КӨКБӨРІ МҮБАРАК. СЕНІ ШЫРМАУ

(Тұманды ауылдың сыр-құпиясы)

Бір кезде бәрі дана, ештеңе түсіндірмейтін мінезсіз заман келді. Көшеде қаралтқым сүйектер жөңкиді. Ол –  адамдардың өмірі. Қаланы тыныштық басқан. Тобын қалашығының ала бұйра таңы атып келе жатқанда бүкіл үйлердің моржасынан көгілдір түтін көтерілді ме деп ойлап қалатынмын. Шын мәнінде, бұл жерде мандыған от, түтін көзге шалдықпайды. Қалашықтың шағын базарына кірсең дырду өмір. Келісілген баға, сатылған балық пен бұғының қаны, еті, етіктер... Тағы көптеген бұранды ұсақ шеге, шалғының жүзі дегендерді көруге болады. Мектеп оқулықтарына дейін еніп ел іші мен сыртына әйгілі болған бір нәрсе, бұл қалашықтың маңында тас адам мүрделері табылған. Кәдімгі тасқа айналған адам табылған. Осы құпияны жасыру үшін ғалымдар мен үкімет бірігіп, осы қалашықтың тарих әбден құлазытқан сілейіп тұрған балбал тастарын қоршап, шет тұрғандарын қорымға жақындатып, "тас адам деген осы" деп көрсеткен болатын. "Батыр тасқа айналып қалыпты" деген әсерлі оқиғаға толы белгілі батырлық аңыздарды осы тұманы қалың Тобындықтар таратқан. Осы сырлы қалашыққа барған ауылдастар бұл жерде көргендерін аңыз қылып айтып отыратын. Сіз телефон арқылы немесе қағаз картаға жүгіну арқылы бұл қалашықтың орнын таппайсыз. Бұл Алтайдың теріскейіндегі ел өзі ғана білетін, аяқ ізі жол жұтқан жиһанкездер барып тамсанып қайтатын мекен. Үкімет орнын картада жапқан. Ал былайғы жұрт қанша сандалса да бірден таппайды. Жолы шытырман, адастырып отырады. Мұны «өлілердің өлкесі» деуге аузы баратын Мұрат секілді адамдар бар. Мен бұл жерге барынша кішірек кезімде бардым. Ол кезде Марқан деген көрші ағаның тракторымен барғанбыз. Марқан, мен және әкем үшеуіміз. Трактордың құлақ пен сананы тоздыратын қырқылдаған әуенін тұңғыш рет көп естіп жалыққан кезім сол. Ал, 2019 жылы Қытайға тұмақ тігіп шығаратын болып түлкі терісін жинап жүргенімде елдер мені Тобынға барып түлкі терісін жинауыма үгіттеді.

- Қазақстанның көп жерінде түлкілер ақсары, өңсіз келеді. Онымен қоймай бітімі кішкене. Алтайдағы Тобынға бар. Қызыл әрі ұзын түлкі терісі базарында толып тұрады. Әрі арзанға аласың.

- Түлкі түлкі дегенде, «Алтайы қызылдан» түлкі өтуші ме еді?! Басқа даланың ақмалжың, сармалжыңдарын қоя ғой!

- Алтай жарықтықтың аюы да, бөрісі де, түлкісі де басқа тау мен даладан кемінде бір жарым есе үлкен болады екен. Бұл таудың қандай сиқыры бар екен деші?!...

- Тобынға бар.

Алдын-ала хабарласу бойынша Қосағаш ауданының орталығында тұратын Тостаға деген ағаның үйіне бардым. Барсам сары тақтайдан жасалған үйінің сыртында жүр екен. Қолында тістеуігі бар. Толық салынып болмаған үйінің әр жерін бұрайды. Бір шегені тісіне тістеп тұрған күйі сәлем алды.

- Уағалейкумассалам.

"Денсаулығыңыз жақсы ма?" деп сұрайтын әдетім еді.

- Жақсы, жақсы. Біздің үй - осы.

Тісіндегі шегесінің түбін бір ұстап қойды. Аузынан әлі алған жоқ шегесін.

Шәй ішілді.

- Ертең Тобынға барамыз.

- Абайлап жүріңдерші, -деген шешесінің иығы қиқаң ете түсті.

Қазақстан телеарналары мұнда көрінеді екен. Соларды жылжытып көріп отырдық бәріміз. Тостағаның келіншегі сүріне-қабына кіріп келді де:

- Тобынның алуан тұманы мұнда жетіпті. Сиырлар қызыл-жасылды тұманның ішінен көрінбейді. Айдап жүре алмадым. Бұзаулар сап-сары бояудың ішінде қалды. Еміп қоятын болды-ау!

Тостаға күлді.

- Ембейді. Бұзаулар сары тұманға шатасып сайға түсіп кететін болуы керек.

Тұман жайлы пікірлер бала күнімде Тобынға алғаш барғанда алдымнан бірінші шығатын тұман тақырыбын есіме қайта салғандай болды.

Шынымен бұзау ембепті. Үш сағаттан соң, кешкі бес жарымға қарай көшпенді тұман қайтып кетіпті. Бұл жерде "тұман ерткен әруақ" деген ұғым қалды. Алыстағы басқа жердің тұманы екенін бұл жерге келуге тиіс емес екенін Қосағаш адамдары міне осылай айтып отыр. Бұл қызылды-жасылды, сары тұмандар Үндістандағы бояу шашу мерекесіне немесе тамаша операторлар мен фотографтардың қолдан жасайтын түрлі-түсті шығаратын буынан аумайды. Табиғаттың осы жасырын ойыны адамдардың ақылы мен тірлігіне әжептауыр кірісе алатыны мұндағы адамдардың жантайып алып, жайлап айтып жатқан әңгімелерінен біледі. Тостағаның анасы бұдан кейін от басы, ошақ қасынан ұзамайтын ұсақ-түйек шаруаларды көп талқылап кеткендіктен, бір жағы көзімді сарғыш тұман әлемі ысытып жапқан сияқты болған соң жол жүріп жолсоқты болып келген мен үйге кіргенде тың сияқты көрінгеніммен енді міне қалғып маужырап ұйықтап кеттім. Бір кезде көзімді шалабұрта ашсам басымның шетіне ақ жастық сүйеп, үстіме жылы, қоңырқай әдиялдан екі қабат жауып қойыпты. Бұл әлі де түн іші еді. Көзімді ашып қайта жұмған мен таңсәріде барып бірақ оянуға шешім қабылдап, көзімді қатты жұмдым. Таңсәріде нұр себелеген уақытта аулаға шықсам Тостағаның шешесі тауыққа жем шашып жүр екен. Қоқылдаған тауық жиналған өңкей күреңсары, сап-сары жүгерілердің үстіне қарғығанда Тостағаның әйелі енесімен бірге сол тауықтарды қуалайды. Қашқан тауық қоқолап біраз жерді шаңдатып, түтесін түртіп барып шапшып тоқтайды.

Түске қарай Тобынға Тостаға өзі ертіп жолға шықты. Атпен келе жатырмыз. Көлігі бар, мінген жоқ. Екі аттың бірін көршісі, досы Досжардан сұрады. Досжар қоңырқай өңді, жүзін темекінің күші жеп қойған, басын қисайтып тұрып күбір-жыбыр сөйлегенді қалайтын адам екен.

- Бірге шықпайсың ба, Досжар?

- Жоқ, өздерің бара беріңдер.

***

 

Тобын тұманының іші. Адасып қала жаздадық.

- Тобын қайда?

- Тобын осы сайдың ішінде.

- Ішінде болғанда қайда?

- Тағанында.

Тостаға тағы да түктен-түк жоқ күле салды.

- Келіп те қалған сияқтымыз.

Тағы да оның жүзінде күлегештік бейне тұр.

- Мына шөрке көрініп тұр ма саған?

Тағы күліңкіреді.

- Иә, -қабағымды суытып, күлегештігін ұнатпай тіл қаттым.

- Осыдан адаспасақ табамыз.

- Бұрын да осы шөркені белгі ететін бе едіңіздер?

- Мұны сол Досжардан сұра.

Тағы күлімсіреді. Оның күлімсіреуі еш қиындық жоқ, табамыз деген сыңайды да білдіргенде, қалған бос күлкілерін кешіріп етемін.

- Енді бірнеше қабат тұман ауысып отырады.

Сәлден кейін тұрып, өңі сабырға қуарып:

- Адам бейнесін танытпай, тану, көру сезімдеріңді өзгертіп жібереді.

- Сонда мұндағы адамдар қалай жан бағып жүр?

- Сен Тобынның тұрғындарын адам деп ойлайсың ба?

