мол ізденісін, суреткерлік парызын байқататын құбылыс. Жазушы өз кейіпкерінің бойындағы нәзік сыршыл сезімін оқырманға жеткізу үшін әртүрлі көркемдік әдіс тәсілдерді пайдаланады. Олардың қатарына үнсіздік, ішкі толғаныс, лирикалық  шегіністер, кейіпкер көңіл күйін табиғат көріністерімен астастыра беру т.б. көркемдік тәсілдерді жатқызуға болады.

«Лирикалық өнер әрі романтикалық, әрі реалистік негіздерде өмір сүреді», – деген С.А.Липин лиризмнің белгілі бір көркемдік әдістер мен бағыттарға тәуелсіздігін,  психологизм сияқты әдебиеттің «тектік» қасиетіне бейім екенін аңғартады [2,132].

«Лиризм» ұғымы жайлы алғаш айтқан Гегельдің пікіріне тоқтала кетейік. Романтикалық туындылар мазмұнының артықшылығы – жеке адамның ішкі рухани өмірін, сезімдердің әр алуандылығын бере алуы. Бұл тұрғыдан келгенде, жазушы кейіпкердің ішкі әлемін беру үшін лирикаға жүгінеді. Оның айтуынша, «лиризм – романтикалық өнердің негізгі стихиялы ерекшелігі болып табылады» [3, 506]. Бұдан кейіпкердің сезімін оның ішкі ой толғанысы, яғни монолог  арқылы беру лирикалық прозаға тән басты ерекшеліктердің бірі екенін көре аламыз. Монолог туралы айтқанда ең әуелі ішкі монологқа тоқталған жөн.

Ішкі монологтың кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік қызметі ерекше. Сондай-ақ  кейіпкердің ішкі сөзінің кейіпкер бейнесін танытудағы қызметі де айрықша. Қазақ әдебиетіндегі ішкі монологтың үздік үлгілері алғаш М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов шығармаларында көрініс берді. Классик жазушы М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесі, «Абай жолы» роман-эпопеясы бұл арнаны барынша кеңейтіп, тереңдете түсті. Ғ.Мүсірепов лиризмі қазақ прозасын жаңа белеске шығарса, Т.Ахтанов, С.Мұратбеков, Ә. Кекілбаев, Д.Исабеков, Т. Әбдіков, О. Бөкей  т. б. рухани жалғастықты жаңғырта түсіп, ішкі монолог арқылы  кейіпкер бейнесін даралаудың тың үлгілерін көрсетті.

Көрнекті әдебиеттанушы ғалым М.Базарбаев: «Тіл көркемдігінің бір байқалар тұсы диалог пен монолог құруда. Мұнда шеберлік керек-ақ. Өйткені диалог адам мінездерін, қимыл-әрекеттерін ашуға бірден-бір қолайлы форма. Монологқа келсек, бұл талап онан да арта түседі» [4, 197 ], - дейді.

Ішкі монологтың қазақ қаламгерлері шығармаларындағы қолданысы туралы әдебиеттанушы ғалым Г.Пірәлиеваның еңбегінде жан-жақты қарастырылған. Ғалым ішкі монологтың кейіпкер психологиясын ашудағы қызметін талдай келіп, бұл тәсілдің әр жазушыда өзінің қаламгерлік шеберлігіне байланысты әр түрлі көрініс беретінін айтады.

Ішкі монолог туралы профессор Б.Майтанов: «Мұнда шындыққа обьективті баға беру жоқ та, кейіпкерлер қабылдауларының субьективті әлемі өмір танудағы биік қасиет деңгейіне көтеріледі. Бұлдыр тұстары, қарама-қайшылықтары мол ол әлем әлеуметтік-интимдік құбылыстардың шынайы мәнімен желілес шыға бермейді» [5, 293], - дейді.

Мұндай шығармаларда монолог композицияның негізі болып табылады. Ол тек қана оқиға айтылып қана қоймайды, сонымен қатар айтушы  шындықты өзінің қабылдауы арқылы түсініп, оған поэтикалық өзгеріс енгізе отырып ұсынады. Сонда оқиға кейіпкер сезімі арқылы өңделіп, оның көңіл күйіне сәйкес беріледі. Жазушы тудырған образдарда кейіпкер мінезінен тыс нәрселер де жасырынып жатады. Олар негізгі оймен бірге автордың көңіл күйін де білдіруге мүмкіндік береді.

