ӘДЕБИЕТ – НАРЫҚТЫҢ ІСІ

Кеңестік жүйеден ірге ажыратқанымызға отыз жылға таяу уақыт өтсе де, бүгінгі әдебиет саласы мемлекетке жалтақтауын бір қоймағаны өкінішті. Осы уақыт ішінде нарықтық әдебиетке көшуге асықпадық я тырыспадық.
Бұл олқылықты қалай ақтауға болады?
О баста нарықтық жүйенің жай-жапсарын түсінбеген шығармыз, бірақ жыл жылжыған сайын нарық заңдылығына сәйкес дамудың орнына мемлекет тағайындаған сыйлықтар мен әдеби конкурстардың азын-аулақ ақшасы мен мемлекеттік тапсырыспен шығатын екі мың дана кітапқа қол жеткізуді ғана мақсат етіп, «әдебиеттегі жетістік осы» деп біліппіз.
Нәтижесінде, бүгін қаламгер мен оқырманның арасында үңірейген қара құрдым пайда болды. Оны жуық арада еш нәрсемен толтыра алмайтынымызды да мойындауымыз керек.
Міне, осындай жағдайда біз Азия қаламгерлерінің І форумын өткіздік. Мұның плюсы да, минусы да болды. Бұған соңыра тоқталармын, алдымен, жаңағы айтқан қара құрдымның арғы жағынан қол бұлғап тұрған оқырманның тым көмескі бет-жүзін айқындап алайық.
Нарықтық жүйеге көшкен алғашқы күндерден бастап, елімізде үлкенді-кішілі бизнес, кәсіптер пайда болды. Бұл күнде жақсы болсын, жаман болсын, өзіндік сүрлеу- соқпағы қалыптасқан осындай жеке салалар мемлекетке салық кіргізіп, «Азия қаламгерлерінің І форумы» сияқты үлкен іс-шаралардың өзіндік деңгейде өтуіне үлесін қосып отыр. Ақ-адал еңбегінен 10% салығын мемлекет қоржынына бөліп беріп отырған отырған бюджеттегі замандастарымыз тағы бар. Біздің потенциалды оқырмандарымыз, міне, осылар.
Менің ойымша, өзімізді жарытып та танымайтын, шартты оқырманымыздың мемлекетке берген салығына ауыз салуымыз қаншалықты дұрыс? Олар біздің бір де бір шығармамызды оқыған жоқ! Аз таралыммен шығатын кітап қайсыбірінің қолына тиіп қарқ қылсын?
Алайда, егер қаламгер осы уақытқа дейін мемлекетке қол жаймай, қайта өзі салық төлеп тұрғанда, осыншама көп бюджетті қажет еткен «Азия қаламгерлерінің І форумы» туралы қоғамда орын алған пікір де басқаша болар ма еді? Бұл іс-шараның қомақты бюджеті әлеуметтік желіде көп сөз болғаны рас.
Ақын-жазушылар тәуелсіз әдебиетіміз қалыптасқан отыз жылға жуық уақытта мемлекетке салық кіргізген емес. Себебі, дәл қазір кітабы миллиондаған тиражбен сатылған бір қазақ жазушысын атай аламыз ба? Жоқ. Кітабы сатылмаса, қай салығын төлесін?
Ал Виктор Пелевин сынды ресейлік жазушылардың қолжазбасының аударма құқығын сиясы кеппей жатып-ақ шетелдік әдеби агенттіктер сатып алуға таласады. Бәсеке бар. Сәйкесінше, сатылған кітаптардан мемлекетке қомақты салық түседі.
Дегенмен, бұл жерде қазақ қаламгерінің күнәсі соншалықты үлкен деуге де келмес. «Әдебиет – ардың ісі» деген қалам иесі алдындағы жазуы үшін жауапкершілікті неғұрлым сезінетініне сенейік. Ал егер осы бір сөздің аясын сәл кеңейтіп, «әдебиет – нарықтың ісі» шеңберінде қарастырып көрсек ше? Меніңше, сол кезде көп нәрсе орнына келетін сияқты. Себебі, дәл бүгін әдебиет нарығын жолға қою уақыт күттірмейтін нәрсе. Бұл істе арбаның төрт дөңгелегінің бірдей айналуы аса маңызды: баспа, талантты редактор, әдеби агент, сыншы-рецензент, сату, жарнама, аудару, т.б. өзара байланысқан бірнеше тетіктің өзара үйлескен жұмысы жолға қойылғанда ғана әдебиет нарығының бойына қан жүгіреді.
Бұл жерде, ең маңыздысы, баспа кәсібі саласына қолдау білдіру. Дәл бүгін әдеби көркем шығармаларды жарыққа шығарып отырған баспаханаларға үкімет тарапынан инвестиция қарастырылуы керек. Қазірде нарық көшіне ілесіп, танылып жатқан баспаханалар жоқ емес. Соның бірі, Алматыдағы «Қазына» баспасы. Қазақ қаламгерлерінің кітабын басып шығарумен айналысады. Кітаптың қағазы, мұқаба дизайны заманға сай, оның жарнама-насихаты, сатылуы жолға қойылған. Бір сөзбен айтқанда, таптырмас қазына! Баспахана иесі 
Алмаз Шайкен деген жас жігіт «Меломан» кітап сауда жүйесіндегі қазақ авторларының кітаптарының қарасы аздығы намысын қоздырғанын, осы кәсіппен айналысуына тікелей түрткі болғанын айтады. Тағы бір сөйлескенде, инвестицияның «әрине, қажет» екенін айтып қалған. Сол сияқты, бұрыннан белгілі «Атамұра» баспасының ерекшелігі, кітап саудасын жолға қоя білуінде. Бұл баспаның кітап үйлері әр облыс орталықтарында бар. Демек, бұл таңдауды осы баспаның пайдасына жасауға болады деген сөз. Ендеше, мұндай кәсіп түрін мемлекет неге қолдамасқа?
Баспадан шыққан кітаптың сауда желісіне түскені біткен істің жартысы ғана. Сыншы рецензиясын жазып, жарнамашы жарнамалап, кітап бестселлерге айналғанша жүйелі жұмыс жасалса, автор қаламақысын, мемлекет салығын алып, барлық тарап өз ұпайын тең ұстар еді.
Нарықтық жүйеде отырып, дәл бүгінгідей мемлекетке ауыз аша беруіміз, оқырманға жақындауға тырыспауымыз, қандай да бір әрекетке көшуге асықпауымыз нонсенс дер едім.
Ең басты проблема тәуелсіз әдебиет кезеңінде жазылған жақсы дүниелердің оқырманға жетпеуі, талантты жас қаламгерлердің танылмауы. Мектеп бағдарламасына кірген бірлі-жарым жас ақын-жазушылар өскелең жас ұрпақтың бүгінгі әдебиет туралы танымын қалыптастыра алмайды. Мектеп оқулығында классика үлгісі ретінде Абай, Мағжан, Шәкәрім, Жүсіпбектер қалуы керек, кеңес идеологиясы баттиып көрініп тұрған отаршылық кезеңінің авторларын «әдебиет тарихы» папкасына салып тастайтын кез жетті. Бұл жас оқырманның қалыптасуына һәм ертеңгі ақын-жазушыларды оятуға сеп болады. Форум қатысушысы Минхожиддин Хожиматов өзі келген өзбек елінде ана тілін тереңдетіп оқытатын, шығармашылыққа баулитын тоғыз мектеп-интернат бар екенін айтты. Бұл филология институттарының бәрі жабылып, ғылыми негіздегі әдеби тілді ұмыта бастаған бізге ой салып, тіпті қызғанышымызды туғызуы керек һәм ішкі өрт қана әрекетке себеп бола алады.
Оқырман алдындағы міндет-парызымызды сәл де болсын сезіне алсақ, нарықтық әдебиетке дереу көшуіміз керек. Форумды ұйымдастырған Жазушылар Одағы елдегі Президент сайлауын қолдағандай, бұл іске де ат салысуы керек. Әдеби агенттіктер мен баспаханалар арқылы даму идеясын ресми билікке жеткізуді оларға қалдырайық. Бүкіл әлем осы жүйемен жұмыс істеп келді және жұмыс істеп отыр. Егер әдебиетке реформа бүгін жасалмаса, елдің рухани өсуі тежелуін қоймайды, елде рухани даму болмайды.
Егер әдебиет нарығы дамыса, Жазушылар Одағы өз тізіміндегі көп графоманнан арылар еді.
Енді аз ғана форумның плюсы мен минусына тоқталайын. Шетелдік әріптестердің елге келіп, арамызда бой көрсеткені қуанышты жағдай. Шетелдік әдебиетшілердің қандай да бір ой-пікірі біз үшін қызық. Қытай мен Өзбекстан елдерінің өкілдері Абай аудармасын ала келіпті, Мұңғұлиядан келген Гүн Ажавын Аюрзана Бақытжан Қанапияновтың өз тілдеріне аударылған кітабын айтып, аузының суы құрып отырды. Барлық қонақтар аударма мәселесін көтерді, бір-бірімізді оқитын аударма сайттары болса дегенді айтты. Ауғанстандық Мохаммади Мохаммад Резаның: «Поэзия – шығыс халықтарының өнері, тарихы. Батыс елдері бізден поэзияны үйренуі керек», - деген сөзі де көкірекке қонды.
Алайда, «бір тіл білген бір адам, екі тіл білген екі адам» дегендей, Одақ тізіміндегі ақын-жазушылар келген қонақтармен тілдесіп, пікір алысатын деңгейде ағылшын тілін меңгермегені білінді. Бұл – үлкен минус.
Бағдарламада көрсетілген шағын жиындарға шетелдік қонақтар бір кісідей келіп отырғанымен, өзіміз бұл отырыстарға қатысуды маңызды емес немесе артық нәрсе деп тапқандаймыз. Есімі елге белгілі біраз қаламгерлеріміздің аты-жөні жазылған қатырма қағаздар ғана үстел үстінде жетімсіреп тұрды.
Сонау кеңес заманынан келе жатқан ардагер жазушыларымыз бұл форумға жаңа серпін, тың идея беретін мағыналы сөз айтқан жоқ, керісінше, айтылатын нәрселер сөз «берілмеген» жастардың көкірегінде тұншығып өліп жатты.
Біздің ең басты «әттеген-айымыз» – ішімдікқұмарлығымыз.
«Кеше мен махаббатқа ішіп бардым...» - десек, бұл – біз үшін биік поэзия, бұл – Мұқағали!
Әбділдә Тәжібаевша: «Отырмын, қарап күлемін, ана бір жүрген мастарға. Біреуі түрген білегін, еменді жұлып тастауға», - десек, шебер жасарған образ езу тарттырмай қоймайды.
«Арақтың да көп қой кесір, ылаңы», - дегенде, Жұматай ақын нені ойлады екен?
Бірақ өзіміз үшін бәрі дұрыс, ешқандай әбестік жоқ!
Біреу бірдеңе десе: «Маскүнем, әйелсүйгіш, дінсіз ғой деп, сырым білмей сыртымнан қылма ғайбат!» - деп, Шәкәріммен ақтала салуға болады.
Алайда қазір алыс-жақын шетелге барып-келіп жүрміз. Халықаралық шығармашылық байланыстар қалыптасып жатқан кезеңде өмір сүріп отырмыз. Ендеше, мәдениетіміз бен ағылшынымызды дұрыс жолға қоюға ден қоялық та!
Осындай достық кездесулерде ішімдіктен бойды аулақ ұстасақ қайтеді?!
Сыртқа терең мәдениетімізді паш етелік те!
Егер ғайыптан тайып, шетелдік әріптестің көркем қиялында тосын образ тудыра қалсақ, күллі әлемге күлкі болмаймыз ба?
Құшағын әлемге айқара ашып, тағы бір «Бораттың» арсалаңдап жетіп келуін қаламаймыз ғой, солай емес пе?!

 

 

Пікір Анар Кабдуллинаның әлеуметтік желідегі

парақшасынан алынды