- Неге ойламасқа?! Кішкене күнімде әкем, Марқан деген кісі бар үшеуіміз жаңа салған үйіміздің есік ағашын осы картада жоқ Тобыннан барып сатып алғанбыз. Бірақ, есік ағаштарды қамыстан жасапты да, кейін бір реткі жаңбырда үйдің есіктері түгел ісініп шыға келген болатын.

- Ол ағаш шын болса шын шығар, қамыстан да жасалған шығар...

- Енді?...

- Бірден айтқанда ұқпайсың ба? Тобындықтар түгелдей біздің адам емес. Олар әр дәуірдің бір жерге жиналған, тұманға шырмалған адамдары. Олар басқа жерде өмір сүре алмайды. Тобынның тұманына байланып әрең жүр. Олар бұл дүниенің адамдары емес.

- Сіздіңше арғы дүниеде жүрген, әр кезеңде өмір сүрген әруақтарының табиғат тылсымына байланып адам болып өмір сүріп жатқан шоғыры ма?

- Дәл солай!

Осыдан кейін ол көп үндемеді. Ат тасырқап, тас шағылы көбейген жерлерден өттік.

- Тобынға кіріп келеміз.

Әлден кейін ю-қю базаршылаған адамдардың дауысы алдымен естілді. Біршама жүрсек те көзге адам көрінер емес. Қарапайым, өзіміз көп көріп жүрген базардың біреуі көрінді. Адамдардың киінісі, қолданатын валютасы, заттары, маркалары және маркасыз табиғи өнімдері базарды өзімізге әбден етене иіс пен көрініске толтырып тұр. Ақша үшін өзеуленіп қолын созып жатқан былқылдаған семіз апайлар Алматының Көкбазары, Астананың Әлем базарындағыдай мұнда да кеудесін алға ұмсындыра, қарны шарбаққа тіреле ұсақ ақшаларды қайтарып тұр.

- Кешке қарай бұларды таппай қаласың. Алай-дүлей өзгереді тұманы жаңаланса. Осындай әруақтарға әлемнің ең бір таза жерінен орын беріп бұл дүниемен бір сәтке болсада қарым-қатынас жасатып еркелетіп отырған ұлы Құдай.

Үндемедім. Үндемегенім өз көзіммен көретініме сенімді болғаным.

Мен төрт балмұздақ сатып алып, екеуін Тостаға ұсынғанымда, ол:

- Қалғанын өзіңе қойып қой, - деп екіншісін алмады. Біреуін ғана алып, тілін шығарып сүйсіне жалап жеп жатты.

Үш балмұздақтв еріп кетпесін деп, ләззатына батпай, асығып-үсігіп жеп мұздақ асымның қадірін кетіріп алдым. Қолыма, иегіме жағылып қалды қанша жақпауға тырыссам да.

Кеш гуілдеп жетті. Солай айтуыма тура келді. Гуілдеген жел ме, әлде бір аспап дауысы ма, желдің керішті төрткілдерді немесе қабағы қатқан тастарды барабандай қағып ойнағанынан шықты ма, кешті гуілмен басталды деуге болады. Бірнеше қабат перде болып біреу қолмен жылжытып, ауыстырып тұрғандай тұман кеудемнің қақ алдында, аттардың да алдын тосып тірелді. Тостаға үнсіз қарап тұрды. Атымызды жетелеп алғанбыз. Бірнеше қабат тұман ауысып отырады да, базарға енді бір қарасаң құжынаған заттың көбі жоқ, саудырап жиналған орны тұр. Адамнан ешкім табу мүмкін емес. Иттер де ғайып болған. Бұл біраз қорқыныш тудырады. Сені де осы тұман қыбырсыз жұта салатындай. Жәдігой тұман жыртқыштықпен жемін аңдыған махлұқтай тап-тап беріп, кәдімгідей кеудеңе тіреліп сенімен санасып, ырғалып, қозғалып біраз тұрады екен. Мен аяқ астынан тұман ішінде жылжып көшіп жүрген әрлі-берлі затын тасып көтеріп жүрген адамдарды көріп қалдым. Бірақ, тұманның кезекті бір ауысуында олардан жаңылып, адасып қаласың. Сағым ішінде ұйтқыған шала сызылған сурет сияқты адамдарды табиғаттың тұманды телеарнасынан көру бұл дүниенің жалған жалған деген сипатын пәш етіп шошындыра түскендей. Бірде таныс, бірде дос дүние қалыптасады. Дүниедегі қанағатшыл, өкпесіз қалашық қалыптасқан. Сиқырлы сағым мен тұман ішінде жалған қозғалыстармен өмір сүретін қалашық ми-санаңды, бұған дейін жиған жер, әлем, адамзат, сана көзқарастарын қопарып құрдымға құлатып жібере жаздайды. Тобындықтардың тұман ішінде сенделіп,  бірде бар, бірде жоқ өмірін көріп бұған дейінгі дәуірдегі адамдардың өмірін өткен тарих көзімен қарасаң тура осындай күйде сағым мен тұмандықтан құр елес болып көрінетінін білесің де, үнсіз көзіңді жұмасың.

Бұл араға тыныш қабаттағы сан түрлі тұман келіп тұрады. Бұл осы таудың тылсым, ересен күшке ие тастарынан ба? Олар әр заманның адамдары болсада бұл аралықты сезінбейді. Олар осы арада араласып сауда жасайды, өмір сүруін жалғастырады. Олар тіпті біріңғай паспорт бітіреді. Бұл дүниенің дүние қоңыздығы мен айхайы, қулығы олардың әр дәуірден екенін ұмыттырып жібереді. Ара-тұра өздерінің қайдан екеніне ойланады. Оларды біріктірген ең алғашқы оқиға мынадай болыпты.

Қаралтқым сүйектердей сұлбалардай болып, Тобынға толықтай тоқтай алмай жүрген адамдардың біреуінің аяғында кәдімгі балалар көшеде теуіп зырқыратып жүрген мұзшаңғы болыпты. Ол оны дүниенің бір дамығн елінен алса керек. Ол кезде Совет одағы дәурендеп тұрған. Мұндай мұзшаңғыны ол төңірек білмейтін. Сол қаралтқым сүйектей жөңкіген адами елес оны зырқырата мініп келе жатып, тасқа сүрініпті. Өзі құлап, мұзшаңғысы келесі бір қаралтқым сүйектей жөңкіп кетіп бара жатқан топ ішіндегі біреудің тобығына тиіп оны сүріндіріпті. Бурадай жөңкіліп арсалаңдаған адам бейнелері жол апатына ұшырағандай соқтығыса бастапты. Осы кезде бірінші шыққан дүние - айхай. Тып-тыныш, ештеңені түсіндірусіз көшіп, өз өмірін сүріп жатқан бейнелердің бойына ашу кіргенде олардың бәрі қарапайым адам болып, тұмандықтан шығып осы дүниенің адамы болып қалып қойыпты. Егер сен бұл дүниеге Құдай ерекше мақсатпен жіберген қасиетті адам болсаң да, сені адам ретінде карапайым өмірге шырмап, өзіңді ұмыттырып жіберетін осы ашу, реніш, күйіну, қарғам. Тобында елестер өмір сүреді, өңдер қорғалайды. Мұнда адамдардың көлеңкесіз екенін байқадым. Адамдардың тек сағым әлемі өмір сүреді. Демек, біздің артымыздан еріп жүретін көлеңке біздің шынайы осы уақытқа тән ең нанымды адамдар екеніміздің белгісі ме?!

***

Тобындағы екінші күн. Қарағайдың адырайған тамырының үстіне аттың ерін жастанып, айналасына дөңгелек шідер тастап, зиянды жәндік шақпас үшін аттың тері сіңген заттармен өзімізді қоршап ұйықтадық. Түн салқын болғандықтан сілеміз қатып әбден ұйықтадық. Көзімді ашсам көгілдір тұманға толы кәдімгі орман әлемі бізді қоршап тұр. Бұл - табиғаттың ойы да сияқты. Табиғаттың ойына қосыла алмай, ұйыған аяғын жазуы қиындап отырған мен.

Түске қарай Тобын базары ішіндегі дүкендерді, асханаларды кезіп жүріп "Үш раушан" кафесіне тоқтадық. Байқағаным, бұл базарда және тоғай ішіндегі үйлер арасында болып жалпысы 5~6 ғана дәмхана бар екенін қадап ұққандаймын. "Үш раушан" кафесінің маңдайшалығындағы ағашқа үш раушан ойылып көрсетіліпті. Ішіне кірдік. Қабағын бір көтеріп, көзін бір жыпылықтатып келіп тыныш тұра қалғанда мөлдіреген көзі жылайын деп тұрған адамдікіндей дірілдеп, көзі жанаттың(енот) көзінен шыққандай жұмыр, семіз бала бізден заказ алмақ болды. Айнала қарап ем, кафенің өзінде 5-6 адам істейтін көрінеді. Жаңағы жанат(енот) көзді мөлтілдек бала бізге тамақ әкеле жатқанда, әрі жағынан айхай шықты:

- Дәмікке татырмай қайда алып барасың?

- Иесіне...

Сары мұртты жуан аспаз бүйірін таянып:

- Әй, бері әкел. Оның иесі мен.

Бала қабағын салбыратып бір төмен қарады да, тамақты оның алдына алып барып еді. Аспаз:

- Дәмікке апар. Содан бұйыртқандарға апар.

Әрі жағында күбір-сыбыр естілген сөздерге есіктен шыққан тамақтың буы қосылып жатты.

 

***

 

- Дәміке, татып жіберші.

- Тұра тұрыңыз. Қазір...

Ақ жарқын қыздың сыңғырлы үні естіледі.

 

***

 

- Дәміке, тамақ пісіп тұр. Шетінен бір жалап етсең.

Бойшаң, ақ жүрек қыз бұралаң басып келе жатты. Басында шала тағылған, шеті иығынан төмен сүйретіліп тұрған ақ жаулығы болды. Келе жатты.

 

***

 

- Дәміке?

- Ау, ау?...

Беті қызыл шырайлы от шашады.

- Дәміке, мына бірнеше табақ тамаққа тіліңді бір тигіз де отыра қал. Тамақ сосын дәмді болып кетсін.

Сары бұйра шашты семіз апай ақ киім киіп алыпты.

 

***

- Дәміке, айналайын. Құдайдың берген сыйы ғой. Сен кез-келген пісіп дайын тұрған тамақтың шетін жаласаң тағам әлемде жоқ өзінің нағыз дәміне енеді. Бұл құдірет қайдан пайда болды?

Дәміке сыңғырлап келіп:

- Оны қайдам. Сүйікті құдайым жомарт, бергіш қой. Маған осыны беріпті. Ерке, сөзге ұста қыз осыдан әрі қарай ештеңе демепті.

 

***

 

- Дәміке, Дәміке, тез бол. Мына бес тамаққа тіліңді тигізіп болсаң.

Дәміке ақ жаулығы басынан шала сыпырылып, тағы да бүкшеңдеп жүгіріп келе жатты.

 

***

 

Тостаға шылымын тұтатты.

Тұтатып отырып:

- Осы Дәміке деген қыз бар екен ғой?...

- Иә, осы жердегі 2-3 күндік өмірімде оның ерекше қыз екенін бір аспаздан сұрап білдім. Басында аң-таң қалатынмын.

- Сол Дәміке ауыр дертке шалдығыпты. Біреулер қастық сайлаған сияқты.

- Әрбір пысқан астың бір шетіне құштарланып, қызығып тұрып, елге жақсы дәм тілеп тұрып тілінің ұшын бір рет қана тигізеді екен. Соған бір әумесерлер алдын-ала уланған асты жалатып жібермеді ме екен?

- Қасиетті қызға обал.

Тостаға бір емес, үш шылымды арт-артынан шекті. Бір күйік байқалады.

 

***

 

Біз кеткен күні Дәмікенің өлімі болды. Шуақты Тобындықтар бір қасиетті адамынан айырылды.

Құлағымда сол дәмханаға кірген кездегі дауыстар жаңғырып қалады.

- Дәміке, Дәміке, тез бол. Мына бес тамаққа тіліңді тигізіп болсаң.

- Дәміке, айналайын. Құдайдың берген сыйы ғой. Сен кез-келген пісіп дайын тұрған тамақтың шетін жаласаң тағам әлемде жоқ өзінің нағыз дәміне енеді.

- Дәміке, тамақ пісіп тұр. Шетінен бір жалап етсең.

- Дәміке?

Бірақ, Дәмікенің оларға жауап берген дауысы естілмейді.

 

***

 

Айтпақшы, Дәміке қайда жерленді?

 

***

 

Дәмкеге қайғыруымыздың орны бар ма?

Тостаға оның қайда жерленгенін біле ме?

 

***

 

- Тобында ешқашан қабір жоқ.

 

***

 

- Неліктен? Неліктен?...

 

***

 

- Шылым шегіп ап айтайын.

 

(Соңы)