Флобердің өмірінде тағдыр жолықтырған арулар аз болған жоқ. Бірақ, ол бір-ақ әйелді - Элиза Шлезенжерді ғана шын көңілімен беріліп сүйіп, онымен бірге болуды көзі жұмылғанша армандады. Әдемі бикештің бейнесін ол жүрегінде мәңгі сақтап, шығармаларында суреттелген арулардың кескін-келбетіне ғашығының жаратылысына тән сұлулықтың белгілерін сыйлады. Эмма Бовари, Саламбо, Мари Арну т.с.с. кейіпкерлерінің қайталанбас образын сомдағанда үнемі сағым бұлттарының арасынан мұнарлаған сүйіктісінің сұлбасы суреткерлік қиялының бесігін тербеп, сезіміне қанат бітіріп, көз алдынан кетпей тұрып алды. Әрине, ол кейіпкерлердің бәрінен Элизаның түпбейнесін қазымырланып іздеуден аулақпыз. Әйткенмен, жүз жерден обьективті болуға тырысса да еркіне көнбей қойып, тасжүрек сұлудың тәтті лебізіне зар болған бозбаланың үмітсіз азабы, назасы мен үнсіз толғаған зары суреткер шығармаларында ізін қалдырмай тұра алған жоқ.
«Ол ерекше жаратылған сұлу әйел болды, - деп есіне алады Элизаны ұлы қаламгердің досы Максим дю Кан. – Сопақтау келген беті әдемі мүсініне жарасып, тегістеліп таралған қара шәші желбіреп, езуіне күлкі үйіріліп тұратын. Бірақ көзінде ерекше мұң бар еді. Баданадай қара көздері күлімсіреп, ақ тістері маржандай жарқырайтын. Ол үнемі Неро атты дәу төбетін ертіп жүретін».
Шын махаббат асықпай келіп, адамның ақыл-ойы мен жүрегін бірте-бірте жаулап, өзіне бағындырады. Ал, ғашықтық дерті шырпыдай тез тұтанып, пенде баласының есін алып, еркін билеп сезімін көзді ашып-жұмғанша өртке орандырады.
Флобер әлі бұғанасы бекіп, қабырғасы қата қоймаған он бес жасында Элиза Шлезенжерді кездейсоқ жолықтырып, ғашық болып қалғанда, жүзі жылы кербез келіншектің өмір бойы сүйіп өтетін бақытсыз махаббатына айналарын білген жоқ. Ұлы махаббат көрінген гүлге қона беретін көбелек емес. Бал арасы гүлдің ең әдемісіне, ең тәттісіне қонатынындай, ұлы махаббат та өз ұясын жаны сұлу, рухы биік адамдардың жүрегіне салады.
Жаздың күнгі сол бір оқиғаны ол кейін Элизаны жүрегі езіле жаздап, елжіреп сағынғанда қайта-қайта есіне алды. Бір көруді армандағанда, кешегі күннің әйнегін сүртіп, өткен уақыттың терезесінен сығалап, іштей егілді. Бәрі де, жаңа ғана аяқталған тойдағы шаттыққа толы көңіл-күйдің әсеріндей есінде сақталып қалыпты.
Жер аяғы кеңіп, Табиғат-Ана жазғы көйлегін кие салысымен Флоберлердің үй-іші жалғыз ғана қонақ үйі бар Трувиль қалашығына қонақтап келген еді. Кездейсоқтық па, әлде тағдыр ма, кім білсін, олардың жанұясы сол жылы әйелімен және баласымен осы жақта демалып жатқан, музыкалық баспагер Морис Шлезенжерді жолықтырып, жазғы демалыстарын бірге өткізді. Күйеуі мен емшектегі сәбиі бар әйелге ғашық болу Гюставтың өңі түгіл, үш ұйықтаса да түсіне кірмеген – ұятты іс. Бірақ ақылдың әміріне көнбей кететін сезімді ауыздықтауға кейде парасат құдіретінің де күші жетпей қалатын кездері болады екен-ау!
Түбіт мұрты енді тебіндей бастаған бозбала бір көргеннен Элизаға құлай ғашық болып қалып, ұйқысы қашып, таң атқанша кірпіктері желімденбей қойды. Қолын қанша созса да алыстағы айға жеткізе алмасын білгенімен, лапылдап жанып бара жатқан оттай сезімі басқа ештеңені ойлатпай, түнде төсекте жатып сөз құдіретінің сиқырымен сүйген жанының сүгіретін салды. «Ұзын бойлы, сымбатты, қыр мұрынды, көркіне ақылы сай – сұлу келіншек. Әдемі, сәнді таралған шәштары иығына төгіліп түсіп тұр. Қиғаш қастарының астындағы көздері жұлдыздардай жымыңдайды».
Замандастары жас кезінде Гюставтың өте көрікті, бойы ұзын, қасы көмірдей қара, әдемі жігіт болғанын айтады. Жазушының көзін көрген бикештердің бірі «Ол гректердің Құдайындай сұлу еді» деп Флобердің жігіттің сұлтаны болғанын есіне алады. Әрі дәулетті, әрі талантты, әрі көрікті азаматқа талай қыздар сыртынан ғашық та болып жатты. Алайда, кәмілетке толмаған бозбаланың жүрегіне өзінен бес жас үлкен, емшектегі баласы бар Элиза Шлезенжер біржола ұялап алды. Жатса да, тұрса да ол тек Элизаны қиялдап, аңсап, армандап, бір көруге асық болып, сүйген жүрегі тозақтың отында жанып, күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылды.
Ғашықтық дерті рухын қаусыратып, жігерін құм қылғанымен ұялшақ, әрі кісікиік жігіттің ертең-ақ жібек матадай қолынан сусып кетуі мүмкін қымбаттысының қасына барып тілдесуге тәуекелі жетпеді. Жұлдыздары сүйіктісінің жанарындай жымыңдаған түндерде ойлап тапқан сұлу сөздерді айтуға қайта-қайта оқталып, батылы жетпей орта жолдан талай мәрте тоқтады. Амалы таусылып, Элизаға қалай жақындарын білмей жүрген күндердің бірінде ондай мүмкіндік аяқ астынан туа кетті.
Элизаның күйеуі тышқанның мұрнын қаната алмайтын адал, аузын ашса жүрегі көрінетін Гюставты жақсы көретін. Кейде екеуі кешке атпен серуендеп, көңіл көтеретін. Бір күні ол әйелімен теңізді тамашалап қайтуды ұйғарып, Гюставты да өздерімен бірге демалуға шақырды.
Жаны жай таба алмай жүрген бейбақ сол күні тұңғыш рет ғашығымен тілдесіп, ақ желкеннің астында иықтары түйісіп, бір-біріне жақын отырды. Махаббаттың аласапыран дауылы ішінде аласұрып жатқан бозбаланың қолы рабайда Элизаның көйлегіне тиіп кетіп, қасіреттің тәтті сезімі жүрегінің нәзік талшықтарын толқытып жіберді. Сұлу бикештің сыңғырлаған күлкісінен ләззат алып, тал шыбықтай бұралған мінсіз мүсініне ол сол күні көзі тоймай қайта-қайта қарады. Көңілі шаттанған Элиза мақпал дауысымен оған талай сыр шерткенімен, айдай сұлу арудың айтқан сөздерінің ешқайсысы да бақыттан басы айналып, абдырап қалған Гюставтың есінде қалмапты.
Ерлі-зайыпты Шлезенжерлер жаз аяқтала салысымен Трувильден кетіп қалды, Флоберлердің отбасы да Руанға оралып, оқу жылы басталып Гюстав қайтадан мектеп партасына отырды. Сүюдің азабын ғана емес, енді міне айырылысудың күйігін де тартқан бозбала Элизаны ұмыта алмай, кеудесіне кептелген дыбыссыз өкісігін, сезім бұрқасынын кімге айтарын білмей қапаланды. Жүрегіндегі сынағын салған махаббат өрті өрши түсіп, есін жоғалтып, жынданған сезімімен арпалысты.
Екі жылдан кейін он жеті жасқа толған Гюстав сүйген жанына сөз айта алатын жасқа келгеніне көзі жетіп, өмірлік серігі болуға ұсыныс жасау үшін Элизаны іздеп Трувильге келді. Өкінішке қарай, ол қалаға құстай ұшып жеткенде Шлезенжерлердің жанұясы ол жақтан біржола кетіп қалған екен. Жанын қоярға жер таппаған Флобер дертіне дауа болатын емді енді шығармашылықтан іздеп, мұңын қаламға, жан сырын ақ параққа ақтарып ақынға айналып, кезінде бастап, кейін тастап кеткен «Есалаңның естеліктері» кітабын қайта жалғастырып, жазғы демалыста Элиза Шлезенжерді жолықтырып, оған қалай ғашық болғаны туралы повесін жазуға құлшына кірісті. Махаббат поэмасын жазып болғаннан кейін де ғашықтық дауылының бораны басылмай, қайта үдей түсіп, сезімін сүргілеп, санасын сансыратты. Неше түрлі ойлар жанын шырмауықтай шырмап алды.
О, Элиза! Элиза! Әлемнің сендей сұлулығын сүймеу мүмкін емес екен. Өзіңді өмірімнің өліарасында жолықтырғанымда Жаратушының нұрынан жаратылған періште бейнені көрген бейбақтай есеңгіреп қалдым. Сол күннен бастап шын ғашық болудың қандай азап екеніне көзім жетіп, өзіңді аңсағанда жүрегім сағыныштан талай рет өртеніп кете жаздады.
Жаным, Элиза! Сенші маған. Мен сенің махаббатыңа бөленіп, жүрегіңді жаулап алу үшін ауыр-ауыр азап шектім. Сені кездестірмегенде бұлақтың суындай тұп-тұнық кіршіксіз сезімге өмір бойы шөліркеп өтер ме едім. Кім білсін?
Махаббат – Құдай екен. Өзіңді алғаш көргенде Құдайдың құдіретін сезгендей ақыл-ойым дуаланып, есімнен тана жаздадым. Сен менің жанымнан да ардақты,өмірімнен де қымбатты асылымсың.
Өмір деймін-ау! Бірақ сен жоқ жерде өмірде қандай мағына бар, Элиза. Мына жалған дүниені Сенің сәулең ғана жарық қылып тұрған жоқ па.
О, Элиза! О, Тәңірім! О дүниеден хабар келген күні менің де Сені аңсаумен өткен жанымның мәңгілікке тыныштық табарын білемін. Мәңгілік сапарға аттанарда жанымның сені ғана көргісі келіп, аласұратынын сезеді жүрегім. Жаным аспанға ұшып бара жатқан сол бір қайғылы сәтте Сен ғана мені аяп, өксіп-өксіп жылашы, Элиза!
Жанары жәудіреген Гюстав мұңға батқан түнгі аспандағы сынған бір семсердің шетіндей болып туған айға телміре қарады. Ғашық жүректің сырын біліп қойғандай болып жымыңдаған жұлдыздар көңілдің шыңырауында тұншыққан сезімдерін түрткілей түсіп Элизаны көргісі келген қомағай құштарлығы таң атқанша басылмай қойды.
Уақыт құстай ұшып, көзді ашып жұмғанша шашасына шаң жұқпай тағы екі жыл заулап өте шықты. Мәртебелі уақытты Құдайға теңегенімізбен оның да жүректі жаралаған ғашықтық дертін жазуға құдіреті жетпейтініне Гюставтың көзі анық жетті. Күн артынан сынаптай сырғанап күндер өтсе де Элизаны ұмыта алмады. Айлы түндерде тәтті ойлардың тылсымында жаны қысылып, оны ойлаумен жыл артынан жылды шығарып салды.
Он тоғызға толғанда мектепті бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсті. Төбелері көкке жеткендей болған әке-шешесінің қуанышы қойнына сыймай кетіп, ұлдарын Пиренея мен Корсикаға саяхаттауға жіберді. Бойы әжептәуір өсіп, бойжеткен қыздардың бәрі қызыға қарайтын сұлу жігіт ел көріп, жер көріп Корсикадан қайтарда Марсель қаласына аялдады. Ойыңда ештеңе жоқ ол сол күні таңертең теңізге түсуге барғанда қонақ үйдің жанындағы сәкіден Элизаны көріп қалғандай болып, жүрегі аттай тулап, көңілі алып-ұшып жас келіншектің жанына жетіп барды. Өкінішке қарай, сәкіде отырған Элиза емес, Элали Фуко есімді бөтен әйел болып шықты.
Екеуі танысып, әңгімелері жылдам жарасып кетті. Жас келіншек кемеде қызмет ететін күйеуінің келуін тосып жүр екен. Талай-талай аққудай арулардың арманы болған сұлу жігіт тән рахатының дәмін татып үлгеріп, еркектің иісін аңсаған қатынның басын тез айналдырып алды. Бойларын билеп қуана ойнақ салған нәпсінің жыландарын жеңе алмаған екеуі құшақтары айқасып, тар төсекте табысып, сол түнді бірге өткізді.
Жас денесі аршылмаған жұмыртқадай әппақ әйелдің ыстық қойнынан жаны байыз тапқандай болған жігіт тасқындап келген сезімін тұсаулай алмай, сұлу келіншектің шиедей қызыл ернінен тістелеп сүйіп, төсін иіскеп, балдай тәтті тәнінің шәрбатына мейірін қандырып жатып Элизаны ойлап, кескін-келбетін көз алдына елестетті. Сүйіктісін аңсаған шақтарында көр азабына түскендей қинап, таңды-таңға ұрғызған азапты түндердің қарымтасын мына түн сәл де болса қайтарғандай ма, қалай? Әйткенмен, тұла бойын билеп алып, тамыр-тамырын қуалаған сезім толқындары басқа біреуді аңсайды. Сағынады. Үміт жалауын желбіретіп, қолын бұлғап алыстан шақырғандай болады.
Шыдамынан айырып, желіге мастанған нәпсісін қанағаттандырып, жалғыздықтан жабырқаған жүрегін жұбатқан мына әйелдің Элиза болып шықпағаны қандай өкінішті. Сүйген жанының тәніне тән сұлулықтың бәрі – түндей тұңғиық көздері, сымбатты мүсіні, толқынданып иығына төгілген қолаң шәші, қыпша белі, сыңғырлаған тәтті күлкісі.. бәрі- бәрі – құмарлықтың мастығына еліріп, қойнында торға түскен ақ сазандай тулап жатқан мына келіншектің бойында бар. Құдды, сойып қаптап қойған Элизаның сыңары ма, дерсің. Тек, жаны, жаны ғана Элизанікі емес. Нәпсіңді алдағаныңмен, жүрегіңді алдай алмайсың. Элали Фуконы көңілі ұнатқанымен, жүрегі сүймейді. Тәні тоят тапқанымен, сезімі қанағаттанбады.
Таң сібірлеп ата салысымен Гюстав кездейсоқ жағдайда жолыққан келіншекпен асыға қоштасты. Көңілінде өшпестей ізін қалдырған Марсель қаласындағы басынан кешкен махаббат оқиғасын ол өлгенше ұмыта алмады. Кейін бармағын шайнап өкініп, жұрттан Элали Фуконың қайда жүргенін сұрастырған кездері де болды.
Тіршілік қалыпты арнасына түсіп, таудың тентек өзеніндей сарқырап аға берді. Есіңнен тандыра жаздап, еркіңді билеп алатынына қарамастан, адамның өмірі махабаттан ғана тұрмайды. Екі аяқты пендеде одан басқа да міндеттер толып жатыр. Солардың бірі жоғары білім алып, өз жолыңды тауып, көңілің қалайтын сүйікті ісіңмен шұғылдану.
Өмірде өз орныңды таба алмағаннан үлкен қасірет жоқ. Өнерде - екібастан. Мейірімі мол Алла-Тағала адамның бәрін де талантты етіп жаратады. Алайда, жұрттың көбісі өз жолын таппай адасып, әуре-сарсаңға салынып, әбігерге түседі. Жақсы ғалым болуға қабілеті мол талантты адамдар кейде бойындағы біліміне сеніп қолынан келмейтін ісі – жазушылыққа, ақындыққа ұмтылып жібі түзу бір шығарма туғыза алмай, өмірден өтеді. Әрине, ақын немесе жазушы болу үшін білімнің керек екенін ешкім де жоққа шығармайды. Дегенмен, білімді адамдардың бәрі шетінен үлкен ақын немесе аса көрнекті жазушы бола алмайтыны да айдай ақиқат. Кейде, елге ұнағысы келген көңілшек сыншылардың біліміне бола кейбір қаламгерлерді аяғын жерге тигізбей мақтай жөнеліп, халықты адастыратын кездері бар. Француз классигі өмір сүрген уақытта жазушылықтың не екенін түсінбей адасып жүргендер француз әдебиетінде көп еді. Өмір шындығынан алыс шығармаларды мысықша балалатқан графомандар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен болатын.
Жазушылықтың шытырман шырғалаңына түсіп кетпеуін ойлап алаңдаған Флобердің ата-анасы өз балаларының болашағы бұлыңғыр шығармашылықтан гөрі, пайда әкелетін нақты іспен айналысып, заңгер болғанын ақыл көрді. Жүрегі қалағандықтан емес, қандай да бір кәсіпке бейімделу қажеттілігі туғандықтан Флобер білімін жетілдіру мақсатында құқық пәнін одан әрі тереңдете оқи түсу үшін Парижге аттанды.
Заңгер емес, пешенесіне ұлы жазушы болу тағдыры жазылған суреткер іш пыстыратын ғылыми кітаптарды оқи алмай көңілі құлазып, университеттегі темірдей тәртіптен жалығып, атақтан, байлық пен мансаптан басқа ештеңені ойламайтын, талғамы төмен, санасында сәуле жоқ замандастарын жек көре бастады. Тоғышарлықтың торына түскен байғұстардың ішінде сөйлесуге тұрарлық бір жанның табылмағанын қарасайшы. Кіммен сөйлесерін білмей қапаланған Флобердің ақымақ тобырдың дауыстары естілмейтін қиял патшалығының мекеніне кіріп алып, есігін құлыптап тастап, жан сырын ақ параққа ақтарғаннан басқа амалы қалмады. Элизаны сағынып жүргенде Элила Фуконы қалай кездестіргені, әдемі әйелдің оттай ыстық құшағында қалай балқығаны ойына оралып «Қараша» атты повесін шабыттанып жазып тастады. Шығармада Элила Фукомен екеуінің арасындағы болған бір күндік махаббат ойынының оқиғасы суреттелгенімен, басты кейіпкердің кескін-келбетін ол Элизаның көркіне тән сұлулық нәшімен өрнектеді.
Айтпақшы, сол жылы тағдырдың бұралаң жолы Элиза екеуінің жолын тағы да түйістірді. Сүйген жанының ай дидарлы жүзін көруді құмартып жүрген Гюстав бір күні сылтау тауып Морис Шлезенжердің кеңсесіне бас сұғып, бұрынғы таныстығын қайта қалпына келтірудің амалын тапты. Ойында ештеңе жоқ Морис жас жігітті үйінен түскі ас ішіп кетуге шақырды.
Элизаны қайта көру бақытына қолы жеткен Гюставтың таңданысында шек болмады. Дауылды жылдардың жаңбыры да, өткен уақыттың бұрқасындатқан бораны да ғашығының сұлу сымбатына сызық түсіре алмапты. Қайта ол бұрынғысынан да әдемі болып, гүлдей құлпырып кеткен бе, қалай? Жүрегіне шоқ салған уыздай жас келіншекті алғаш көргенде ол бозбала еді, ал, қазір ат жалын тартқан - зіңгіттей азаматқа айналды. Бойындағы құмарлықтың құштарлығы әлі басылмаған жігіт жүрегінде махабат оты қайта маздады. Сүйгеніне қосылатын күн туса оның жолына шыбын жанын құрбан етуге ол дайын. Шешендік пен шеберліктің бәрі бойында бар болғанымен жүрегінің түбінде жасырынған асыл сөздерін жеткізуге гауһар тілінің шамасы келмей қойғанын айтсайшы. Жанына жақындап қалса не айтарын білмей сасқалақтап, тілі күрмеліп, жүрегінің түйінін жаза алмай азаптанғанын қарасайшы.
Ғашықтық дерті қайтадан жанын жалындай шарпығанымен бұл күндер Гюставтың өміріндегі ең бақытты кезеңі болды. Шеленжерлердің отбасымен баяғыдай араласып, үйлеріне жиі барып, кейде олармен бірге саяхаттады. Амалын тауып ақыры бір күні Гюстав ғашығына сезімін білдіріп, сөз айтты. Ішінен қатты қобалжыған ол бәрінен бұрын сүйіктісінің өкпелеп қалатынан қатты сескенген. Бірақ, Элиза өзіне деген ойы бар ғашық жігітке ренжіген жоқ. Алайда, «достық қарым-қатынастан басқа еш нәрседен дәмеленбеуін» албырт жасқа қатаң ескертті.
Гюставтың көзіне сүттен ақ, судан таза періштедей болып көрінгенімен, тағдыры қызық Элиза Шлезенжер дәл ол ойлағандай арына кір жұқтырмаған пәк әйел емес-тін. 1836 жылы Флобер онымен алғаш танысқанда жұрттың бәрі оны Морис Шлезенжердің жұбайы санайтын. Алайда сұлу бикеш ол жылдары алаяқтығы үшін қаржылық дау-дамайға ұшыраған Эмиль Жюдза деген біреумен заңды некеде тұрған болып шығады. Бас бостандығынан айырылу қаупі төніп, сотты болған азаматтың берешек ақшасын Морис Шлезенжер өз қалтасынан төлеп, оны түрмеден құтқарып қалады. Жасаған жақсылығы үшін ол Жюдзеге әдемі әйелін оған тастап, Франциядан біржола кетуін сұрайды. Жюдзе келісіп, Элиза заңды емес екінші күйеуімен өмір сүре бастайды. Ерлі -зайыптылардың ажырасуына ол кездері заң жүзінде рұқсат етілмегендіктен 1840 жылы Эмиль Жюдзе қайтыс болғаннан кейін ғана Морис пен Элиза некелерін заңдастыра алды.
Шлезенжерлердің шаңырағымен жақын араласқан адамдардың айтуынша кербез келіншек Мористы жақсы көрмеген. Елден кетіп қалғанына қарамастан алғашқы алаяқ күйеуін өлердей сүйіп, оны бір көруге асық болған. Неліктен Элизаның өзін жанынан да артық жақсы көріп, тағдырын талақ етуге дайын Гюставтың қолынан ұстап кете салуға тәуекел етпегенін түсіну қиын емес. Баспанамен қамтамасыз етіп, жеке басына жасаған жақсылықтары үшін ол екінші күйеуіне шексіз қарыздар-тын. Оның үстіне Мористен сүйген баласы да бар.
Ғашықтық дерті бойды жеңбей қоймайды. Біреуді бар ынтасымен сүйген адамның жанары маңдайында емес, жүрегінде болатыны шындық шығар. Ал, ғашық жүрек аспандағы шырақтай жанған жұлдыздардың ішінен біреуін ғана көріп, одан басқа ештеңені байқамай есінен танады. Гюстав та қаптаған қыз-қырқындардың бірде-біреуіне назар аудармай Элизаның қыр соңынан көлеңкесіндей қалмай қойды. Екі байының ортасында басы қатып жүрген сұлу қатын сөзін жауапсыз қалдырса да үмітін үзбеді.
Бетінің қызылы бар ұрғашы көрсе сезімін тежей алмайтын Морис Шлезенжер әйелінің көзіне жиі шөп салатын. Күйеуінің осындай жаман әдеті бар екенін Элиза жақсы білетін. Екеуі сол үшін жиі-жиі ұрысып та қалатын. Махабатқа тұрақсыз күйеуінің жеңілтек мінезінен шаршаған келіншек бір күні Флобердің сезіміне жауап беріп, жігіттің пәтерінде кездесуге келісімін берді.
Жабырқаған қайғының тұсауында жүрген жігіттің көңілі жаздай жадырап кетті. Алыстағы сағымдай мұнарлаған арманына қолы жеткенін ойлағанда сәулелі сұлу жарды аңсаған жүрегі лүпілдеп, көңілі тыныштық таппай, жүзінде ыстық қан ойнады. Элизаның белінен қапсыра құшақтап, ажары таймаған тұңғиық қара көздерінен, ақ тамағынан қалай сүйетінін қиялдағанда іштегі ыстық жалыны сыртқа шыққысы келіп тіленіп, жанына маза бермей аласұрды.
Асау сезімін отқа салған жігіттің арманы орындалмады. Уәдесін бергенімен екеуі кездесуге уағдаласқан пәтерге Элиза келмеді. Француз классигінің өмірінде болған бұл оқиға «Сезім тәрбиесі» романында көрініс тапты. Ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалымдар, бар жан-тәнін салып тырысқанына қарамастан Элиза Шлезенжердің еш уақытта да Флобердің көңілдесі болмағанын айтады.
Флобердің өмірінде Элиза Шлезенжер мен Элила Фукодан басқа Луизе Коле есімді әйелдің болғаны да бізге белгілі. Екеуінің арасындағы болған махаббат драмасына біз сәл кейінірек тоқталармыз. Оқырманды тап қазір Луизе Коледен гөрі, француз классигінің еркін билеп алып, есінен тандыра жаздаған ғашығы Элиза Шлезенжердің тағдыры қызықтырып жатқанын іштей сезіп, осы бір махаббат оқиғасының қалай аяқталғанына тоқталып, әңгімеміздің нүктесін қойғанды жөн санадық.
Сөзіміздің басында біз Гюстав Флобердің бір ғана әйел – Элиза Шлезенжерді ғана өмірден сүйіп өткенін айтқанбыз. Өмірінің соңында оны жазушының өзі де жұртқа жария етіпті. Бір күні әдебиеттегі әріптестері Теофиль Готье, Ипполит Тэн және Эдмон Гонкурлармен бірге мейрамханадан кешкі ас ішіп отырып, ол өте қызық мәлімдеме жасайды. Ұлы жазушы өмірінде бір ғана келіншек - Элиза Шлезенжерді ғана шын ниетімен сүйгенін, басқа әйелдердің бәрімен де жүрегін оттай жандырған жалғыздық дертінен арылу үшін ғана көңілдес болғанын мойындайды. Бірақ тағдыр жолықтырған бірде-бір әйелдің қиялындағы қол жетпес арманы болған Элизаның орнын алмастыра алмағын айтып, мұңға батады.
1871 жылы Морис Шлезенжер дүние салды. Элизаның екінші күйеуі болған, алаяқтыққа жақын азаматтың биржадағы авантюралары сәтсіз аяқталып, ол әйелімен бірге Баденге қоныс аударып, сол жақтан ажалын тапты.
Күйеуі өлгеннен кейін, екеуінің ең алғаш кездескеніне отыз жыл өткенде Флобер өз ғашығына өмірінде тұңғыш рет махаббат хатын жазды. Элизаға жолдаған хатының алғашқы сөйлемін әдеттегідей «Мадам» деп емес, «Менің ең алғашқы, өмірдегі жалғыз махаббатым!» деген сөздермен бастады.
Флобердің хаты Элизаның жүрегін елжіретіп, сезім толқынысына салды. Өзіне ғашық болған ұялшақ жігіттің кескін-келбеті көз алдына келді. Ашық теңізде, ақ желкеннің астында иықтары түйісіп, бір-бірінің демін сезіп сырласқан бақытты күндері есіне түсті. Құштарлық сезімін жүгендей алмаған ниеті жаңа жауған қардай әппақ есалаңның көңілінде сол күні қандай жынды құйынның құтырып, жанына тыныштық бермегенін Элиза қайдан білсін. Бәрі де көрген түстей өте шықты.
Хатты оқи салысымен Элиза жылдам жиналып ертегі жылдардың елесін қуып Флоберді бір көру үшін Круассеге келді. Отыз жыл бұрынғы аласұрған сезімдері қайтадан көңілінің бір түкпірінен жыландай басын көтеріп, Гюстав та өз ғашығымен кездесуге асықты. Алайда сұлулықтың да Уақыт-Құдаймен тіресуге шамасы келмейді екен.
Элиза қатты қартайып кетіпті. Жарық жұлдыздардай жымыңдаған жанары суалып, майы таусылған шамдай сөне бастапты. Тажал тағдыр байғұс әйелдің сұлулығын аямай талқандап, бұрынғы әдеміліктің ізін де қалдырмапты. Шәші ағарып, бетін әжім басып, салдырап қу сүйегі ғана қалыпты.
Ертегідей әдемі өмірді армандаған байғұс қатын тиген екі байынан да опа таппады. Бірінші күйеуі, түрмеден басын аман алып қалу үшін, керек емес кезде сатып жіберетін асыл бұйымдай оны бөтен еркекке қиып, бере салды. Екіншісінің де айдай сұлу аруды ұшпаққа жеткізгені шамалы. Еркек біткеннің бәрі қызыққан әдемі қатыны болғанына қарамастан, бөксесі бұлтыңдаған ұрғашы көрсе, өзін ұстай алмайтын жаман әдетінен арыла алмай қойды. Оны мына жалғанда шын сүйген, ол үшін жанын құрбан етуге дайын бір ғана адам болыпты. Ол – Флобер. Жасы алпысқа таяп қалған кемпірдің енді ғана осы шындықтқа көзі жетті. Әлде, он екіде бір гүлі ашылмаған бозбаланы бақытсыз еткісі келмегендіктен, кезінде оны әдейі түсінгісі келмеді ме?
Жендет уақыт Флоберді де аямады. Өмірінің соңғы жылдарын Круасседе өткізген француз классигі шығармашылықтың қызығына беріліп, сыртқа көп шыға қоймайтын. Күніне он төрт, он бес сағаттан жұмыс істеу оны қатты қалжыратып, жүйкесін жұқартып, қартайтып жіберді. Оның үстіне ол бұрқыратып темекіні де көп шегетін. Қатыны жоқ еркектің күтімі де болмайды. Отыздан асқанда Флобердің шәштары түсе бастап, дұрыстап тамақтанбағандықтан денесі де тез толып, семіріп кетті. Бір сөйлемді жазуға кейде бір күнін арнайтын суреткер қаржылық тапшылықтық азабын да қатты тартты. Ал, «Бовари ханым» романының төңірегіндегі дау-дамай жазушыны бұрынғыдан бетер қатты күйзелтіп жіберді.
Өткен-кеткенді еске түсіріп, екеуі ұзақ сөйлесті. Ұлы жазушыны бақытты ете алатын Құдай берген мүмкіндікті өз қолымен қиратқанын Элиза енді ғана түсінді. Бұл Флобер мен Элизаның ең соңғы рет кездесуі болды. Көп уақыт өтпей ұлы суреткер дүниеден өтті.
Флобер қайтыс болғаннан кейін бір жылдан кейін француз классигінің досы Максим дю Кан жаз кезінде Баденде демалады. Сауық-сайран құрып жүрген күндерінің бірінде ол адасып Илленауда орналасқан жындыхананың жанынан бір-ақ шығады. Ақыл-есі ауытқыған науқастар жататын ауруханының есігі ашық қалып, арғы жағында бір топ сырқат әйелдер серуендеп жүр екен. Бір топ әйелдің ішінен егде тартқан біреуі оған ізет танытып, басын изеп қасынан өте шығады. Максим дю Канмен амандасқан бейтаныс кемпір француз классигінің жүрегін оттай жандырып, өмір бойы сүйіп өткен махаббаты Элиза Шлезенжер болатын..