«Өз рухани құндылықтарымызды өзіміз бағалап, өзіміз насихаттамасақ, сырттан келіп ешкім де насихаттамайды. Сондықтан біз әдебиетке, қазақтың ақын-жазушыларына қолдау көрсету ісіне айрықша мән беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды үзбей жалғастырамыз», — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбеде өткен «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумында сөйлеген сөзінде.
Руханияттың өзегі — әдебиет. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар бұл жиынның ұйымдастырылуын туған әдебиетімізге деген жанашырлық қадам ретінде, үлкен жақсылықтың нышаны ретінде қабылдайтындарын жеткізді.
Форум Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Оған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған белгілі қаламгерлер, аталмыш ұйымның облыстық филиалдарының басшылары, облыс және қала басшылары, зиялы қауым өкілдері, журналистер мен оқырмандар қатысты.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ашып, алғашқы сөзді облыс әкіміне берді.
Облыс басшысы алдымен жиналған қаламгерлерге өзінің ыстық ықыласын жеткізіп, барша оқырмандар атынан шығармашылық табыстар тіледі.
— Қазақ әдебиетінің шаңырағына алтын уық болып қадалған таланттар аз емес. Бүгін, міне, ортамызға қазақтың белгілі қаламгерлері келіп отыр. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар біз Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығына орай бас қосып отырмыз. Киелі Ақтөбе топырағында туып-өсіп, қазақтың сөз өнерінің қанатын кең жаюына үлес қосқан ақиық ақын-жазушылар көп. Бұл орайда қазақтың жыраулар поэзиясының соңғы өкілдерінің бірі — Нұрпейіс Байғанин, халқының тағдыры жайлы толғаумен өткен Әбубәкір Кердері, одан берідегі Жиенғали Тілепбергенов, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Өтебай Қанахин, Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Үмбетбай Уайдин, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин, тағы басқа да қаламгерлердің есімдері өздеріңізге жақсы мәлім. Олардың ізін жалғап келе жатқан бүгінгі ақтөбелік ақын-жазушылар да әдебиетімізде әрқайсысының өз орны бар көрнекті қаламгерлер, — деп атап өтті Оңдасын Сейілұлы.
Облыс басшысы тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта елімізде қазақтың сөз өнері шеберлерін, әдебиетті қолдау ісінің әрдайым назарда екенін атап айтты. Мысал ретінде ол биыл қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия елдері жазушыларының І форумын тілге тиек етті.
Биыл облыстың рухани өмірінде үлкен жаңалықтар болды: 2016 жылы тоқтап қалған «Ақтөбе кітапханасы» жобасы қайта жалғасып, 27 том жарыққа шықты, сөйтіп, «Ақтөбе кітапханасы» сериясы 50 томға жетті. Жастар жылы аясында «Жауқазын» сериясымен ақтөбелік 10 жас ақын-жазушының кітабы жарық көрді.
Облыс әкімі ақтөбелік ақын-жазушылардың кітаптарын жарыққа шығару ісі мұнымен тоқтамай, әлі де жалғасатынын айтты.
— Сондай-ақ, біз қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан қаламгерлерге Үмбетбай Уайдин атындағы «Үздік сатирасы үшін», Тахауи Ахтанов атындағы «Үздік драматургиясы үшін», Қуандық Шаңғытбаев атындағы «Үздік аудармасы үшін», Төлеген Айбергенов пен Сағи Жиенбаев атындағы «Үздік поэзиясы үшін», Тобық Жармағамбетов атындағы «Үздік прозасы үшін», Ізтай Мәмбетов атындағы «Балаларға арналған үздік туындысы үшін», яғни барлығы 7 сыйлық тағайындайтын боламыз. Ақтөбелік белгілі қаламгерлер мен олардың шығармашылықтарын насихаттау мақсатында, бейнелері мен танымал туындыларынан алынған үзінділерді үлкен көшелерде LED-экрандар, көп қабатты үйлер қабырғасындағы суреттер арқылы беріп отыру да көзделген, — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Ақтөбеде Тахауи Ахтанов атындағы драма театры мен облыстық кітапханаға арналған жаңа ғимараттар құрылысын қолға алу жоспарланған.
— Жас ұрпақты әдебиетті білуге, кітап оқуға баулу — үлкен мақсат. Бұл үшін балалар мен жастарды қызықтыра білу, кітап әлеміне тартудың жаңа тәсілдерін қолдану керек. Облыстық кітапхана ғимаратының құрылысы барысында осы жайдың ескерілуін ойластырамыз, — деді облыс әкімі.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қазақтың руханиятын, әдебиеті мен қаламгерлерін қолдау мақсатында Ақтөбе облысында қолға алынған бастамаларға ризашылығын жеткізді:
— Замандар зымырап өтеді, дәуір ауысады, қоғам өзгереді. Бірақ сөз, соның ішінде көркем сөз өлмейді. Облыстардың ішінде Ақтөбе бірінші болып осындай үлкен жиында қаламгерлердің бас қосуына ұйытқы болып отыр. Бұған барлық қаламгерлердің атынан ризашылығымды жеткізгім келеді, — деді ол.
Белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева да:
— Бізге бабалардан қалған ең үлкен мұра — өлең мен мақал екенін ұмытпауымыз керек. Өмір ананың әлдиімен басталып, жоқтаумен аяқталады. Оның екеуі де өлең. Бүгінгі күні, біз өзіміздің рухани құндылықтарымыздан алыстап, тарихымызды жоғалтып, жастарымыздың тәрбиесінен айырылып қалған тұста, әдебиетті, қазақтың қаламгерлерін қолдауға бағытталған қадамдардың қолға алынуы — үлкен қуаныш, — деп атап өтті.
Жиында, сондай-ақ, Бекен Ыбырайым, Асылбек Ықсан, Мәди Айымбетов, Алмас Ахметбек, Мейірхан Ақдәулетұлы, т.б. ақын-жазушылар сөз сөйлеп, қазақ әдебиетін өркендету, қаламгерлерге, соның ішінде жастарға қолдау көрсету, т.б. мәселелер төңірегінде өз ойларын ортаға салды.
— Туған жер ұғымының құдіреттілігі соншалық ежелгі таным-түсініктер бойынша, адам өзінің туған елінен, Отанынан басқа жаққа көшер болса, рухы онымен бірге кетпей, шекарадан әрі аспай, қалып қояды екен. Біздің шығармаларымызда туған жер ұғымы, өзіміздің тамырымыз — ата-бабаларымыздың тарихы мен ғажап өнері кеңінен насихатталуы керек. «Әдебиет. Рух. Қоғам» деген бүгінгі жиынның атауы осыған меңзеп тұр, — деді Асылбек Ықсан.
Форум аясында «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жарыққа шыққан 27 кітаптың және «Жауқазын» сериясымен жарық көрген 10 кітаптың тұсаукесерлері өтті. Бастапқы 27 кітапқа 45 автордың туындылары енген. Ал «Жауқазын» сериясы бойынша жарық көрген кітаптардың 9-ы — өлең, біреуі — әңгімелер жинағы. Тұсаукесерлер авторлардың қатысуымен өтті.
Жиын соңында Мейірхан Ақдәулетұлының басшылығымен шығатын «Адырна» әдеби-көркем, көпшілік журналы жариялаған «Алтын жебе» бәйгесінің жүлдегерлері марапатталды. 1 миллион теңге көлеміндегі бірінші жүлдеге белгілі ақын, қарағандылық Серік Ақсұңқарұлы мен біздің жерлесіміз, жазушы Мақсат Мәлік ие болды.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА