БІРІ АНАМДАЙ, БІРІ ӘКЕМДЕЙ…

.

Халқымыздың екі  Ұлы перзенті Әбіш Кекілбаев  пен 

Фариза Оңғарсынованың рухына бағышталады

 

Өмірде Әбіш аға мен Фариза апа екі дара тұлға болғанмен, бірін бірі толықтырып, өмірлерін одан сайын қызық ете алған жандар.  Екеуі де – Ұлы, екеуі де –Дара! Бірі – көп нәр беретін Күнгей, бірі – сая болар  Көлеңке! Бірі – тіршілік сыйлар Күн, бірі – ләззат сыйлар Түн! Бірі – қыран қанаты талатын кең байтақ дала, бірі – сол далаға сән беретін гүл, жұпар ауа, сарқыраған бұлақ! Әйтеуір, егіз жаратылған Ұлылық! Алла тағаланың осындай жандарды бір заманға, бір дәуірге тоғыстырғаны және осы ұлыларды бір ғана қазақ деген ұлтқа бергеніне қайран қаласың?! «Мың өліп, мың  тірілген» қазақтың сорынан гөрі, бағы басым ба деп ойлайсың. Әйтпесе, құдайдың қалауымен, Фариза апам басқа ғасырда, Әбіш аға бөлек дәуірде өмір сүрулеріне болатын еді ғой. Жоқ, тағдыр олай етпеді! XX ғасырдың сан қырғынан қу жанын шүберекке түйген біздің ұлтқа Ұлы Ахаңдар мен Мұхаңдардың ізін ала бере, екі Дара тұлғаны бере салды. Екеуінің де жүгі ауыр. Атқарар қызметі де ұшан – теңіз!

… Бірі Әуезовтен қалған асыл сөзді, бірі Ұлы Абайдан қалған жыр керуенін алға сүйреді. Алға сүйрегенде де, жәй сүйреген жоқ. Ұлылықтың ұшар шыңында туған перзент екендерін көрсетті!

Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынованың ел тарихы мен әдебиет айдынында еткен қызметін талай адам тілге тиек етті.

Менің өмірімде Олар – бірі анамдай, бірі әкемдей еді…

 

ФАРИЗА  АПА

...Қазақтың даңқты қыздарының бірі  ақын Фариза Оңғарсынованың  өмірден өткеніне бес жылдан асты. Тірі болса, биыл желтоқсан айында 80 жасқа толар еді...

Мерейтойлық датаға орай, әр жерлерде Фариза апама арналған һәм бағышталған кештер, еске алулар, дұғалы астар өткізіліп жатыр. Жұрттан апамды сағынған көңілдердің лебізі мен аңсаған жүректердің  лүпілі аңқиды. Фариза ақын туралы қаншама жан тебірентерлік пікірлер естимін, көлдей мақалаларды оқимын. Түсінгенім: “Фариза кетті, талантты кісі еді, маған мынадай жақсылығы өтіп еді, бәленшеге бүйтіп еді, түгеншеге сүйтіп еді” деп, соншалықты таланттың – поэзия падишасының өмірден өткеніне “иланған” һәм өлімін “мойындаған” ниеттердің көптігі... Бірақ, менің жүрегімде апам әлі менімен бірге, қасымда, күнде дастарханымда, сөремде, төрімде. Осы уақытқа дейін солай. ...Есімде ғой: апамның қайтқан күні... қаңтардың 23- і, ақтүтек боран....  «Жазылып кетеді»… «осы ем курсын алғасын, бұрынғысынан жақсарады да, ауруханадан шығып, апам қайтадан қасымызда жүреді» деп ең соңғы күнге дейін ойлаппын. Олай ойламауға себеп те жоқ емес. Ауруханаға барған сайын әдебиет пен өнердің жай-жапсарын әңгіме ететін апам соңғы бір күндерінде ғана «Осыдан аман-есен тұрсам, Астананың төрінде Меңдекешке (Сатыбалдиев) арнап қатырып тұрып кеш өткізем»  деді. Сөзі нық, даусы ширақ. Айтса жасайтынына, ойға алса іске асыратынына мүлде күмән келтірмеймін. Оған себеп: сонау жылдары – Астанада әлі жастар жиналатын оқу орындары мен мәдени ошақтар тапшы уағында,  рухани ұйымдар мен қаракөздердің тап бүгінгідей көбейе қоймаған шағында Фариза апай өзі ұйытқы болып, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арнап кеш өткізгенде маңайында болдым. Бірнеше ай бойы Сұлтанмахмұттың кітабын қолына алып, қайта «сүзіп» шықты. Бірде үйіне барсам, диванда кітап оқып отыр, мен кіргенде көзілдірігінің астынан «келдің бе?» деп, бір қарады да, «ал, не жаңалығың бар?» деп ықыласын маған аударды. Амандық-саулық сұрасып, әртүрлі әңгімелерден соң, апамның көңіл-күйінің «орнында» екенін түсіндім. Тіпті, апамның ақын көңілінің қанаттанып тұрғанын байқадым. Оған Сұлтанмахмұттың өлеңдерінің қатты әсер еткенін де ұқтым. Шәй бөлмеге өтіп бара жатып, кенет апам:  «…кесені қолыма алып қарай бердім. Ішінде наһақ көзден жас бар ма деп..»… Сұмдық қой!» деді. Сұлтанмахмұттың «Бір адамғасын» айтып, тамсанып, риза болып келе жатыр. Сол шәйдің үстінде Сұлтанмахмұтқа арналған кештің сценарийі, сөйленетін сөз, айтылатын ой, оқылатын өлең … барлығы талқыланды. Апамның сіңлісі Элеонора екеумізге дастархан мәзірін тапсырды. Сонда Элеонора екеуміз 4-5 астау апамның соғымынан арнайы сыбаға –жіліктерімен асып апарғанымыз, оны тарту  ретінен шатасып, апамнан «сөгіс» алғанымыз бар-ды. Торайғыров кешін Фариза апам өзі жүргізді. Сол кеште Астанадағы «мен – зиялының» тайлы-таяғы қалмай қатысып, Сұлтанмахмұттың рухы бір шалқыған күн болды. Сол кештен кейін осы елордада Сұлтанмахмұттың есімін айтқан бір мұсылман көргенім жоқ…

 