М.Б.Храпченко: «Ішкі монолог адамдардың рухани жан дүниесін жаңғырту құралы» [6, 112], – деп характер сомдаудағы негізгі қызметін атап көрсетсе, Б.Майтанов: «қаһарман санасындағы стихияны таныту арқылы өмірді түрлі аспектілерде кең бейнелеуге негіз болады» [7, 56], – деп оның көркемдік сипатына тоқталып кетеді. Ішкі монолог көркем проза үшін ең басты көркемдік құрал бола алды. Лирикалық һәм психологиялық прозада кейіпкердің хал-ахуалын, жан күйзелісін, нәзік сезімін таныту үшін ішкі монологтардың небір үлгілері туындады. Сол арқылы кейіпкер бейнесін оқырманға әсерлі де шынайы етіп жеткізу жүзеге асты. Жазушының шеберлігінің бір қыры – ол өз атынан баяндалуы тиіс кейбір кейіпкер туралы ой-толғамдарды қажетінше сол кейіпкердің өзіне айтқызуында. Жүйелі түрде ішкі әлемнің қат-қабат сырын бір арнаға тоғыстыруда ішкі монологтың мәні зор.

Көрнекті қаламгер О.Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романы бас кейіпкер Дарханның ішкі монологына құрылған. Романның құрылымындағы авторлық шегіністер толығымен Дарханның ойы, еске алуы арқылы беріледі. Ішкі монологтың ой ағынынан басты ерекшелігі – мұнда оқиға автордың мақсатына бағындырылады. Бұл туындыда кейіпкердің тасасында автордың тұрғаны анық байқалады. Кейіпкердің дүниені қабылдауы, іс-әрекеті, пайымы, пікірі автордың бақылауында болады...  осы жерде Г.Пірәлиеваның пікірін еске алсақ, ғалым: «Ішкі монологтың авторлық және персонаждық түрлері де бар. Ішкі монолог кейіпкердің ой-сезімін жеткізетін автор сөзі тұрғысында берілуі мүмкін немесе тура кейіпкердің атынан айтылады», – деп көрсетеді [8, 22].

Ішкі монологтың бұл аталған түрі О.Бөкей шығармаларынан молынан ұшырасады.

Монолог арқылы да мінез ерекшелігі, ойлау сипаты, көркем бейненің, яки кейіпкердің дүниетанымы айқындалады. Шығарма идеясының небір нәзік иірімдері көп жағдайда ішкі үнмен бейнеленеді. Ашық сөйлесудегі сияқты ішкі үнде де да кейіпкер бейнесін аша түсетін сюжеттік-композициялық бастаулар жатады.

«Өз отыңды өшірме» романы пішіндік тұрғыда монолог және баяндау компоненттерінен тұрады. Кейіпкер ойы арқылы жасалған лирикалық шегіністер шығарма композициясына еш нұқсан келтірмейді. Табиғат суреті, портрет, түр-түстегі құбылыстар мен өзгерістер, диалог сияқты ішік монолог та жазушының кейіпкер бейнесін даралаудағы негізгі амал-тәсілі. Лирикалық шегініс арқылы жазушы өткен мен бүгінді байланыстыра отырып, кейіпкердің жан дүниесін терең танытуға ұмтылады.

Тағы бір мысал. О.Бөкейдің «Сайтан көпір» повесінде Аспан шал өзінің өткен өміріне лирикалық шегініс жасамаса, Алатай сапарының соншалықты қауіпті, қатерлі екенін оқырман түсіне де, түйсіне де алмас еді. Аманның сайтан көпірден өтер алдындағы бойын жайлаған алапат үрей сенімсіз көрінер еді. Сонымен қатар, «Атау кере» повесіндегі Нүрке кемпірдің ішкі үні арқылы жасалған лирикалық шегініс те Ерік пен Тағанның болмысын ашумен бірге, мінездері даралауға ерекше әсерін тигізген. «Өз отыңды өшірмедегі» Дарханның ойымен берілетін лирикалық шегіністер ұлт тарихының ең бір қиын да күрделі кезеңін көркемдік тұрғыдан жаңғыртып, тарихқа ой көзімен қарап, өткеннің ащы сабақтарын ұсынады.

Кейіпкердің толғақты ойларына  оның айналасындағы құбылыстар да белсене қатысуы көркемдік заңдылық. Кейіпкер жанының құбылысын суреттеу үшін жазушы ішкі монологтарға көп жүгінеді. «Монолог арқылы, – дейді Майтанов – мінездер ерекшелігі, ойлау сипаттары, образдың дүниетанымдық арналары өрнектеледі» [5, 28].

Оралхан Бөкей шығармаларындағы автордың қатысуы арқылы жүзеге асатын баяндау – ішкі монолог, кейіпкердің өзіне ғана тән тікелей монолог – толғаныстар түрінде келеді. Кейіпкер толғанысын  ішкі монологтың барынша ұлғайған түрі деп қараған жөн.  Олар көп жағдайда екі-үш беттен төрт-бес бетке дейін созылып кетеді. Мұндай ұзын-сонар толғаныстар авторлық идеяны танытудың позициясы болуымен бірге, кейіпкердің жан дүниесіндегі бұлқыныс, буырқаныстардың айнасы тәріздес.О.Бөкейдің қай шығармасын алсаңыз да ішкі монологтар қаһарман әрекетімен үндес. Олар ішкі әлемді айшықтап отыратын психологиялық дәлел ролін сәтті атқарғанын аңғаруға болады. Олар сондай-ақ бірде алда болар қарқынды іске әзірлік, бірде өтіп кеткен оқиғаны талдау қызметінде жүреді. Ішкі үннің авторлық баяндауға ұласып, қаһарман тасасында автордың тұруы да көрініс береді.

Прозадағы лиризмнің ең басты қызметі – адам болмысын, көңіл-күйін таныту. Автордың айтпағы– ізгілік пен зұлымдық, сол екеуінің  арасындағы бітпейтін мәңгілік күрес. Солардың бәрін кейіпкерлер дүниетанымы, сана-сезімі арқылы өрбітетін – лиризм.

Зерттеуші М.Атымов: «Ішкі монологта көбінесе сөйлеуші адам өз өмірі мен өзінің ішкі жан дүниесіне тереңдей еніп, өз психологиясынан хабар береді. Жазушы қаһарманның өзімен-өзін сөйлестіру арқылы оның өзінен басқа жанға сездіргісі келмейтін жасырын сырларына дейін оқушыны жетектеп, ертіп апарады» [9, 70], – деп жазады. Бұл тұжырымға дәлел ретінде классик жазушы Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» повесінен мысалдар келтірейік. Аталған туындыға тұтастай алғанда, бас қаһарман Ләззаттың жан сыры арқау болған. Автор Ләззаттың жақын құрбыларына ашылып айта қоймайтын жан сырын монолог арқылы шебер бейнелейді.

Повестің бастауында жас қыз Ләззаттың сезімімен өрілетін Нияз атты сақа жігіт асқақ көрінгенімен, Ләззат – Нияз  қарым-қатынасы дамыған сайын адамдық тұрғыдан аласара түседі. Ол, біріншіден, өзін құлай сүйген Ләззаттың сезіміне опасыздық жасауымен байланысты болса, одан кейін ой өресінің төмендігі, рухани жұтаңдығы, сарқылып қалған көлшіктей талантының бірте-бірте таяз тартуымен көрінеді. Арзан дақпыртқа бой алдырған ол жылт еткен аз дарынның да ұшқынын да сөндіріп, көптің біріне айналады. Туындының  соңында Ләззат өз көңілімен ақтауға, қамқор болуға ұмтылған Нияздың шынайы бейнесі ашылады.  Бұл туындыда композиция бас кейіпкердің ой ағымына барынша бағындырылған. Ондағы ішкі монологтың қызметі айрықша. Повестің басында өз-өзімен оңашаланып, қалың ой кешкен Ләззат  бейнесі көрінсе, соңында өз басындағы барлық жайды ой елегінен өткізіп, парасат пайымымен екшей білген мінезді де жігерлі ақын қыздың өр бейнесі айқындалады.Повестің басты ерекшелігі – автордың шығарманы кейіпкер жанының ішкі тартысына құруы және оны повестің соңына дейін жүйелі дамытуы дер едік. Әрине, бұл жерде монологтың маңызды көркемдік қызметін атамауға болмайды.

Кейіпкер жан дүниесінің әр алуан сезім құбылыстарымен ашылуы «Махаббат мұңы» повесінің лирикалық сипатын айқындайды. Көркем прозадағы лиризмнің орны туралы ғалым З.Жұмағалиев: «Лиризм тек поэзияға ғана тиесілі құбылыс емес. Басқа жанрларға да қатысы бар сапа. Оның әр шығармада әр түрлі дәрежеде келуі сөз болатын оқиғаның тартыстық сипатына, жазушының қалам ұштау ерекшелігіне байланысты. Кейбір компоненттерінің әжептәуір мөлшерде болуына қарамастан, лиризмге, психологизмге тым кедей туындылардың ұрпақтан-ұрпаққа ауыса бермей, көбіне фактілік қызмет атқарып қалғаны белгілі. Керісінше, дәуір талғамымен, кезең келбетімен үйлестік тауып, ұзақ көктеп тұрғандар психологиялық, лирикалық сипаты барлар» [10, 149-150], – деп жазады. «Махаббат мұңы» повесін ғалым айтқан осы қатардағы шығарма екеніне дау жоқ.

Шынайылық, адам жанының қалтарыстарына үңілу, оны суреткерлікпен шебер жеткізе білу, композициялық жинақылық пен тіл көркемдігі – көркем туындының ең басты өлшемі екені сөзсіз. Жазушы бұл хикаятында кейіпкерін таныта түсу мақсатында табиғат көріністерінің әр алуан түрдегі әсем қалпын да шебер бейнелейді. Табиғат суретін автор кейіпкердің сезім құбылысымен, табиғат сұлулығын өзінше қабылдауымен үндестіре көрсетеді. Бұл бірлік шығарманың шырайын ашып, көркемдік қуатын күшейте түскен.

Лирикалық прозада бірінші жақтан берілетін лирикалық монолог ерекше қызмет атқаратыны белгілі. Ішкі ой ағымы – көркем туындыдағы ерекше құбылыс. Бұл кейіпкердің өзін-өзі түсінуі үшін қажет философиялық пайымын қалыптастырады. Лиризмі басым туындыларда нарраторлық қызмет оқиғаларды өрбітеді, шиеленістіреді, шешімін табуға жол ашады. Нарратор (әңгімеші сипатындағы) туынды кейіпкерлерімен біте қайнасып өмір сүреді.

Оқиғаны өз атынан баяндайтын әңгімелеуші композицияның негізі болуымен бірге монологтың сан түрлі мүмкіндігін айқындай түседі. Монолог иесі ретіндегі әңгімеші оқиғаларды бағалап қана қоймайды, сонымен бірге іс-әрекеттерді өзінің ой тізгінінен өткізіп, оған поэтикалық өзгеріс енгізе отырып бейнелейді. Ішкі монологтың өз кернеуінен асып, күллі оқиғаның «сыртына шығуы» әңгімеші-нарратордың қызметіне тән. Өйткені оның баяндауында күллі оқиға кейіпкердің сезінуі арқылы өрілген. Сол себепті де лирикалық прозаның тілі көркем, сезімге толы, ерекше бейнелеулермен байытылған болып шығады. Қаламгер айшықтаған бейнелерде жай ғана сипаттаудан әлдеқайда күштірек терең мәнді, сан қатпарлы, қыры мен сыры мол болмыс дараланады.

Әдебиет 

1. Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік. Сын мақалалар. Алматы: Жазушы,1993. – 623 б.

2. Липин С.А. Идейное единство и художественное многообразие советской прозы. Москва: Мысль, 1974. – С. 336.

3.  Гегель Г.В. Эстетика: В 2-х томах. Т.2. Москва: Наука, 1999. – 603 с.

4. Базарбаев М. Замана тудырған әдебиет. Алматы: Ғылым,1997. –504 б.

5. Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. Алматы: Санат,1996. – 336 б.

6. Храпченко М.В. Творческая индивидуальность писателя и развитие литературы. Москва,1972. – С. 242.

7. Майтанов Б. Сөз сыны. Зерттеулер, мақалалар. Алматы: Ғылым,2002. – 344 б.

8. Пірәлиева Г.Ж. Түс көру табиғаты оның көркем әдебиеттегі рөлі.Алматы: Алаш, 2004. – 260 б.

9. Атымов М. Прозадағы психологизм. // Дәстүр және жаңашылдық.Алматы: Ғылым, 1980. – 367 б.

10. Жұмағалиев З.Т. Шындық және көркем әдебиет. Қарағанды:ҚарМу басп.,1993. – 216 б.

 

Сәулеш Шамшақызы Айтуғанова,

 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты