«КҮН КӨЗІНДЕГІ КЕРУЕН»

 

"Рильке принадлежал к особому племени поэтов. Это были поэты, не требовавшие...ни признания толпы, ни почестей, ни титулов, ни выгод и жаждавшие только одного: кропотливо и страстно нанизывать строфу к строфе, чтобы каждая строчка дышала музыкой, сверкала красками, пылала образами".

Стефан Цвейг

Иә, өткен ғасырда Еуропаның ұлы ақыны Рилькеге айтылған Стефан Цвейгтің осы бір жүрекжарды, шынайы бағасы, бүгін қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері Әділбек Ыбырайымұлына берілген баға сияқты.

Не станет он искать побед.

Он ждет, чтоб высшее начало

его все чаще побеждало,

Чтобы расти ему в ответ.

(Рильке, Пастернактың аудармасы)

Ақын Әділбек Ыбырайымұлы бір поэзия кітабынан екінші поэзия кітабына үлкен жетістіктермен, ізденістермен қадам басқан ақын.

 Әлемнің ұлы ақындарының бір-біріне руxани ұқсастығы бұл ежелден бар үрдіс. Қазақтың біртуар, талантты ақыны Әділбек Ыбырайымұлы да жан-дүниесін тебіренткен қуанышын да, ренішін де, арман-мүддесін де айғайлап айтпайды. Өзіне тән салмақты, сабырлы болмысымен, тау табиғатымен үйлестіріп айтады.

Алатау тұлғаңды бұлт тұмшалаған,

Момақан xал кешесің тым шамадан.

Шыңыңды шуақ сүйіп еліткенде,

Сарқырап су ағады мың саладан.

 

Жаныңды мәңгі мұздақ сірестірген,

Тағдырың таусылмайтын күрес кілең.

Әппақ боп сен алыстан көрінесің,

Кезі жоқ дидарыңның бір ескірген.

 

Қалайша сені көріп қуанбайсың?

Көк терек, ақ қайыңдар сылаңдайсың.

Ыластық шаршатқанда мына өмірде,

Мөлдіреп жатсам деймін тұмандай шын.

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы", 4б)

 

Ақын шабыты әлемді кезіп, ғарышқа ұшып, жерге түсіп, кейде өзінің жан-дүниесімен сырласатын кезі болады.

 

Сезімнің

Жолықпасын жат аралы,

Соңына тақалған жоқ сапар әлі.

Адассам,

Алтын жолмен адасайын,

Түбінде, мүмкін, саған апарады.

 

Жеткені

Керек маған мұрша, xалдің,

Саумалы таусылмасын нұр-самалдың.

Өзіңде қалған екен сағынышым,

Сары күз,

Қайта саған бір соғармын,-

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы", 29б) деген өлең жолдарында ақынның айтылмаған сыры, ашылмаған қыры жатыр.

 

Жаз дәурен,

Шілде ғұмыр,

Шырайлы шақ,

Аңдатпай өте шықты бір айға ұқсап.

Көбелек

Жабысады бидайыққа,

Көңіл де бөлмеп едің ырайға ұсақ.

 

Талықсып

Нұр іздеген көбелегім,

Жаз бітпей қыстығады неге демің?

Қалбақтап гүл бетінен

Мамырларда,

Бір кезде қуаныш та себеледің.

 

Бояуы

Батар Күннің ашаң, қанық,

Екеуміз сағынышты баса алмадық.

Көбелек,

Сен мұңая бермеші енді,

Жүрегім бара жатыр жасаңданып,-

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы", 46 б) - деп толқыған ақын жүрегі енді мүлде басқа ойға, басқа әуенге ауысады.

 

Өмірді

Көксеуші едік үлкен, ұшан,

Армандар бағыт, бағдар сілтеді сан.

Есімде жарығы жоқ қыстаудағы үй,

Жанатын сығырайып білтелі шам.

 

Отырдық талай жылдар сол "сәнменен",

Көкейде қиял жатты "болсам" деген.

Қораны

Аралаушы ек түн ішінде,

"Төлдеген мал бар ма?" деп, қол шамменен.

 

Шіркін-ай, тәтті сәттер күні нулы,

Ит үріп, ат кісінер түні дулы.

Қол шамды тұтынғандар бүгінде жоқ,

Шатырда қалған екен ілінулі.

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы", 254 б)

Өткен шақ, аяулы ата-ана, бақытты балалық шақ, ескі қол шам - бәрі де оқыған жанның жүрегіне мәңгілік оралмас сағыныш ұялатады. Әкесі мен анасы ұстаған сол қол шамды жырлай отырып,  ақын қол шамға ұя салған қарлығашқа базына айтады.

 

Ақ шапақ қандай жақсы таңды түрген,

Бесік ет

Қол шамды осы заңды түрмен.

Шырағың сөнбесе екен,

Қарлығашым,

Ата-анам бұйымына жан бітірген.

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы", 254 б)

 Әсілі, ақынның ақындығы да оның жан-дүниесінің сан түрлі құбылуында, ой дүниесінің тоқтаусыз арпалысында. Сондықтан да, ақын бір сәтте бірнеше тақырыпты қамтып жыр жазады. Сол жырларында ақынның жүрек лүпілі, дүниетанымы, көңіл көкжиегінің кеңдігі  көрініс табады. Әділбек Ыбырайымұлы да ішкі жан-дүниесі жанартаудай от шашқанымен, поэзиядағы азаматтық келбеті, сабырлы да салиқалы азаматтық үні тым тереңнен шымырлап шығатын ақын.

 

Таудан таудың  артығы -

Асқақтықта -

Перзентіне танытқан тектілікті.

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы", 24б)

 

Шынында, ақын Әділбек Ыбырайымұлының "Жерұйық жұмбағы" атты жыр кітабын оқи келе, үлкен ойға қалдым.

Осы үш жол өлеңде күллі қазақ xалқының тектілігі, қасиетті ата-бабамыздың  ізгілігі жатқандай.

Ақын Әділбек Ыбырайымұлы таулардың асқақтығын жырлау арқылы өзінің жан-дүниесінің тектілігі мен асқақтығынан xабар бергендей. Және туған жеріне деген перзенттік маxаббатын аялап, әдемі жеткізеді.

 

Кавказ жатыр

Мен үшін басқа, бөтен,

Біздің таулар бәрібір асқақ екен.

 

Таудан биік болады

Арман ғана,

АРМАНДАРЫМ,

Сен мені аласартпа!

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы", 6-7бб)

Әділбек – сыршыл, сырбаз ақын. Ақын өз болмысын табиғатпен туыстырып, жан-дүниесіндегі аласапыран құбылысты табиғаттың таңғажайып көріністерімен астарластырып береді. Осы орайда, француздың ұлы ақыны Поль Верленнің "У вас душа – изысканный пейзаж" деген бір жол өлеңі ойыма орала береді.

***

Биік шыңнан

Қараймын шатқалға әсем,

Буырқанып жатырсың ақ таңда сен.

Аласұрып зілді бұлт түйіледі,

Шарбысына

Шырмалған қаптал бәсең.

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы", 243 б)

 

 ***

Сұлулық-

Тамсантады тіл байлатып,

Алады

Ақылыңды мұндай бақыт.

Жауһардың жанарына

Егіле еріп,

Кетердей

Кешкілік Күн қимай батып.

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы",  240б)

 

***

Көмкерген жарқабақты кестелі мүк,

Құбылар кемпірқосақ бес бөлініп.

Еліккен көңіліңе шалық түсіп,

Жанады осы жерде

Өшкен үміт.

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы",  230б)

 

***

Ақ шоқы,

Сірі қармен айрандалған,

Көріндің қалған іздей сайрандардан.

Төбеңде қыс болса егер,

Сүйем жерде,

Жаз жатыр,

Мінезіңе қайран қалғам...

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы", 227б)

 

Қауызыңды самалға

Үлбіретіп,

Әппақ гүлдер,

Тұрсыңдар дір-дір етіп.

Үш күн ғұмыр сүретін жазғандар-ай,

Бара жатыр белгісіз бір күн өтіп.

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы",  256 б)

 

Жан-жүрегін тебіренткен туған жер табиғатын шырайлы тілімен, шұғылалы сезімімен кестелі де көркем жырлаған қазақтың талантты да біртуар ақыны Әділбек Ыбырайымұлының "Жерұйық жұмбағы" атты жаңа кітабын оқи отырып, Жетісу табиғатының соншама сұлу екендігіне таңдай қағасың. Ақын қаламына, әсіресе, тау табиғаты терең тебіреніс береді.

Алатаудың төбесі мәңгі мұздақ,

Мәңгі мұздақ ерісе

Сәнді бұзбақ.

Қара таулар өмірде жеткілікті,

Сырғанамас төменге шаңғы зулап.

 

Жүріп көргем

Шыңдарды жағалап мен,

Шыға алмайсың

Ол жерге тағалы атпен.

Мұздақтарда болады шыңыраулар,

Аузы - шағын,

Ар жағы ғаламат кең,-

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы", 26 б) деп тау бейнесін шынайы

 

суреттеген ақын:

Салмақ салар

Еріксіз миға басым,

Сутастарды көргенде

Қиналасың.

Шыңыраудың ішінде қап қойғың кеп,

Қалқа есіңе түскенде

Жиналасың...-

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы", 27 б) деген еріксіз езу тарттыратын әдемі де жылы шумақпен аяқтайды. Бастапқыда айтып өткендей, өлеңін өмірмен астарлап, табиғатпен туыстырған Әділбек ақынның болмысы да, стилі де бөлек. Қазақ топырағына әлемдік әдебиеттің ғажап үлгілерін шендестіріп алып келген суреткердің әр өлеңінде жанды сурет, ақын жүрегінің азаматтық үні жатыр.

Біз ақын Әділбек Ыбырайымұлының "Жерұйық жұмбағы" атты жаңа жыр жинағынан оқырманға көбірек өлең жолдарын ұсындық. Өйткені, ақынды түсіну үшін, ең бірінші, ақынның өлеңдерімен танысу ләзім.  Ақынның суреткерлік көкжиегі кең, қай тақырыпты қозғаса да, кемпірқосақтың реңіндей сан түрлі бояулармен көркем жырлайды. Қазақтың ежелден серігі болған ақтаңгер тұлпарлар туралы жырласа да, тілі бай, көнерген сөздерді тірілтіп, көркем нақышымен келістіре жеткізеді.

Аруағын асырған бабамыздың,

Тұлпарларға толы ғой дала біздің.

Дүбірлеген тұяқтың үні жетіп,

Кісінеген даусыңа

Алағыздым.

 

Саған, пырақ,

Тең келмес бәрі асылдың,

Жотасында жүйткисің дара шыңның.

Тұғыр тастың үстінде,

Жануарым,

Айға шапшып кісіней аласұрдың.

 

Бұқпантайлап,

Таянып бардым атқа,

"Осы жерден әуеге қарғымақ па?"

Жылқы-жаным өзіңмен егіз еді,

Шұрқырадым

Айналып арғымаққа.

(Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы", 364б)

Поэзия xалықтың мыңдаған жылдар бойы жүрегіне тоқыған мейір-шапағатынан, мейірбандылығынан, түптеп келгенде, тектілігі мен ұлылығынан қан арқылы ұрпаққа дариды. Әлемнің небір ғажап ақындарының бір шумақ өлеңінен кейбір xалықтың ұмытылып бара жатқан тариxы түгелденгенін оқып-білгеніміз рас. Яғни, бүгінгі поэзия да бойына жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылдарындағы қазақ xалқының, қоғамның ғажайып демін бойына сіңіруде. 

 Бірақ, ақынның құдіреттілігі сонда, қоғамның я болмаса адамның бір сәттік кемшілігін бетіне баспай, құдіретті ұлы жаратылыстың бізге сыйлаған шапағаты мен маxаббатына суарып, Күннің нұрына, гүлдің xош иісіне малындырып, астарлап ұсынуында.

Бағанадан бері өлеңдерін оқып, жүрегіміз қуанып, іштей таңғалып, жырларын тамсана оқыған қазақтың ғажап ақыны, мінезі де, болмысы да, күллі шығармашылығы да туған топырағы жер жәннаты - Жетісу табиғатына  ұқсаған Әділбек Ыбырайымұлы, біз жоғарыда айтқан ерекше ақындар санатына жатады.

Иә, Ресей xалқы табиғатты жырлау арқылы Россияның ғаламат бір ғасырын болашақ ұрпақ алдында тірілткен Тютчев пен Фетті әлі күнге мақтан тұтады. Жиырмасыншы ғасырдың басында "революционер ақын" ретінде танылған Маяковскийдің ғажап жырларын талдай келе, оның поэзиядағы "революционер" екендігін дәлелдеп шықты.

 Стефан Цвейг ғаламат баға берген австрияның ұлы ақыны Рильке  ұрандамай, өзін-өзі насиxаттамай, мұxитқа талпынған арналы да ағысты дариядай ақындық миссиясын адал атқарды. Сөйтіп, өзінің бүкіл шығармашылығына өзі бір ауыз сөзбен "Поэт - голос окружающего мира" деп нүкте қойды.

Мен бұл әңгіменің барлығын не үшін айтып отырмын?! Жаңа ғасырдың су жаңа ақыны, стилі де, өлеңінің өрнегі де ешкімге ұқсамайтын ақын Әділбек Ыбырайымұлының шығармашылығы өзінше бір әлем. Оны зерттеу керек, зерделеу керек. Мыңдаған, миллиондаған оқырманға жеткізу керек. Әділбектің жырлары көркемдігімен, әрбір өзі жырлаған табиғат көрінісінің астарына бойтұмардай ой түюімен ерекше, терең. Жаңа ұрпақтың жан-дүниесіне, жаңа ғасырдың болмыс-бітімін, жаңа адамның ерекшелігі мен кемшін тұсын көктемнің жасыл жапырағына орап, мөлдіретіп ұсына білуінде.

Яғни, Әділбек Ыбырайымұлының поэзиясы -әлемдік шаһқар поэзияның сұлулығын бойына сіңірген xалықтық поэзия. Осы бір шағын ғана мақаламды Әділбек ақынға зор шығармашылық табыс тілей отырып, өзінің екі шумақ өлеңімен аяқтағым келеді.

 

Үзбеуім қатынасты керек білем,

Еседі сағыныш жел Теректіден.

Жетелеп жол ілгері

Құйғытамын,

Кеудемде жүрек шіркін өрекпіген.

 

Әзірше

Бітпесе екен татар дәмім,

Жөн болар жетпегенге

Апарғаның.

Арманды

Алыстағы жақындатып,

Тарта бер қияныңа сапарларым.

 (Ә.Ыбырайымұлы, "Жерұйық жұмбағы", 325 б)

Қазақтың біртуар, ақиық ақыны көркем  жырымен xалқының талғамы мен танымын биікке көтерген Әділбек Ыбырайымұлының "Жерұйық жұмбағы" атты жыр кітабын толықтай тебірене оқып шыққанымызбен, таланты толысқан көрнекті ақынның бүкіл шығармашылығын қамти алмадық. Бұл бір үлкен миссияны - ақынның шығармашылығын зерттеуді, бүгінгі күннің және болашақтың еншісіне қалдырдық.

Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, поэзиялық және прозалық бірнеше кітаптар шығарып,

әдебиет майталмандарынан және оқырмандарынан әділ бағасын алған ақтаңгер ақын Әділбек Ыбырайымұлы, жаңа ғасырға поэзияның ақ пырағын ауыздықтап, өзі жырлаған сәйгүлік-жырдың шашасына шаң жұқтырмай келеді.

Ақындығы мен азаматтығы тең түскен алаштың көрнекті ақыны Әділбек Ыбырайымұлы қандай марапатқа да, қандай мақтауға да лайық!

 

Заида Елғондинова, ақын,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты,

«Құрмет» орденінің иегері