    Елорда демекші, Астаналық болғанымызға да жиырма жылдай уақыт өтті. Сол уақытымның 11 жылдан астамын Фариза апаммен бірге өткізіппін. Апам дүниеден озғалы қаншама жұрт ықыласы естілді. Бірі сағынған, бірі күрсінген, бірі жоқтаған… Арнайы «естелік» кітабы да жарыққа шықты. Жұртшылық «соңғы кезде қасында көп жүрген Елена еді, не дер екен, не жазар екен?» деп  күткені де рас. Апам қайтқан сәттен бастап менің телефоныма дамыл жоқ, телеарналар: «Фариза апайдың қайтқанына орай, жедел хабар түсіріп жатырмыз, келіп сөйлеңізші» дейді. «Фариза апам менің анамдай ғой, анам оң жақта жатқанда, бетімді бояп алып, теледидарда «олай еді, бұлай еді» деп сөйлеп тұрғаным қалай?» деймін. Олай етуге дәтім де бармады.  Күнде өзіммен бірге жүретін Фариза апам  туралы «естелік» жазуға да санам мен жүрегімді көндіре алмадым.  Тек, апам қайтқалы өткізген кештерім мен концерттерімде сахнадан рухымен сырласып келемін. Концерт демекші, Фариза апам менің елордадағы ең алғашқы кешімнен бастап, өмірінің соңғы күніне дейін қолдап, демеп өтті. 2002 жылы   Қызылордаға «сыймай», анығы «сыйдырмай», Астанаға келген кезімнен бастап, анамдай қамқорлады. Алғаш келгенінде «тікелей бастығың кім?» деп сұрады. «Меңжамал Әлсейітова деген кісі» деймін. Апам: «А, кәдімгі Меңжамал ма? Ол өзімнің Меңжамалым ғой, дұрыс адам» деді. Меңжамалмен де апамның арқасында туыстай араласып, әлі күнге іргеміз алыстаған жоқ. Енді құрылған елордаға келгенімде есігін ашып күтіп отырған көкеміз не «көңілдесіміз» жоқ,  төрт жыл бір оқу орнының жатақханасында тұрдым. Оны да сол кездегі  Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшидинова «алып» берген. Жатақхананың жағдайы белгілі, ыстық су, асханасы жоқ, тым ескі. Фариза апам Парламентте депутат. Күн сайын жұмыс аяғына қарай қоңырау шалып: «Есіктің алдында көлік  күтіп тұр, шық» дейді де, қоя салады. Апам айтқан соң, апыл-ғұпыл жүгіре түссем, қызметтік көлігімен шопыры Құрман аға күтіп тұрады. Кейде көліктің артында  апам өзі отырады да, мен мінер – мінбестен, «кеттік» дейді. Көлік қайқаң ете қалып, заулай жөнеледі. Апам «тыныштық па, не жаңалық?» дейді, оған менің жауабымнан соң үнсіздік орнайды. Қайда, неге бара жатқанымызды мен сұрамаймын, ол кісі айтпайды. Діттеген жерге жеткеннен соң, бір мейрамханаға, болмаса, бір сарайға кіреміз.  Фариза апайды қауқылдай қоршап, жапырлай амандасқан жұрттан сәл ығысып, кейін шегінем. Апам артына жалт қарайды да, «Қайда қалдың? Бері жүр» деп қасына тартады. Қаумалаған жұртқа «Сендер мына Ленаны танисыңдар ма?» дейді. Олар  болса маған қарап,  танымаса да «А, танимыз! Әрине!» деп шуласады.  «Жоқ, танымаймыз» десе, апамнан «осы сендер неге талантты жастарды білмейсіңдер?» деген «таяқты жейтіндерін» біледі. Апамның тұтқиылдан ілетін мінезі мен жұрттың «шарасыздықтан» туған  өтіріктеріне менің әбден айызым қанады. Көп болса 2-3 тост отырамыз, кімнің тойы екенін енді түсініп келе жатқанымда, “мен қайттым, сен неғыласың?” дейді апам, “мен де” деймін.

    Кейде апамның үйіне қонып, таңертең жұмысқа депутаттың көлігімен жетемін. Әдетте, көліктердің барлығы басқы кіреберіске жақындай алмайды, тек депутаттар мен министрлердің көліктеріне ғана рұхсат етілген. Фариза апамның айрықша нөмірлі көлігі қайқайып министрлік алдына келіп, мені мінгізіп, не түсіріп  кетіп бара жатқаны әріптестерімнің біразының көзіне «күйік» болып, сыпсың әңгіме тарағаны бар. Бірде жатақханамнан жаяулатып, борандатып жетем дегенше жұмысқа кешігіп қалдым. Ентіге беттеп, лифтінің тетігін басып, ішке енсем, лифтіде министрім Шәмшә  Көпбайқызы Беркімбаева  тұр екен (ол кезде министрлер, әкімдер жұртпен аз да болса тең өмір сүретін). Мені тани кетіп,  амандасып, хал–жағдайымды сұрап жатыр. Басқан нүктеме жеткен соң, жылы қоштасып түсе бастағаным сол еді, тап алдымнан өзімнің қызмет ететін департамент басшысы шыға келмесі бар ма? Көп уақыт өтпей,  бастығым шақырып алып, әйда, сөге бастады: «Вы кто такая? С опозданием приходите на работу, еще с министром в  одном лифте. Как Вам не стыдно? Понимаете! Где субординация?...».  Боранның салдарынан кешіккенімді, министрдің лифтіде тұрғанын білмей қалғанымды, тіпті министрмен бірге жәй қызметкер лифтіге қатар отырмасын деген заң жоқ екенін  айтып түсіндіріп жатырмын, бастығым түсінгісі келмейді. Сөз ләмінен байқағаным: менің кеңселік тәртіпке  бағына бермейтінім, бастық көрсе, құйрығын бұтына қыса жылмаңдап кететін ұры ит секілді өзгере қалатын  «итақай итовичтей»  (Светқали)  бола алмағаным, депутаттың көлігімен «шалқайып» жүретінім ол кісіге «ауыр» тиіп жүрген сияқты. Менің де шыдамым таусылды. «Мынадай жерде жұмыс істемеймін» деп, есігін тарс жауып шығып кеттім. Кабинеттен сөмкемді алып, шыға бергенім  сол еді, ұялы телефоным шыр етті. Фариза апам! Күннің суықтығын айтып, тоңып қалмадым ба, не жаңалығым барын сұрап жатыр. «Жаңалығым: жұмыстан кеттім» дедім. Апам «не болды?» деп аң–таң. Болған жағдайды айтып едім, зілді мырс етті. Сол күні жұмысқа бармадым. Ертесіне де бармай, Астананы аралап жүрсем, кеше мені иттей етіп жіберген департамент басшысы тел соғады: дауыс ырғағы өзгерген, пұшайман болып тұр. «Пожалуйста, приходите» деп жалынады. Не де болса, Фариза апамнан дүмпудің жеткенін және осал тимегінін сездім. Шынында солай болып шығыпты. Менің жағдайымды  айтып министр Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаеваға телефон соғыпты. «Анау, директорсымағың сенімен бірге лифтіге неге мінесің деп ұрсатын көрінеді? Бүл не деген ақымақтық? Баяғыда Мұқағалиды да өйстіп өлтіріп еді қазақ, ол сендердің ондай кеңселік «тәртіптеріңе» көне алмайды» депті. Фариза апам өмірінде қатты құрметтеген, «Қыз ғұмыр» атты өлеңін арнап аялаған еліміздің қайраткер қыздарының бірегейі Шәмшә Көпбайқызы апама «министрмен бірге лифтіге мінбесін деген тәртіп жоқ, адамның бәрі бірдей ғой, апай. Кеңсе қызметкерлерінің кейде осындайсы бар…» деп ақталған көрінеді. Айтса, айтқандай, бірнеше рет қоңыраудан кейін бастығыма барып, түсінісіп, қайта жұмысқа кірісіп кеттім.

 

   Осылай күнде жұмыстан шығып, не тойға, не кешке, болмаса апам: “жатақханадасың ғой, етті сағынған шығарсың, үйге жүр” деп алып кетеді. Екеуден екеу бір табақ етті алып, ән-жырымызды айтып, сырласып отырамыз…. Сондай сырласудың бірінде астанада кеш өткізгім келетінін айттым. Апам: «Дұрыс, ел-жұртқа Астанаға келгеніңді білдіруің керек» деп қолдау көрсетіп, ертесіне жұмыс кабинетінде отырып, Республикалық Кеден комитетінің басшысы Бердібек Сапарбаевқа телефон шалды. «Бердібекжан, сен өзің Қызылордада әкім болғаныңда облысыңның өнерпаздарын Алматы мен Астанаға алып келіп, жарқыратып көрсетіп едің, Еленаны білесің ғой» деді. Бердібек аға аржағынан мақұлдап жатқан болуы керек, «сол қарындасың қазір Астанада, ел-жұртқа елордаға келгенін білдіріп, бір кеш жасағысы келеді» деді. Тұтқаның ар-жағы көп сөйлеген жоқ, апам тұтқаны қойып жатып: «шешілді, ертең ағаңа бар» деді.  Ертесіне Бердібек аға: «Елена, Фариза апай айтқасын ғана деп ойлап қалма, сенің өнеріңді құрметтейтін екі адам болса бірі – мен, жалғыз адам болса, сол – менмін» деп одан сайын марқайтты. Астананың алғашқы қалыптаспаған қиындау жағдайына, мәдени мүмкіндіктерге қарамастан, кеш «Конгресс Холлда» сол кездегі өлшеммен жоғары деңгейде өтті.  Оны кеш соңында жарты сағат сөз сөйлеген Әбіш ағаның  «Мынау Астананың ақтүтек боранындай Фаризаның мінезінен саңылау тауып, осындай іске мұрындық болдырған сен мықтысың» деп қағыта сөйлеп, жұртты күлдіріп, атап көрсеткені әлі есімде. Бұл 2004 жыл болатын…

     Араға оншақты жыл салып 2011 жылы  анам өмірден озып, өмірімде үлкен өзгеріс болды. Фариза апамның қамқорлығы мен адамгершілігін сол кезде сезіндім. Анаммен бірнеше рет дастархандас болғаны бар, сонау 1992 жылы Қызылордаға келген сапарында  үйде болып, папамның да көзін көргені бар,  арнайы “көңіл асын” беріп, құран бағыштады. Сол уақытта Фариза апамның да ауырып, Германиядан алғашқы отасын  жасатып келген уақыты еді. Жаман ауру күннен күнге дендеп бара жатқанын түсінсем де,  Фариза апамның болмысына қарап дәм–тұзы таусылып бара жатыр деп ойлай алмадым.  Ауруханада жатып та, химиясын алғаннан кейін бірауық шақырған шараларға қатысып, сөз сөйлеп, жастарға қолдау көрсетуді бір сәт те тоқтатқан жоқ. Менің анам қайтқаннан кейін, көңілімнің түсіп жүргенін көріп: “көптен бері үндемей қалдың, сенің де анау Роза, Мақпалдар секілді өз үніңді көрсететін уақытың келген жоқ па?” деп, кежегеміз кейін тартып, үмітіміз үзіле бастағанда алға қарай сілтеген сөзі әлі жадымда. Өзі жаман аурудың 4 стадиясында жүріп, өкпесін сүйретіп “Алтын қыран” қорының Президенті, белгілі өнер мен әдебиеттің жанашыры Исламбек Салжановқа мені өз қолымен апарып таныстырып, алдағы концертіме демеуші болуды тапсыру үшін тек Фариза болып туу керек шығар! Қазіргі замандағы биліктегілердің он екі мүшесі сау, бәленбай шетелдің дардай оқуының дипломын егеленіп, 5-6 тілді игергенімен, біреудің таланты түгілі, қалталарына пайда түспесе ештеңеге  селт етпейтінін көргенде, ызадан жарыла жаздайсың!

