(жары мен немересі)
Менің бүгінгі сөзім – өмірден ерте кеткен тағдырлы ақын Сағат Әбдуғалиев һақында. Әуелі ақынның «Ашылу апогейі» өлеңін оқиық. Бұнда оның жан мұңы, тағдыры баяндалған:
...Қайбірде басып жүріп қиынға аяқ,
Сыйластан бәлсінбедім – сыйымды аяп.
Өлеңнен алтын азап арқаладым,
Бақыты өтер ме екен бұйырмай-ақ?!...
Бұл мақаламда көзкөргендердің естеліктеріне жүгіндім. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық аудандық орталық кітапханалар жүйесінің әдебиеттерді өңдеу және толықтыру бөлімінің жетекшісі Гүлнар Гилманова мен библиограф, ақпараттық-библиографиялық бөлімнің жетекшісі Роза Жәлелова жолдаған құжаттардан мол мағлұматқа қанықтым.
Сағат (Сағатолла) Құрашұлы Әбдуғалиев 1948 жылы 22 ақпанда қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында дүниеге келген. Үш жасында әкесі Құраш дүние салып, шешесі Қайша тұрмыс құрып кетеді. Әкесінің апа-жездесі Ұлмекен мен Мұхтардың тәрбиесіне көшкен Сағат еркін, ерке өскен. Кітап оқуға құштар балғын мектеп табалдырығын аттамай тұрып-ақ «Ара» журналын оқып, ондағы әзіл-сықақ өлеңдерді жаттап алатын болыпты. Сықақ өлең кейіпкерімен мінездес адамдарды дәл тауып, үйге келген қонақтарға айтып береді екен. 4-сыныпта оқып жүрген кезінде тұрмысқа рұқсатсыз кетіп қалған бір мұғалім қызға шығарған шумақтарын Ұлмекен-анасы өмірден қайтқанға дейін ұмытпай, айтып жүріпті:
«Жаратылыс Жасаған-ай,
Қыздың да болады екен қашағаны-ай,
Мініп алып таксиге
Тайып тұрды басқа үйге», - деп тақпақтатқан бала Сағат қатарластарынан зеректігімен ерекшеленіп, талантын ерте танытыпты. Ақынның алғашқы өлеңдері аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Жайық таңы») газетінде 1963 жылы жарияланған. Кейін облыстық «Орал өңірі», республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, «Жалын» альманағында басылған.
Сағат 1965 жылы Калмыков орта мектебін (қазіргі Құрман Байсықов атындағы мектеп) бітірген соң, Алматыдағы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен. Сағаттың ерен қасиеті – біліміне, еңбегіне, қабілетіне сенімділігі. Оқуға да өз күшімен түскен. Бірақ екі курсын ғана бітіріп, әрі қарай жалғастыра алмайды. Осы қысқа уақыттың ішінде Жұбан Молдағалиевпен, Қадыр Мырзалиевпен еркін араласады. Жарасқан Әбдірашевтың: «Сағат өлең оқығанда біз тек қана тыңдап, ләззат алатынбыз» дегенінен ортасының озығы болғанын аңғарамыз.
Ақын 1969 жылы отау құрды, үш сәби сүйді. Әскерден келген соң аудандық газетке жұмысқа орналасады. «Өлеңге құштарлығыммен мен бір жерден шығармын, бірақ мен ешкімге жалтақтап, жағынып нан сұрап жүрмеймін», - дейді екен өзі.
Сағат өзіне тіл тигізген адамды оңдырмайтын, тілмен сойып салатын намысқой, өткір мінезді болыпты. Содан істі болып, Орал түрмесіне отырып келеді. Кейін жоғары шенді біреулерге тілі тиіп, тағы екі жылға сотталып, Ақтауға айдалып кетеді. Жаңаөзен абақтысының да дәмін татады. Сол сүргінге толы күндер жайлы:
....Тас түнектен тебірентіп көк түбін,
Тарғыл-тарғыл көңілінен төкті мұң.
Құсалы құс жалғыздықта білдің бе,
Жанашырдан жендеттердің көптігін?!...
...О, бостандық, байлаудағы бір несіп,
Сан қиялда көбесінен сынды есік.
Туған жердің ұлылығын жырлайды ол,
Туған жердің түрмесінде күн кешіп!, - деп жазады ақын.
«Сағат, асылы, кейбіреулердей жан-жағына сақтықпен қарап, тіршіліктің ой-шұңқырынан айналып өтіп, қарсы келген қиындықтар мен қырсықтардан өзін-өзі қорғауға әзір емес-ті. Олай болып тумаған, ондай тәрбие алмаған. Керісінше, нөпір жаудың ортасына сауытсыз жарып кірген сарбаздай еді. Қулық-сұмдығы жоқ, бақай есепті білмейтін, өзі ақкөңіл, аужар, ақжарқын, арлы болғасын, өзгелер де сондай болуға тиіс деп ойласа керек (Амал қайсы, бұл жалғыз ғана Сағат ақынның трагедиясы емес!). Сосын да болар, онда өзгелердің сөзінен, өсек-аяңынан өзін-өзі қорғайтын иммунитет жоқ еді. Сонымен де ол өмірден көп таяқ жеді. Оның қай өлеңінен де осыдан көрген теперіші тайға таңба басқандай сайрап, көрініп тұрады», - дейді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанғали Набиуллин «Ол сөз құдіретіне тәңірдей сенетін» естелігінде.
Сағат бірнеше жылдық айдаудан өкпе ауруына шалдығып оралады. Біраз уақыт емделді. Тынысы тарылып, ажалмен бетпе-бет келген сол кезеңде «Сенем саған, дәрігер» өлеңін жазып, жарық күннен үміт күткендей болады:
Біткені ме базар күн,
Бұлдыр татып кетті есік.
Атжалманы ажалдың
Бебеу қақты беттесіп...
...Тамыздың да таңы атпай,
Таптым қайдан әбігер?!
Дінге сенген арабтай
Сенем саған, дәрігер!
Амал қанша, ақынның өмірі қысқа болды. Небары 37 жасында... 1983 жылғы желтоқсанның соңғы күндері. Калмыков селосынан (қазіргі Тайпақ ауылы) кешкілік үлкен тасжолды бетке алып шыққан шайыр бір сайдың аңғарына құлайды. Сол түні қатты аяз ұрып, үсіп, қайтыс болады. 1984 жылдың наурыз айының бір күндерінде малын ауыл маңына өріске шығарған екі бала ақын мүрдесін туып алады. Өкінішті өлімге душар болған ақынның денесі Тайпақ ауылындағы қорымға қойылды.
Естеліктерді оқып отырсақ, Сағат ақынның арманы асқақ болыпты. Өзі де «Жырымен жүректерге жарық беруге» ұмтылды. Ақынның бір арманы – тұңғыш жыр жинағын шығару еді. Курстас досы, журналист Ғайнолла Зинуллиннің естелігінде: «Сағат үшінші курсты бітірер жылы аяқ астынан әскерге кетті. Семейде әскери міндетін өтеп жүргенін, әр күні «раз, двамен» өтетінін, өзінің бір кітап көлеміндей жаңа өлеңдер жазып, оны «Бүлдірген» деп атап, тұңғыш кітабымды шығарсам деген ойы барын жазған хатын алдым», - дейді. Сол арманның орындалар күні алыс емес еді. Әттең, тағдыр тақтасындағы жазу ақын қойындәптеріндегі жазу емес екен!
Ақынның алғашқы кітабы 1980 жылы «Құлыншақ көктем» деген атпен жарық көруі керек болатын. Бірақ ол кітаптың «тағдыры» белгісіз. Бұл туралы Сағат жырларын жинақтаушы ақын Қазыбек Құттымұратұлынан сұраған едім, ол: «Ақынның сағынып күткен дәл осы тұңғыш жинағының тарихы қалай аяқталғаны бізге әзірге күңгірттеу болып отыр. Бір деректерде Сағаттың тұңғыш жинағы дәл шыққалы тұрған жерінен кейін қайтарылғаны айтылады. Оған ақынның сол тұста түрмеде жатуы себеп болған-мыс», - дейді.
