АРДАҚ НҰРҒАЗЫ ӨРТЕЛГЕН КІТАП

«Өртелген кітаптар» айдарын ашу қарсаңында, бұдан бұрын сенімнің аспанын аққан жұлдыз сияқты тесіп өткен тағы бір кітапті еріксіз еске алдық. Ол Англия қарастылығындағы үнді жазушысы Солман Рашидтің төртінші романы «Сайтан жыры». Романда С.Рашид бір-бірімен мияның тамырындай шатысқан үш уақиға желісін тартқан. Оның бірі Лондоннан, енді бірі Үндінің Бомбай қаласынан, үшіншісі Үндінің әлдебір қиыр шетіндегі қыстақ пен 7 ғасырдағы Араб топырағынан басталады. Автор осы үш желіні ширата келіп, діни сенім мен сол сенімнен айрылғандар арасында бір-бірімен мүлде отаса алмайтын қайшылықтың өмір сүріп отырғанын, ондағы мейір мен жауыздықтың арпалысы, ол арпалыстың түптің түбінде бет-бейнесін сыпырып ортаға шығатыны турасында ой айтқан. 

Роман бастала салғанда 29 мың пут биікте кетіп бара жатқан ұшақтан шырғалаң шығады да, ондағы үнділік екі еркек Ағылшын бұғазына құлап түседі. Теңізге құлаған бұл екі адам — Исмер Нәжимиден мен Салалдин Камукара ғайыптан тірі қалады. Тірі қалған екеудің бірі атақты актер, енді бірі “Үнді отаным емес, Англия менің отаным” дейтін, Лондондағы мәлім телевизияның жарнамасын жүргізетін дектор. Осы екі кейіпкері турасында автордың былай деп жазғаны бар: “Роман рухани дүниесі бөлшектенген екі бейбақ жөнінде баяндайды. Салалдин Камукараның рухани жақтан тозып азғындауының түптамыры — оны айнала қоршаған ортада, оның дерті өмірден келген. Салалдин Бомбай мен Лондонның, Батыс пен Шығыстың арасында сенделіп қалған, жан дүниесі бір сәт байыз таппайтын бейшара жан. Исмер Нәжимиденнің азғындауы болса, рух пен жан дүниенің өзгерісінен туындайды. Ол сенімінен түбегейлі айырылған пенде. Ол да жан дүниесіне таяныш болатын қасиетті күшке барынша зәру, ол соны іздеп шарқ ұрады, десе де оны таба алмай дал болады, содан да ол торға түскен шыбын сияқты жанталасады”. Аспаннан теңізге құлаған шақта, әлгі екеуі өздерінің бойларында керемет бір өзгерістің болғанын аңғарады. Нәпсі құмар, әйел заты десе ішкен асын жерге қоятын Исмер бірден өзгеріп төбесінде нұрдан шеңбері бар періште – Габриелдің (Gabriel) бейнесіне енеді. Не ағылшын, не үнді бола алмай, мәңгіріп жүрген Салалдин де өзгереді: Оған мүйіз, құйрық, тұяқ шығып аңызда айтылатын сайтанның өзі болып шығады. Автор осы арқылы үнді мен ағылшынның отарлық тарихының зардабын — отар елдердің тәуелсіздіктен кейінгі рухани мүгедектігін биік көркемдік деңгеймен көрсеткен. Романның күллі дүние мұсылмандарын шулатқан беттері екінші оқиға желісінде басталады. Бұл оқиға желісі романда жоғарыдағы оқиғаның арасында, әр тарауға кірістіріліп беріліп отырған. Оны бірде Исмердің түсінде баяндаса, енді бірде Исмер түсірген киноның сюжеті ретінде баяндайды — мұндағы негізгі ой Ислам дінінің тарихынан сыр шерту. Ұшақтан құлаған Исмер түсінде өзінің періштеге айналғанын біледі. Ол өңінде актер болып дәл сол періштенің рольін да ойнаған. Содан өң мен түс айрылмастай тұтаса барып, Мұхаммед Пайғамбардың періштенің аузынан «Құран» сүрелерін түсіріп алғаны турасындағы аңызға апарып тірейді. Бірде Мұхаммед көп құдайлы діндер тұратын Мекедегі үш әйел құдайды қасиетті аятқа кіргізеді. Бұл беттерді Құдайдың аузынан емес, әлде бір Аллаһтың бейнесіне кіріп алған сайтанның аузынан естігенін, түптеп келгенде ол Аллаһтың емес, сайтанның сөзі екенін Мұхаммед соңында аңғарады да, кейін ол жырларды «Құраннан» сыпырып тастайды. Романда Мұхаммед Пайғамбар Аллаһтың сөздерін аузынан шығарғанда, оны жазып отырған естелікке алушы Салманның (Salman) былай дейтіні бар: «Мұхаммед хатқа түскен өзгерістерді білген жоқ. Содан да «Құранды» мен жаздым деуіме де болады немесе оған бөтен, лас сөздерді мен қосып жібердім. Құдай-ау, менің сөзім мен Аллаһтың сөзі парықталмай кетсе, сонда не болғаны?». Романдағы үшінші оқиға желісі жоғарыдағы оймен тіке қатысты. Бұл оқиғада Исмердің түсімен баяндалады: Өнбойында көбелек түсті өрнегі бар, өзін «қасиеттімін» деп жариялаған әйел Үнділік серіктерін бастап қажы сапарына жаяу аттанады. Олар Арап теңізіне келгенде, «Құдай бізге теңізді қақ айырып жол ашады!»деп топырлап суға түсе бастайды, соңында әлгі өзін әулие санаған әйелден басқасы тұтастай суға кетіп өледі. Кітаптің ең бір асырып жіберген талмау жері — Исмердің түсінде кезігетін Хижап (Арап әйелдері тағатын бетперде деген мағынада) атты долыхананы жазған тұсы. Бұл долыханадағы 12 жезөкше өздеріне Пайғамбардың 12 әйелінің атын қойып алады. Содан бастап олардың саудасы күннен-күнге күсет болады. Езуінен сілекейі аққан еркектер долыханаға араша құжынайды. Романның соңында Салалдин отаны Үндіге қайтып оралады. Оның өз тегін, мәдениет-болмысын іздеген сапары сан қилы кешулерден, күңіренулерден кейін осылай сәтімен аяқтайды. Сенімін жоғалтып, азғын қиялдың батпағына бір жола батқан Исмер ең соңында құздан қиялға құшақ ашқандай, өзін-өзі өлтіріп тынады. Бұл автордың романдағы: «Сенімінен айырылған жандар еш нәрсені қадірлеп-қастерлемейді, қайта олар бәрін мазақ етеді» деген сөзін құлағыңда жаңғыртады. «Сайтан жыры» 1988 жылы 26 қыркүйекте Лондонда жарық көрген. Ағылшын баспасөзі роман туралы бірден: «Адамды ұзақ желпіндіретін кітап... Қазіргі заманның бірегей туындысы... Қараңғы қапастай түнеріп жатқан ой орманын тіліп өткен шығарма» деп жазды. Дегенмен, роман жарық көрмей тұрып-ақ оған тыйым салу туралы өр дауыстар шыға бастаған еді. Үнді парламентінде отырған екі мұсылман депутат — Сейт Шабдан мен Кулушер Алым-Хан баспа сөзде мақала жазып, «Сайтан жырының» мазмұнындағы арандатушылыққа арнайы тоқталады. Кітаптің жарыққа шығуына өздерінің қарсылығын білдіреді. Сейт Шабдан мақаласында: «Мәдениет дегеніміз тежемді өз еркіміздің қалауымен қабыл алу. Әлбетте, сен өзің сүйген жеке көзқарасыңда табанды тұруыңа болады, десе де, көптің сеніміне топырақ шашпауға тиіссің» деп жазған. Депутат өзінің романды оқымағанын айта келіп, «Менің лас дүниені жұқтырып алып, оның лас екенін айтуымның қажеті жоқ!» дейді. Бұл көзқарас көптеген мұсылмандарға өкілдік ететін де еді. «Сайтан жыры» Англияда жарық көріп 9 күннен кейін, Үнді үкіметі өзінің мұсылмандар тұратын өңірлерінде бүлік шығудан алаңдап, кітаптің Үндіге кіруіне үзілді-кесілді тыйым салады. Үнді мұсылмандар одағы мен Англия мұсылмандар одағы бірлесе отырып, кітаптің жарық көруіне қарсы шаралар өткізеді. Лондондағы Саудаарабиясы қаржыландыратын екі басылым кітапқа қатысты қатаң сөгіске толы мақалалар береді. Көп өтпей Англия мұсылмандар істестік ұйымы мәлімдеме жариялап, романды жарыққа шығаруды тоқтатуды, жарыққа шыққан кітапті өртеуді, кітапқа қатысы бар адамдардың мұсылмандардан ашық кешірім сұрауын талап етеді. «Әдебиеттің жамылғысын жамылған бұл кітап сауатсыздықта жеріне жеткен. Исламның тарихын бұрмалап қана қоймай, Ибраһим Пайғамбар мен Мұхаммед Пайғамбардың қасиетті бейнесіне шіркеу келтіреді. Пайғамбар мен оның мүриттерін масқаралаумен тынбай, қасиетті Ананың атын да, затын да қорлайды. Нәжіске тұрарлық сөз-сөйлемдерімен Ислам дінін және оның қағидаларын аяқасты етеді» делінген мәлімдемеде. Осыдан кейін, Англия мұсылмандар одағы Англияның Ата заңының «Мемлекет дінін қорлағандарды жазалау» туралы қатысты тармақтарды ала отырып, С.Рашидті заңмен жазалауды талап ете бастайды. 1988 жылы 11-қазан күні сол тұстағы Англия үкіметбасы Титчер ханым жоғарыдағы талапарызға қарата: «Англия үкіметі романға тыйым салатын заңды негіз көріп тұрған жоқ!» деген ашық пікірін білдіреді. 21-қараша күні Ислам дүниесінің беделді білім орталығы — Египеттің Алиясхар университеті жоғарыдағы жағдайға байланысты мәлімдеме таратып, Англиядағы барлық мұсылман ұйымдарының бірлесе отырып «Сайтан жырының» таралуын тосуға шақырады. АҚШ-та роман жарық көрмей жатып-ақ, оны басатын баспаханаға біреулер жарылғыш зат толы қапшық тастап, сес көрсетеді. Сол жылдың 24-қарашасында Оңтүстік Африка елі «Сайтан жырының» елде жарық көруіне тыйыым салады. Сонымен бірге С.Рашидтің осы елге сапары да аяқсыз қалады. Бұған Оңтүстік Африка үкіметі С.Рашидтің жеке басының қауіпсіздігіне кепілдік ете алмайтынын көлденең тартады. Арада бірнеше жеті өтпей-ақ Пакістан, Саудаарабиясы, Египет, Малазия, Судан, Индонезия, Катар сияқты елдер арт-артынан «Сайтан жырына» тыйым салады. Арада жыл аунағанда, бұл тізімдік оданда ұзарған. Сол жылдың қараша айында, «Сайтан жыры» Англияда беделді әдеби сыйлыққа ие болады. Мұның өзі отқа май құйғанмен бірдей еді. С.Рашидқа сыйлық тапсыру рәсімі өтіп жатқанда, Манчестрді қамтыған біраз қалаларда кең көлемді қарсылық ереуілдер өтеді, жұрт «Сайтан жырын» ашық алаңда өртейді. Англияның мұсылмандар қорғаныс ұйымы кітапті басып шығарған «Пингн» компаниясына тілек хат жолдап, «Сайтан жырын» басуды дереу тоқтатуды талап етеді. «Пингн» компаниясы болса, бұл тілекті орындаудан бас тартады. Кітапқа қарсы айғай-шудың күннен-күнге өрши түскеніне байланысты, 1989 жылы 22-қаңтарда С.Рашид мақала жариялап «Сайтан жыры» дінге қарсы роман емес!» деп ақталады. «Кітап Үнді түбегінен Англияға қоныс аударған біреудің тұрғысынан қоныс аударуды, оның жапа-машахатын, ондағы адам бойындағы өзгерістер мен толқуларды жазған. Бүгінгі романға және менің бір басыма айтылып жатқан сындар жанымды жаралайды. Мен бес жыл уақытымды сарып ете отырып, қоныс аударушылардың мәдениеттік болмысын сипаттадым. (Менің өзім де сол қоныс аурарушының бірімін). Ал бүгін жұрт жиылып менің кітабімді өртеп жатыр. Олардың көбі романды тіпті оқып та көрмеген жандар. Егер олар оқыса, басқаша ойлаған болар еді» дей келіп, «Роман тақырыптық шектемеге ұшырамауға тиіс, Құдай да, Пайғамбар да бұдан қағыс қалмайды» деген С. Рашид. Алайда, бұл түсіндіру ереуілдеген көптің арынын баса алмайды. 1989 жылы 12 ақпанда Пакстан астанасында «Сайтан жырына» қарсы ереуіл өтіп, сол айғай-шуда 6 адам өліп, жүзден артық адам жараланады. Екінші күні Үндіде өткен ереуілде, бір адам өліп, алпыстан артық адам жарақат алады. Іс мұнымен тынбайды, 1989 жылы 14-ақпанда Иранның дін көсемі Аятолла Хомени өзінің айтулы пәтуасын (fatwa) жариялайды: «Мен дүниедегі күллі мұсылман баласына «Сайтан жырын» жазған, оны басып шығып таратқан адамдардың Ислам дініне және қасиетті «Құранға» қас жау екенін айтқым келеді. Осы кітаптің авторын және кітапта не жазылғанын біліп тұрып, оның жарыққа шығуына атсалысқан адамдардың бәріне өлім келсін. Мен барлық мұсылмандардың жоғарыдағы адамдарды қай жерде кезіктірсе, сол жерде өлтіруін талап етемін. Сонда ғана олар Исламның қасиетті кітабін қорламайтын болады. Аллаһтың атымен айтарым, осы жолда құрбан болған адам шәйіт» деген Аятолла Хомени. Сонымен бірге Ирандағы бір ұйым С. Рашидты өлтірген адамға бір миллион доллар беретінін жариялайды. Кейін бұл соманы 2 миллион 500 мың долларға көтереді. Осы жаңжалдан Англия мен Иран арасында дау туып, екі ел депломатиялық қатынасын үзеді. Кітаптан шыққан даудың аяғы бұлай ушығып, өз басына өлім хауіпінің төнгенін байқаған С.Рашид, сол жылдың 16 қаңтарында мұсылмандарға ашық хат жариялап, өзінің өкінетінін білдіреді. «Сайтан жырының» авторы болған мен, осы кітаптің салдарынан дүниедегі көптеген мұсылмандардың көңіліне қаяу түскенін білдім. Осыған қатты өкінемін. Бұл жағдай маған мынаны ескертті: Түрліше сенімдер ортасында жасап жатқан біздер қашанда бар пейілімізбен басқалардың не ойлайтынын да ескеруіміз керек екен». Дегенмен, С.Рашидтің бұл өкінішін Аятолла Хомени қабыл алмаған. «С.Рашид шынымен тәубеге келіп, осы дүниедегі ең бір бейкүнә адамға айналса да, бәрібір әр бір мұсылманның оны ештеңеден тайынбастан тозаққа жіберуі парыз» деген Аятолла Хомени ақырғы сөзінде. Осыдан кейін Англия үкіметі С.Рашидті қорғауына алып, жасырын күйде ұстауын ресми бастайды. «Сайтан жыры» көптеген елдерде шектеуге ұшырағанымен, Батыс елдерінде молынан сатылған. Кітаптің Жапон тіліне аударушысы Хитош Игараш қастандыққа ұшырайды. Италиян тіліне аударушы Елтеро Карло соққыға жығылады. Нұрбегия тіліне аударушы В.Нугарди қастандықтан ауыр жарақат алады. Соған қарамастан, 1989-жылдың өзінде кітаптің ағылшын тіліндегі нұсқасы бір миллион бір жүз мың данамен тарапты. 

1998-жылы Иран президенті С.М.Хатами С.Рашидті өлтіру туралы аты шулы пәтуәнің күшін жойған. Десе де Орташығыстың кейбір ұрдажық ұйымдары С.Рашидтің басына әлі де 300 мың доллар тігіп отыр. 2001 жылғы «11-қыркүйек» оқиғасынан кейін С.Рашид АҚШ –қа қоныс аударды.