..ҚАМАЛ БҰЗАР ҚАЛПЫНДА КӨРЕМ

Алатаудан лекіте қоңыр самал есіп, Алматы апортының иісі мұрын жарып, ағаштардан сары-ала жапырақтар саулай төгіліп жатқан 1973 жылдың қыркүйек айының соңғы күндері еді. ҚазМУ-дің филология факультетінің бірінші курсына Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан алты студент (бір жігіт, бес қыз) қабылданғанын естігенбіз. Өзіміз де Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, сабақ басталар алдында, қазіргі Байтұрсынов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы төрт қабатты сары жатақханада бас түйістіріп, арқа-жарқа, мәре-сәре, танысып-білісіп жатырмыз.

Қалың да бұйра қоңыр шашы өсіңкірегендіктен, онсыз да үлкен басына сеңсең бөрік киіп алғандай көрінетін, ат жақты, орақ мұрын, шегір көз, ақсары өңді жігіт Мұрат Пұшатайұлы екен. Бес қыз – Ботагөз Уатқан, Ғибадет Дәрел, Күнішай Рүстем, Арман Көкен, Дәметкен Тоқтарбай. Сол алғашқы танысқан күннен бастап-ақ студенттік жылдардың барлық қызық-шыжықтарын бірге бастан кештік. Олардың Баян-Өлгий – Ұланбатыр – Иркутск – Новосібір – Барнауыл – Семей арқылы автобуспен, пойызбен ұзақ сапар шегіп жеткендерін естіп, атажұртты аңсап, білімге шөлдеп келгендерін тыңдап, «Анау қалай?», «Бұл не?» деген сауалдарды төпеп қоямыз ғой баяғы. Өзіміз де ауылдан ұзап шыққанымыз кеше ғана, біраздан соң олардың әңгімесіне киіп кетіп, әркім өзінің ауылын мақтап, табиғатын, жер-суын суреттеуге тілдері жетпей, даурығысамыз да жатамыз. «Сендер қазақшаны қалай ұмытпағансыңдар?» деп таңқаламыз. Өлгийде қазақ орта мектебін бітіргендерін, Қазақ радиосын тыңдап, Қазақстаннан шығатын газет-журналдарды, кітаптарды үзбей алып тұра­тын­дарын білгенде, тағы да қай­ран қаламыз. Тілімізде еш айыр­ма­шылық жоқ, тек орысшаға шорқақ, орысы жоқ ауылдан келген менің де тіл сындыруым сол шама. Тіпті, бұ­лардың шетелдік қазақтар екенін, өздері айтпаса, біз ажырата алмас­тай едік.

Біздің курста қыздар көп – қы­рық­тан аса, жігіттер аз – он шақты ғанамыз. Мұратпен мен бір бөлмеде тұрдым, бірге жүрдік, бес жыл бойы сырымыз да, жырымыз да ортақ болды.

Университетте оқып жүргенде, үшін­ші курсқа дейін, жазған өлең­дерімізді бір-бірімізге ғана оқып, тал­дап, сынап, қатаң талап қойып жүр­дік. Екеуміздің де алғашқы өлеңдеріміз республикалық жас­тар газетінде жарық көрді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе еді. Жан-жа­ғымыздағылар қолқаласа, қы­сылмай өлең оқитын болдық. Жары­са жазатын болдық.

Студенттер жатақханасының түндігі үнемі желпілдеп тұрады. Екі күннің бірінде думан, сауық кеші, туған күн, тіпті болмаса, қонаққа шақырусыз бару, шақырусыз келген дос-жаран, жолдас-жоралармен өткізетін кештер… Курстастар ортасында әркім қысылмай-ақ өзінің өнерін көрсетеді. Мұраттың халық әні «Гүлдерайымды», «Ағажай, Алтайды» айтқанда тынысы ашылып, әннің бояуын сақтай отыра, үзілдіре орындайтыны ұнаушы еді. Екеуміз кейбір сенбі, жексенбі күндері консерваторияда оқитын нағашы ағасы Құдыс Мәшірге, Сақай Құрметке баратынбыз қыдырып. Солардың ортасында алғаш рет моңғолдың халық әндерін тыңдап, Сарыарқаның самалына кеуде тосып тұрғандай-ақ әсер алғаным есіме түседі. Моңғолдың да, қазақтың да халық әндерінде бір ұқсастық жатқандай көрінеді, оның сырын түсіне алмай дал болатынбыз. Сонда арғы түріктердің, ата-бабамыздың Алтайды мекендеп, бүкіл түркі жұрттарының Алтайдан тарағандығын оқып-білгенде көп құпия сыр ашқандай болатынбыз…

Үшінші курсты бітірген жыл­ғы жазғы демалыста біз – Мұрат, Әмірхан, Әли, Ғарифолла, Жақсыбай, Сейілхан, Болат, Бату, мен – бәріміз бірге Семей облысының Шұбартау ауданына жұмысқа бардық. Шағын құрылыс қосыны болып, ауылдың шетінде ақшаңқан үйлер тұрғызып, күреп ақша тауып қайтсақ деген ойымыз бар. Бұрын құрылыста істемегенбіз. Тәжірибе жоқ. Ниет – түзу, көңіл – аспанда! Сайдың тасындай он жігіт үй саламыз деп аудан орталығы Алғабасқа сау ете түскенімізде, елдегілер кәдімгідей елеңдеп қалды. Кеңшар басшылары біздің ұсынысымызды талқылап, сірә, түбі шикі деп сеніңкіремеді ғой деймін: «Биыл үй салу жос­парымызда жоқ. Келіссе, мәшине, трактор тұратын гараж салсын!» – депті. Оны да құп алдық. Кәдімгі кәнігі үй тұрғызушылар сияқтымыз. Қайла, күрек, қалақ сияқты құрал-саймандарымызды дайындап алып, іске кірісіп кеттік. Бір білгіштер гаражда қатар-қатар тұратын мәшинелер мен тракторлардың он шақты бөліктен құралған (бокс дейді) құрылысының сызбасын да жасап жіберді. Тағы бір білгіш: «Мұны ортасынан бастайық, екі жақ жанына қарай созып салайық!» – деді. Оған да қарсы болмадық. Гараждың бір ішкі қабырғасын түске дейін терлеп-тепшіп жүріп, Мұрат екеуміз өрдік. Сәл оңға қарай қисайыңқырап бара жатқан сияқты. Түстен кейін Ғарифолла мен Жақсыбай кірпіш қалағанда, қабырға сәл солға қарай қисайды. Жанынан қарағанда, білінбейді, ал енді қырынан қарасаң … көзге ұрып-ақ тұр!.. «Мынау қабырғаларың биші қайың сияқты ғой!» – деп Әли сықақтап кетті. «Біз кеткенше құламаса болды!» – деді Жақсыбай. «Әй, мынау біз кеткенше құлап қалады!» – деді Мұрат. «Бұл – ішкі қабырға. Құласа да ешкім көрмейді!»– деп мен жұбатқан болдым. Болары болды. Қаланып қойған қабырғаны бұзып, қайта қалауға кім құлықты дейсіз. Не керек, сол қисық қабырға біз кеткенше құлаған жоқ… Соған қуандық…

 

Мұрат осы 1976 жылдың жазғы екі айын бізбен бірге Шұбартауда өткізгеніне өкінген жоқ, сірә. Ел көрді, жер шолды. Шұбартаудан шыққан жазушылар Мұхтар Мағауин, Төлек Тілеуханов туралы, ұстазымыз Рымғали Нұрғалиев жайында әңгіме бола қалса, біз ол ағаларымыздың табаны тиген топырақтың жылуын сезінгенбіз деп айта жүреміз енді… 

Мұрат ерекше шабытпен бірнеше өлең жазды. Өлеңдерінің көркемдік қуаты артып, бейнелі ойлау жүйесі қалыптасқаны көңіл аудартты.

Сабырдан сан сәт айрылып,

Сағындым еркем сені мен.

Сызылтып ән сап құс өтті

Семейдің зеңгір көгінен.

 

 Көбірек күттім мен сені,

 Көңілдің қырын бүктемей.

Жазықта тұрдым жабырқап,

 Жапанға қойған нүктедей.

 

Хаттарың келер деп едім,

Хабарың кетті құрдымға.

Қанатын сусыл қақтырып,

Қарлығаш ұшып жүр мұнда…

 

Әдемі лирикалық өлеңдегі са­ғыныш сазы қандай! «Шалыс ұйқасқа ша­лынып, құлап қала ма десем, өзің жорға мінгендей тайпалтасың ғой!» деп әзілдеймін мен. Ал мына екі-ақ шумақ өлеңдегі көл-көсір сезімді, аяулы махаббатты, кең жазықта кербесті мініп, жұлдыздай аққан балаң жігітті, ат тұяғы тиіп сабағынан үзілген гүлді, жараланған гүлді қолына алып жігіттің соңынан қарап тұрған ару қызды суретші-ақынның қолынан туған дүние екен демеске, шарамыз қайсы:

Сауырынан суылдап самал ағып,

Кең жазықпен кербесті барады ағып.

Тұнып тұрған гүлдерге тұяқ тиіп,

Табан асты қалыпты жараланып.

 

Бесті кетті бедерлі ізі қалып,

Балаң жігіт барады жүзі жанып.

Артынан кеп ару қыз қарап тұрды,

Сағағынан сол гүлді үзіп алып…

Бізге университетте әдебиет тео­риясынан профессор, филология ғылымдарының докторы, академик-жа­зушы Зейнолла Қабдолов дәріс бер­ді. Әлгіндей отты өлеңдерді оқы­ғанда ұстазымыздың екі көзі шоқтай жанып кетуші еді. Содан соң «Ғажап емес пе?!» дейтін тамсанып, жұртты да тамсандырып. Міне, Мұрат Пұшатайұлы Семей сапарынан кейін осындай сұлу өлеңдер, ға­жап өлеңдер жаза бастаған еді десем, қателеспеймін.

Көз жіберші қырмызы қырға, жаным,

Көк пүліспен көмкеріп  құз балағын,

Бұлақ жатыр бұлқынып  төскейлерде,

Бұрымындай бұралып  қыз баланың.

 

Басталғандай жаңғырып жаңа  бір ән,

Сарғалдақтар майысып сабағынан.

Күй төгілген сияқты кең далаға,

Шаң қобыздың шымырлап шанағынан,

– деп ол қайта оралған көктем суреттеріне елітіп тұрып, қайта оралмас балалық шағын сағынды. Енді бірде ол:

Сәлем айтам Жетісу өлкесіне,

Оранғамын көгілшім көрпесіне.

Кеудесінен Хэрлэннің гүл үзем де

Алатаудың қадаймын өр төсіне.

 

Сыр бойына сыр айтам Сырғалыдан,

Жағасынан тарайтын ырғалып ән.

Сәлем айтам Алтайдың  шыңдарынан,

Көз жеткісіз Говының құм­да­рынан,…

– деп Ақшоқыдан, Бесбоғда мен Буйрдан, Байөлкеден сәлем алып, өлең алып жетуші еді Алматыға! «Анама хат» деген өлеңін оқы­ғанда, көзіне мұң ұялап, күрсініп қойып, ойға шоматын.

Сары адыр белдің үстінде,

Сарғайып жолға қараған.

Сапарға кеткен сары ұлын

Сағына күткен жан анам.

 

Қарбалас тұрып ертемен,

Қарсы алар соңғы тау кешін.

Қалқалап қарап тұр ма екен,

Қалақтай күннің сәулесін?!

 

Ебі бір қашқан саусақта,

Еріксіз діріл бар шығар.

Емексіп кетіп кей шақта

Ериді-ау көзден тамшылар.

 

Көгілдір тартып көкжиек,

Көлеңдеп мұнар көлбейді.

Көңілін шыдап тұр сүйеп,

Көкірек, шіркін, шөлдейді.

 

Аңсайды иісін ұлының,

Адамда төзім керемет.

Алысқа кеткен құлының,

Амалсыз жүр-ау, не керек!

 

Бұдан басқа «Ана» дейтін тағы бір өлеңі бар еді. Онда ғұмыры ерте үзілген анасына соңында қалған төрт баласының атынан тағзым жасайды. Бесікке бөлеп, бейнетімді кешіп, ер жеткізген ұлыңның қызығын көре алмадың-ау деп қамығатын…

Мұрат Пұшатайұлының алғашқы жыр кітабы «Студент дәптерінен» деген атпен Өлгийде 1980 жылы жарық көріпті. Жоғарыда мен мысалға келтірген өлеңдерінің бәрі сол кітапқа енген. Кітап алғысөзінде: «Мұрат Пұшатайұлы аймағымыздың жас толқын ақындар буынының талантты өкілдерінің бірі. Өз стилін, өз үнін айқындау жолында еңбектеніп жүрген жас ақынның жыр жинағы оқырман қауымның жүрегіне жол табады деп сенеміз» – делінген. …

