ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК. «ЖАПЫРАҚТАР» КІМНІҢ ӨЛЕҢІ?

 

Ардақты ақсақалымыз Дыха!

Сіздің ұлғайған жасқа қарамай,  өзгерген өмір, жаңарған қоғамға ілесе  қалам  тартып  жүргеніңізге  дəн  ризамыз.  Əрине,  қай  жаста,  қандай еңбекте де сəттісі мен сəтсізі аралас жүретіні əмбеге аян ғой. Гəп - жүрек соғып тұрғанда қолдан қалам түсірмей, ақтық сəтке дейін халыққа пайдалы іс атқаруда!

Қадірлі Дыха, өзіңізге  мəлім,  ұлы  Абайдан  кейінгі  асқарымыз –  Сұлтанмахмұт  Торайғырұлының  туғанына  100  жыл  толғалы  тұр.  Уақыт  қиындығына  қарамастан  үкімет  аталы  мерейтойға  Қазақстан  Министрлер  кабинеті  төрағасының  орынбасары,  əдебиетші  Мырза-тай  Жолдасбековке  бастатып  арнайы  комиссия  құрды.  Тар  кезеңде  уақыт  тауып,  жағдайды  келістіріп  жасаған  бұл  іс  -  ертеңге  өнеге  боларлық, үлкен кісілік, елдік іс.Міне,  осы  ұланасыр  тойға  дайындық  ретінде,  үкімет  қаулысын  жүзеге   асыру   бағытында бір топ жас ғалымдар Сұлтанмахмұт Торайғырұлының  академиялық қос томдық  басылымын  өндіріске  дайындау  үстіндеміз.  Қазақстан  Республикасы  Ұлттық  Ғылым  академиясы,   М.О.Əуезов   атыңдағы   Əдебиет   жəне   өнер  институты басшылығы ұйғарымымен əрине. Академиялық  басылым  дегеніңіз    ақын  жазған  əрбір  əріптің  бүгіліс-түйілісін   жазып, қатпарын  ашып,  қолға ұстағандай етіп, асты-үстінен, жан-жағынан үңіліп қарау, ғылыми сүзгіден өткізу. Біз осы  қиямет  қиын  істі  хал-қадарихал  атқару  үстіндеміз  қазір.  Ақын  өлеңдері, мақалалары журналдық басылымы, 1921, 1933, 1950, 1957, 1962,1967,1987   жылғы   негізгі   басылымдарын   өзара   салыстырып   əбігерге түсеміз.

 Саралау жолында сандаған қиындық бар. Қиындық дегеніңіз кейде күткен жерден, кейде күтпеген жерден қапияда туын-дайды.  Турасын  айтқанда жоқ жерден  туындап  отырған  қиындық  бар. Ақын қолжазбасы сақталмаған. Қолжазбасы болмаса бір сəрі-ау. Өкініші    бола тұрып сақталмаған. Міне, мəселе қайда?

Міне,  өзек өртер өкініш қайда?Ақынның өз қолжазбасымен бірге,    түпнұсқаға баларлық көшірме де болған. Ол – ақынның елдес, жерлесі, жазушы Жүсіпбек Аймауытұлының жинақ шығармақ  мақсатпен жинап   көшірген қолжазбасы. Бір ғажабы ұлы Мұхтар Əуезов досының осы  қолжазбасын күні кешеге дейін сақтап келген екен. Ақынның кезекті  екі томдығын құрастыру мақсатымен  Ы.Дүйсенбаев сұрап  алып,  пайдаланып, қайта қайтармапты. Архивін сұрастырып таба алмадық.

Өкініші    ғылымға араласқан осындай кісілердің немқұрайдылығы салдарынан ұзақ жылдар бойы М.Əуезов үрейді жеңе жүріп сақтап келген Жүсіпбек қолжазбасы  (С.Торайғырұлының  шығармаларының көшірмесі. Қ.Е.) да жоғалды

Айтылған  жайлардың  баршасы    С.Торайғырұлындай ұлы ақын шығармаларын мəтіндік сүзгіден өткізіп, академиялық басылымын дайындауға зор қиындық келтіретін мол кедергі, қисынсыз қолбайлаулар.  Дегенде,  біздер жастар осы қиындықты жеңе жұмыс істеп келеміз.

Абыройлы да ауыр осы жұмыс барысында өзіңізбен ақылдасарлық бір кілтипан туындап қалды, Дыха. 

Əрбір өлеңді қайта-қайта оқып, түсініп оқып бойға сіңіріп, əдейі күдіктене  қарап,  əр  жылдар  басылымын  өзара  салыстырып отырғанда  кезек  «Жапырақтар»  аталатын  өлеңге  келді.  Табиғат көркі  мөлдірей  суреттелген,  табиғат сыры тіршілік тылсымымен  астастырыла  берілген  өлеңді  шама  келгенше  қырағаттап,  мəнерлеп  бір  оқыдым.  Оқырманмен  бірге отырып  татағы бір көз жүгіртейікші.

Гүлдеген, біткен жапырақ,

Бұтақтары салбырап,

Уақыты еді жетілген

Көз тартарлық балбырап.

Лебіне де аз желдің

Ұялып бұққан қалтырап.

 

Сөзіне бұрған ойынды,

Балбыратып бойыңды,

«Иə, пірім-ау, бұлар не ғажап?»

Деп бұрар ең мойныңды

Маужыратып бойды алған

Əніне қостым ойымды.

 

Өсіп бəрі кеткендей,

Көңілді шат еткендей.

Шөптер де тұр балбырап,

Көрсең қайғы кеткендей.

Иісі бар аңқыған

Сарсыған жүрек тепкендей.

Жұмақты кіріп көргендей,

Сайран етіп жүргендей.

 

Басқаны жүрек ұмытып,

Дəуренді сонда сүргендей.

Жапырақтар да сыбдырлап,

Қарсы тұрған - төнгендей.

Құшақтасып айқасқан,

Жапырақтар басын жайнасқан.

Саласынан ағаштың

Шымырлап бұлақ қайнасқан.

Əрбір жапырақ астынан

Құрттар қоныс сайласқан.

 

Көңілдің қосып əніне,

Мəз болып жапырақ сəніне,

Тұр еді жаным балбырап,

Жылы жел тиіп тəніме,

Көзіме түсті қу жапырақ,

Ойладым мұның мəні не?

 

Көгеріп көгі ашылмай,

Сарғайған түсі басылмай.

Тұрған жалғыз сорлыны

Көк жапырақтар жасырмай.

Сарғайса да бұл сорлы

Өзгеге тұр бас ұрмай.

 

Өзгелері бұралып,

Біріне-бірі оралып,

Жапырақтан күмбез жасап тұр.

Бас, аяғы құралып,

Араласпай бұларға,

Сары жапырақ тұр бозарып.

Азапқа тұрмыс салғандай,

 

Есі-дертін алғандай,

Көгерет дейтін үміт жоқ,

Құрт түсіп катып қалғандай.

Дірілдеп жерге қарап тұр,

Жалғаннан көзі талғандай.

 

1914 ж.

 

«Жалғаннан көзі талғандай»  – дедім де демімді ала  бергенде  таразының  екінші басында тұрғандай, басылымның екінші біреуіне үңіліп отырған Сұлтанмахмұттанушы ғалым, филология ғылымының кандидаты  Арап  Еспембетов басын ала қағаздан көтеріп алды.  Ол – өлеңнің философиялық түйініне түйісіп, мұңдылау сазынан айыға алмай отырған маған қарап:

– Тоқтай қалыңыз, – деді.

– Ал, тоқтадық!

– Бұл өлеңде мəн бар.

– Мəнсіз өлең Сұлтекеңде сірə да жоқ қой...

– Жоқ, мəселе басқада.

– Өзгеріс қай басылымында?

– Ешқандай өзгеріс жоқ. Барлық басылымында дəл осылай.

– Енді?–

 Енді. Турасын айтқанда, бұл Сұлтанмахмұттың өлеңі емес.

– Дəлел? (Шошып кетсем керек).

– Міне, қараңыз.

Қарадық. Қарадық та дал болдық. Марқұм, профессор Бейсембай Кенжебаұлындай табанды, білгір Сұлтанмахмұттанушы тəрбиесін дендей алған, əлі күнге сол аяулы адам рухында өсіп  келе жатқан Арап екең Еспембетов қара сөмкесінен қарала құжатты суырып алды.

 «Жапырақтар» аталатын бұл өлең «Айқап» журналының 1915 жылғы No 11 санында жарияланыпты. (167 бет) Өлең соңында «Шəйбай Ай-манов» деген қол тұр. Мəссаған, безгелдек!

Біз отыра  қалып  ойға шомдық. Лапылдаған  отқа  баларлық  жа-лын   жүрек   Сұлтанмахмұттың   «Айқапта»   қызмет   атқарған   өмір   кезеңі, досы Шəйбай Айманов, оның қарашай жерінде қайтыс болуы хақында бірсыпыра əңгімеледік. Көңілде сан сауал тұр андыздап. Ол сауалдар мынадай:

Сұлтанмахмұт өлеңдерінің 1933 жылғы жинағын баспаға дайындаған Жүсіпбек Аймауытов өзге кісінің өлеңін неге ақын жинағына қосты? Ол кезде Шəйбай Айманов тірі еді ғой. Ол кісі неге дауыс көтермеді, дау шығармады? Шəйбаймен кейін зерттеуші Бейсембай Кенжебайұлы да əлденеше рет жолығысып сөйлескен еді. Сол жолығысу, əңгімелесуде «Жапырақтар» өлеңінің тағдыры неге əңгіме болмаған? Күдікті-күмəнді дүниелердің қай-қайсысының да болсын басын ашып, Бейсекең күнделік дəптеріне жазып кеткен еді-ау. Алып, ақтарып қарағанымда «Жапырақтар» өлеңі жөнінде ештеңе табылмады.

Бейсекең Сұлтанмахмұттың бар өлеңін дерлік жатқа білетін. Қайыра ашылып қатарға қайта қосылып жатқан «Таныстыру», «Ай-тыс: (қала ақыны мен дала ақынының  айтысқаны)»    поэмаларын  жатқа айтып отырар еді. Аталмыш шығармалардың атын атамай, түсін түстеп  қана  жазған  мақалаларына  үзінділер  алып,  ішің  білсін  əлу-ай  деп,  енгізіп,  насихаттап  жіберіп  отырғанына  бүгін  куə  боламыз.  Он жылға таяу əкелі-балалыдай болып бір шаңырақ астында тұрған жылдары ақын тағдырына қатысты көп мəлімет жазып алдым. Бірақ «Жапырақтар»  жайлы  əңгіме  болған  емес. Бəлкім «Жапырақтар» философиялық лирикасын Сұлтанмахмұттікі емес, басқанікі дегенге қимады ма ғазиз жүрек ғалым? Кім білсін? Жоғарыда айтылған жай-ларды екшей келе асылы бұл кезінде ақынның Шəйбай досы атынан жарияланған Сұлтанмахмұт өлеңі болар ма? Кейін əділетшіл Шəйбай Жүсіпбек Аймауытұлына айтып, ақын жинағына қостырды ма екен? – деген ой келеді. Əдебиет тарихында мұндай тəжірибелер де кездеседі ғой. Айталық, өлеңін көпке дейін Көкбай ақын атынан айтып, таратып келген ұлы Абай тағдыры да бұған дəлел. Шəйбайдың өлеңі деуге «Жапырақтардың» табиғаты Сұлтанмахмұттың «Соқыр ағаш» секілді философиялық өлеңдерімен табиғаттас, өзара салыстыра қарасаң  бір қолдан шыққандай. Бұрынғы жинақтарымен салыстыра қарасақ, бірді-екілі жолдарда ғана өзгеріс бар. Оқырманды күдіктендіретіндей өзге ештеңе де байқалмайды.

Жеке жолдар  дегеннен  шығады.  Сол  бірді-екілі өзгерістің өзін алға тарта кетелік. Асты сызылған «Əніне қостың ойымды» ақынның 1933 жығы жинағында «Əніне қостың ойынды» болып  берілген.  Сондай-ақ  «Көгеріп  көгі  ашылмай»  ақынның  1950-1957  жылғы  профессор  Б.Кенжебайұлы  дайындаған  жинақтарында «Көгеріп  гүлі  ашылмай»  болып  басылған.  Əрине,  бұл  бірді-екілі,  іс  барысында  қалыпқа  түсіруге  болатын  елеусіз  өзгерістер.  Ал, мəселенің  қиыны  «Жапырақтар»  өлеңінің  шын  иесі  кім екенін анықтауға саяды.Сұраулы жайларын алдына тарта жүгінерлік Торайғыровтану біл-гірі Бейсекең - Б.Кенжебайұлы да жоқ бүгін арамызда. Сұлтанмахмұт ақын  мұрасының жайын егжей-тегжейлі   білетін   көне   көз   кісі   қалмағандай алаңдаулымыз,Дыха, енді бір білсе – Сіз білер, Сұлтанмахмұттай ақын өмірінен трилогия жазған жазушы ғой деп ойлаймыз. Хатты Сізге арнап жазу себебіміз де міне  осыдан.  Əділетке  жетер  не  бар  жалған  дүниеде?!  Сонымен  «Жапырақтар»  кімнің  өлеңі?  Сұлтанмахмұттікі ме, əлде Шəйбай Аймановтікі ме? Əділетін ажыратып берсеңіз, Дыха!

Сізге деген інілік құрметпен, Құлбек Ергөбек.

Шілденің 23-і, 1992 жыл.