Фариза Оңғарсынова – публицист

 

Еңбек адамына құрмет – үлкен адамгершілік

 

Біздің бала кезімізде мектепте болсын, ауылдың конторында, тіпті көшедегі тақталарда еңбек адамы бейнеленген плакаттар ілініп тұратын. «Бес жылдықтың жоспарын орындаймыз» немесе «Барлығы да халық үшін», «Еңбек етпеген ішіп-жемейді» деген ұранның бер жағында күлімсіреп тұратын слесарь ағайдың, сауыншы апайдың бейнесі бізге жылыұшырай көрінетін. Ал, кітапханада арнайы бұрыш жасақталып, онда еңбек адамдарының суреті, жетістігі туралы мәліметтер ілініп тұратын, еңбек адамдарының өмірі туралы шығармаларды ел жаздырып алып, ынта-шынтасымен оқитын. Мұның бәрі Еңбек деген ұғымды биік көтерген дұрыс тәрбие еді. Мейлі, ол тіпті социалистік реализмнің жемісі болса да, еңбек адамдарын дәріптеген шығармалармен бірнеше буын өсті. Бұл буын адамгершілік ұғымын, еңбекпен ғана көгеретінін жастай түсінді деп есептеймін. Кітаптағы қарапайым еңбек адамдарының образы бізге жақынырақ еді, өйткені шығармалардан ауылдағы механизаторды, комбайншыны, оқушылар болып концерт қоюға барғанымыздағы бақташылар мен сауыншылардың бейнесін, мектептегі пионерлер ұйымдастырған кездесуге келген орденді атайды көретінбіз. «Лениншіл жас», «Мәдениет және Тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарының сандары қатталып, тігіліп, үйдегі ең қадірлі орында тұратынын көріп өстік. Өткенді аңсап отыр екен деп қате түсінбеуіңізді өтінеміз, бірақ, «Лениншіл жаста» Оралхан Бөкейдің, Сейдахмет Бердіқұловтың, Фариза Оңғарсыновалардың очерктері жиі шығатын.

Теңіз және тағдырлар

 

Теңіз, жалпы балық шаруашылығының қат-қабат тірлігі баяндалатын шығармалар аз емес. Дегенмен, Фариза Оңғарсынованың суреттеуіндегі теңізді Хемигуэйдің теңізімен шатыстырмайсыз. Фаризаның теңізі өзгеше толқиды. «Теңіз тыншымайдыны» оқығанда Фариза Оңғарсынованың ақын болмағанда жазушы болуы мүмкін екеніне күмәнің болмайды. «»Күні кеше есіңді ала еркелетіп, бар мархабатымен мәпелесе, ертесіне бұлан-талан болып, қатер зынданына бір-ақ тастап жіберердей сілкілеп алады. Ол сенің өткендегі жақсылық-жайсаңдығыңа қарамайды» деген жолдар жай жазыла салмаған, автор осылай өмірдің асау толқынға ұқсас кейбір кезеңдерін меңзейді, теңізде сең үстінде қалып қойған балықшылар өмірін суреттейді. Ызғырық жел. Сең-сең мұз бен ақбурыл толқындар арпалысып жатыр. Үлкен мұздың үстінде жиырма шақты балықшы кетіп барады. Күн райы жақсы болып тұрған кезде балық аулауға шығып, әп-сәтте ауа райы күрт бұзылып, қапыда қалған балықшылар кез келген уақытта толқын бір ұрып жалп еткізсе су астына кетуі мүмкін. Немесе тағы аяз тұрса үсіп қатып қалмасына ешкім кепілдік бере алмас еді. Айналада өздеріне қол ұшын созар ешкім жоқ, ашық

теңіз үстінде қала барғандарын ойлағанда бойларын үрей жайлаған балықшылардың жайын өздерінен басқа кім сезіне алады? Автордың оқиғаны беру тәсілі, осындай қиын жағдайда өзгелерді сабырға шақырып, тірі қалудың амалын ойлаған балықшы Фазылдың қайратына, еңбегіне, адалдығы тәнті етеді.

Бұл бастан кешкен, болған оқиғаны баяндаған балықшыны қасындағы жолдастарымен қоса батыр десе болмай ма! Олар бала-шағаларын асырай алмағаннан осындай мехнат кешіп жүрген жоқ, мемлекеттің балық өндіру жоспарын орындау міндетімен осындай жағдайға душар болды. Он сегіз тәулік бойы ашық теңіздің үстінде қалу туралы ойдың өзі бойыңды тітіркендіреді емес пе? Балықшылар шана жеккен бір ат толқын соққанда суға кеткен, бір атты аштықтан өздері сойып жеген. Бір шананы бұзып, отқа жағып, аулаған ақ балықтарын азық қылып, әлденеден үмітті күйде көз ілетін бұл адамдардың да арман-тілегі, алдан күтері көп еді. Соңғы екі күнде қалың екі тонды жағып жылынғандары, әйтеуір, өлмеудің қамы. Дымқыл тонды отқа жағу қайбір оңай дейсіз, балықшылар оны өздері ас қылған ақ балықтың майын былғап барып жаққан. Автор өмірде көрген-білгенін, естігенін көңілінен тыс қалдырмай, иланымды суреттейді. «Пешной» аралының қарасы көрініп, екі тікұшақ келіп құтқарғанша балықшылар осылай амалдаған. Жанрына қарасаң, бұл – очерк. Бірақ, кәдімгі көркем әңгіме секілді. Балық шаруашылығында біз білмейтін, білсек те аса көңіл аудармайтын қаншама қиындықтар бар, журналист болса бұл жерде жазушының міндетін, жауапкершілігін ала отырып, балықшылар өмірін, тайдай тулаған балықты, жоспар орындау үшін арқа еті арша, борба еті борша болған азаматтардың жанкешті еңбегін көз алдыңа әкеледі.

 

«Таластың тарландарын» танысаңыз...

 

Кейде бір адамдардың аузынан «қой баққанның несі қиын, қойды далаға жайып жіберіп, өзің домбыраны тыңқылдатып қойып, киіз үйдің жабығынан барлап, қойды қарап қоясың» деген сияқты пікірлерді естігенде күлкің келер еді. Бұл қойды бақпақ түгілі оны жөндеп көрмеген адамның сөзі. Егер қала адамы Фариза Оңғарсынованың «Таластың тарландары» очеркін оқыған болса ондай ұшқары әңгіме айтпаған болар еді. Бұл өткен заманның сұранысына орай жазылған болса да, бұл очерктерде ескірмейтін нәрсе бар. Ол – адамгершілік, адалдық, еңбекқорлық ұғымдары. «Өмір бойы көргенің қой мен дала, сосын қысы-жазы жалғыз үй» дейді автор қойшының кәсібі туралы. Бұл, бір сәтте Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі» шығармасындағы Барханды да еске түсірер еді. Осылай болғандықтан ол өмірге ынтазарлар көп емес. Он сегіз жасында алдымен нағашысы, социалистік Еңбек Ерінің қасында жүріп, мал жайын әбден біліп, кейін өз алдына отар алған шопан Ысқақтың өмірі берілген бұл очеркте журналист кейіпкерінің кәсібін бақылап қоймайды, ішіне үңіледі. Ал, журналист Фариза жан-дүниесіне үңілген кейіпкерді ойсыз, мұңсыз, маң далада қоймен бірге жайылып жүрген біреу деуге аузың бармас еді. Расымен де құмдауыт бозаң далаға келіп он күн қой бағудың азабын еңбек адамының өзінен басқа кім біледі. «Қолымнан келіп тұрғанда қармап қалайын» деген жымысқы ойдан ада, ата кәсіпті адал атқарып, нанын тапқан қарапайым еңбек адамының зор құрметке лайық екенін автор келісті жеткізеді.

 

«Мұнаралы Маңқыстауда» – аққан тердің тарихы бар

 

Ұлттық арнада, болмаса «24 кз» сияқты арналарда еліміздің жетістіктерін көрсететін жобаларда көбіне Маңқыстаудағы мұнай бұрғылау зауыттарын көрсетеді. Неге екенін білмеймін, сондай сәтте қаптаған цифр, қақшиған ақпардың қасына Фариза апайдың «Мұнаралы Маңқыстау» деп аталатын топтама очерктерінен үзінді оқылу керек сияқты болады да тұрады. Өндірісті көзімен көріп, еңбек адамдарының бастапқыда қандай кезеңдерден өткенін байыпты баян етіп, жалпы бүтін елге, бар қазаққа ырыс болған Маңғыстауды толық таныстырып жазған шығарма осы очерк сияқты көрінеді. Үш жыл бойына бейнеттеніп, Жетісбай алаңын шарлап маңдай терлері сорғалаған бұрғышылардың бүкіл бастан кешкендері мұнай бұрғылаушы Қаршыға Тайпақовтың көзімен, ойымен суреттеледі. Ал, осы Жетібайдағы №6 скважинадан жер асты теңізінің алғашқы фонтаны атқылаған 1961 жылдың 5-шілдесі Маңғыстау тарихынлағы ерекше күн. 17 жасынан бұрғышының көмекшісі, Ембіде, Доссорда, Қаратон мен Даңғарда болып, еңбектің қазанында әбден қайнап, шыңдалған Базарбай образын, заты нәзік әйел болғанымен, өндіріс жұмысын ұйымдастыруда ерлерден қалыспай еңбек еткен Өзен мұнай өндіру басқарма басшысы Қамқаш Ибраевнаның бейнесін бүгінгі оқуды бітіре сала кабинеттегі креслоға байланған, шаруашылық жайын білмейтін, халықпен дұрыстап әңгімелесе алмайтын басшылармен салыстыруға болмайды. Фариза очерктерінің желісінде тек кейіпкердің көңіл-күйі, табиғаты, еңбектің тамыр соғысы ғана емес, ел мен жердің тарихы да қамтылады. Маңғыстаудағы бірінші газ өндіру кәсіпшілігі орналасқан Теңге деген жердің тарихы туралы аңыз да қызықты берілген. Әсіресе, өткен тарихтың жалаң сандармен, жұпыны мағлұматпен емес, көпті көрген қарияның аузымен айтылатыны иланымды. Мақаттан Бейнеуге барар жолдағы поезд ішіндегі жолаушылардың әңгімесінде түсінген адамға тағвлым бар, шүкіршілік пен салауат бар. Бала кезінде Маңғыстауда болған жұтты өз көзімен көрген қарияның әңгімесін жай ғана тыңдай алмайсың, ел басына күн туып, біреу Түркіменстан, бірі Қарақалпақ, бірі Жайық бойын бетке алғанда, елмен бірге әкесіз жетім он жасар бала шешесімен, әпкесімен және қарындасымен көше береді. Жолда кішкентай сәби қарындасы қаза болады. Адамдардың ашыққанда қандай күйге дейін төмендейтінін он жасар бала өз көзімен көріп, өз көңілімен түйсінеді. Аштықтан көздері қарауытып, басы айналып, әл-дәрмен құрып, бейнет шегіп жүріп, ай жарым уақыт жаялап-жалпылап жүріп қатары селдіреген көш Мақатқа жетеді. Осындай нәубетті өз көзімен көрген қария елінің бүгінгі кейпіне, адамдарының жүзі шат, шаруашылығы шалқып, ырысы молайған бақуатты шағына көңілі толып, ел болып жеткен толағай жетістікке шын көңілімен қуанатынын байқайсың.

