«Бөрі жоқ деме, бөрік астында» демекші, бүгінгі психология – өзіңнен басқа жау жоқ дейді. Өз жауың – өз ойың. Өмір сүру – ойды басқару. Ойын басқара алмаған адам – ойын басқаратынға тәуелді. Ал, ой – ең күшті зат. «Бар пәле басыңда» деп ұлардай шулап та жатыр тренингшіл қауым. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Бүгінгі әдебиет - психологияның құралына айналды. Бірақ, әдебиетті кәсіби психологияның негізі емес деу тағы орынсыз. Өйткені, дәл қазіргі уақытта ойы сауыққан, жан дүниесі тазарған – кемел (совершенный) адамның тұлғасы идеалға айналып барады. Кемелдік – қай ғасырда да актуалділігін жоғалтқан жоқ. Түптеп келгенде, рухани кемелдік – әр адамның жер бетіндегі мақсаты емес пе?
2016 жылдың озық бестсселлеріне айналған канадалық жазушы Уиллиям Пол Янгтың «Хижина» - «Лашық» кітабы зор табыспен әлемдік үздік сатылымға ие болып, «Амазон» сайтында сатылған үздік бестіктің қатарына енген. 2007 жылы жазылған «Лашық» кітабы алғашқыда қолдау таппай, 26 баспаның табалдырығынан кері қайтады. Ең алғашқы тиражы 15 данамен шыққан кітапқа сұраныс арта бастайды. 27 баспаға ұсынылған кітап басылып шығып, бір жылдың ішінде 5 млн тиражбен Америка құрлықтарына таралып кеткен. Бүгінде «Лашық» - әлемнің 40-тан астам тіліне аударылып, 22 млн тиражбен үздік сатылым сөресінен түспей келеді. Кітап шыққалы сан алуан қаралаған, жақтаған, сүйсінген, алғыс айтқан пікірлер қаптап, әлемдік басылымдарда қатаң қаралаған мақалалар мен ақтаған резенциялар шыға бастайды. Кейін бұл кітаптың желісімен 2017 жылы «Пидің өмірін» түсірген режиссер Стюарт Хэзелдайн «Хижина» фильмін түсірді. Фильм әлемдік кассадан бір жылда 90 млн АҚШ долларын жинап, табысқа жетті.
«Лашықтың» формалық жағынан – постмодернистік постбиблиялық теодиция деуге негіз бар. Яғни, Библиялық көнерген пәтуалардың жасампаз жаңаруын ақтау. Феминистік құдайшылдық элементтері де жоқ емес. «Антибиблиялық Құдайдың метафоралық моделі» секілді анықтама беруге де болады. Көптеген христиан әлемінің пасторлары мен әулие әкейлері – «Лашықты» ширк келтіру (ересь), пұтқа табынушылық деп ашық айыптады. АҚШ-тың Оңтүстік баптистік теология семинариясының докторы Альберт Молер «Құдайды адамдандырудың өзі ширк келтіру һәм құдайдың атынан сөйлеу – білімсіздік» деп тапты. Батыс Кейс Университетінің профессоры Тимоти Бил «Лашық» - евангиялық шіркеулердің теологиялық танымының ілгерілеуіне қозғау салады» деп пікір білдірді. Ал, ресейлік пастор Евгений Бахмутский қатып-семген христиан әлеміндегі доктриналарды бұзып жарып, дінтанудағы шектелудің негізін жойды дей келе: «Адамзат тарихында сана төңкерісін жасаған көптеген кітаптар болды. Чарльз Дарвинның «Түрлердің шығу тегі», З.Фрейдтің «Түстердің жоруы», Карл Маркстың «Капиталы», Дантенің «Құдіретті комедиясы» секілді кітаптар сана бетбұрысына әкелді. «Лашықтың» осындай үлкен мүмкіндігі бар» деп баға берді. Мәселе Библияның мазмұнында, я болмаса, оның бізге қатынасы емес. Мәселе, әдебиеттік тұрғыда постмодернистік танымның идеялық-формалық ортақтығында.
