ЕСТИМІЗ ДЕГЕН МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСІРЕТІН ЕСТІМЕДІ

АРДАҚТЫ ОҚЫРМАНДАРЫМ!

Сіздердің бес жылдан бері қолдан-қолға тигізбей, Семейдің ғана емес, күллі адамзаттың қасіретін паш еткен ядролық полигон жайлы жазылған «Қасірет пен тағдыр» және «Үзілмеген үміт» дилогиясын «Абай» атындағы Мемлекеттік сыйлық комиссиясының отырысында Батыраштар «басын шапты».

Ғаламдық тақырыпты көтерген, өз ұлтына жасалған геноцид жайлы айтылған шығарманы жапондар мен чернобльдіктер сияқты қолдауға «намыстары» жібермеді. Жүзге бөлінген рулық деңгейден, жершілдіктен аса алмады!  

ҚР Мемлекеттік сыйлығының кешегі отырысында  күллі халық оқыған шығарманы, полигон құрбаны болған ұлттың қасіретті шындығы жазылған кітапты халық алдына талқылуына жібермей, бір шоғыр топ үнін өшірді. 

Қазақстанның «еститін мемлекет» екені шындық болса, сол қасіретті естір еді. Намыстары болса, қазаққа жасалған геноцидті өздері айтар еді. Бірақ әйел жазушы көтерген үлкен дүниенің Үнін өшірді! Кеше ғана бір шетелдік белгілі әдебиетші: «бұл шығарманы әйел жазды дегенге аузым бармайды» деп еді.

Комиссияның біраз мүшелері: «берген дауысымыздың қайда кеткенін білмей қалдық» деп қоңырау шалды маған, көңілдері ақ екенін білдіріп, кешірім сұрап жатыр. Айтуларынша, талқылауға түсетін кітаптар отырысқа он күн қалғанда ғана қолдарына тиген. «Кәдірбек Сегізбаев дегеннің кітабын көрген де жоқпыз» дегендер бар. Комиссияның орыс тілді мүшелері менің орыс тіліне аударылған «Трагедия и судьба» мен «Когда жива надежда» кітабымды былтыр оқып алғандарын айтты. Өйткені екі-үш жылдан бері бұл кітаптың насихаты үзілген емес, оқырман жақсы қабылдаған соң да, Мемлекеттік сыйлыққа қосқан едім. Сол орыс  тілділердің  өзі он шақты еді, енді келіп: «Сәуле Досжан бар болғаны он бес дауыс алды» депті.  Қазақ тіліндегі кітабымды да комиссия мүшелерінің біразы оқыған, әлеуметтік желіде үзбей жазып отыратын оқырмандарымның пікірімен таныс болатын. Олар да телефон шалып жатыр. Кем дегенде жиырманың үстінде дауыс алар едім. 

Бұл жерде мен үшін емес, ел қасіретін айтқан кітап үшін баға берілуі керек еді ғой...

Менің бұл қос томдығымда Семей полигонынан қасірет шеккендердің көз жасы бар еді ғой, содан қорықпады ма!?

«Қасірет пен Тағдыр» романы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына өткен «Бір кітап - бір ел»  акциясында ең таңдаулы роман аталған еді. Күллі республика кітапханалары мен мектептері талқылаған болатын. Сонда комиссия мүшелері халықтан жоғары болғаны ма?!

Егер ол нашар кітап болса жапон, қытай, ағылшын, түрік, орыс тілдеріне аударыла ма? Ресейліктердің сайттарына шығып, 41 мың оқырман жинай ма?

Танымал әдебиетші Г. Пряхиннің өзі тебіреніп пікір жаза ма?

Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толғанын еске алып, 70 жыл тартқан қасіретті, әлі бес ұрпаққа жалғасатын сұмдық зардабы барын комиссия мүшелері ішінде кім елеп-ескерді? Ұлтымыздың көрген геноцидті  әлемге паш етудің бір жолы еді ғой бұл. Соны қолдауға жарамаған комиссиядағы  рушыл  қазақтардан түңілдім. 

Комиссия талқылауына түскен жиырма бес жұмыстың ішіндегі кешегі тоталитарлық жүйенің қасақана жасаған қастандығынан қазақтың  көрген қорлығын ашып жазған жалғыз шығарма авторын – үміткерлер арасындағы жалғыз әйел жазушының фамилиясын сызып тастауға қалай дәттері жетті екен?! Қазақстандағы дискриминацияның ашық көрінісі осы емес пе?

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл әділетсіздіктен хабарсыз деп ойлаймын. Төмендегі жалпақтаушылары өз креслоларын сақтау үшін баяғы Назарбаевтың кезіндегідей алдаусыратып, бәрі адалынан өтті деген мағынада есеп беретініне күмәнім жоқ. Бірақ қазір ашық платформа – әлеуметтік желі деген бар. Оның үстіне қалың оқырмандарым да мені қолдайтынына сенемін.

Оқырмандарым!!!

Егер сіздер менің бір шығармамды оқыған болсаңыз, осында бір белгі қалдырыңыздаршы.

Мүмкіндігінше репост жасасаңыздар!

Журналистер қауымына да айтар өтінішім, әдеби ортада талай таланттың түбіне жеткен Мемсыйлықты бөлісудегі осындай әділетсіздікке қоғамның көңілін неғұрлым бөлсеңіздер екен.

 

Сәуле Досжанова