1978 жылдың көктемі. Бесінші курсты бітіруге жақын қалдық. Дип­лом жазу, мемлекеттік емтихандарға дайындық, т. б. қарбаласты күндер өтіп жатты. Бір күні Мұрат маған: – «Торғай облысына, Арқалыққа барып қайтайық. Шайзадаға үйленетін болдым. Баян Өлгийге алып кетем. Бірақ, мына жақта қыздың туыстарының алдынан өтуім керек қой. Менің туыстарым шекарадан бері өтіп келе алмайды. Сондықтан сен әрі күйеу жолдастың, әрі құданың міндетін атқарасың!» – деп қарап тұр. Келістік. Мұрат, Шайзада, Ботагөз, мен –төрт курстас жолға шықтық. Арқалықта бізді күтіп алды. Амангелді ауданына баруымыз керек екен. «Ен жазықты су басып жатыр. Жеңіл мәшинелер жүре алмайды. Сондықтан К–700 тракторына тіркеме тіркеп, соған отырып барасыңдар!» – десті. Оған да көндік. Тіркеменің үстіне мол ғып сабан төселген екен. Торғай даласы – Торғай теңізіне айналып кеткендей! К – 700 тракторы кеме сияқты. Шетсіз-шексіз айдында жүзіп келе жатқандаймыз. Тракторшы бағыт-бағдарын қалай шамалап келе жатқанынан да бейхабармыз. Әйтеуір бір үлкен шұңқырға түсіп кетпесек екен деген тілек үстіндеміз. Қас қарая ауыл шетіне іліктік-ау. Тракторымыз дәл ауылдың іргесіне келгенде бір шұңқырға түсіп, қисайды да қалды. Тіркемені аударып тастай жаздап барып, әйтеуір, аман қалдық. Сөйтіп, межелі жерге жеттік-ау!..

Құдалық жайын сөйлесейін десем, ешкім ыңғай білдірмейді… Қонақ ретінде қапысыз күтіп жатыр. Ән-жыр әуелеп, ертелі-кеш мейрам. Бірақ, үлкен кісілер бізге жоламайды. Кілең жастардың ортасындамыз. Шайзаданың әкесі – осындағы мектептің директоры екен. Ағасы да, әпкелері – Айзада, Гүлзада, сіңілісі – бәрі де әнші. Шайзаданың «Қара көзіңнен мөлдір, Торғай даласын көрдім…» деп шырқайтын әнін бұлар хормен айтқанда, әсем ән үйдің түндігін желпілдетеді. Мұратта үн жоқ. Малдас құрып алып, қозғалмай отырады. «Ей, аяғың ұйып қалды ғой, тұрып, жүріп, билеп, бізбен бірге қимылдасаңшы!» – десем, ол: «Күйеу жігіт осылай отырады біздің жақта. Сен қимылдай бер!» – дейді. Аң-таңмын. Бір күн өтті осылай… Екі күн өтті… Мұрат маған ымдайды: «Сөйлес. Мәселені шеш!..» – деп. Мәселе менің қолымда тұр ма екен?! Шайзаданың туыстары өза­ра күбір-күбір сөйлеседі де, біздің жаққа қарап қойып, қарап қойып, тілдеспейді… Үшінші күн дегенде ғана құдалардың беті бері қарады. Мән-жайды сұрасты. Өздері де көп ақылдасып, «шекара асып кетсе, бұл қызды енді көреміз бе, жоқ па?!» деп қатты қиналғандарын, ақыры бір Аллаға тапсырып, ризашылықтарын беретіндерін айтқанда барып, «ух!» дедік-ау!

 Емтихандар біткеннен кейін, бірге оқыған қыздарымыз ауыл-ауылдарына қайтты, жігіттер әскери дайындықты тиянақтау үшін екі айға Қарағандыға кеттік. Сары күзде Алматыға оралсақ, Мұрат пен Шайзада Моңғолияға енді жүргелі жиналып отыр екен. Кішкентай Әділ атты тұңғыштары дүниеге келіпті. Мен курстасым, Қызылжардың қызы Гүлнәрмен отау құрдым. Сөйтіп, Мұрат, Шайзада, Әділ – үшеуін Алтайдың арғы жағына шығарып салдық.

Бұдан кейінгі жылдарда хат ар­қылы амандық-саулық сұрасып тұрдық. Мұрат менің Алматыдағы Ауылшаруашылығы институтында оқыған кластас досым Біржан Қыдырмолдинді, Семейдегі достарым – Серік Белібаев, Саябек Нұғыманов, Қадылбек Қасымов, т.б. танитын және хаттарында оларға да сәлем жолдайтын. Студенттік жылдардағы қимас күндердің, қызықты шақтардың куәгерлері болып қалды бұлар. Бір күні Мұраттан мынадай хат алдым:

«Сау-сәлемет боларсыңдар? Біз аманбыз. Мен бүгін ерекше толқудамын. Осы жайтты ерекше бір тебіреніспен жазып отырмын. Жалпы, менің сезімім ештеңеге селт етпейтін шығар деп ойлаушы едім. Айналадағы алмағайып құбылыстың бәріне немқұрайды қарайтынмын. Содан мен бір кездегі сезімімді жоғалтып аламын ба деп қатты қорқушы едім. Жоқ. Олай болмады. Бүгін түс қайта кітап дүкеніне барып, «Бастау» деген 1 бума жинақ алдым. Кәдімгі көп кітаптың біріндей қолтығыма қысып, жайбарақат кеңсеге келдім. Ішінен сенің жинағың шыққанда еріксіз езу тарттым. Бас алмай оқып шықтым. Жаныма жақын жырлар өткен күндерді көз алдымнан бір өткізді де, көңілімді көтеріп жіберді. Қуанып кеттім. (Ондай нәрсені айта қоятын бұ жерден құлақ табыла бермейді).Сосын қалам мен қағазға жармас­тым. Осы екеуін ойлап шығарған адамға алғыс айтқым келді. Сонда да көңілдегі барлық нәрсені сыйғыза алмайсың. Десе де мені қазір екі ұдай қуаныш билеп отыр. Біріншісі – сенің жинағың, алғашқы қадамың. Екіншісі – өз сезімімнің жоғалмағандығына көзімнің жеткендігі. Хо-ош, сонымен мұны доғарайын. Бәрібір қағаз – жансыз зат, одан сен оқып аузың тұшымайды, мен жазып тауыса алмаймын. Әлқисса, екінші әңгімені бастайын. Әуелі сенен, Гулядан, Мұраттан кешірім сұраймын. (Басымды иіп тұрып). Жуықта Москва мен Ленинградта 40 күн болдым. Амал қанша переговор берем деп жүріп, бере алмадым. Сосын телеграмма салудан ұялдым да қайттым. Үкімет Алматыға жібермеді. Мамандық жетілдіруге барған едім. Уақыт болмады. Дәм тартса тағы да кездесерміз. Ренжімеңдер әйтеуір. Өтініш: а). Үшеуіңнің суреттеріңді жіберіңдер? ә).Үш Серіктің қайсысының болса да біреуінің толық адресін жібер және сәлем айт! б).Ескі достардың бәріне мың қайта сәлем жолдағайсың. Мүмкін мен селқос тарта бастаған сол бір сезімімді сен және сенің кішкентай жинағың арқылы тауып алған шығармын қалай болғанда да үлкен рақметімді айтып, үстем мерей тілеймін!

Сәлеммен, Мұрат.

Тез хат жаз. 02.02.81.».

Мен үшін, әрине, Мұраттың әрбір хаты, әрбір өлеңі қымбат. Ал менің алғашқы жыр жинағым Алматыдан Баян Өлгийге жетіп, дос жүрегін осынша шаттандырғаны, сезімін оятқаны, шабыт сыйлағаны зор мәртебе болды.

Араға бес-алты жыл салып Мұрат пен Шайзада Алматыға да келді. Мен олар келгенде Жамбыл облысында іс-сапарда жүргенмін. Достар екеуін аэропорттан күтіп алып, бір-ер күн қонақ қылып, Торғайға аттандырыпты. Мұрат үйге келгенде өзімен аттас менің үлкен ұлым Мұрат сәлем беріп, алдынан шығыпты. Кейін тағы бір келгенде үйге телефон соқса, трубканы алған ұлым «Бұл кім?» десе, «Мен – Мұратпын» депті ол, сонда «Мен де Мұратпын!» дейтін көрінеді ұлым… Ол да бір дәурен екен. 1990 жылы біз «Ақсай» ықшамауданынан үш бөлмелі үй алып, қуанышымыз қойнымызға сыймай жатқанда Өлгийден Мұрат келді. Жауапты тапсырмамен Жоғарғы Кеңесте шаруасы бар екен. Сегізінші қабаттағы үйімізге әлі жарық берген жоқ, лифт істемейді, сонда да майшамның жарығымен дуылдасып түннің бір уағына дейін отырдық. Мұратқа «Гүлдерайымды» айтқызып, студенттік жылдарды еске алдық.

1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы аясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастыруымен, он екі адам Баян-Өлгийге баратын болдық. Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары, жазушы Қалдарбек Найманбаев бастаған делегация құрамында Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Уақап Қыдырханұлы, Серік Тұрғынбекұлы, Бақыт Сарбалаұлы, Нағашыбек Қапалбекұлы, Тұрсынжан Шапай, Гүлнәр Салықбаева, Төлеубай Нығарбай, мен және Ботагөз Уатхан болды. Ботагөз Қауымдастықта қызмет істейді, осы сапарды ұйым­дас­тырудың басы-қасында жүрді. Баян-Өлгий аймақтық Қазақ драма театрында өткен салтанатты жиында аймақ әкімі Мизамхан Күнту­ғанұлы мен Аймақтық азаматтар өкілдері хұралы басқармасының төрағасы Мұрат Пұшатайұлы сөз сөйледі. Абай тойының ЮНЕСКО шешімімен әлемдік деңгейде тойланып жатқанына атамекеннен жырақта жүрген қазақтар да мәртебесі өсіп, мерейі үстем болатынын жеткізді олар. Театрда сахналанған «Абай» спектаклінде Абай рөлінде ойнаған халық әртісі, театрдың бас режиссері Моңғолхан Арғынбайұлының өнеріне қол соқтық. Моңғолияның халық әртісі Қабылаш Әбікейұлының жеке концерті де әсерлі өтті. Ол кейін Қазақстанға оралып, Абай атындағы Опера және балет театрында өнер көрсетіп жүргенде, көзімізге жылы ұшырап тұрды. Мұраттың үйінде болып, Шай­за­даның қолынан шәй ішіп, сызылтып салған әндерін тыңдап, Әділ, Әмір, Ғалым, Ақбота сынды желкілдеп өсіп келе жатқан үш ұлы мен бір қызының болашағы жарқын болсын деп тілек қостық. Мұрат әбден ысылған екен. Ай­мақтық халық депутаттары­ хұралында, аймақтық партия комитетінде, Моң­ғолия Жастар одағының аймақтық бөлімінде жауапты қызметтер атқарыпты. Заман талабы, нарық қатынастары сұранымдарына орай Моңғол елінде сыртқы саудамен айналысатын «Бөкентау» компаниясын құрып, басшылық жасап жүр екен.

Қазақы қыран жырдың қос қанаты Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиев Өлгий қаласындағы № 3 мектепте тамаша әдеби кеш өткізді. Қазақстандық қаламгерлер аймақтағы ақын, жазушы, журналис­тер – Мағауия Сұлтанияұлы, Даниял Дікейұлы, Сұлтан Тәукейұлы, Қуанған Жұмаханұлы, Шынай Рахметұлы, Бодаухан Тоқанұлы, Белей Әлімханұлы, Қуатай Ыбырайұлы, Сұңқар Әукетайқызы, Дәкей Жабарқызы, т. б. жүздесіп, пікірлесіп, ой бөлісті, тәжірибе алмасты.

Баян-Өлгийдегі Абай күндері Моң­ғолияның ұлт-азаттық төңке­рі­сінің жыл сайынғы дәстүрлі мере­ке­сімен қатар келіп, жайлауға да шықтық. Ат бәйгесін, балуандар жекпе-жегін, садақшылар сайысын, өнерпаздардың ән-жыр шашуын тамашалап, Абай жырларын жатқа оқитын қандастарымызбен қауышып, бір жасап қалдық. Осы сапардағы алған әсерімізді егжей-тегжейлі баяндап, «Бөкентау баурайында, Қобданың жағасында» деп мақала да жаздым кезінде («Халық кеңесі», 27.08.1995 ж.). Өлгийден 120 шақырым Алтын сөкц сумынының жайлауында болғанымызда бізді елең еткізген «Ел көшкенде» деген ән жиі орындалды. Ән Моңғолия қазақтары Қазақстанға – Атажұртқа көше бастағанда туған. Өлеңі – Мұрат Пұшатайұлынікі, әні – Бержан Файзоллаұлынікі.

Үш Ойғырдың басынан ел көшкені-ай,

Қара бұлты Қобданың  желдеткені-ай.

Бейбіт күнде бөлініп  ағайыннан-ай,

Ойды күдік, бойды мұң  меңдеткені-ай.

 

Қия алмайсың қиналып сүйікті  елді-ай,

Мөлдір бұлақ, асқар тау, биіктерді-ай.

Неге ғана мен ылғи көше  берем-ай,

Көше беру еншіме тиіп пе еді-ай!

 

Жер ұйығы Ойғырда Жебеті,Усай-ай,

Жылқым өріп барады  жусай-жусай.

 Жаны жомарт моңғолдар, бауырларым-ай,

Тумасақ та, болып ек  туысқандай-ай!

 

Дөңгеленген келбетің,

Ұраңқай мен Дөрбетім.

Ел көшкенде – жер жетім,

Мен көшкенде-ай – сен жетім.

 

Ешкім кесіп кетпейді ат кекілін-ай,

Ата жұртым шақырды, ашты есігін-ай. 

Көшкен елге тілерім құтты  қоныс-ай,

Сен аман бол туған жер – ақ  бесігім-ай!

 

Көшуге бел байлаған,

Көліктерін сайлаған.

Ағайынға ақ сапар,

Ұрпақ қамын-ай ойлаған!

Сай-сүйегіңді сырқыратар зар бар, сағыныш бар, қимастық бар, үміт бар, күдік бар, сенім бар, жігерлендіру бар – бәрі бар бұл әнде! Есіңе «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманындағы ел айрылғанда туған «Елім-ай!» әні оралады. Бірақ, бұл ән одан өзгерек! Мүлде бөлек! Бұл көш – Атажұртқа, тәуелсіз Отанға көшу! Сондықтан да қимастық сезімді, кіндік қаның тамған жерден қопарыла көшу оңай болып па, қуаныш сезімі ығыстыра бастайды, ақ жол, ақ сапар, ақ тілек басым түсіп барып аяқталады… Бұл ән көшкен елмен бірге Қазақстанға да жетті. Моңғолия қазақтары ғана емес, Қытайдағы, Өзбекстандағы, Ресейдегі, т. б. қазақтар да көңіл сазына айналдырды. Бұл тағдырлы ән халық жүрегінен орын тапты, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалар рухани құндылық болып танылды. Әннің алғашқы орындаушысы – Меруеш Башайқызы. Моңғолияның Ұланбатырдағы Мәдениет-өнер университетін бітірген. 2008 жылы атамекеніне оралып, Қарағандыдағы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестікке әнші болып орналасқан. 2012 жылы 25 сәуірде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы шығарған «Тектіден туған ұрпаққа…» атты үнтаспасының тұсаукесерін Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияның концерттік залында өткізді. Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптары оркестірінің (дирижері Ерлан Бақтыгерей) сүйемелдеуімен өткен концертте Бержан мен Мұраттың «Ел көшкенде», «Ақ сапар» әндерін нәшіне келтіре орындағанына куә болдық. Ән авторы Бержан Файзоллаұлы 1954 жылы Өлгий қаласында туған екен. Музыкалық білім алған. Аймақтық қазақ музыкалы драма театрында ұлттық оркестрдің бас дирижері болып қызмет істеген. Елге танымал көптеген әндер шығарған сазгер. Мұрат екеуінің бірлескен шығармашылық ізденістері нәтижесінде он шақты ән дүниеге келген. Біржан 2002 жылы тарихи Отанына келіп, Қарағанды облысының Шет ауданында дүниеден озыпты. 


Монғолиядан Қазақстанға бет алған қазақ көшінің (Жиырма жылда 100 мыңдай қандасымыз оралыпты!) ұйымдастырушыларының бірі, курстасым Ботагөз Уатқан «Атажұртқа жеткен көш» кітабында (Алматы, 2013 ж.) Мұрат досымыз туралы былай деп жазады: «Ол 1990 жылдан бастау алған Моңғол елінің қоғамдық саяси өміріндегі өзгерту, жаңартуға, қоғамдық бүгінгі талапқа сай қайта құруға өмірінің соңына дейін ақыл-парасатын арнады. Заман талабы, нарық қатынасы сұраныстарына сай Моңғол елінде сыртқы саудамен айналысатын серіктестіктер орнай бастаған сәтте 1992 жылы «Бөкентау» ЖШС-ін ашып, оны көпшілік тұтыну товарларымен қамтамасыз етуге күш салған азамат. Аймақтағы аты бар да заты жоқ көне базар атаулының бәрін бүгінгі талапқа сай өзгертіп, жәрмеңке дәрежесіне жеткізіп, материалдық-шаруашылық ұйымдастыру жағынан жаңа белес­ке көтерді.

Ол Моңғол еліндегі қазақ әдебиетін дамытуға өзіндік үлесін қосты. М.Пұшатайұлының соңында «Студент дәптері» жыр жинағы, халық көңілінен шыққан ән сөздері, аудармалары, естеліктері қалды. Әдебиет, мәдениет, қоғамдық-саяси өмірдегі еңбегі бағаланып, Монғолияның «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталған. Барлық саналы ғұмыры халқының жарқын болашағына арналған білікті де білімді, көпке қамқор, ақжарқын, кішіпейіл, қадірлі жан еді. 1991 жылғы ұлы көшке де ол өзіндік үлкен үлесін қоса білген азаматтардың бірі болатын…».

Біз университетте шет тілін таңдағанда, араб тілін оқуға ыңғай білдіргенбіз. Өте қиын тіл екен. Бір харпі төрт түрлі жазылады. Жазғы демалыста қарайып қалмас үшін Мұрат екеуміз араб жазуымен қазақша хат жазысамыз. Бір жақсысы, не жазысатынымызды өзімізден басқа ешкім білмейді, оқи алмайды. Бір жолы Мұрат маған мына бір өлеңін жолдапты:

Досым қайда,

Құдай-ау, досым қайда?!

Ол кеткелі тап болдым тосын  жайға.

Үйде тегін, Мазасыз күй кешемін,

Серік керек сезімге осындайда.

 

Көңілім де көбірек алаңдайды,

Маған жайсыз, болды ма оған  жайлы

Құлазиды айналам ала бөтен,

Көк көрпесін қырым да  оранбайды.

 

Туған ортам тартпайды неге  мені,

Бәрі өзінше қызыққа кенеледі.

Серік іздеп баяғы сезім аққу

Сыңсып ұшып кеудемнен  жөнеледі.

 

Жалғыз қалам, оңаша сыр кешемін.

Жырларыңды оқимын күнде  сенің.

Керек екен сезімге серік деген.

Сен болғанда мен бұлай жүрмес  едім.

 

Солай достым, мен бүгін  елеңдеймін,

Жалғыздықтан жарылып  өлердеймін.

Жарты жолы жазылып, бітпей  қалып,

 Жетімсіреп тұратын  өлеңдеймін!

Түсіндім. Досымды мен де сағынып жүрген кезде келді бұл хат-өлең…

1998 жылы «Шер шертер» жыр кітабым шыққанда, «Қазақ елі» – «Шалқар» газеттерінде қызмет істеп жүргенмін, бір данасын Өлгийге бара жатқан Есенгүл Кәпқызынан беріп жібердім. Бұл менің Мұраттың алдында есеп беруім сияқты еді. «Оқып жатырмын. Өз пікірім де болатын сияқты» деген жауап хат та алдым. Көп ұзамай Мұраттан айрылып қалдық. Жүректен кетіпті. Одан бері де талай су ақты… 

Баян-Өлгийге барған бір сапарында қазақтың көрнекті жазушысы, Алтайдың жыршысы, аға-досымыз Әлібек Асқаров Мұраттың үйінде болып, жасы тоқсаннан асқан әкесімен, Шайзадамен, балаларымен жүздесіп, бірге суретке түсіп, бір-бір данасын маған шығартып берген еді… 

Қалың бұйра шашын ақ қырау шалған алпыстағы досымды көз алдыма келтірейін десем де ол мәңгі жас қалпында, қылшылдаған қырықтың бесеуіндегі қамал бұзар қалпында елестейдіЖігіттің сұлтаны еді ғой менің Мұрат досым!..

 

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты