АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВ. ТӘКЕННІҢ ШАҢҚАНБОЗДАРЫ

1

Туған жердің топырағы деген ұғым бар. Бұл ұғымның қай заманнан келе жатқанын кім білген. Мүмкін, ол әріден келе жатқан шығар, мүмкін ол шаңқан тарихтың бозбаладай бұлтылдаған кезінде кіндігін кесіп, сол тарихтың жұлынынан нәр алып, соқталдай жігіт боп өскен шығар. Біз, әйтеуір, осы бір ыстық ұғымның адамның белді серігі екенін білеміз. Басы ашық тағы бір нәрсе: осы ұғым басынан қаншама тәркі дүние ғасырларды өткізгенімен ай маңдайына әжім, беліне құяң дарытқан емес, қажыған, қартайған емес. Небір саңлақты өмірге оңай әкеліп, небір саңлақты өлімнің күдері қолына әншейін бере салатын қара жер, осы ұғымды қанша шалғанымен, оны шоңқитпақ түгіл тірсектей алмай келеді. Бұл өзі, шамасы тірсектелмейтін де шығар-ау... Себебі, бұл сезімнен адаланған ұлт – дәуір – адам өзін-өзі тұлдықтың қазығына байламақ. Ал, тұлдың өмірі – ол да бір тастың өмірі. Ол тас аспанның ақсел көз жасына, тіршілік атасы – Күннің мырза шуағына қанша шомылғанымен онда ұрпақ жоқ, қозғалыс, тітіркеніс жоқ. Ал, өмірдің философиялық баламасы – қозғалыс пен тітіркеніс. Жерді, туған жердің топырағын сезіну, сонсоң да, бір ойлағаныңда, өмірді сезінудей байқалады. Біз көп айтып, аз толғайтын тарих, осы ұғымның өзі ол тіпті. Сонсоң да, жерді, туған жерді сезінудің самайын қырау шалмайтыны сияқты, тарих та шау тартпайды, тарихтың қанқызыл беттері бұлыңғыр бір елеске айналмайды, айналмау керек.

Бірақ, кейбір себептермен біз осы сезіністі кейде ұмытып кетеміз. Тіпті, осы ұмытшақтықтың айдар тағып, арбаңдап келген де тұстары болған. Бір жақсысы – бұл өткеннің үлесі, одан да жақсысы – бүгінгінің практикасы емес.

Ұзын сөздің қысқасы, қалың оқушы, біздің ғылымның, өнердің өкілдері тарихтай үлкен үйдің есігін кей оқулықты парақтағандай есінеп емес, сиынып, сүйсініп, қызығып ашқанда, оны – тарихтың есігін бүгінгі толғамдар, толғақтар, тағдырлардың терезесіне тең еншілесіне балап ашқанда қуанып қалады. Мұндай тұстарда күнде шығып жатпайтын құлын даусымен шырқырап кетеді. «Жұлдызда» басылған Тәкен Әлімқұловтың әңгімелерін оқығанда осыған ұқсас бір халді мен де кештім ғой деймін.

Сынның әдеп-әдетінде оқыған нәрсеге шұрқырап түсе калу – ибаның белгісі саналмайды. Бірақ, түлкі бұлаңға салмай бар шыныңмен пікірлесу – кей ибаның алдын кес-кестеп те кетеді. Ал, мақсат – ойыңды жасыру емес, сол ойды айғақтау болғандықтан, мұндай кес-кестеуден қымсынбасқа болатын шығар. Осы ретте, осы дүниелердің өзіме ұнағанын, бүкпелемей-ақ, қысқа ғана текіректің басында айтып алғым келеді.

Тарих, оның ішінде өнердің отауы, табиғаты, өнердің атпал ұстындары қазақ жазушыларының әріден жайлап келе жатқан өрісі. Бұл ретте Т.Әлімқұлов жаңғыз емес, сонсоң да «жаңғыз шапқан ат жүйріктің» кірігер тұсы да бұл емес. Анау, әр сөзінен дерлік кер даланың ой толғағы, өксік тепкісі бүлкілдеп жатқан Әуезов бар; анау, қамау терін алып алғанда шелектей танауымен ғана емес, тұяқ-тұяғымен тыныстап шабатын Құлагердей Жансүгіров бар; драматургия саласында Ақан тағдырын ыршынып тұрып толғаған Ғ.Мүсірепов, Біржан бейнесін шырқау биікке көтерген Қ.Жұмалиев бар. Қала берді, әр күйінің әр ырғағы семсер серпердей Құрман атаның қабірінде дөңбекшіткен Х.Ерғалиевтың азадай аңыраған, жігердей жаңғақ дастаны бар. Оның бер жағында, өнердің шүйгін тақырыбына анда-санда бір оралғанмен, қысқа жазса да тамырлап, қыршып жазатын Т.Ахтановтың мөп-мөлдір әңгімелері бар. Бірді-екілі карабайыр шығармаларға қайырылмағанда, соңғы төрт-бес жылдың төңірегінде, осы бір шеру ағын толастап қалғандай болып еді – Т.Әлімқұлов әңгімелері осы наза-күдікті біраз сейілткендей екен.

2

Оқушыдай монтаны халық – жазушыдай сеңгірдің шығармашылық қадамдарын аңдып жүргенде оның тақырып әлетіндегі тың бастау, аяк тастауларын елемейді емес, әбден-ақ елейді. Бірақ, кітап қойнындағы шындық өзінің қарта тереңімен, толғақ-тебіренісімен ашылмаса, бұл елеудің әншейін салқын сыпайылық қалпында қала беруі мүмкін. Оқушы, бүгіндері, ойнаған бұлшықтарының ойнақы қақтығысын, мартеннің жансыз жалынын тамашалаудан қалып қойған; окушы бүгіндері жағымды-жағымсыз «өмірсүйгіш» өңештерден қоздайтын шиқан қызыл, шикі өкпе «әлқиссаларға» илана қалатын балақан емес. Оған тақырыптан гөрі тағдыр, әйтеуір тағдырдан гөрі осынау үлкен өмірдің уайым-қуанышымен тамырласып жатқан ойдың тағдыры керек. Оған азу тісі кетілмеген өмірдің қат-қабатының, бел-белесінің суреткер ашқан табан ағыны керек. Т.Әлімқұлов әңгімелері, менің ойымша, әсіресе, осы планда құнды, қызық.

Адамның, өнер адамының, қатты бір ширыққан, оның қабан азу сыншылдығының қатты бір «қабынған» сәттерінен суыртпақтап сыр тартатын осы әңгімелерде, менің ойымша, әлгі өміршең ойлардың тағдыры бар. Атап өтер тағы бір нәрсе: осы әңгімелерде өксікке шомылып өткен саңлақтарды бүгінгі қауымға танытумен бірге, солар арқылы бүгінді бүгінгінің өзіне танытсам деген де мақсаттың белгілері көп. Сонсоң да жазушы мүсіндеп отырған материалына шын суреткерге тән шыны таза мінез байқатып, ыстық бір дірілмен ышқына қарайды. Сонсоң да, жазушы, нандай арлы, нандай даусыз өнердің қай уақыт, қай кеңістіктен де биік екенін расқа жору үстінде, кешегі өткен шаңқанбоз саңлақтардың бүгінгі күн – қауым-адамның еншілесі екенін күйттейді. Заманымен, тағдырымен емес, өмірге, еліне, жеріне деген ілһам құштарлығымен, талайымен емес, талантымен, суреткерлік ізденіс, толғаныс-толғағымен еншілес екенін күйттейді. Т.Әлімқұловтың көрінеу бір сындарлы, көп жазушының бойынан табыла бермейтін ойшыл қасиеті маған осыдан көрінеді.

3

Міне, төрінен көрі жуық кезінде елсізге лаққан Ақан. Бұл фәниден не керек оған, бұл фәниде ол қимайтын не қалыпты сондай-ақ?

«Серігі – мылқау баласы Ыбан ғана».

Ыбан, сонсоң, ащы ішектей ұзынынан-ұзақ созылып жатқан өмірі. Осы өмірдің қызылды-жасылды, азалы-қаралы беттерін «құлақты қытықтайтын сыбдыры жоқ, көңілге үрей салатын сүйкімсіз судыры бар» Қамысақтының жағасында тарақтап отырған тұсы екен. Ер қашты болған жылқыдай, елден – өсек ордадан, азадан қашып, азаға маталатын тұсы. Тағдыр мен сол тағдырдың иесі – адамның, ара ағайынға табиғатты тартып, беттескен тұсы. Байқап отырсақ:

Ақанның тағдырға өкпесі жоқ, таңданысы бар – запыран таңданыс; Тағдырдың Ақанға өкпесі де, таңданысы да жоқ, енжарлығы бар – зұлмат енжарлық;

Тағдыр ешкімге табынып көрген емес, ұлылы-ұсақты пенденің өзіне мінәжәт етерін біледі. Сонсоң ол да – паң; мұны Ақан да біледі. Бірақ, тағдырдың шылбырына оралып, құрақ ұшып жүрген Ақан жоқ. Ол туысынан – өр.

Сонсоң да, Ақан мен тағдырдың қаржасуы – бітпейтін дау. Ал, мәмілеге бойы үйренген жұрт Аканның бұл сырын қайдан ұқсын. Олардың ұғымында Ақан жынданған, сонсоң да, мүсіркегені болмаса, Ақанның қазасына қабырғасы қайысып жатқан ел жоқ. Оларға «босаған ыдысын өсек-аяңға толтырып әкету» керек, қызық керек – трагедия өсектің өзегіне айналды деген сол. Ау, осы шалдың бұл фәниде қимайтын несі қапты?

Қайыру бермей желдеп кеткен Көкжендет анау, мертігіп өлген Қараторғай анау, айбалтаға жығылған Құлагер анау.

Ау, осы шалды бұл фәниге матастырып қойған не құдірет? Оны Ақанның өзі де біледі. Ол – жаратылысында азаттықтан, әсемдіктен тоят алуға жаралған серінің шерлі жүрегі. Бұл өмірдің көп адамды ырсылдатып қойған байлығын, мансабын, күлегеш келіншектей баянсыз әрін емес, өнерін, арын тани түссем деген жүрек. Кердаланың Ақандай түлеп ұшқан ұланы үшін бұл фәнидің құс төсек, Тінә болыстың сегіз бөлме ағаш үйі емес, мына «жесірдей сарнаған сары желге» төсін аймалатып, тұншығып жылаған Қамысақты, мынау «Ыбанның ба-балаған шолақ тілі», мынау зұлмат тағдырдың еркіндікке жібере салған соңғы сыйы – жабайы қаршыға. Сосын, мынау «қаңтарулы қаңсыған аққұба домбыра». Ақан осы Қамысақтының жағасында отырып жарты патшадай тасып жүрген кездерін еске алғанда шалқымайды, бір басында тасырлаған соққы бүкіл бір ұлттың өнерлісін қарқ етерлік болса да, осы соққы тасыры ойына оралғанда жасып, шөгіп қалар да Ақан жоқ. Ащы-тұщыны қатар тартқан, ылғи татқан Ақанға тағдырдың күйлеген барыстай кұбылмалылығы белгілі. Бірақ, қандай зауал шақ тумасын, тағдырдың қай бетпақтығына да қазалы әуенді әзер-әзер көтеріп жүрген көкірегімен қарсы шабарын, ол біледі. Себебі, ол – өнердің өрені. Ал, өнердің өрені табиғатын таптатпасқа, қорлыққа көнбесе керек қой. Әңгіменің барометр кейіпкері – серінің тынышын алған тағы қаршыға, осы қаршығаны бойлай шығар өрілген хикаялар Ақанның осы мінезінің айғағындай. Ақан көк ауа мен көк тастан қаршыға ғана қармап жүрген жоқ – өнер қармап жүр, бостандық қармап жүр.

Ақан саятшылығын қаршығаға ғана жасап жүрген жоқ – өнерге жасап жүр, азатшылдыққа жасап жүр.

Өзінің осы тірлігі қарақұрым өсекшінің қаңқуына желеутиек болары, осы қаңқудың айналып кеп, жаралы кеудесіне тікенше қадалары Ақанға әрине, мәлім. Ақанға, бірақ басқа да мәлім нәрсе бар, өр, шыншыл, таланттың талайы кашан да кем; аза, мазақ, өсек өр таланттың талайсыз тағдырының құранды бөлігі саналмақ. Ақан осы ретте, қараңғы аспанға қарсы шапқан арыстан – өнер иесі. Осы шабысында мерт болары, сері үшін беймәлім жайт емес. Бірақ, бұл тақылеттес мертігу өнерді – азатшылдықты қараңғылықтың қыл шідерінен құтқарумен бірдей. Осы ретте Ақанның мансап пен байлықты азатшыл өнердің, жан бостандығының жолына құрбандыққа шалатын ақкөз даналығы да бар. Қайталап айтуға керек: көк қаршыға қазақтың күңіреніп өлген соңғы серісі үшін, өнердің баламасы. Ал, өнер, өз кезінде, қай қатер, қай мазақ, қай қағазға да қасқайып қарсы тұратын; адамның еркіндігін ту етіп көтерер, шындықты, ең алдымен қан қақсаған шындықты айғақтар ардың дабысы. Қолы – күш, қалтасы – қазына Тінәдай тектінің қолқасын жерге тастайтын өлмелі шал қылығының ерен бір уыты осы иірімде жатыр...

Әңгіменің басында қаңтарулы көрінген домбыра сол қалпы қалып қойды. Кез кезеңінде, түрлі күйлі ырғақпен лыпып жүрген осы аққұба домбыра, осы тұста, серінің шерін термелеп безектеген жоқ. Ақанның оған қатқан қолы да жоқ екен. Бірақ, жігіттің есіне қабірді, шалдың есіне бесікті сап бебеулейтін «Әудем жердей» реквиемнің құлаққоңыр ырғағы, өксіп-өксіп кететін аза қара сазы мен назы, тәнді тұмшалаған тұмардай, әңгіменің ана жол, мына жолынан белгі беріп қап отырады. Осы әңгіме, өзінің осы тұрғысында, Ақандай тұлпар атаның «Әудем жердей» тұяғының толғағына арналған сияқты. Ұлан-асыр өмірдің жалғыз бұйдасына құрылған әңгіменің тынысы осы әндей кең, осы әндей азалы, осы әндей толғақты...

«Сері шалдың жас жүрегі өртеңге шыққан қызғалдақтай лүпіл қағады» дейді жазушы әңгімесінің бір жерінде. Ал, «серінің төс қалтасынан үлбіреп шығып тұрған екі тал қауырсынды» көргенде, оқығыш жүрек, осы қызғалдақты, осындай қызғалдақтарды күндердің күнінде керімсал ұрарын біліп, шаншып-шаншып кетеді. Жетімдікке мырза фәнидің Ақандай кәрінің ақ шарасына тағы да у тамызғанын ойлап, және де далалы өңірдің ой тепкілі, тымық қайнарындай әңгіменің әдемі келісімін, бүтін бітімін сезіп шаншиды...

4

Міне, Тәттімбет. Жер ортасынан асар-аспаста шау тарта бастаған Тәтекең. Заман көшінің алдын жүйрік зердесімен орағытып, осқырып, ойқастағанда алған алғысы шамалы, ал, қарғыс-қорлығын айтсаң анау-мынау атанға жүк. Туысынан тегі бөлек жанның маңдайына құба төбел, күйкі өмір жазылыпты. Осы өмірінің ұлтабар қатпарында бұйдаланып жылдары, жентектеліп күйлері қалған.

Аз-мұз көрген қызығы бар, «сол қызықты қазір көріп отырмын ба, енді көремін бе» десе Тәтекең абдырып қалар еді – ел басқарған сатқын топтың тізесі, сый түсінер, сыр ұқпас мылқау санасы Тәтекеңнің жүрдек көкірегіне де шор салғандай екен. Көп кещеге жемтік болған кешесі анау, керенау бүгіні мынау, ертеңінің не боларын білмейді. Ертеңінің көкжиегіне, көңіл болмаса, жетер кезі жоқ. Сонсоң да Тәттімбетке бүгіні де, болашағы да өткен өміріндей өкше ізі іспеттес. Суреткерге бұдан артық жазаның табылуы қиын.

Әңгіменің басында жабығып сыртқа, Қарашоқы – Қасабаға бет алған Тәттімбет, «ентіге аяндағанда», салт бара жатқан жоқ. Оның ой қанжығасына бөктеріп алған жаңағы жазасы – өмірі бар. Тепкіден көз аша алмай, кетеулі даладай дана күйшіні өксік қысып барады. Жатыры – өмір, азуы – ажал, туған топырағының төсегінде тұрып, қазақтың қаскөйі тағдырымен тілдеспек.

Т.Әлімқұловтың қарауылына Тәттімбеттің осы тұсы ілігіпті. Тұс болғанда бір тәуліктің жартысы – «Сарыжайлаудай» күй төресінің толғағына куәлік еткен аз сағат.

Бір қарасаң, әңгімеде шоқы басында қақшиған Тәттімбет тірлігінің кекіредей ащы, қызғалдақ орманындай жайсаң үзіктерін тізгеннен басқа ештеңе жоқ сияқты. Ол бір қарағанда ғой. Әйтпесе, бұл тізудің жөні басқа, бұл әйтеуір тізу емес. Әйтпесе, сары майдай толықсып алған Тәттімбет көкірегін пышақ боп тіліп өтіп жатқан үзіктердің әрбіріне бүткіл бір өмір сыйып кетіп жатыр.

 

Міне, Сарыжайлаудағы сары жаз – бозбала Тәттімбет... Міне, кенет кезігіп, үйлі-баранды күйшіні құсаның сексеуіл шоғына аунатып кеткен Сарықыз... Сарықыз... Міне, ақ патшаның әскері мен мұжығын желеулеп, Тәттімбетті тобығынан тағы соғып қан қақсатқан дуанбасы Құсбек – Сарыжайлаудай қонысынан айдап шықты... Жан ашуы, жер ашуы, ел ашуы. Тұншыққан жер, булыққан жан, сыңсыған ел – Тәттімбеттің жері, жаны, елі.

Қай қазақтың басынан кешпеген халі бұл?

Сонан соң да Тәттімбет, қанша есеп бергенімен, Қарашоқы – Қасабаның ұшар басында осы қалшиғанында өз ой, өксік толғағына бүкіл ұлттың басындағы түнек жағдайды қоса өріп жіберіп тұр. Сонан соң да, шерменде домбыраға желдің күрсінісі мен Сарықыздың былқыл күлкісіне дейін түсіріп жүрген шалқар ойлы, зергер Тәттімбеттің, аза мен арман астасқан мынандай тұста, әр ырғағы елім, жерім деген қазақтың қанды жасынан бүр жарған «Сарыжайлаудай» күмбезді сарайды тұрғызбасқа мүмкіндігі болған жоқ.

Оқушы осы көмбе пікірге жазушының тақымдағанын сезбей-ақ, өзі келеді. Кісінің жүрегін жіп суырғандай суыртпақтап отырып, домбыраның сағына орап тастайтын «Сарыжайлаудың» кербез бір жендетшілігін әңгімеден мол сезген соң емпеңдеп, еркін келеді.

Әрине, күйді әрқилы тыңдағандай-ақ, әңгімені де әрқилы оқуға болады. Әрине, «Сарыжайлаудың» мақсұт-мазмұны бәдені кеткен күзгі жайлаудың көрініс-суретіне сыйғандай-ақ, бұл әңгімеден де Тәттімбет тіршілігінің бірді-екілі тіршілігінің үзігін ғана көруге болады. Бірақ, артық шалқуы, қағуы кем мұндай күй мен әңгімені, сөз бар ма екен, таратып ұғынуға керек. Жаңағы айтқан қанды жас деген ұғымды тірілте бара, Тәтекеңнің осы күйінің жоқтау екенін; бұл күйдің қарабайыр байламдардан айырым белгісі, намы қазақ үшін көкейкесті шыңырау ойларды, толғақты толғауларды армандап аһ ұратын философиялық жоқтау екенін ұғынуға керек. Ал, арғымақтың басына арам еттің жұқпайтыны сияқты, ойшылдың ойлы жоқтауына қақтың салқарлығы, жалған қоң, помпездік жараспайды. «Сарыжайлаудың» аяғында желісі, желісінде шабысы бар осындай сығындылық сырына, бұлшық қасиетіне әбден ден қойған әңгіме де жайылып шаппай, ерікті шыңырау астарлы емеурінге, ымға, детальға, ырғаққа беріпті...

Өнерлінің өзек дірілін дәл пайымдауымен, сөздік бояу, нақышқа қатысты ұтқырлығымен, баяндаудағы астарлы, толқыма пластикасымен «Абай жолының» күй-мұңымен сыңсыған ай беттерін еске алдырар осы екі әңгімені оқығанда, маған осындай бір ойлар келді. Әрине, «Абай жолы» дегенде мен бұл әңгімені роман беттерімен салыстырудан да, теңестіруден де аулақпын. Менің айтпағым: романдағы күйшіл, әншіл беттердің, мына әңгімелерден сондайлық сыршыл, шыншыл, жарасымды жалғасын табуы – қайталанбай табуы; М.Әуезовтей ұстаз көп күйттеген әуендерді Т.Әлімқұловтай шәкірттің ізін суытпай іліп алып, қазақ тілінің байырғы, мөлдір, кәусар стихиясына сап шайқағаны, осы шайқаудың үстінде жазушының, мақпал түндегі от ойынындай әсерлі, айқын суреттер сызып, адам жанының, әуенінің қатпар-қалтарыстарына еркін барғаны; сонсоң, осы әңгімелердің «ой-ой-ой» деп қара терге түсіп жүрген бүгінгі парасатты, әлемдік прозаның арасында жатқаны.

Дағдыдағы сындық трафареттің тулағын қаққыштап, «енді әңгіменің кемшіліктері туралы» дегенде айтуға керек нәрсе, бұл әңгімелердің әрбір беті жүзік көзінен өтіп жұтынып тұрған жоқ. Әсіресе, «Көк қаршығаның» соңғы тұстарында аз-мұз кібіртіктер кезігеді. Оқиғаның характері осылай деп ақталуға болғанмен, жазушы кей жерлерде (қаршығаның торға түсер тұсы) сынапша аққан аяғынан жаңылып, лоқылдап желіп кетеді. Мұның сыртында, жазушының, зерденің әдемі топшылауларын зергерше түймейтін жерлері де баршылық. (Ақанның «О, Гардуни Фәниді!» айтатын тұсы, мысалы). Бірақ, айтылған бұл, айтылмаған стиль төңірегіндегі кейбір сәттер екі әңгімесінің де өміршеңдік, мән-салмағымен, азаматтық уытымен сайысқа түсе алмаса керек. Жазушының өзектеп отырған материалын тамыр-тамырымен тітіреп сезінуі; соның арқасында, Ақан мен Тәттімбет өмірінің өзі қол ұрған тұстарына құйрық қапқан қасқыр азуланып кіріш кірігіп кетуі; осының арқасында, талайы талантының тобығына жетер-жетпес екі бірдей марқасқаның толғақ-тебіреністеріне оқушыны куәгер етуі әңгімелердің әлгіндей жерлерін көмбелеп кетеді. Куәгер дегенде мен, туасы сондайлық дәл айтып отырмаған болуым керек. Әйтпесе, оқу үстінде бояу-сезімнің бояуымен, астар-ойдың астарымен, осылай бетпе-бет арбасқанда көлденең куәгерше қаздиып отыру қиынға түседі. Бір қарағанда қара сылақтай ойқы-шойқы көрінетін сөйлем-абзац-бет кісіні тез құнықтырады; сонсоң, бара-бара, шығарманы сілкіп, нұқып оқитын оқушының қытымыр сергектігі қозы қарынданып жұқарып кетеді; соңсоңғы байқалар нәрсе: арсыл-гүрсіл жоқ, тұнжыр-тымық иірімнің үйреніп кеткені. Осының жұқана бір белгілері алғаш «Сейтек сарынын» ақтарғанда байқалады. Сонсоң, мына екі әңгімені сауырлағанда әлгі жұқана аталған белгілер өзінің кездейсоқ, өткіншілік кейпін өзгертіп, жазушы табиғатының өзіндігінен тамыр алатын тұрақты, сілемдік сипат, мінезге иеленгендей, тұрақты өсімпаздығымен іргелі қасиеттің нық нышанын танытқандай.

Егер жазушыны күйшіге балауға болса, бұл тұста, күйші көкірегінің – әуеннің жас тазалығын, сол әуенді орындаудың – шеберліктің шыншылдығын айтуға керек. Бұл тазалық, бұл шыншылдықта жасанды жайсаңдық, жалтыл жоқ, өнердің ерендігін танытар табиғилық бар.

 Жазушының қаскөй бір жауы – әсте фальш, ал, оқушының қаскөй бір «соры» – әсте сол фальшті сезгіштігі ғой. Т.Әлімқұлов мына әңгімелерінде, осы жаумен ат құйрығын кесісіп кеткенін көрсетті. Бипаздағанда публицистика, тура кеткенде қарадүрсіндік аталатын жарықшақ дауыс – фальштің бет бүркері, «Ақбоз аттың» ана жартас, мына жартасынан андыздап кетуші еді. Мына дүниелерде, бұл пақыр шөміштен қағылып, шөмиіп кетті. Мұның себебі не екенін атүсті, жүрдім-бардым нұсқай салу қиын, сонда да бір пайымдауда жазушының көмейін шын ашқан, оны – жазушыны, тұма сыр шындығына жетелеген материал – тұншыққан шаңқанбоздардың тағдырындай көрінеді...

 

1965