Кітапта көтерілген мәселелер – әлемдік теология ғылым-докторларының трибуналарға шығып сөйлеуіне, ғылыми мақалалар жазып түсіндіруін талап етті. Әрине, итмұрыны өтпес қалың жыңғылды қазақ санасына бұл кітаптың тақырыбы мұрнын сұға да алмады. Орыс тілді оқырмандары әлемдік қызу пікірталастарды бақылай отырып, аудио-бейне һәм ғылыми-сыни мақалаларды аударып басып, дер кезінде христиан әлеміне қарша жауған сауалдарға орай пікірталастар ұйымдастырып, дер кезінде реакциясын білдіріп отырды. Ойлап көріңіз, қазақ қоғамында кітаптағы тақырыптар көтерілер болса, басқа салмасын, пікір айту мен қабылдау мәдениеті қалыптаспаған біз үшін – бұл тақырыпты қозғаудың өзі артық болар еді. «Лашықтың» тақырыбы қандай дейсіз ғой?
Қарапайым америкалық бақытты отбасының трагедиясына байланысты айшықталған Құдай мен адам ортасындағы мәмілелі диалог, адамның негізгі мұраты, Құдайлық таным мен қоғамдық догмалар арақатынасы, бүтіндей бір Құранның мазмұнына бойлағандай түсіндірме-цитаталар. Отбасының отағасы - Маккензи мен әйелі Нэннің бес баласы бар. Маккензи демалыс күндері бес баланы алып, серуенге шығады. Сол серуенде ең сүйікті кенже қызы – Миссиден айырылып қалады. Тал түсте ізім-ғайым жоғалған Миссидің тау басындағы тастанды лашықтағы қызыл көйлегі мен алқызыл қанынан өзге куәгер табылмайды. Америкалық бақытты отбасының берекесі қашып, Маккензи есін жия алмастай есеңгіреп жүргенде, «Әкеден» хат келеді. Хатта «Тау басындағы тастанды ескі лашыққа кел, күтем» деген сөйлемнің астына «Әке» деп жазылған еді. Мені келеке еткісі келген залымның бір қулығы шығар деп, көп ойланбай жанына тапаншасын алып жолға аттанады. Әрине, Лашықта ешкім жоқ. Бес жылдан бері құлазып, құрдымға құлап, шердің шеңгеліне байланған Мак лашықта қызының қаны тамған тұсты сипап жатып, еріксіз ұйқыға кетеді. Осыдан кейін, адам ақылына сенгісіз оқиғалар басталады. Мак оянса, жайқалып тұрған жап жасыл әсем әлемдегі лашықтың орнында аппақ биік үй тұр. Үйдің ішінде – үш адам – бірі қара нәсілді томпақ әйел – «Әке», екіншісі – моңғолша бет-бейнелі, сығыр көзді періште қыз – Сарайю, үшіншісі – жебірей тектес келбетті жігіт – Ғайсамын деп танысады. Осы үштік ортасында сұхбат – біздің ғасырға жуық дінінен тәркіленген санамызды тас талқанын шығаратындай пәтуалар майданына айналады.
Бес жасар балдай қызына зорлық көрсетіп, аяусыз өлтіріп, мәйітін де көрсетпей тығып кеткен залымды кешіру кімге де оңай емес. Оның үстіне, Мак сияқты әкеден жастайынан зорлық көрсе... Әкесі кей күндері ішімдікке сылқия тойып әйелін ұрып-соғатын, оны ажыратам деп ортасына түскен баласын белбеуімен сабап «Библияның пәлен бетінде не деп жазылған?» деп сұрақтың астына алып, жаттатқызатын. Әкенің шектен шыққан қаталдығынан зәрезап болған Мак ақыры үйден қашып кетіп, көшеде нан тауып, есейеді. Ес жиып, ел қатарлы білім алады. Әкеден көрген қорлығын баласына көрсетпеуге ант береді. Бірақ, әкеге деген ыза мен кегі көңіл түбінде үңірейіп жататын. Ол қуыстың бетін немен жамасын? Мактың бар барқадары - Нэн сияқты құдайшыл әйел, бар үміті мен медетін соған байлаған. Нэннен артық бұл дүниеде Макты түсінетін адам болмаған. Тіпті, Нэн Мисси жоғалып кеткенде де Мактың бетінен алмады. Өйткені, өзі жұмыспен жүріп сол серуенге барған жоқ. Соның өзінде өзін-өзі күнәһар еткен Мактың тілі бәрібір Құдайға тиді.
Хош, «Лашықтағы» үштік – Әке-әйел, Періште–қыз, Ғайса-пайғамбарды автор неге біріккен Құдай бейнесінде алып келді? Құдайды адамдандыруға бола ма? Періште неге қыз кейіпте? Ғайса бүкіл әлемге ортақ тұлға, бірақ ол неге өзін Құдаймын дейді? Осы сұрақтар батыс теологтары мен орыс оқымыстыларын бірнеше жылдан бері әбден ойсыратты.
Маккензи Филипп Аленс – үйдің өсімдігі іспеттес, ошақ қасының кірпияз күшігіндей әйелдің жан-дүниесімен азықтанатын, әйелінің шабыттандыруын талжағау ететін бүгінгі еркек кіндіктінің типтік болмысы. Нэн – бүгінгі отбасы мен әлеуметтік хал-күйін қоса күйіттейтін жансебіл мықты әйел образы. Осы образдарды батыс әлемінің киноөнері болсын, психологиялық дәрістері мен кітаптары болсын қалайда санамызға орнықтырып бара жатқаны анық. Басқаша болуы мүмкін емес секілді. Мак толығымен Нэннің рухани мүмкіндігіне басыбайлы адам. Нэн жұбатпаса, жылы сөз айтпаса, ауа жұта алмайтындай күйде. Ақыры, жан дүниесінде жатқан кең қуыстың орнын Нэннің құдайшылығы, хан қылып басына көтерген әйелдігі де толтыра алмайтын болды. Мак қалайда өзінің өткенімен кездесуіге ләзім еді. Маккензиге өсу керек болды.
Мак үшін «Библия» кітабы – әрі азаптың, әрі қорлықтың белгісіндей. Библиядағы сөздер мен жүрекке орныққан кектің уәжі табыса алмайтын еді. Әйелі Нэн әр сенбілік таңның ғибадатына күйеуі мен балаларын ертіп апарып, елмен бірге Жаратқанды мадақтайтын. Тілмен айтылатын ғибадаттың, тәнмен орындалатын құлшылықтың – жүреккке жетуі, жүректің сүзгісінен өтіп, рухани азыққа айналып, өмірге енгізілуі – Құдайдың құлынан талап ететіні сол емес пе? Осы тіл мен жүректің ортасындағы мәміленің жоқтығы – еліміздегі ойранның себепкері емес пе екен?
Маккензиге өсу керек! Миссиінен айырылғалы бес жыл. Ішкі іріңнің бетін ашқан қайғының емі жоқ сияқты. Мак сезеді, ажалдың ауылы алыс емес, өз-өзіне қол салуға дайындалып жүр. Бес жылдық өмірі бес мың жылдық тозаққа айналды. Құдай кеудеңдегі дертке көз жұма қарай алмайды, пендесі жасырып жауып көз жұмса да. Тілінен шықпаса да, бейсаналы түрде Мак Құдайды күнде тілдеді. Өзін жерден алып жерге салды. Осы кезде Құдайдан хат келді. Шартты түрде хат келді дейікші, бірақ, Құдай сізді ең соңғы рет шердің шеңгелінен, шайтанның шырмауынан шығарып алуға мүмкіндік берсе ше? Оның үстіне, адам кейпінде, қара нәсілді әйел болып келсе. Мак Құдайды елестетіп көрген, біздің мұсылмандық әлемде елестетуге тыйым салынады. Адамның санасы бәрібір өзінің мұғдарынша әр затты елестетуге тырысады емес пе? Мак Құдайды ақсақалы алдын жапқан «кәрі-құртаң» шалдай елестетін. Ал, алдынан қап-қара семіз әйел «Әкеңмін» деп шықты. «Өйткені, дәл қазір саған еркек кейіптегі құдайды көру ауыр тиеді», «әуелі басыңда қаптаған артық ойлардан арылсаң, жүрекпен жұмыс істеу әлдеқайда оңай болатыны сөзсіз» деп жұмбақтап сөйлейді. Оның үстіне «балам, сен мені былай деп елестетсең, мен мүлдем басқаша кейіпте келемін, менің мүмкіндігімді ешқашан танып-біліп болмайсың, бірақ сонда да саған біз - аяқ басқан, көз көрген айналаңның бәрін тануды міндеттедік» дейді.
Мактың «рухани сауығу» процесінің әр эпизодын бөлек-бөлек алып қорытуға болады. Макпен ормандағы қалың шөптесінді отасқан Сарайюдің жүрек шымырлатар сиқырлы сөздері, Ғайсаның су бетінде Макты жүргізу кереметі, жартас үңгірінде өткен «сот болудан бас тарту» процессі, Әкенің ер адам кейіпте келіп, Миссидің өлі тәнін жартастардың ішінен тауып, жерлеу рәсімін өткізуі – сауығу дәрістерінің этаппен өтетін тәртібін баяндап отырғандай.
Мактың бойында қатып-семген догмалар, миындағы шариғи шарттар мен шектен шығартқызбайтын сот болғыш өзбілемдік сияқты комплекстерді балталап тастайды. Өзінің өткенінде қалған өкпе-реніштен азат болады. Осы процеске қатысқан үштік – Әке, Періште, Пайғамбардың рөлін жазушы бекерге келтіріп отырған жоқ. Құранда «Сендер сыбырласаңдар болды, - екі иықтарыңда жазып алушылар бар» дейді. Олар Алланың адамға берген екі періштесі. Осы екі періштенің майданы емес пе адамның өмірі? Сол майданда адамға Пайғамбардың, яғни рухани ұстаздың, Құдайға жеткерушінің рөлі де маңызды. Маккензи Әке мен Сарайюдің қасында жүргенде адамдық қасиетке тән емес қашықтықты сезеді. Ал, Ғайсаның қасында «сенімен жақындықты сеземін, сенің қасыңда өзімді жайлы сезінемін» деуі де сондықтан. Ғайса «Мен Әке мен Сарайюға тікелей байланыс орнатуға ең жақсы тәсілмін» дейді. Жалғыз ғана тәсіл емес, ең жақсы тәсілмін дейді. «Барлық жолдар құдайға апара ма?» деп сұраған Маккензиге «барлық жолдар көбіне-көп ешқайда апармайды. Бар мәселе мынада: мен, құлым қайсібір жолды таңдамасын, артынан ілесіп іздеуге шығамын» дейді.
Пайғамбар мен әулиені, аруақ пен рухты ширкке балайтындардың басын балтамен шапқандай, Маккензи «жар таптағы бас кескіз» дейтін Шәкәрімнің «сауықтыру шарасын» басынан өткереді. Үмітін әйелге, отбасына ғана байлаған сыр бермес сыптиған Маккензи типтес жігіттерге «әйелді сенің қабырғаңнан бөліп алдық, ол тек сен арқылы ғана бізге қарай жол таппақ, ал сен болсаң, әйел арқылы бізге жол салмақшы болдың. Әйел арқылы бізге жол табу қиын» деген ойды ымдап жеткізеді. Бәлкім автор «Әкені» әйел кейпінде беру арқылы феминистік қоғамның келбетін көрсеткісі келген болуы мүмкін.
Кітаптың айтуында, «күнә жасасаң, тозаққа барасың» деген мөр басқандай сөздер жоқ. Құдай әр перзентінің әрқашан да түзелуіне, жақсылыққа бет бұруына мүмкіндік береді екен. Ең залымның өзін кешіре алатын Құдайдың орнына өзімізді қойып сот болып, соттың төрағасы болып кеткенімізді айтады. «Өзіңнің тәуелсіздігіңнен бас тарт», яғни, «отрекись от своей независимости» - біздің тілде – «өзбілем нәпсіңнен бас тарт, сен білмейсің, Алла біледі», «ешкімді соттама, соттауды маған бер», «маған құл керек емес, маған дос керек», «жамандық та жақсылыққа айнала алады, бірақ, ненің жаман, ненің жақсы екенін сен білмейсің», «сен маған ештеңеге міндетті емессің, ешқандай да уставтар мен принциптер маңызды емес, маған ең маңыздысы – қатынасың (отношения)» деп құдай мен адам арасындағы ең оңай жол – мейірім мен махаббаттың негізінде құрылған ниеттің бағалы екенін нығарлап айтады. Кітаптағы сөздер батысша түсінікте, яғни аса толерантшылдықпен, сыпайыгершіл сөздермен берілген. «Независимость» дегенін – нәпсің, қалауың, «отношения» дегенін – ниетің, қабылдауың деп түсінген дұрыс. «Мұсылманның амалынан ниеті», «ниетіңнен табарсың», «ниетіңе байланысты» деген қазақы сөздер қайта айналып келіп тұрғандай. Бүгінде «Меломанда» самсап тұрған кітаптардың 80 пайызына жуығы батыстың, орыстың психологиялық, бизнестік дәріс-кітаптары. Демек, сұраныс бар. Ал, зерттеп оқи бастасаңыз, қазақтың аузынан артылмаған сөздерді талқандай жаншып, майға шылап жұтсаң болды деп тұрғандай. Бұл қазақтың рухани ілімі – өзіне-өзі ауырлық етіп тұрғанын сездірсе, бір жағынан қазақ руханиятының – тіс батпас ең кемел руханият екенін білдіреді.
