Фариза Оңғарсынова - поэзия жанрында ешкімге ұпайын жібермейтін бірден-бір ақын. Қаршадайынан қолына қалам ұстап, өлең - өмірдің жалына жармасқаннан бері оның өлкесіне табан ізін айнымай таңбалаған жан. Киелі өнердің қасиетін арқалана жүріп, өлең құдіретіне құдайдай сыйынған ол әркез поэзия әлеміне әлімсақтан таныс, жеті атадай жалғас, жусан мен бетегедей беттесіп келеді. Оған табына да біледі, шағына да біледі.
Күлкімді, жайлы күнімді,
Азапты қайғы, мұңымды
Өзіммен бөліскенің үшін,
Қатем мен жеңістерім үшін,
Менің мынау қиындау тағдырым болып,
О баста көріскенің үшін,
Өлең, мен сені аялап өтем! -
деген Фаризаның жыр жолдарынан өлең-дүниенің алдында бейкүнә көңілмен келіп, тал бойына өлеңнің өлшеусіз құдіретін тарта білген ақынды көреміз. Сол құдіреттен таным, түйсік, тереңдік тауып, дүрмекті дүниенің есігін ашып, төрінде төрелік айтар деңгейге көтерілген ақын қандай шыншыл? Шындықпен тілдескен ақынның халық алдындағы жауапкершілігі де өлшеусіз, жалқылығы да аян. Оның «Жалқы мен тобыр» деген өлеңінде:
«Жұрт неге маған жауықты»,
деп өзің босқа кішірме.
Талантты болу қауіпті,
талантсыздардың ішінде
Өтсе де өмір: алды жар;
тылсым ба маңы, сор ма арты.
Халқының даңқын қалдырар,
түбінде, әйтеуір,сол жалқы,-
дегені шып-шып шыққан шындықтың шері. Жаңағы бір-екі шумаққа қайтадан зер салайықшы. Біз неге осы дара жандардың өмірін біржақты білуге құштармыз. Ақынның қарым-қабілеті қалықтап, шабыты шарықтап, шынайы дүниелері халық қалауынан шығып жатса қуанбаймыз ба? Тіршіліктің терезесінен карап тұрсақ, біреу ілгері, біреу кейін келеді. Ілгері кеткенді көре алмаушылықтан, кейін қалғанды орынсыз мүсіркеушіліктен қашан арыламыз. Сөйтіп, ақынның адал жанын аярлықпен қинау бізге дейін де, біздің кезімізде де, тіпті бізден кейін де өмір сүреріне сенесің. Дәл осыдан құтыла алмаған соң ақын әлемінен араша сұрайсың.
Мұны ұғатын ойлының ой тынысы,
Оны өртейтін зымиян топтың ісі.
Ар аттауға адалдық қолын байлар.
Ал ісікті іреуге жоқ қылышы.
Жаудан бетер жақының, ісің де ала,
Мәнім кеткен, бар әзір мысым ғана.
Келем ала қарға боп көп ішінде
Ақиқатты айтқаным үшін ғана,-деуі зымияндыққа жауабы. Ақиқат үшін алысқан ақын үні мәңгілік екеніне шүбәсіз сенесің.
Әр ғасырдың өзіне тән ерекшелігі, күлімдеген күнгейі мен жан жабырқатар күйкілігі болады. Күнгейі айтылар, айтылып та жатыр. Күнегейіміз көбейсін. Ал күйкілік деген не? Бұл ма осы ғасырдың ортақ опасыздығы-жемқорлық. Бұл барша елдің азабына, жазылмас жарасына айналып барады. Кейбір жанның алдында бұрын құдайдай сыйынып, құрдай жорғаладық. Ал сол адамның бүгін жемсауы тойымсыз жегі құрттай тамырланып, ел байлығын есепсіз тонауда, тойынуда. Әрине, тойынған соң жалт береді. «Тек» дегенді түсінер тентегің жоқ. Ақын осы бітпес жараны жазсам дейді. Жаңылыс басқанды адалға жүгінтсем дейді. Қарау жанды қалауыма көндірсем дейді. Қоғамға қомағайдың келбетін танытып, кескінін кейіптеу арқылы адал атырапқа тартсам дейді.
Мал бағып, нан таппаймын терек егіп,
Дүниенің тегін нәрін келем еміп.
Араным ашылғандай тойымсызбын-
Мен осы жүргем жоқ па кереленіп.
Дүние бас айналып тұр ма адасып,
шаң жұтып жатыр сұлық қыр да жазық
Дәл менің аранымнан қорыққандай,
барады жер бетінен су да қашып,-
деген тұжырым дәл бүгінгі мезгіл мінбесінен айтылар отты орамдар. Адамдарды тәрбиелеудің өзін азаматтық борыштан гөрі ар тұрғысының өзіндей қарастырған ақын жер бетіндегі барлық жаманаттарға кесек атады, құтылар дауа іздейді. Сол дауаны іздеп тауып жеткізгеніне қуанады, ал орындалмағанына өзегі өртеніп өкінеді.
Жарқылдап қол ұстасып тандай жырмен,
Жүрсемші, кіл есімнен танбай мүлдем.
Жердегі қасіреттен адамзатты ,
Бәрібір азат ете алмаймын мен, - немесе,
Жақсылар жаман болып шықты бүгін,
Тұнжырап тұрып алды бұлтты күнім.
Әулие дегендерім арамза екен.
Салды ма біздің елге жұт құрығын, - деуінде не жалғандық бар. Ойы анык, көздегені көріпкелдік. Демек, көзіміз көріп, құлағымыз үйренген нәрсе. Ғасырлар бойы қасықтап жинақтаған қасиетіміздің қақпасын қайырдық, абыройын әрі-сәрі еттік. «Біз осы кайда барамыз?» деген ойдан гөрі, «Біз осы қайдан келеміз?» деген ой көбірек мазалайды. Әрине, ақын қазақтық болмысымызға топырақ шашудан аулақ. Десе де, өз еліне өзегі талғандарды емес, өзегінен тепкендерді көргенде осылай демеске амалы жоқ.
Жабуға әзір қымтанып қақпаны ерте,
бірін-бірі менсінбей жатқан ерке.
Бірлік жоқта байлық та берекесіз,
Бауырмалдық болмаса, бақ та келте.
Бақ құсы кеп басына қонса-күндік
Бақ үйінде жұмақтай болса тірлік.
Түндігінен тамшы аққан ошағымды,
Қалқалаймын жанымды қолшатыр ғып, -деп бүгінгі белең алған берекетсіздікпен белін буып беттеседі. Айтылмаған шындықтың шылбырына оралып шерін төгеді. Елінің ошағы бүтін, шаңырағын шашақты ету жолында шаршайды. Иә, ақынды алаңдатар жай көп. Мазасыз өлең жазуды, мазмұнды тірлігіне айналдырғаны анық.
Ақша десе құжынап бал араша,
Қарар жан жоқ, санаға, данаға аса.
Бұл не заман Адалдық шарасыздан,
Ақша - арсыздың табанын тазаласа,- дейді. Немесе,
Жалғандықпен улайды санаңды әр күн,
Жүрегімде сол удан жарам бар мың.
Жасандылық, жалаңдық, жалтақтыққа,
Еті үйреніп барады адамдардың.
Жалғандықтың жыртысы мықты қандай,
Жер жарылып жатса да, нық тұрардай.
Ақтың аппақ екенін біреулерге,
Күйзелесің дәлелдеп ұқтыра алмай,- деуі ақынның соңғы сөзі емес шығар. Соңғы сөзі болмаған соң да осы бір - екі аяқты пенденің ертеңі не болар екен, қайда барып тірелер екен деген жанайқай сұрақ үнемі жаныштай береді.
Ақындарда бірбеттілік, айтқанынан қайтпау деген ортақ олжадай мінез бар. Мұның өзі қалыпты жайды, қарапайым адамдық келбеттің анықтамасындай түпкілікті төркінін білдіреді. Ақын болмасаң да кез келгенімізде дәл осындай бірсөзділік, бірізділік табылып жатса құба-құп. Ақын апамыздың қаламынан туған бір шоғыр өлеңдер осы адамдық ирімдеріне үңілдіреді.
Сезімді сезу - маған жүк,
Жан сауғаласам, кеш, қауым.
Саясатым менің - адалдық,
Жалтақтық, міне, сол жауым.
Құлағын салар басшы кем,
Шындығымен ғана мықты едім.
Жауын-шашынның астымен,
Күнелтуді меннен күтпе, елім,- деуі де сондықтан. Ақын өзінің ақындық жолында осындай асқақ мінездерге қайта-қайта соғып, оның мүсін-мүшесін түгелдеумен келді. Ол бұл жерде «қайталаушылыққа ұрындым-ау» деп жан-жағына жалтақтамайды. Секем алып сескенбейді. Өкінбейді. Себебі ол барша адамзатка керекті нәрсені жоқтап отыр. Сондықтан да бағыты дұрыс. Айтқаны - ақиқат. Әйтеуір, Отаны аманда ойсыздан да, ойсыздыктан туар опасыздан да іргесі аулақ, ұясы биік.
Жүрек сенсің Отаным,қоғамым да,
Мейлің күлдір, күрсіндір, ора мұңға-
Мен бәрібір өзіңнен бөлінбеймін,
Сенсіз менің әнім жоқ, жоқ арым да,- дегені қаншалықты шындық болса, Отанға деген өлшеусіз махаббаты соншалықты нанымды. Жасанды, жаттанды, жадағай елжіреу емес, сәбидің пәктігіндей шынайы. Отанды сүюдің өзгеше жолы болуы мүмкін емес. Осының бәрі ұрпақ үшін өсиет, қоғам үшін қазына.
Фариза ақынның айтары мол, шешімі шерлі. Жанайқайы жақсатты көрінуді емес, ақындық ақиқатты жақтайды. Ақынның көзі қашанда өз ауласына қарамай, әлем ауласын аңдиды. Әлемнің тыныштығы арқылы жанына жібек, жүрегіне қуат құяды. Халқынан қалаулы азаматтар күтеді. Жігіттен жігер, қызынан қылықты мейірім, ұрпағынан ірлік іздейді. Өзінің анасын аялауды, оған деген ансар сезім шуағына бөленгісі келеді. Туған ел мен тілдің қадірін жеткізсем деген арманына нүкте қойып көрген жоқ. Себебі тіліміздің тірлігіне айтар тура сөз әлі түгенделген жоқ. Туған жердің мұңы да таусылмақ емес. Ақсақалдарымыз ақ сөйлесе дейді. Жағымпаздарға жаны қас, жебірлерге, жетесіздерге бағыттар жебесі әлі жетеді. Себебі әлгілердің өзі азаяр емес. Міне, ақын арыны осыны байқатады. Оның рухы олармен мәңгілік күрес ашқан.
Рақат түн, дырду мен дабыр қалып,
Жазылған жыр жүректің шамын жағып,
Елдігі мен ерлігі қалғығанды,
Аттан салып оятсын дабыл қағып.
Дүниеден іздеуменен нұрлы бесін,
Талпыныстан танбаған жыр-күресім,
Адамдық пен адалдық семсеріндей,
Жағымпаздың ту сыртын тілгілесін,- деуінен ақынның ұстанымы айқын көрінеді. Ол жыр жүрегінің шамын жағып, түнекті жарык әлемге айналдырып келді, әлеуметтің айтпағын аттан салып әйгілеп келді. Адалдық пен адамдық ұраны акынды әр кез қалғытпайды.
Әттең, 80 жасында да сең-сең күйден жаңылыспатын ақындардың ардагері қазір арамызда жоқ. О дүниелік. Мұңын елге айтатын, жоғын халықтан түгелдейтін қайран ақынның қазасына біраз өтсе де, азасы әлі басылар түрі көрінбейді. Демек, ақын арқаланған адамдық пен адалдық айнасы баршамыздан тазалық күтеді. Сол тазалық орнамай ақын рухы да тыншымайды.
Тілес Жазықбай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы