«ҚАРАҒАНДЫ КӨКТЕМІ» ПОЭЗИЯ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

 

Өлең көпшілікті қажет етпейді. Оның мекені – оқырманның тілеуінде. Арқаның кең даласы сәуірдің соңы құралай мен ақындарына пана болғандай сезімде қалдық...

21-22 сәуір күндері Қарағанды жұртшылығы түркі ақындарының басын қосқан халықаралық поэзия фестивалін өткізді. Кейінгі 3-4 жыл аясында адамзат қатар-қатар сынақтан өткен кезде өлеңнің өміршендігін көріп келетініміз рас. Қарағанды шығармашыл жастарының бас көтеріп, ұйымдастыру алқасын құрып, бәрінен бұрын фестиваль аясында өзекті дүниелерді қамтып қалуға қызмет еткенін куәгер жұрт айтып жүретіні анық.

 

 Дәстүрлі әннің жарық жұлдыздары Сержан Мұсайын мен Дәуренбек Әркеновтың «Сарырарқа» әні шымылдығын ашқан «Қарағанды көктемі» фестивалінде алдымен өлең төгілді. Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай келген қонақтарды жырмен қарсы алғаннан С.Нұржан, Ш.Әбдікәрімов, С. Рахметұлы, М.Райымбекұлы, Ғ.Ештанаев, Т.Толқынқызы, Д.Кәпұлы, Қ.Сарин, С.Намазшамова, А.Тәбәракқызы фестивальдің алғашқы күнінде қалың оқырмандарымен қауышты. Қала әкімдігі мен академик Е.А. Бөкетов атындақы Қарағанды университетінің басшылығы поэзия мейрамының абыроймен өтуіне барынша ат салысты.

 

Салтанатты кездесулердің арасында келген қонақтарды «Карлаг» мұражайымен таныстыру сәтін ерекше атап өткен жөн. Карлаг мәселесін халықаралық деңгейде көтеріп жүрген ақын Ғалым Жайлыбай мұражайдың табалдырығынан бастап жертөлеге түскенге дейін жастарды өзі бастап, талай жылғы ізденістерінен сыр шертіп өтті. Қолына қалам ұстаған жастарға бұл да бір үндеу болған сияқты...

Фестивальдің маңызды бөлімі – шығармашыл ортадағы пікірталас болғанын айта кету керек. Әдебиеттегі жастарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау туралы біраз пікір айтылды. Десек те жастар тарапынан әлеуметтік жағдайға қарағанда, әдебиеттің ішіндегі дүниелер бағалырақ екенін байқаған жұрттың мерейі бір өсіп қалды. Фестиваль бағдарламасының соңында Роза Аспанқызы мен Абзал Мақаштың жыр жинағына демеу беріп алғашқы жыр жинақтарын басып шығару шешімі қабылданды.

 

Әдебиетке келе жатқан жаңа буынға қолдау көрсету мақсатында ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жыр кешіне арнайы келіп, бір топ ақынды мүшелікке қабылдау рәсімін өткізді. Әлия Іңкәрбек, Ербол Алшынбай, Салтанат Қайырбек сынды жас дарындарға осы кеште үлкен үміт артылғанын көрдік.

 

Нарық заманында поэзия мерекесін ұйымдастыру, әдебиеттегі мәселелерді ортаға салу – бағасыз қызмет. Қарағанды көктемімен бүр жарған ойлар келесі фестивальдерге аманат деп тілек еттік.

 

Ақерке Асан