Макккензидің қайғысымен көзін көл етіп отырған оқырманға Әкенің жылы лебізі мен алды кең мейірбандығы ұнай бастайды. Автор Пол Янг бүгінде әлемдік арналарға шығып, түрлі дәрістер өткізіп жүр. Ол Ресейге де ат басын бұрып, теле-радиоларда да сұхбатын берді. Жазушыны бірнеше жылдан бері танитын Батыс теологиялық семинариясының зерттеушісі Джеймс Б. Деянг Пол Янгтың кітабын «христиан универсиализмінің формасы» негізінде жазылып, «бүкіләлемдік ымыраға келу идеясын» ұстанды деп атап өтеді. Осы тұрғыдан «Толстой менің ұстазым» дейтін Шәкәрімнің адамзатқа ортақ құндылықтарды уағыздау форматына ұқсап кетеді. Автор егер құдайдың бізге жеткізгісі келген сөздерін айту менің еркіме берілді деп өзіне сенсе, мұндай ерік әдебиетшінің еркіне беріледі білсеңіз, оқырман, демек, ол оған лайықты болғаны. Сөзді адамның аузына Алла салады деп сенетін шығыс халқы бұл кітаптың лекцияларын да жеңіл әрі тез қабылдай алады деп ойлаймын. Бүгінгі әдебиеттің жанрлық, стильдік, формалық құбылуында шет-шекара жоқ. Оқырман талабынан бөлек әлемде ғұмыр кешіп келе жатқан біздің әдебиет сұранысқа жауап қата алмайтынының бір себебі де осы – руханияттың жасампаздық құбылысын аңғармаудан туады. Бізге бәрібір әдебиет – класссикалық сипат алу керек сияқты болады да тұрады.
Хош, «Лашық» біздің әдебиетімізге, біздің санамызға не береді? Мойындау керек, соңғы жылдары әдебиетте зорлық-зомбылықпен, зұлымдықпен, қантөгістік көріністермен емдеу тәсілі белең алды. Триллерлік, бестселлерділік дүниелерді іздеп жүріп оқиды. Демек, заман адамының санасы да соған бейім. Сыртқы ауыр факторлар болмаса – сана қозғалысы, рухани өсу де болмайтындай. Өйткені, бізге жаймашуақ өзгеріссіз өмір қатты ұнайды ғой. Болашақты бағдарлаудан өткенді еске алу, аңсау әлдеқайда жеңілірек. Сондықтан да, ұран салған, рух шақырғыш әдебиет ләззат сыйлай алмайды. Тарих жазып, сойы бөлек сөз саптау – өлі оқылады. Ал, орыстілді аудиторияның әлемдік әдебиеттің жаңашыл бағыттарына реакцияшылдығы, эксперименшілдігі біздерді еліктіріп барады. Бүгінгінің басты тақырыбы да сол – өсу, толығу, кемелдену, рухани биографиялық ситуациларға толы бестселлерлер... амалсыз орыс тіліндегі әдебиетке бас қоясың. Орыс тілінде оқу һәм ойлау – түбі әдебиеттегі ойлау, жазу барысына көлеңкесін түсіреді.
«Лашық» бір сөзбен, диалог-сұхбаттардың өзара әрекеттесуінен туған рухани сауығудың техникасымен таныстырады. Бекзат ақынша айтсақ, «Діні бөлек, Құдайы бір» ойлардың саналық трансформациялануы. Роман тілі - қатаң теологиялық, не әдеби семиотикалық, болмаса, публицистикалық стильге бой ұрмаған. Кей тұста теологиялық теориялардан сүрінесіз, кей тұста әдеби образдаудан ләззат аласыз, кей тұста публицистикалық очерк оқып отырғандай боласыз. Бұл – постмодернистік сан бояудың астасуы. Бүгінгі адамды кітапқа қалай жүгендеп қоясыз?
«Лашық» - әрбір адамның ішіндегі жасырын лашығы. Әрбір адам – оның үстіне совет адамы болса, сол лашыққа барып, қансыраған тұсын сипап, құдайдан медет тілеуі керек.
П.С. «Лашықта» әркез жиі айтылатын сөз бар: «я особенно люблю его» - «мен әркімді өзінше, жеке дара жақсы көремін» делінген. Әр қазақты жеке дара жақсы көретін әдебиет туса екен...
Сағадат ОРДАШЕВА