Қазыбек ақынның айтуынша, кітап «Жалын» баспасынан басып шығаруға дайындалған. Қадыр Мырзалиевтің 1979 жылдың 17 қазанында жазған «Сағат Әбдуғалиевтің «Құлыншақ көктем» атты өлеңдер жинағы туралы» шағын пікірі қолжазба күйінде Сағат марқұмның архивінде сақталған. Пікірде: «Бүгінде өлеңі шыққан, жинағы жарық көрмеген жас дарындар түгіл, бірнеше топтама, бірнеше кітаптары оқырман қауымның қолына тиіп қалған аз-мұз тәжірибесі бар ақындардың өзіне тұшырқана бермейсің. Ал мына Сағат Әбдуғалиевтің жөні бір бөлек. Бұл әдебиетке өнерімен де, білімімен де барынша дайын келген тұлға. Тақырып таңдауының өзінде үлкен талғам, оны жұп-жұмыр етіп жазуының өзінде үлкен әдеби мәдениет жатыр. Мұндай жігіттер, мен білсем, үнемі үйренуге, үнемі өсуге бейім. Оларды көре білу, қолдай білу ғана керек. Сағат Әбдуғалиевтерге қызмет ету түбінде әдебиетке қызмет ету болып шығады… Кейбір өлеңдерде, кейбір шумақтарда кеткен ұсақ-түйек селкеулерді редактор көрсете білсе, автор жасай алады, түзете алады деп сенем.
Бір сөзбен айтқанда, Әбдуғалиев Сағаттың «Құлыншақ көктем» атты өлеңдерін жеке жинақ етіп жариялауға әбден болады», - делінген екен.
Бұған қоса «Құлыншақ көктем» жайында» деп аталатын рецензияда Өтеген Күмісбаев ақын өлеңдеріне жақсы баға беріп, жинақты шығаруға болатынын айтады. «Құлыншақ көктем» осы автордың тұлабойы тұңғышы болса керек. Бірақ газет-журналдардың бетінен бірді-екілі өлеңдерімен көрініп жүрген жасқа ұқсайды. Алғашқы адымдарында әжептәуір ұшқын, өжеттік бар. Мұнсыз тәуір өлең тумайды. «Өмірбаяндық өтініш», «Серенада», «Кіндікжұртым», «Белгісіз солдат бейітінде» өлеңдері автордың іздену үстінде екенін көрсетеді.
«Түнгі қырмандықтан репортаж» өлеңінің ең ақырғы шумағын түзетуден өткізсе, дұрыстау болар еді, бас жағы жақсы келеді де, соңына келгенде кібіртіктеп қалған. «Мате Залка», «Жігіт болсаң», «Даңғайыр дала фрескасы», «Совхоздың жөндеу шеберханасы» кейбір кемшіндеу жолдарына қарамастан біраз жүк көтеріп тұр.
Автор сөзбен сурет салуға талпынады, кейде ұйқастың ырқына кетіп қалады, әйтсе де айтары бар ақын екендігінде шүбә жоқ.
Жүзіне шүпір-шүпір түйме тұнып,
Мүлгисің, аспаным-ай, күйде тұнық.
Зымырандай зулады жұлдыз-құлын
Соңынан күміс шылбыр сүйретіліп, - десе, сүйкімді сурет көз алдыңызда қалып қояды», - деген автор, «Мюнхендік мұндар», «Жастық рапсодиясы», «Генерал Карбышев», «Соғыс ардагерінің сыры», «Ақындар», «Махамбет тұлғасы», «Үміт», «Поездағы періште», «Пұшайман пенде», «Құлқын туралы қисса», «Қара нан», «Тұрдыбектің тәсілі», «Жүзім сатқан агроном», «Басқарманың баласына хат», «Ұлыма автограф», «Төзімділік теоремасы», «Мойындау», «Армысың, жауқазынды асыл көктем», «Күндер ұшып қанатында жыл құстың» өлеңдері жайлы пікірін білдіріп, аталған жырлардың артықшылығы мен кемшілігін ашып көрсетіпті.
Ал «Жалын» баспасы «Өркен» редакциясының сол кездегі меңгерушісі Молдахмет Қаназовтың 1980 жылы 23 қазанда Сағат марқұмға жазған хатында ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы 1981 жылы жарық көретінін сүйіншілепті. «Жалын» баспасынан келген хатта: «Құрметті С.Әбдуғалиев жолдас! Біздің редакциямызда жатқан қолжазбаңыздың ішінен мүмкіндігінше тәуір өлеңдеріңізді белгіленген мөлшерге сай іріктеп алып, 1981 жылы жарық көретін тұңғыш өлеңдер жинағына қоссақ деп жоспарлап отырмыз. Істің мүддесіне орай жинақтан ауысқан өлеңдеріңізді өзіңізге қайтарып отырмыз», - делінген.
Ақжолтай жаңалық жетектей жеткен бұл хат темір тордың аржағында жұқтырған өкпе ауруынан қалжырап, тубдиспансерде жатқан Сағатқа үлкен күш бергендей. Бүлдірген-арманы бүр жарып, жеміс береріне қуанған ол қолға қалам алды. Қуанышты көңілден туған «Кеттім-ау аспаныма көтеріліп» өлеңінде:
...Алты күн абыржытып дәрігерді,
Диюмен кеңкелестім кәміл енді.
Хат емес, қарлығаштай ұшып маған,
Азамат ағалардың жаны келді...
...Жоқ десе ініңізден етер үміт,
Жүректі жұлмалайды төте бүлік.
Сәлемнен сынық қанат бүтінделіп,
Кеттім мен аспаныма көтеріліп, - деп дертіне дәру тапқандай шаттанады.
«Құлыншақ көктемнің» жайын жоғарыда айттым. Ал, 1981 жылы ақынның бірнеше өлеңі «Жалын» баспасынан жарық көрген «Қарлығаш» ұжымдық жинағына енген. Баспа жеке кітап болып басылмай қалған өлеңдерді іріктеп, ұжымдық жинаққа енгізген де болуы мүмкін?!
Есесіне, кеш болса да, 1992 жылы жиен қарындасы Гүлнар Айсағалиқызының құрастыруымен Чапаев аудандық баспаханасынан «Көзайым келешек» деген атпен жинағы шықты.
«...Балқаймағы бақыттың бетінде еріп,
Отауында шабыт құс отыр делік.
Жырға толы дәптерім жатыр алда,
Пайғамбардың жалғызы секілденіп», - деп мөлдір Музаны мәртебелі мұратына балаған Сағаттың жырға толы дәптері, шағын болса да, тұңғыш рет кітап болып басылды. Оның өзі де сол кездегі баспахана директоры Ақсан Құрманғалиев, аудандық газет редакторы Болат Есқалиев, жұмыстан бос уақытында линотипте теріп берген баспахана қызметкері Дәмеш Әбуғалиева деген азаматтардың еңбегінің арқасында басылған. Бірақ, сол 2000 дана кітап жоғалып кеткен. Бұл туралы Сағаттың жиен қарындасы Гүлнәр Айсағалиқызы (марқұм болып кеткен екен) «Жас Алаш» газетінің 2003 жылғы 23-санында жарияланған «Сағындық-ау, Сағатты» деген естелік мақаласында былай дейді:
«...Көшеде бір көргенде қолыма бір дәптерін ұстатып, әлі есімде, бұрылып жүре берді де, «балаларымды білмеймін кім боларын, мынау нағашыңның дүниесі, саған аманат, қалқам, жоғалтып алма» дегені. Сол соңғы көруім екен. Әлгі дәптер он жылдай менің чемоданымда жатты. Өзім оқимын, ұнайды, түсінгендей боламын, қайта салып қоямын. Бір күні осыны бір жинап, шығарып көрейінші деген ой келді. Ол кезде біздің аудандық «Тайпақ таңы» газеті Чапаев аудандық баспаханасынан басылатын. Кітапты сол жерден шығаратын болып келістім, екі мың дана болып басылып шықты. Сағаттың кітабын сол кездегі аудандық тұтынушылар одағы басқармасының бастығымен келісіп, дүкендерге таратқанбыз. Кейін кітап та жоқ, ақша да жоқ, сақал сипап қалдық. Баспахана директоры Ақсан Құрманғалиевтің өзі жалғыз өсіп, жоқшылық көрген адам екен, «Мен Сағатты жақсы танимын, әттең, орысша оқығандықтан, өлеңін оқи алмаймын, бірақ соны жинап бастырған саған рахмет» дегенде, маған Сағаттың өзі сөйлеп тұрғандай әсер етті».
Ақын Гүлнар жиенін ерекше жақсы көрген екен. «Апа-жездемнің осы үлкені менің жиенім болады, қалған «моржыларды» басқаларың бөліп алыңдар» дейді екен еркелетіп. Ал, қарындасы болса, «Сағаттан маған қалғаны – «Ықылас» атты өлеңі», - деп еске алыпты. Сол өлеңде ақын:
...Құлшынған қасиетке жастай құсым,
Талаптың тәңірісі ашқай мүсін.
Ат жалы – азаматтың абыройы,
Безбүйрек ұмытпайды бас қайғысын.
Ұштасып үміттерге сәтті үйлесім,
Аяулым, арман жылап, бақ күймесін.
Тағдырдың тағы менде тәсі бар ма,
Шанышты қабырғама қатты инесін..., - деп, жиеніне мұң шаққандай болады.
Сағат Әбдуғалиевтің өлеңдерін алғаш рет барынша түгел жинақтап, «Арыс» баспасына (Алматы қаласы) ұсынған қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымов екен. 2008 жылы баспа директоры Ғарифолла Әнес ақынның «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» жинағын 1000 дана (500 дана) тиражбен шығарып, таратқан.
Табылды Досымов бір сұхбатында: «Сағат Әбдуғалиевтің атын алғаш рет тайпақтық ақын Сағынтай Бейсенғалиевтан естідім. Кейін Сағаттың жиені Гүлнәр Жұмабекова шығарған «Көзайым-келіншек» кітабын оқып шығып, таң-тамаша қалдым. Сөйтсем, Сағат үлкен әлем екен», - («Жас Алаш» газеті, 2000 жыл, 8 тамыз) дейді.
Сағаттай үлкен әлемге аяқ басқан бард оның «Тәтті мұң» деген өлеңін ән қып әуелетеді.
Жанымнан көрдім кеше түн,
Жанарың жәуміт, жан құрбым.
Жұпары сенен есетін
Жайықта жауған жаңбырдың...
Бұл әнді мен алғаш атыраулық сазгер, әнші, Табылды әндерін насихаттаушы досым Тәуірбек Бозекеновтың орындауында естідім. Жүрек қылын шерткен ән ұмытылмас әсерге бөлеп еді...
Табылды өлең де арнапты Сағатқа:
...Болмысты кезіп байқасаң, жаймен аңғарып,
Дүние-жалған, ақылмен ойлағанға анық.
Қай тентегіне тектілік танытар дейсің,
Махамбетінің басымен ойнаған халық...
Табылды естелігі арқылы «танысқан» ақын Сағынтай Бейсенғалиевке хабарластым. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Базартөбе ауылында тұрады екен. «Арыс» баспасынан шыққан кітап атауын Есенжол Домбай қойыпты. «Бір жиында Сағаттың өлеңдерін оқып бердік. Есенжол мынау деген жүрегіне жаһанның жүгі түскен ақын екен деп әсерленді. Содан кітаптың атауын «Жүрегімен жүгі түсті жаһанның» деп қойдық. Кітапта ондай сөз жоқ. Міне, ақынның ақынды тануы деген осы», - дейді Сағынтай ата.
Осы ретте мен де Сағатпен қалай «танысқаным» жайлы айта кетсем. 2016 жылы республикалық «Ақ желкен» журналында үзеңгілес досым Асылан Тілегеновтың «Сағаттың дауысы» деген мақаласы жарық көрді. Сол мақала арқылы ақын есіміне де, өміріне де, кейін шығармашылығына қаныққан едім.
Сағат рухына жасалған тағзым бұнымен шектелмейді. Оралда «Ақ Жайық кітапханасы» сериясымен 8 ақын-жазушының кітабы шығайын деп тұрған жерінен ақын Ғайса-Ғали Сейтақ өзінің кітабын алып тастап, Сағаттың кітабына орын беріпті. Нәтижесінде 2009 жылы ақынның «Жанымның жалғыз бұлбұлы» деген кітабы шыққан. Бұл оқиғаға Сағынтай ата куә болған екен. «Қазір Ғайса-Ғалиды көрген сайын рахметімді айтамын», - дейді Сағынғали ата.
Сағынтай ақын өзі де Сағат шығармашылығы жайлы «Ерен жырдың «ер-тұрманы» қайда?» деген мақала жазыпты. Мақала «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» жинағы баспадан шығып, сүйінші данасы Тайпаққа «тәй-тәйлап» келе жатқанда қуаныштан қағазға түскен екен. Мақаладағы бір сөзінде: «Барды ешкім тартып алмас, онан да кешеде кеткен есемізді алып, жоғымызды тауып, жыртығымызды жамасақ қайтеді?! Сағат атты ақын өткенін Қазақстанды қойып, Орал өңірі тегіс біле ме?», - деп өкініш білдіріпті. Телефон арқылы әңгіме барысында: «Сағаттың кітабын Павлодардың кітапханасынан таба алмадым», - деп едім, ол кісі: «Көкем-ау, ол кітаптар Оралда шығып, өзге өңірлерге таратылмай қалды», - деп күрсінді. «Найзатас» журналының «Құстар қайтып келеді...» айдарының негізгі мақсаты – елеусіз есімдерді ел есінде жаңғырту, тағдырлы таланттарды тану һәм таныту. Осыны айтып, телефон тұтқасын қойдым.
Келесі тілдескенім – оралдық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайса-Ғали Сейтақ. Ағам Сағатты сағынышпен еске алды. Ақынның Сағатқа арнаған жыры:
...Айдыны ортаймайтын көл дер едім,
Өлеңім қалса осылай өрде менің.
Шоқ шашқан жырларың тұр шың басында,
Анық қой өлмегенің!...
Сағаттың баспа бетін көрмеген өлеңдері де бар екен. Ол – ақынның түрмеде жүріп қолдан жасалған қойын дәптерге өз қолымен жазған бір топ өлеңі. Қолжазбаны Сағынтай Бисенғалиев тауып алған. Сол «Түрме циклдарын» оралдық ақын досым Шерхан Талап жасырын жолдады маған. Мұнда ақын ұрдажық надан милиция қызметкерлерін, қиындықта жалт берген достарын ащы тілмен аямай ірейді. Бұл өлеңдердің техникасы мінсіз, мірдің оғындай болғанмен, боқтық сөздер көп араласқан. Сол себепті де оқырманға ұсынылмаған.
Сағынтай атаның айтуынша, Сағатты жақсы білген достарының бірі – жазушы Рахымжан Отарбаев. Қолымызға «Есесі кеткен есіл дарын» («Орал өңірі» газеті, 2009 жыл, 4 маусым) естелігі түсті. Сөзімді сонымен түйіндейін: «...Ол өлеңді жазбайтын, құятын. Түрлі-түрлі мүсінде. Оның жазғанында бір сабақ жіп артық болмайтын. Кестелеп төгетін. Сөз сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады. Ол осы сиқырдың сырын санасына әбден сіңірген-тін. Зікір салған бақсыдай ондай шабытты сәттерде арындап, айбаттанып кететін...», - депті Рахымжан марқұм.
Ескірмес естеліктер «О, тағдыр, тірлігімде өлең өпкіз! Адамдар – гүлге ұмтылған көбелекпіз» деп жырлаған Сағат ақынның жаны да, рухы да өлең болып кеткенін ұқтырды.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.