ДУЛАТТЫҢ (Исабеков) АЙТЫЛМАЙТЫН СЫРЛАРЫ

Достоевский айтады дейді: "Мен, тым құрығанда бір адаммен бәрі жайлы өз-өзіммен сөйлескендей сөйлескім келеді" деп. Досекем де ақымақтығынан айтпайды ғой бұл сөзді.. Неге олай айтады екен деп әрі ойлап, бері ойлап: "Еее, ондай адамның жоқ екенін біліп айтады екен де" деген түйінге келдім. Бәріміздің жанымызда айтылмайтын, айта алмайтын түюлі сырларымыз бар емес пе?! Солай ғой... 

Ал, Дулаттың айтылмайтын сырлары не? 

Оның шығармашылығын шама-шарқымша зерттегенім бар, сонда осындай ойға тоқтадым.. 

Алдымен, "Гауһартасты" алайық. Қазақтың әр келініне үлгі боларлық бейне – Салтанат. Тоңмойын Ыбыш. Әсершіл, сезімтал қайны –Қайыркен . Салтанаттың әр қимылына, әр сөзіне баса назар аударған повестің бас қаһарманы да, трагедиялық, романтикалық образы да – Салтанат пен Қайыркен. Повестің соңы есіңізде бар болса, арманшыл Салтанаттың қазасынан соң қабір басындағы Қайыркеннің соңғы сөзі қалай еді: " Бұл қабірде өршіл мақсат пен үлкен арман иесі жатыр, бұл қабірде өмірге келе алмаған жас сәбидің анасы жатыр, бұл қабірде қадіріне жете алмаған Ыбыштың адал жары жатыр. Бұл қабірде ешқашан айтылмаған, ешқашан айтылмайтын менің аяулы махаббатым жатыр. Қош, Салтанат!" 

Қайыркеннің жүрек түкпірінде жеңгесіне деген күнәсіз махаббаты болған екен де... 

Екінші повесть – "Пері мен періште". 

Үштіктің басын шырмаған шытырман оқиғалар мен психологиялық әлем. Сал боп қалған Құлақмет, сылқым сұлу Сафура, жас жігіт Сапар. Перісі кім, періштесі кім? Атауында да магниттік қуаты зор туынды, солай емес пе?! 

Сафура – шынында әйел затының сұлуы еді, ол өмірден өзіне лайық бақытты іздеді. Құлақметтің халіне төзе алмады(Талқылауға көнбейтін бейне!). Пәтер жалдаушы Сапарға ғашық болды. Көңілін де білдірді. Бірақ Сапар кері итерді. Себебі Сапар Құлақметтің Сафураға деген тазалығын, пәктігін көрді. Солай бола тұра Сапар Құлақметке қалай қиянат қыла қоймақ? 

Сафура қызын ертіп төркіндетіп кетіп, араға айлар салып, Құлақметті зарықтырды. Жаңадан тапқан күйеуі мен дүниеге келмеген нәрестені қоса арқалап қайтты. Сафура өзі ойлағандай мақсатқа жетті ма, бақытқа қол созып еді, шын бақытты көрді ма сонда? Жоқ, Сафура шын бақыттың Құлақмет екенін түсінді ғой. Қайтып қайрылып соқпаса да болушы еді, бірақ Сафураның ары оны күн көргізбеді, жанын қинады. Ақталып, ақтарылып, бір күнде лақ еткізіп бәрін құсып салды. Жақсылығымен аяқталған салмақты оқиға . 

Ал, негізінде.. Сапар да Сафураға ғашық еді... Айта алмады, айтпайтын да еді... 

Үшінші шығарма – «Қарғын» романы. Өмір мен тіршілік, қарабайырлық пен парасатты әлем. Жасынның өмір жөніндегі, өнер жайындағы өзгеше түйсікпен түсінер «өзге» әлемі. Сұрғылт өмірдің сұр түсіне қанық бояу бергісі келетін Жасынның ырқына, әттең, қу тіршілік көне қояр ма? 

Романдағы ішкі жан, сыртқы жан араласып тіршіліктің өзіне қайта соға береді. Ішкі тебіреніс, сыртқы толқу секілді психологиялық қимылдың бәрі бір романның ішінде тоғысып жатыр. Соның бірі – Мәлике бейнесі. Жасын мен Бағиланың адал тілектесі, шын қамқоршысы бола жүріп, өзі де тұңғиыққа елеусізде түсіп кетіпті-ау... 

Романның соңында Мәликенің Жасынды автобусқа шығарып салатын жері бар емес пе, соған көңіл бөліп көрдіңіз бе, сірә?! 

Сонда, «...Жасын самолетке отырғанша Бағиланың жайын, енді бірін-бірі ұмыту емес, ұмытуға тырыса да алмастан, қызының жанында тұрып әкесінің бауыр езер жылы сөзін, Мәликенің әлгі көз жасын қайта-қайта ойлаумен болды. Өзін шығарып салуға келген әйелдің көзінен моншақтай домалап түсе салған жас тек қимастық, достық парыздан ғана емес, ешқашан айтылмай, көкірегінде қамауда жатып қартаяр, шілдеде жүріп шірір ерекше бір сезім толқыныстарынан екенін Жасын да байқап қалды. Бұл байқағанын да ол ешқашан сыртқа шығармайды, осылай жүрек пен сана түбінде еріксіз сақтап жүре береді. Ол да сөзбен айтсаң сәні кетер қырық қатпар адам өмірінің бір қыры боп қала бермек» дейді. 

Қанша сапырсаң да сарқылмайтын жақұт туынды, көтерген адами құндылықтар мен қасиеттердің тоғысқан мекені. 

Автордың үздігіп, үзіліп 

айтып отырғаны не, сезесіз бе? 

Бір уақ ойланып көріңіз ендеше.. 

Қайыркен – трагедия, Сапар – трагедия, Жасын – трагедия. 

Иә, осындай сырларға тұншыққан өмірдің өзі трагедия емес пе?!

 

Ұлжан Әділова