ЕСЕНҒАЛИ РАУШАНОВ. ҚАЛЫПТАСЫП ҮЛГЕРГЕН ҚОЛТАҢБА ИЕСІ


Жазушы туралы әуелгі айтарымыз қанаты қатайып, қалыптасып үлгерген қолтаңба иесі секілді көрінді. Қияндағы Атырауда осындай бір талантты баланың өсіп келе жатқаны көңіл қуантады. Бірінші оқыған кәнігі сыншылар оны натурализм үшін күстәналауы мүмкін. Анығында натурализм мен көркем шындықтың арасы алшақ. Әдетте, бұл дертке өмірде де, өнерде де жолы болмағандар ұрынады. Өш алу, кек қайтару, өзін асқақтату (өзгені төмендету арқылы) сықылды негативтер ә дегенде таңсық көрінгенмен екінші мәрте жолай алмайсың, қара бояулар жалықтырады, анығырақ айтсақ жиіркендіреді. Бірақ біз бұл жазушының біреулерге оспадар көрінген оралымдарын натурализм деп сөгуден гөрі өмірдің ащы шындықтарын тізіп бергені үшін мадақтауға бейімбіз. Тілдегі  селкеуліктер. Атырау қазақтары тілінде  тұрақты сөз тіркестері кейде әдеби айналымға кірікпей жататыны мәлім. Мысалы  автор «Болат ақа» дейді,  тағы бір тұста «пәсін көтермекші»  деп жазады. Дұрысы  «Болат аға», «бәсін көтермекші» ғой. Мұның бәрі уақытша нәрсе. Ә дегенде  шайқатылып шайқатылып  барып кейін түзу жүзіп кететін қайық секілді бәрі де келе келе өз орынын табады. Есесіне автордың қаймағы бұзылмаған қазақы ортадан шыққанын «қаймақ толы бүйендей іркілдеген омырау», «қалақтай басы қалтылдап», «төбесіне тырбиған сұр жыңғылдар өскен құм төбелердің арасындағы  мүк басқан сарғыш шатырлар», «бетіндегі қоңыр секпілдері қанға тотыға қоюланып қалды»т.б секілді теңеулер танытып тұр. Көркем тіл шеберлікке жетелейді.

 Көркем прозаның міндеті, әсте сіз бен біз күнделікті көріп жүрсек те елемегенситін, байқап жүрсек те аңғармағанситын детельдарға назарыңызды тіктеп, жүрегіңізді ауырту (не қуанту ) болса керек. «Қарагер тайдағы» қайшылықтарды алып қаралық. Құдай берді, ақ түйенің қарны жарылды, өлген тіріледі енді, енді өшкен жанады деп отырғанда  аяқ астына қайғының қара бұлты үйіріле қалды. Жауынды күн үзіліп түскен электр сымына құлап бақыт күткен бақытсыз күйеу мерт болды. Жүрегіңіз шым ете қалады. Жазушы еш тебіренбейді, өлгенді жоқтап  жыламайды, жәй салқынқандылықпен айта салады әрі қарай жөнеледі. Чеховқа замандас сыншыларының  «қаражүрксің» дейтіні еске түседі. Осымен жабуға да боларма еді. Жоқ, тайды іздеп келген Сайлаудың сот арқылы малын қайтарып алуы, ақыры ақша әкеліп беруі... шындық деген осы. Егер Түйін (концовка) түйілмесе бұның бәрі де бағанағы айтқан натурализмнің шылауында шырмалып қала берер  еді. Ол қандай түйін? Конверт толы ақшаның отқа тасталуы. Әңгімені ұстап тұрған ұстын осы. Адамгершіліктің үстемдік құруы. Ақ ниеттің алға шығуы. Таза жүрек әуенінің  таңғы ауадай желпіп өтуі.

 А.Чеховтың әсері байқалады. Ол өте жақсы. Чеховта тоғыз жүзден астам ірілі ұсақты дүние бар. Бунин соның қырық тоғызын ғана жоғары бағалайды. 900 шығармадан 49! Сіз де солай етіңіз. Әр жазушының көкірегінде бір бір Бунин болуға тиіс. Ештеңеге мойымайтын, ешкімді менсінбейтін, өзін ерек сүйетін,  дүниеде әдебиеттен басқа қызық бар дер ойламайтын, жиіркеншек, асқақ, тәкаппар, бірақ жүрегі жұқа, жылауық Бунин.

  «Итгершілік» (қалыптасқан әдеби тілде «Итгершілік» деген жоқ, «Иттік» деген бар) Мағауиннің «Сары тазысына» ұқсайды десеңіздер мен келіспес едім. Туйін яки Твен хикаялары, О Генри әңгімелері... Иттік адамда көп пе, жоқ итте көп пе? Бар пәле біздің адамнан адамгершілік, ал иттен иттік күтіп қателесетінімізде. Бақытгүл біз тізбелеп отырған авторларды әлі оқымадым десе мен сенер едім. Себебі, мұнда әлі жасымаған, тауы шағылмаған, күндестік, көре алмастық деген дүниелермен әлі бетпе бет кездеспеген бала көңіл, пәк сезім басым. Ащы дүниелерге аямай баратыны да сондықтан. Оның бәрі алда. Тіпті Бақытгүл ертең бәрінен баз кешіп «әлемнің қызығы әдебиет емес, өзімнің осы айналайын милицияшылығымда екен ғой» деп теріс айналуы да мүмкін. Бірақ ол уақытша айырылысу. Уақытша өкпе. Себебі бұл аралға  бір мәрте кірген адам қайтып шыға алмайды. Барсакелмес. Оның жазғанына жазатыны қызық боп көрінуі осыдан. Ол енді алған бағыттан айнымауы керек. Әртүрлі пікірлер болады, бәрін де тыңдаған жөн, бірақ өз жолынан шықпасын. Өз жолынан дегенді кезекті бір айтылуға тиіс сөз ретінде емес, өз бағытын айқындап алған қалам иесі деп айтып отырмыз.

 «Моника» анық Чеховтың шинелінен шыққан секілді. Мылқау әйелді емес өзіңді аяйсың. Неге? Біз бәріміз де аздап Моникамыз. Жазушы детельдерды жақсы ойната біледі. Ауыл келіншектерінң қаладан келген қыздың туфлиін кезек кезек киіп көріп қызықтауы, сақтап жүрген сарғайған сурет, соқырішек отасын көрсететін тұсы... Киноға сұранып тұрған режиссерлік тапқырлықтар. Саржаның Алматыдағы үлкен ұлы туралы бір ақ жаңа жол бар. Ол суреттелмейді, бастан аяқ баяндалмайды, кескін келбеті көрсетілмейді, мінез құлқы, жүріс тұрысы, бітім болмысы обьект ретінде қарастырылмайды, айқындалмайды Елеусіз бір өтті кетті бейне секілді. Бірақ ол сіздің есіңізде қалып қояды. Аттың қасқасындай анық көрінеді. Сұмдық суық, қол жетпес биік, эгоист, донжуан...Шеберлік деген осы.

 «Ақындардан жеріну», бұған автор күндердің бір күн қайта айналып соғатын секілді. Неге екенін әзірге түсіне алмай отырмыз, осы басы артық дүниедей көрінеді, бірдеңе жетпей тұр, бірдеңе тым артық. Жалқыдан жалпы шығару ма? Жоқ, жалпының жалқысы ма? Әйтеуір, жүрекке жақын емес, біртүрлі ластанып қаласың, сағыз деп кесек шайнап алғандай боласың. Тіпті, кейіпкердің есімі Итбай. Неге? Мереке, Аманхан, Ұлықбек, Нұрлан, Нұрсұлтан  секілді әдемі есімді адамдардың да иттей жеккөріншті болуы мүмкін ғой.  Жаман кейіпкердің аты да жаман болуы шарт емес, натурализм деген сол. Шарттылық деген де осы. Көркем прозадағы Сәбең марқұмдардың, Сәбит Мұқановтардың дәуірі өтті. Итбай есімді кейіпкерді  Сәбеңнен соң («Ботагөз»романы ) Бақытгүлден көріп отырмыз. (Айтпақшы, «Қарагертайда» Жарбагүл есімді қыз бары да осы орайда ойға оралып отыр) Ақынның жуынбайтыны, қолаңса исі, қайызғағы, жалдамалы пәтердің темекі сасығаны...? Осыларды оқып болған соң дереу Медеуге не Шымбұлаққа кетіп қалып ұзақты күн таудың таза ауасында жүрсең де немесе күнімен душтың астында тұрсаң да тазара алмайсың... «Итбайдың артына ілескен иттей болу...» қыз кейіпкер үшін келісіп тұрған жоқ. Бұл бір. Екіншіден, «артына» емес, «соңына» деп жазсақ қалай болар екен?

 Бірақ мұның бәрі алғашқы әсер. Дейтұрғанмен осыны болашақ кітапқа қосудың керегі бола қояр ма екен?

Жазу керек шығар. Басқа не деуге болады?

 

Есенғали Раушанов.
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты