Бақытгүл қандай жазушы?
«Ауған ұлтының мінезін айтқанда, қожа Насырға тоқталмай болмайды», – дейді Халед Хоссейни «Батпырауық қуған баласында», орыс ұлтын А.Чеховтың кейіпкерлерінсіз, қазақ ұлтын Б.Майлиннің кейіпкерлерінсіз елестету мүмкін емес екендігі секілді. Қожанасырлық – түгел түркіге сіңген мінез ба дерсің. Ә.Нұрпейісовтың Судыр Ахметі, Абайдың Қиясбайы, Ж.Аймауытовтың Қартқожасы, О.Бөкейдің Күлпәші... Айта берсең, тізім көп. Бұл кейіпкерлердің кереғар қылықтары, қырсық мінездері, қыжыртып сөйлеуі, құбылма қалыптары – қазақы төл мінездер. Бұл мінездер – жеңілтектік емес, тегі тереңдік. Бақытгүл Сәрмекова туралы айтқанда, қазақы мінездердің типтерін айтпасқа шара жоқ. Өйткені, ол – әлемді, қазақты көзімен танитын жазушы. Әлемдік құбылыстар, құндылықтар қазақтың көзімен, ұлттық танымымен салмақталынады. Ұлттық таным деген не? Ол меніңше, «атамды алған құдайдың келіні мендей жыласын» деген бір ақ ауыз сөзге сыйып кеткен секілді. Ұлттық танымда табиғатынан бөлек, мінезі шәлкем-шалыстау, тұралатып тастайтын турашыл, бірқырбай жандардың галереясын аралап көрсеңіз, әрқайсысының болмысында әділдікке, турашылдыққа, тазалыққа бастайтын жұмбақ құбылыс бар. Ол мінездер «қазақ болып өмір сүрген қызық» (Д.Исабеков) дейтін бүкіл дәстүрлі әдебиет өкілдерінің шығармаларында бар. Алайда, замандар құбылғанда, бұл мінездер ассосацияланып, ассимилияцияға ұшырауы тиіс болды. Кеңестің қатаң заңына қыңбай, айтарын астарлауға кіріскенде, жазушылар міндетті түрде осындай кейіпкерлерге жүгінетін. Өйткені, оларға сұрау жоқ, дауа да жоқ. Еш жүйеге сынбайтын берік мінездер – жаңа ғасырдағы – тәуелсіз мемлекеттегі шұғыл бетбұрыстарда реакция көрсете алмай қалды ма, әлде бетімен кеткен көштің жүгенсіздігіне айла таба алмай қалды ма?.. Қазақылықтың күйі кетті әрі тозды. Бақытгүл өткен ғасырда сомдалған кейіпкерлер мен бүгінгі сол кейіпкерлердің ұсқынсыз бейнесін қатар қойып сынайды.
Бақытгүл нені сынайды?
Жалпы да, қазақтың ғасырға жуық тәуелділігінен кейін де тәуелсіздігін ала алмаған сана сарқындысын сынайды. Оралхан Бөкейде шырқау биікке көтерілген, идеалдандырылған «жазушы, ақын, өнер иесінің» өз статусынан түсіп, азғандығын сынайды. «Ақындардан жеріну», «Жеріну 2», «Редактор» сияқты әңгімелері «өзінен сөзі ұзын» бүгінгі болмысы тозған өнер иелерін аяусыз келемеждейді. О.Бөкей, А.Сүлейменов, Р.Мұқанованың шығармашылығында ұлылығы, тазалығы құдаймен деңгейлес образдар – Бақытгүлде қатты аярлық, қайыршы күйге түскен. Жазушы қазақтың табиғатына сіңген «идеалдарға табыну» комплексінің қаншынжырын біржола кесіп тастағандай. «Ақындардан жеріну», бұл – төңкерісшіл, бунт көтерген шығарма. Дер кезінде туған, іріңі тереңдеген жараға тұз шашқандай, «кейбір ақынжандыларды шапалақпен тартып жібергендей болды» (М.Ақдәулет).
Б.Сәрмекованың тілінде Бейімбет Майлин мәдениеті бар. Қазақ танымына сіңген салыстырмалы образды ойлау – қаламгердің қаламына тән қасиет. Сонысымен де бүгінгі санасы жұтаңдана бастаған жастардың оқуына еш кедергісі жоқ. Жазушылығын блоггерліктің ауылынан бастаған – қаламгер қысқалық һәм нұсқалыққа ден қояды, кез келген қазақтың қылғыта салуы үшін ұтымды ұсынады.
Ең алғашқы «Қазақ әдебиетінде» жарық көрген «Раушангүл жылаған түн» әңгімесі Н.Дәутайұылының «Көк көйлек киген келіншек» әңгімесінің жаңа нұсқасы секілді. Екі жазушы екі буынның өкілі. Бақытгүл бұл әңгімені оқымауы да мүмкін. Алайда, түсінген жан байқар еді, Н.Дәутайұлы әйелдің жанын сипаттайды, ал Бақытгүл әйелдің «ит жалаған ішін» әйел болып ашады, аяусыз масқаралайды. Н.Дәутайұлы әйелді түсіндірсе, Бақытгүл нақ сол түсіндірілген бейне болып шығады. Н.Дәутайұлы әйелді ақтайды, Бақытгүл әйелді ақтауға келіспейді. Яғни, осы күнге дейін әйел туралы жазылған «әдемі ертегілерге» дау айтады. Сондықтан, Бақытгүлге әйел ретінде жиіркене қарап қалуыңыз мүмкін. Жарына адал әйелдің міскін аңдығыш бейнесін мысқылдағандай болады. Солай көрінуі мүмкін. «Сен тазалап, үтіктеген жейдені дәл қазір мен иеленіп отырмын!", – дейді «Раушангүл жылаған түнде». Осыдан кейін күйеуіңіздің үсті-басын аңдып, көзіне дейін тексеріп кетуіңіз мүмкін... Әйелдің түкпірінде жатқан жыланның уын бергендей, ішкі сеніміне күмән ұялатып, көркіне көңілі толмайтын комплекстерін түртіп оятуы мүмкін. «Бұл әйел затының ең осал тұсы болса керек, өзге ойларға жол берілмейтін қатты қуанышта да, өте ауыр қайғыда да, ең жауапты сәттерде де өзіне тән жымысқы ойларынан ешқашан ажыраған емес. Есі шығып қатты қуанып жатып та, жанындағыларды көзімен бір сүзіп шығып, қуанышына ортақтасып тұрған әйелдерді барлап шығуы мүмкін. Риясыз күліп тұрған құрбысының ерніне жағылған помаданың тісіне жұғып қалғанын көріп, мысқыл ой пайда болуы мүмкін. Әнебір шетте зорлана жымиып тұрған тағы бір құрбысының қатты күлсе, бетінде пайда болатын ұсақ әжімдерінен ыңғайсызданып тұратынын да ұғып қалуы мүмкін...».
Алайда, көз бояған сылқымсөздердің ар жағында заманаға зарлы уайым бар. Байқасаңыз, еркекті заттай иемденетін, еркегінің жүрген-тұрғанын есепке алып, әр сағатын бақылап отыратын әйелдерді сынап отыр, күлкі етіп отыр.
Бақытгүлдің кейіпкерлері кімдер?
«Қоңыр үй мен ақ жигулидегі» Хабес шалы, «Ырымдағы», «Қарагертайдағы» әкесінің бейнесі, «Итгершіліктегі» Елтайы, «Моникасы», «Бір күндік некедегі» Жақаш пен Розасы – жоғарыда айтқан қазақы қыңыр мінездердің заманауи жүйе алдындағы, құдай алдындағы сынған, рухы түскен қалпын ашады. Бақытгүлде үнемі қоғамнан оқшау қалған образдар қатар жүреді – Тұрар, Жақаш, Жарбагүл, Мөлдіркөз, Моника... Қазақы аңғалдық, сенгіштік, қолы ашық мырзалық пен аярлығына ақыл ілеспес азғындықты қатар қойып сынайды. Кейіпкерлерін қуыршақ секілді айналдырып қарап, әбден ойнап болғасын лақтырып тастағандай ауыр әжуаны байқайсыз. Бейне заманға жарамсыз қалыптарды ығыстырып тастағандай...
Бақытгүлдің кейіпкерлерінде анау-мынау пендені көзге ілмеу, мұрын шүйіріп, аяқасты тылтия қалатын мінез бар. Үнемі әйелдегі қызғаншақтық, күндестік секілді қызылиттің құйрық бұлғаңын аңдатып қояды. Ол Орынгүлдің ақындығын, Жарбагүлдің семіздігін, Мониканың әумесерлігін, Ақторының асаулығын, Қалықыздың соқыр табынғыштығын мазақ қылады. Онысы ерсі де емес, қашанға дейін әйелді ер адам сырттай сипаттасын, әйелдің әйел туралы жазуы – біздің әдебиеттегі алғашқы сүрлеу емес пе екен?! Бұл әуелде Роза Мұқанованың «Тұлында», «Қатын Уында» көрініс берген секілді. Кейінгі буыннан Лира Қоныс, Әсем Қоспағарова, Бану Дәулетбаева секілді қаламгерлер осы тақырыпты біраз шиырлағаны мәлім. Әйел адамның ішкі жан дүниесін осыншама айқара ашып, көркіне қызықтырып, өзгені қызылсыратып, «итше артынан ілестіріп» қойған қылығын кім осылай ашып жаза алды? Кейде қарап тұрып ызаңа тиеді, кейде ішіңе от тастап кетеді аңдатпай. Керім көркін өзі қызықтаған паң Моника Белуччи секілді. Бірақ, сол мінезі, сиясына да сіңеді, мысыңды басады, содан кейін де автормен беттесіп отырып, ашық әңгімеге бара қалсаң, бұра тартып, ешқашан жазбайтын кісіше паңданады. Онысы қожанасырлығы ма дерсің, тонын теріс киген қырсықтығы ішімдегіні тап деп тұрғандай. Ол сізді сол мезетте қуыршақтай қолында ойнатып отырғанын байқап қалсаңыз ше?..
Бақытгүл сөксе қалпын өзгерте алмаған, бүгінгінің талабына ыңғайлана алмаған жас қазақты сөгеді. Замана ауысқанда қалыптарыңды сақтай да, ыңғайлана да алмадыңдар, сөйтіп, тұрған су саси бастады деп анализ жасайды.
Ч.Чаплиннің айтқаны бар емес пе: «Өмір – жақыннан қарасаң – трагедия, алыстан қарасаң – комедия» деп. Ол өмірге алыстан қарап көретін секілді, алайда, оқиғаның ішінде жүргендей жазады. Носталгияға толы ауылхикаяларын, бағзы аңғал қазақ қалыптарын сүйсіне әрі сол қалыптардың бұзылған сұрқына жиіркене қарайды. Айғайшыл, ұраншылдардың жеке басын зерттейді. Ұлттық актуальді проблеманы әр тұлғаның бойындағы кемістігінен табады. Әр адам – қоғамды құрушы емес пе? Бір адамның жақсылығы кеңістіктегі қаншама құбылысты өзгерте алады. Ал, біздер... Біздерге «мен кіммін?», «қайда бара жатырмын?» деген сұрақ маңызды болуы тиіс еді. Бірақ, біздерге өзімізден басқаның бәрін өзгерту керек, өзімізден өзгенің бәрі дұрыс емес. Ақиқатында, өзің осы тұрысыңмен елің үшін не істедің, сұрап көрдің бе? Әлде, трибуналарға шығып әулиелі сөздер мен қат-қабат парақтарда сапталған сөздеріңе семіріп, соларды есеп қылып жүрсің бе? Ақиқатында, отбасыңа, әйел, бала-шағаңның қам-қарекетіне өзің иесің бе? Әлде, бала-шағаң өзіңнен бөлек ғұмыр кешіп, бір әйеліңе әу деуге шамаң келмей жатып, әлемді өзгерткің келе ме?! Бақытгүл өзі бөлек, сөзі бөлек жандарды суреттегенде мұрныңды басасың, иісі аңқып, дәмі аузыңа келеді. «Қайызғақ тектес қаспақтар, қолаңсаның ашқылтым иісі, тісіне қыстырылған аскөк...» дей келе, «Ақын деген сөзді естісе көз алдына сынық люстра елестеп, мұрнына қолаңсаның иісі келетін болды», – деп түйіндейді «Ақыннан жерінуде».
Сөзді ғазиз тұтқан бағзылардан бақ тайды. Өйткені, бүгін абзал сөздер «тісі сарғая бастаған кісілердің» (Б.Сәрмекова) аузынан шығып жатқандай... Тегінде, бұл – қайта туған, бүгінгі Абайдың қазақты сынауы ғой!..
Бақытгүл қай мектептің өкілі?
Б.Сәрмекова – Майлиннің мектебін жалғастырушы, Т.Нұрмағамбетов мектебінің өкілі. Тілінде Тынымбайлық ащы юмор, тіліп түсер теріскені бар. Бұл тұрғыдан ол реалист жазушы. Автор кейіпкерлерін де бекерге ескі аттармен атамайды. Оның «Түйебайы» Б.Майлиннің оқудан бас тартқан, «өлсем де молдаға бармаймын» деп бұғалықсыз кеткен Майлиннің бүгінгі «Түйебайы». Оның арқыраған Итбай ақыны – С.Мұқановтың «Бөтагөзіндегі» болыстығын бұлдаған, есерсоқ Итбайдың бүгінгі бейнесі. Оның «Ақтөсі» – М.Мағауиннің тазысы, А.Чеховтың Каштанкасы, оның «Қарагертайындағы» әкесі – А.Сүлейменовтың Үкеңі... Ол – дәстүрлі әдебиеттің бүгінгі тумасы. Мойындамасқа шара жоқ, маңдайында ақ дағы бар жылқыны қасқа дейтіні рас болса, Бақытгүлдің де жазушы екені сондай рас. Рас болған жерде айтайық, жас қаламгердің ізденісіндегі кемшін тұстар жетерлік. Бақытгүл аз оқиды. Алайда, аз оқумен іштегі тоқудың айырмасы бар дер едік. Мәселе, көп оқуда емес һәм аз жазуда да емес. Көбіне шығарманың тілі мен ойы, жеткізілуіндегі шикілікте, көп іште күп болып піспеуінде. Кей тұста тілі күрмеліп, түсіндірме кітаптағыдай сипаттауға көшетіні, кейде, ұзынсонар сөйлемдердің басы аяғы шалыс түсіп жататыны... Кейде, бірінші жақтан баяндауға бой алдыруы. Баяндау – ең оңай тәсіл һәм тізесі шығып тозған тәсіл. Басыңнан өткергенді «мен» болып жазу, соған шалығу – қауіпті дерт. Ал, екінші, үшінші жақтан үлкен планда суреттеу – нағыз суреткерлік дер едік. Жазушының оқиғаға қатысы болмауы, нейтральды ұстауы – біздің бүгінгі әдебиетте некен-саяқ көрініске айналып кетті. Бақытгүлдің бұл тұрғыда мүмкіндігі де, шеберлігі де жетеді. Тосын стилистикалық бағыты бар, құбылыс болып әдебиетке еркін енген қаламгердің алды жарық, құлашы кең екеніне сенімдіміз.
Сағадат Ордашева