 

Басшының да басшысы бар

 

«Мұнаралар алыстан көрінеді» «Сенім», «Жер астындағы теңіз», «Жапандағы жанартаулар» очерктерінің қай-қайсысында да адамдар қолынан келгенінше еңбек етеді, ел, жер, алдындағы парызын түсінеді. «Ақ еркесі Ақкөлдің» очеркіндегі басшы қызметтегі әйел Бекзада – нағыз қайраттың иесі, не нәрсені салмақтап барып шешім қабылдайтын байыпты басшы. Басшының бәрі бірдей әпербақан не бюрократ емес қой. Әсіресе, халықтың өз арасынан шығып, еңбекпен көтерілген, елдің, жердің жайын білетін басшыларға біз қашанда зәруміз. Бекзада – елдің жайын аналық жүрекпен ойлай алатын адам. Елдің жоғын түгендеп, шамасы келсе өзі шешуге тырысып, шамасы келмегенін құзырлы орындарға өз уақытында жеткізу үшін де, кейде елдің мүддесі үшін жаманатты болуға да дайын болу үшін де үлкен парасат-пайым керек. «Ақ еркесі Ақкөлдің» деген тамаша әннің дүниеге келуі тарихын қатар өріп келтіре отырып, балаларын жалғыз тәрбиелеп, ел басқарып, сонымен бірге қолы сәл босаған уақытта позия кітаптарын оқитын әдеті бары да сүйсіндіреді. Автор негізгі кейіпкердің ой-сезімін бейнелей келіп, өңірдің шешімін таппаған шаруаларын, су тапшылығының үлкен мәселе екенін айтады. Шындығында журналист айтып көрсеткен мәселелер көптеген қазақ ауылдарында әлі күнге дейін көкейтесті, өзекті қалпында қалып отыр.

 

Ауыл десе ет-жүрегі елжіреген ақын

 

Теңіз бен құмның арасында шашырай орналасып, ауыз судан зәрулік көрген кішкентай ауылдың қаршадай қызы бала шағында су маманы болсам, ауылымызға су тартсам, су маманы болсам деген арманмен өскен екен. Мүмкін, осы бала арманы оның кейін өскенде елдің жайын айтып, жұрттың тағдырына алаңдайтын журналист болуына себепші болған шығар. Ауылдың жайын кім айтпады? Расында қайраткердің барлығы да ауылдан шықты. Солардың арасында құм арасындағы шағын ауылдан шығып, мемлекеттің қайраткері дәрежесіне көтерілген Фариза ақын ауыл мәселесін ешқашан ойынан шығарған емес. Бір мысал, апай жетпісінші жылдары Литваға іссапармен барған кезінде үйлері бір түзудің бойында орналасқан, көшесі тап-таза деревняны көріп, өзіміздің қазақ ауылдарын еске алады. Қазақ салған шарбақтың бір шеті қисайып тұратындығының, қазақ тұратын ауланың сықпыты қашып жататындығының себебін іздейді. Жеке басы қандай құрмет көріп, қандай дәрежеге жетсе де, жазған-сызғандарының бәрінде ауылдардың жайын назардан тыс қалдырған емес «Ауылды жүдеткен ұраншыл саясат. Облыс орталығында, Астанада отырып, өткінші, бір күндік болжаммен халықтың тағдырын шешеміз. Ертең бес жыл, он жыл өткенде елдің жағдайы қандай болмақ, сол кезде халықтың бетіне тура қарай аламыз ба, соңымыздағы ұрпақ бізге қандай үкім шығарады – әр басшы осыны ойлап іс қылса, заман түзелер еді» дейді Фариза ақын. Әр сөзінің жаны бар. Кезінде етті, сүт-майды, қаракөл теріні, көкөнісі бар, балығы бар, өндіргенінің бәрін өзі жемесе де Мәскеуге жөнелтіп, бүкіл табан ақын, маңдай терін сылып бүкіл одақты асыраған ауылдар сол оңтайландырудың құрбандығы болды. Әдетте ескіні бұзғанда оның орнына жаңаны орнатушы еді. Біздің ауылдар осыдан 25-28 жыл бұрынғы кейпін жоғалтып, әлі оңала алмай тұр. Бүгінгі таңда шекара маңындағы ауылдар бос қалып жатыр. Өткен жылдың өзінде шығыс шектен 85 мың адам көшіп кеткен. 80-нен астам ауыл картадан жойылды. Қаншама ауылдың тағдыры сұрақ күйінде қалып тұрғаны тағы бар. Осындайда қандай қиын кезеңде де алақан жаймай, өз күнін өзі көріп отыра беретін ауыл халқының момындығы мен тәубешілдігіне әрі қайран қаласың, әрі ызаң келеді.

Бүгінгі таңда ауылдағының бәрі жақсы өмір іздеп қалаға жөңкіле көшкен уақытта үкімет ауылды, ауылшаруашылықты көтеру бағытында тәуір жобалар ұсынып, кәсіп дамытуға деп қаражат бөле бастады. Жөн-ақ. Тек осыны ерте бастан қолға алғанда әжептәуір жақсылыққа кезігетін едік. Біз мысал етсек, ылғи да жағдайы бізден де бейшара елдерді ауызға аламыз. Солардан қыл елі жоғары тұрсақ, өзімізді заңғар биікте тұрғандай сезінетініз бар. Бізге өзімізді өзіміздің алдымыздағы жұртпен салыстырып үйрену керек. Мысалы, Австралиямен. Австралия Одағының жер көлемі елімізден үш есеге жуық үлкен. Бірақ, тұрғындарының санында біздің санымыздан айтарлықтай айырмашылық жоқ. Алты құрлықтың ең құрғақ аймағы болып есептелетін бұл елдің бүкіл көлемінің жартысына жуығы шөл және шөлейт жерлер. Сөйте тұра ауылшаруашылығы шикізаттары мен азық-түлігін ең көп өндіретін ел де осы. Ал, біз жеріміздің дені іске алғысыз деп жылаймыз.

Жер демекші, Фариза Оңғарсынованың осы Жер сату мәселесіне қатысты айтқанын сұңғыла көңілмен сезіп-білгенін мойындайсың. «Оңтүстік, солтүстік өңірлердегі шұрайлы жерлерді екі бастан жүз гектарлап жалға алып байып алған санаулылар жер сату мәселесінің қайта көтеріленіне сандарын шапалақтап қарсы алып жатыр. Техникасы, құрал-жабдығы дайын, қалталары қалың, оның үстіне «жұмыс істей білетін, өзінің еңбексүйгіштігін көрсетіп жүрген» оларға барлық мүмкіндік, қолдау туғызылғалы отыр, бұл бірақ, ауылдың жалпы халқына жеңілдік әкелмейді. Жер, су тұтастай мемлекет меншігінде болғаны жөн. Әйтпесе, тағы талан-тараж, тартыс басталады. Ел дүрбелеңге түседі. Біз саясатымызды байларды байыта түсуге емес, халықтың ең көп бөлігінің тұрмысын орта деңгейге жеткізуге бағыттауымыз керек» деген екен кезінде мақаласында. Бұл ұлттың шын жанашырының сөзі. Қарап отырсаңыз, публицист Фариза Оңғарсынова өз очерк, мақалаларында негізінен ауылдың жайын, даланы сөз етеді. Оның шығармашылығының негізгі өзегі – ауыл, ең мықты кейіпкерлері – ауыл адамдары. Фариза Оңғарсынованы қайраткерлік дәрежеге көтерген оның елге деген жанашырылығы, келешекке деген алаңдаушылығы, парызға адалдығы екеніне еш күмән жоқ.

 

Жадыра Шамұратова