   Фариза апам әрбір араласқан адамымен  тұрақты болуға тырысатын. Қайсыбір өнерге келген жастың қайдан шыққаны, ата–анасының кім екені, жағдайы қалай екені апамның назарынан тыс қалмайды. Ең алдымен, сол адамның бүтінделмей тұрған жері болса, бүтіндеуге, құралмай тұрғанын құрасуға, болмай жатқанын болдыруға ұмтылады. Барлық жан–жүрегімен еліміздің түпкір–түпкірінде жүрген талант көрсе, соны бауырына тартады. Іздейді, сұрайды, тапсырады. Қазір әлем мейірімді ананың символы деп мать Терезаны әулие тұтады. Соңғы кезде ол кісінің де (қара жер хабар бермесін) әртүрлі даулы әрекеттері баспасөз беттерінде жариялана бастады. Тіпті, мать Терезаны айтпай–ақ, туған балаларынан безініп, тастап кетіп жүрген көкек әке мен аналардың көбейіп кеткені біздің қоғамды алаңдатып отырғанда, ағасының тоғыз баласын өз баласындай тәрбиелеп, асырап – баққан Фариза апамның кеңдігі мен адамгершілігіне тең келетін тұлғаны көргенім жоқ. Бұл биіктік пен парасат біздің қазақ қыздарына ғана тән болса керек! Ұлы адамның тәрбиесін алған балаларының да апам қайтқалы   жарғақ құлақтары жастыққа тимей, апамның барлық шаруаларына бас – көз болып, Фариза апамның қалдырған өнегесін лайықты жалғап келе жатқанына сүйсінемін.

    Сонау жылы Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов Атырау облысының әкімі болып тұрғанда  Фариза апамның 60 жылдық мерейтойы өтті. Шераға – Шерхан Мұртаза бастаған жиында Алтынбек Сәрсенбаев, Нұрлан Балғымбаев, Заманбек Нұрқаділовтердің қатысқаны қандай сәнді–салтанатты еді?! Облыс әкімі апама көлік мінгізді. Той соңында Фариза апам  барлық атсалысқан азаматтардың басын қосып, дастархан жайып, қызметтеріне рахметін айтып, құрмет көрсетті, мінген көлігін «соңымнан еріп келе жатқан талантты қыз, аулыңа жаяу қайтпа» деп  маған мінгізді. Жұрт разы болды. Иманғали  Нұрғалиұлы «Жігіттер, мына көлікке жоғары білімі бар шопыр табыңдар, көлігіміз Атырауға қайтып келсін»  деп қалжыңдады.  Апамның ер–азаматтардан артық осындай кеңдігі мен  биік парасатын  көре алмайтындар да көп болды. Біреулер «Фариза облыс мінгізген көлігін менсінбей, Еленаға бере салыпты» десе, біздің қызылордалықтар, «Елена барып, Фаризаның көлігін сатып алып, «мінгізді» деп айтып жүр» деп күңкілдеді. Фариза апам адамдардың бойындағы  көреалмаушылықты, талантты бағаламаушылықты, әйелдерді, қыздарды төмендетуді, аз қазақтың руға, жүзге, жерге бөлінгенін қатты жек көрді. Менің алғаш кешімді бастан–аяқ өткізген Бердібек ағаның ісіне разы болып, «жалпы, анау руласым, мынау туысым деп бөліну – сандырақ. Азаматтық, адамдық деген ешқашан руға, жерге бөлінбейді» дейтін.  

     Апам дүние салған сәтте  еліміздегі ақпарат құралдарында түрлі хабарлар мен сұхбаттар беріліп, мақалалар «шулап» жатты.  Кезінде кейбір «дос» болған адамдар  «достығы»  шын досты зарлай жоқтаған құшақтан гөрі, жұмсақ шәліге оралған әлі қайраулы  пышаққа ұқсайтынын көрсетіп қалды. Олар  сүйікті ақыны Фариза Оңғарсынова өмірден озғанда теңселе күңіренгенін  халыққа Фаризаның  «жұрт білмейтін мінездері» барын «еске салуды» ұмытқан жоқ.  Марқұм кісінің артынан ғайбат сөйлеудің болмысымызға жат екенін айтпағанда, сол «достардың» сойылын соққан достарының  бар екені  Фариза апамның бауырында өскен балаларының ғана емес,  ақылы бүтін, саналы оқырмандарының жүрегіне пышақ сұққандай болғаны жасырын емес. Жалпы, өмірде Фариза апамның  сырлас ең жақын екі құрбысы болды. Оның бірі – Өскеменде тұратын білім саласының қайраткері Жәзира  Ақатайқызы, екіншісі – мемлекет және қоғам қайраткері Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова. Фариза апам «Ертең мен өлгесін, менің дұшпандарым менен ала алмаған ақысын сенен алады. Сені тірілей жейді» деп ескертіп кетіп еді, осы күні сол сөздің дөп айтылғаны күнде дәлелденіп жүр.  

 

     Депутаттық мерзімі аяқталған соң да, апам қарап отырған жоқ. Әрбір өсіп келе жатқан талантты жасқа мейірімін төге алды. Менің және Азамат Есалы, Бауыржан Қарағыз  сияқты жас ақындардың Астанадан пәтер алуына тікелей септігі тиді. Апама көптеген шағым айта келген қарапайым жұрттың баласын бақшаға орналастыру, оқуға түсіру, жұмысқа тұрғызу, тіпті ауыр қылмыс жасап істі болған жастардың түрмеден шығуына да ықпал еткеніне өзім куәмін.  Фариза апам барда Астанада шығармашылық жастардың «Шабыт» фестивалі өтетін еді де, әр аймақтағы талантты жастардың басы қосылып, мәре–сәре болатын. Соңғы кезде аталған фестивальден «әдебиет» номинациясын алып тастағанынан–ақ, апамның орны ойсырап тұрғанын көрем.

    Ақмола Астана болғалы әр қиырдан талантты көптеген жастардың солай қарай ағылған кезі. Жаңа астанада әдеби орта қалыптасып үлгермеген шақ. Жастардың барлығы апайды айналшықтайды. Талай жақсы, жас қыз– жігіттердің ішінде Фариза апам мені, жұртқа сүйкімді көрінетін анау айтқан «жібектей» мінезім мен «жіптіктей» құлқым болмаса да,  айрықша жақын тұтты. Менің азғантай талантымды бағалағаны болар. Кейде сөйлесіп отырғанда менен «Осы сен бәленшені танисың ба?» деп жоғарыда отырған бір лауазымды кісі туралы сұрайды. «Соны қандай  адам деп ойлайсың?» дейді. Мен өз пайымымды айтсам,  кейде шегі қатып күледі, бірде үндемей ойланып қалады. «Апам неге менен біреулер туралы пікірімді  сұрайды?» деп ойлайтынмын. Қазір сол кезде апамның әрбір ел басқарған адамдардың сапасына, деңгейіне өзінше баға беретінін, оны тануға, түсінуге ұмтылатынын түсініп жүрмін. Сонда менің пікірім арқылы – деңгейімді танығысы келіп және өзінің пайымына нақтылық іздейтінін осы күні сезінемін. Фариза апамдай адамды танып, бағалай білетін көрегендікті ешкімнен көргенім жоқ. Бүгінде ел басқарып жүрген есті деген ағаларымыздың өзі сыртымыздан айтылған өсек сөзге еріп, қарадай қыйтиып, сәлемге жарамай қалғанын көргенде,  ешкімнің сөзіне ермейтін, әділдікті қақ жарып, құдайшылығын айтатын Фариза апамды жоқтаған кеудем ұли жөнеледі…

   Бірде дастархан басында халқымыздың әйгілі әншісі Роза Бағланова туралы әңгіме болды. Фариза апай онша мән бере қойған жоқ. Кейбір замандастары Роза Тәжібайқызының сахнадағы еркелігін, болмысын келеке ететінін естіп жүретін едік.  Әдеттегідей, «Бағланова туралы не ойлайсың?» деді. Мен жастайымнан Роза Тәжібайқызын пір  тұтып, әншілігіне тамсанып келе жатқанымнан бұрын,  оның кешегі Желтоқсан оқиғасында билік мінберінде емес, алаңдағы жастардың ортасына барып әрбір қыз–жігіттің қолынан ұстап, жылап тұрып: «Айналайын, үйіңе қайт. Қазір сендерді мыналар қырып тастайды ғой, аналарың аңырап қалады ғой» деп шап–шағын бойымен жанұшыра жалынып, еңіреп жүргенін көзімен көргендерден естігенімді айтып, Роза апайды үлкен Адам деп бағалайтынымды жеткіздім. Апам: «Әбіш те осыны айтып еді» деді де, үндемей қалды. Арада бір–екі ай өткен соң, бір күні Фариза апам: «Мен жалпы, кісіге көзқарасымды өзгертпейтін едім, бірақ, сен менің Роза Бағлановаға көзқарасым мен пікірімді 180  градусқа өзгерттің. Өткендегіден бері сенің сөздеріңді ойланып жүрдім. Роза апай шынында Ұлы адам екен» деді.  Бұл апамның әбден көзі жетпей, көңілі иланбайтын, нақты дәлел болмаса, «қашқанға да, қуғанға да серік» күнде көріп жүрген аумалы–төкпелі бисымақтардай емес, адам құнын ақылмен пайымдайтын салиқалы жан екендігінің бір белгісі еді...

   Фариза апамның «Аяғыңа жыртық туфли киіп жүрсең де, халықтың сөзін сөйлеп жүріңдер» деген сөзі санамда жатталып қалды. Өз халқын осылай сүйген ақынның болмысы мен шығармашылығына халықтың да  махаббаты артпаса , кеміген емес және Фариза апа алыстаған сайын ол махаббат ғасырлардан ғасырларға жалғасып, күшейе түсетініне сенем.

   Фариза апаммен әрбір өткізген уақытым қалған өмірімнің компасына айналғандай. Кейде бір шаруаларды «қалай етсем екен?» деп ойлай қалсам, көз алдыма  Фариза апамның бейнесі орнай кетеді. Онымен іштей ақылдасам, мақұлдасам… Соңғы күндерінде қоғамдағы келеңсіздіктерге қатты алаңдады. «Біздің осы уақытқа дейін айтып, жазып жүргеніміздің бәрі «теріс» болып шықты ғой, еңбегіміздің бәрі зая кетті» деп, қоғамда арсыздықтың көбейіп, адамшылықтың төмендеп кеткеніне күйінетін. Әсіресе, таланты жоқ, бір өлермендердің шын таланттарды басып–жаншып төрге ұмтылғанын қабылдай алмады.  Кейде мен: «Апа, қайтесіз, өмір деген қып–қысқа дүние, оларды да құдай жаратты ғой» десем, «Сен «кешіру» керек дейсің, өмірде кешірілмейтін дүниелер болады» деп бір–ақ кесетін. Апам қайтқанда белгілі журналист Серік Аббас–Шах «Фаризалардың дәуірі бітіп, Гогалардың дәурені басталды» деп жазып еді әлеуметтік желіде. Осы күні «кешірілмейтін жағдайларды» жиі көріп, күнде «жеңіліп», сәт сайын «өліп» жүрміз.   

  … 21- қаңтар. Түс әлетінде ауруханаға соқтым. Төсегінде түрлі газет – журналдар. Көзілдірігін киіп алып, әдеттегідей кроссворд шешіп, қағазға телміріп жатыр. Ұзақ отырмадым. Түнде апамды түсімде көргенімді айттым. Апам бір жылы жымиып қарады да, үнсіз қалды. Әшейінде өзі «бүгін не түс көрдің?» деп сұрайтын. Мен кейде түс көріп, соларды болжап, оларым дұрыс келіп отыратынын білетін. Бір–екі күнде шығатынын айтты. Есіктен шығып бара жатып, артыма қайта бұрылып қарадым. Апамның ауру әбден шаршатқан көзімен қиыла да,  қимай қарағанын көрдім. Жүрегім «солқ» етті… Сол қараған жанары әлі көз алдымнан кетер емес….

 

 

ӘБІШ АҒА

 

.... Фариза апамның қасында жүріп, Әбіш ағамен жақын араласу бақыты бұйырды. Ол кісінің қол астында еңбек етпесем де, жерлес не замандас болмасам да, сырттай шығармашылығы арқылы атын білемін. Бір күні Фариза апамды іздеп Абай көшесінде орналасқан Парламент Үйіне бардым. Апам бір шаруалары шығып, аяқ астынан Алматыға жол жүріп кетіпті. Жайшылықта көлденең кісіні кіргізе бермейтін ғимаратқа кірген соң, “Әбіш ағаға соғып, сәлем берейінші” деген ой келе қалды. Түскі үзіліске шығатын уақыт та таяп қалған. Ұзын коридорды жағалап жүріп “Ә. Кекілбаев”  деген жазуы бар кабинеттің есігін қақтым.  Төрде түрі шаршаңқылау тартып аға отыр екен. Сәлемдестім. Мені жыға танымады ғой деймін, түрінен шаршағандық пен қауырт жұмыстың көптігі көріне,  “шаруам болса, тездетіп айтуымды” сұраған кескін көрдім. “Аға, мен Елена деген қарындасыңызбын, аздап ән жазам, өлең жазам” деп едім, Әбіш ағаның бағанағы түрі жадырап сала берді. “Бәсе, түрің таныс, қайдан көрдім десем, ей, айналайын” деп айналып–толғанып жатыр. «Фариза апама келіп едім, апам Алматыға кетіп қалыпты, сосын Сізге соғып сәлемдесейін дедім» деймін. Менен басқа қулау біреу болса, «Аға, Сізге арнайы сәлем бере келдім, мынау бір сыбағаңыз» деп қалта – құлтасын ұстай кірер еді. Қапелімде «Фариза апам жоқ болғасын, Сізге соға салдым» дегендей болдым–ау деп өзім қатты қысылып қалдым. Менің қысылып қалғанымды Әбіш ағам байқаған болуы керек: «Фариза Алматыға кетіп қалып па? «Тентектен – тез хабар» деген осы. Кеше ғана жұмыста еді» деп күліп алды да, «Құдайды да күніге төрт рет жақсы көріп, төрт рет жек көріп қалатын  Фариза сені айнымай жақсы көріп келе жатыр, соған қайранмын» деді.  Менің де қысылғаным сейіліп сала берді. Астанаға жұмысқа келгенімді айтып, аз–маз әңгімеден кейін: «Жалпы, кабинет жағалап жүретін әдетім жоқ еді, бірақ Сізге келдім» дедім. Онымның  да «сәлемімді бұлдағандай» сәл ыңғайсыздау шыққанын, сөз–оқ атылып кеткеннен  кейін түсініп, дереу қобалжып қалдым. Әбіш аға: «менің де ондай әдетім жоқ» деді. Ұзын–ырғасы сүт пісірім уақыттан кейін, түскі ас уақытының болып қалғанын, ағаның шаруасы қауырт екенін  ойлап, қоштасып шыға бердім. Аға да рахметін айтып, тілегін жаудырып жатып, өзі де жиналып ілесе шықты. Коридорда ізіне еріп келемін. Шығатын есігімнің қайда екенін ұқпай, адасып қалғандаймын. Әбіш аға да сол есіктен шығады деп ойлаған болуым керек. Ұзын коридордың аяғына жеткенде қасында емпеңдей басып келе жатқан маған Әбіш аға жалт қарады да: «үйге жүр, Клараның шәйін ішейік» деді.  Сол кезде есімді жиғандай болдым да, «рахмет, аға, менің де жұмысқа баруым керек» деп кейін бұрылдым. Әбіш ағаға ілесіп, мүлде басқа шығыс есікке бара жатқанымды сонда білдім.

 

  Сол сәттен бастап Әбіш ағамен жиі ұшырасатын болдым. Фариза апам ұйымдастырған Астанадағы алғашқы шығармашылық концертімде жарты сағат сөйлеп, сөзін мерейімді көкке көтере «бес жігіттің жүгін көтерген нарлығыңа рахмет, бұл дүниеде барлығыңа рахмет» деп аяқтады. Әбіш ағаның осы сөзінен кейін маған  ешқандай награда, орден керек емес еді.  Әр сөзінен ұлылық пен жылылық есетін, әрбір ойы адамзат баласына бағышталатын ғұламаның көзін көріп, батасын алу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.

  Әбіш аға ер азамат болған соң, әрі мемлекеттік жауапты қызметте жүрген соң, мазасын алмайын деп, көп бара бермеймін. Фариза апайға ілесіп, жиын – тойда  жолығамын, анда – санда үйіне барамын. Есіктен кіргеннен көзінен менің ішкі көңіл–күйімді ілезде оқып қоятындай, жан – жүрегінен ешкімге ұқсамайтын бір рахат жылылық есе жөнеледі. Ондай жылылықты Әбіш ағадан басқа адамнан көру мүмкін емес. Клара апамның дастарханы әрқашан дайын. Менің сырттан тоңып келгенімді сезіп, Әбіш ағам өз қолымен бауырсаққа қаймақ жағып беріп «жей ғой» деп, маған баладай өбектейді. Оны көріп отырған Фариза апам: «Әй, Лена, жей бермесейш, одан сайын толып кетесің ғой» дейді. Әбіш ағам: «қайтесің, жеп ал» деп одан сайын еркелетеді. Дастархан басында небір аңыз, әпсана, тарихи әңгімелер ағытылады сосын.  Ұлылардың ұлылығы сол, ешқашан біреуді мансұқтаған, кісіні кемсіткен, басқаны келеке еткен бір сөз естімейсің. Қайта, «қайткенде ел боламыздың» қамындағы біріктіру, ұлт сапасын арттыру, білім деңгейін көтеру, әлеуметтің қиын да, күрделі мәселелері сөз болады. Арасында, Асқар Сүлейменов, Есенжол Домбаев сияқты белгілі ақын–жазушылардың басынан өткен қызықтары да ескерусіз қалмайды…

   Бірде Фариза апам: «Қазір Әбіш пен Клара түскі асқа келеді, сен де кел» деп шақырды. Бардым. Әбіш ағам есіктен кірді. Түрінен түр жоқ. Бет–ауызы қарақошқылданып, қан қысымының жоғары болып тұрғаны білінеді. Төртеуміз дастархан басына жайғастық. Фариза апам қуырдақты, кісенанды, бауырсақты өте дәмді пісіреді. Бұл жолы қуырдақ  қуырылыпты. Шәй келді, Әбіш аға түк сөйлемеді. Апам ананы–мынаны айтқан болып өбектеп жүр. Клара апам екеуі алыс – жақын ағайынды сөз етіп отыр. Әбіш ағам ой үстінде. Бір мезетте Фариза апам: «Лена, домбырамен ән сал, «Маңғыстауды» айт» деді. Мен «Маңғыстау» деген әнімді айта бастадым. Бір сәт Әбіш ағамның көзінен бұрқырап жас ағып барады, кемсеңдеп еңіреп қоя берді. Мен де әнді аяқтай бердім. «Осы жер, осы дала кетті ғой көзден бұл–бұл ұшып» деді өксігін баспаған күйі. Сол күндері Парламентте «Жер туралы» заң қабылданып, Әбіш ағаның жалғыз өзі қарсы дауыс беріп келіп отырған сәті екен. Мемлекет тарихындағы ең ауыр, ең қастерлі де, қатерлі сәттерде әрбір іске ұрпақ көзімен қарап, ұлылық танытқан, дәл сол мен көргендей   жүрегін езе еңіреген қатепті қара нарым–ай! Жалпы, Әбіш аға жүрегі үлпілдеген өте жаны нәзік адам еді. Ауылдастары: «Біздің Әбіш үнді фильміне солқылдап жылап отырады» дейтін. Бұл турасында Әбіш ағаның өзі де анасы Айсәуле әжемізге: «Мама, Фариза ұлың да, мен қызың сияқтымын» дейді екен. Фариза апам жаман ауруға шалдығып, бірнеше рет шетелге ем–домға қатынап жүргенде, Әбіш ағам қатты күйзелді. Бір күні Әбіш ағаның үйінде шәй іштік. Сонда Клара апам: «Фариза, мына Әбішке ұрысшы, сен ауырғалы әлсін–әлсін жылай береді, қан қысымы мен қанты көтеріліп кетті» деді. Сонда Фариза апамның «Әй, Әбіш, біздер шамамыз келгенше еңбек еттік, халыққа барымызды бердік, барлығына да шүкір деуіміз керек. Мәңгілік ештеңе жоқ қой» деп, өзінің ауырғаны үшін Әбіш ағаға басу айтып отырған ұстамдылығына, ірілігіне қайран қалдым. Әбіш ағамның көзі жасаураған күйі үнсіз қалды. Әбіш ағам ауырып қалса, Фариза апамның да көңілі қашып, уайымдап қалатынын талай көрдім.

  Әбіш ағам мемлекет ісінде кемеңгер тұлға, заңғар жазушы, түпсіз білім иесі болғанмен, қарапайым тұрмыси өмірде өте епсіз еді. Клара апай айтпақшы, «балаларының туған күнін, үйдің мекен – жайын, телефон нөмірін, үйіне кіреберіс есіктің кодын, теледидардың пультін басуды» біле бермейтін. Тіпті, қанша айлық алатынына, көлік маркасы мен нөміріне, іс –  сапарға шыққандағы шығындарға,  жұмысы мен үйі қай қабатта тұратынына да  мән бермейтін.   Әбіш ағамның осы «қожанасырлығын» білетін Фариза апам үнемі Парламенттің есеп–қисап бөліміне телефон соғып: «Әбішке іс–сапар шығындарын беріңдер, қасына Клараны ертіп жіберіңдер» деп балаша қадағалайтын.         

  Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай, Атырауда үлкен ЮНЕСКО көлемінде халықаралық жиын өтті. Фариза апам мен Әбіш аға бас болған жиынның салмағы да, мәртебесі де жоғары болды. Фариза апамның ұйымдастыру шараларына бар ынты – шынтысымен араласқанынан хабарым бар. Кешкісін жұмыстан: «Әбішке барып келдім, жазып жатыр» деп  марқая кіреді үйге.  Көп ұзамай Әбіш ағаның “Шандоз” атты тарихи зерттеу еңбегі жарық көрді.

 Бірде апам екеуміз Әбіш ағаны туған күнімен құттықтап үйіне бардық. Апам қолына енді ғана шыққан он томдық шығармалар жинағын алып барды. Оны көрген Әбіш ағам: “Айналайын! Міне, мынау Фаризаның толық шығармалар жинағы емес, таңдамалы шығармаларының  он томдығы. Құдай қаласа, әлі талай жинақтары шығады. Құтты болсын!” деп, апамның кітаптарын қолына ұстап тұрып, мәз болды. Сол сәтте әшейінде асаудай тулап отыратын Фариза апамның тұлымы желбіреген жасөспірім қыздай  елжірей қалғанын көрдім. Әбіш ағаның сол сөзіне қалай қанаттанғанын көрерге көз, сезерге жүрек керек сәттер еді. Әбіш ағам Фариза апамның әрі серігі, әрі досы, әрі туысы, әрі ағасы бола білді. Ешкімге бет қаратпайтын апамды Әбіш аға ғана әзілмен тосып,  апамның жұртқа түсініксіздеу көрінетін “мінездерін” қалжыңға айналдырып, “жұмсартып”, “біздің Фариза” деп биікке көтеріп отыратын.

 Әбіш ағаның өмір жолы да қыздарға көп байланысты. Кекілбай ақсақал соғыстан оралмай, анасы Айсәуле мен төрт қыздың ішінде өскен Әбіш ағадай қыз баланың қадірін біліп, қыздарды қастерлеп өткен қазақ сирек болар. Сол қасиетімен мені де туған қарындасындай көріп, бауырына тартты. Денсаулығының нашарлап жүргеніне қарамастан, 2014 жылы Астанада өткен шығармашылық кешіме келді. Концерттің соңғы жағында, орнынан тұрып кете бермей, сахнаның сыртына келіп: “Сенің бүгінгі кешіңде есіме Мұқағали, Фариза, Қадыр, Төлеген, Табыл түсті. Сен бүгінгінің адамы емессің, сен де солардың бірісің” деп ақ батасын берді. Кеш бойы ойына  әр  нәрсе оралып, көңілі де босаған сыңайлы.  Шаршап тұрса да, маған батасын беріп барады. Қайран, абыз ағам–ай! Менің әндерімді де жақсы көріп, ылғи: «Сенің бар айыбың қыз болып туғаныңда. Жігіт болсаң, баяғы Шәмшілер, Нұрғисалар құсап шалқып жүрер едің. Әндеріңмен әлі біраз жерге барасың» деп бағалайтын. Бірде, бір әңгіме арасында: «Негізі, қуатын өнер музыка мен живопись екен. Сөз өнерінде дерттен басқа ештеңе жоқ, адамды асырамайды екен. Жасымда сол иә музыканы, иә живописті қууым керек еді» деді. Әлемдік өнер біткеннің тарихы мен бағытын білетін ағаның бұл сөзінде де үлкен астар бар еді.  Әбіш аға өмірінде кісіден бірдеңе дәметіп, ат мінбедім, шапан кимедім деген адам емес. Қайта алдына көмек сұрап келген үлкеннің де, кішінің де шаруасын шешіп, дұрысталып кетуіне барын салатын. 

 

Әбіш ағаның отбасымен де аралас–құралас болып, балаларын өз бауырымдай сезініп кеттім. Асылдың сынығы ғой, бәрі де жарқын, жақсы, шынайы, тәрбиелі. Әсіресе, үлкені Әулет ағаның болмысы, мінезі, кісіні сезгіштігі Әбіш ағадан аумайтын. Жасы менен үлкен болғасын, оны да аға тұттым. Бірде Әулет аға Фариза апамды, Әбіш ағаларды мейрамханаға шақырып, түстік ұйымдастырды. Әдеттегідей, апам мені ілестіре барды. Барғасын: «Әулетжан, қалың қалай? Жағдайың жақсы ма?» деп бір үйдің жандарындай әңгіме басталды. Әулет аға да  әкесі Әбіш  құсап: «Под вашей крыше круче не бывает» деп жүрміз ғой” деп  күле жауап берді. Әбіш ағам да жайдары күліп, рахаттанып отыр. Апам кенет: “Осы сен мына Еленаны білесің ғой” деп тағы әдетіне басып, “Айналайын Әулетжан, ертең біз Әбіш екеуміз кетеміз, сонда мына қыздарға, қарындастарыңа қарап жүр, қамқорлап жүр. Саған поручаю” деп мені тапсырып жатыр.  Әулет ағада да әкеге тән нәзіктік пен жылылық бар жігіт еді. Сөйткен Әулет ағаның ғұмыры қысқа болып, Әбіш ағам мен Фариза апамнан бұрын кетті. Аға орнына аға тұтар Әулет аға секілді азаматтар тірі болса, тап бүгінгідей жетімсіремес едім–ау деп жиі ойға батамын.  

 Маңғыстау облысының Астанадағы өнер күндері аясында Әбіш Кекілбаевтың «Күйші» хикаяты желісімен түсірілген «Кек» фильмінің тұсаукесері өтті. Қазақтың кино өнері тағы бір классикалық туындымен  толысқанына куә болдық. Ағаның туған жерінен қаншама өнерпаздар келіп, Астананы дүр сілкіндірді. Ертесіне әуежайда шығарып салуға Әбіш аға  мен Фариза апам бастап келіп,  елден келген  өнерпаздарға құрмет көрсетті.  Шығарып салу рәсімі біткен соң, бірнеше күнгі әсерден  арыла алмай, жігіттер жағы қайтадан мейрамханада дастархан жайды. Ағыла сол жерге бардық. Бас – аяғы оншақты адамбыз. Бір сәт «Кек» фильмі туралы жұрт өз пікірін айта бастады. Фильмнің көркемдігі, әртістердің шеберлігі, тарихи оқиғаның жай – жапсары айтыла бастағанда, бір жігіт ағасы: «Әбеке, шығармаңызда біздің адайлардан түркімендерді мықтырақ етіп жібергенсіз бе, қалай? Фильмде де солай сезіледі» деп қалды. Әбіш аға да күрт бұзылды: «Сен түркіменді осал жау деп пе едің? Қазақтың басынан оңай тағдыр өтті деп пе едің? Мына елдік, егемендік саған оп – оңай келіп тұр ма? Әрбірден соң,  ел болу ұлыңның қанымен, қызыңның арымен келетін дүние» деп бастырмалата жөнелді.  Күнұзаққа дуылдасқан топ сілтідей тынды. «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледінің» кері келіп, әлгі жігіт ағасы кірерге тесік таппай жерге қарайды. Ал, Әбіш ағаның елдік туралы айтқан әрбір сөзімен бірге біздің жанарымыздан тырс– тырс етіп тамшы қоса үзіледі… 

 

Әбіш аға тәуелсіздік алған уақытымыздан бері қарасақ, елдің Бас Абызы болды. Басқасын айтпағанда, Әбіш ағаның қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берердегі ұланғайыр еңбегі неше ғасыр өтсе де, тасқа басқандай ерлік болғанын бүгін мойындамағынымызбен, түптің түбінде, есіміз кіргенде түсінетініміз айдан анық. 

 

Ағаның өмірге келген күні –  6 желтоқсан. Туған күнінде үйіне бардым. Қыс мезгілі болса да, күн борандатып тұрған жоқ. Біршама кісі жиналып, ағаны құттықтауға келіпті. Дастархан басында тілек айттық, ән салдық. Ағаның әзілін, әңгімесін естідік. Бар қазақты бауырына тартып “айналайын” дейтін кең пейіліне масайып та, марқайып та отырмыз. Сол күні Әбіш ағадан бірінші рет кітабына қолтаңба жазып беруін өтіндім.  Іші лық толған кітап сөресінен “Дүние ғапыл” кітабының бір данасын алып, қолтаңба жазып, ұсынып  тұрып,  маңдайымнан “айналайын” деп  сүйді. Ең соңғы рет ағадан естіген сөзім екен. Араға төрт күн салып, Әбіш ағадан мәңгілікке айрылдық...

Әбіш ағаның қазасын естігенде ішімде бірнәрсе үзіліп кеткендей болды. Дүниенің ең жарық, ең парасатты, ең шуақты, ең тәңіри келбеті ылайланып, қарауытып  кетті... Сол дүние содан бері сол түсін өзгерткен жоқ...

    

Адам баласы мынау жалған дүниеге келгенде өз тағдырын, өмірін болжай алмайды. Бәрі бір Алланың жазуымен болады. Менің тағдырымда Әбіш аға мен Фариза апамның орны ерекше. Егер менен біреу: «Осы жарық дүниеден нендей жақсылық, нендей ғажайып көрдің?» деп сұраса, мен ойланбай: «Бұл жарық дүниеде Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынова атты Ұлыларды көрдім, олардың ешкімге ұқсамайтын  шуағын сездім, батасын алдым»  дер едім… Алды – арты болжаусыз өмірде, менің тағдырымның қандай сый жасарын білмеймін, мүмкін, әлі талай ғажайыптар орын алар, бірақ Әбіш аға мен Фариза апамның орнын ештеңемен, ешкіммен толтыра алмайтыным анық. Екеуін қалған өмірімде жоқтап өтетінім ақиқат…

…РУХТАРЫНА МӘҢГІЛІК ТАҒЗЫМ!

 

 Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

2019 жыл, қараша