ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ. «...ТАБИҒАТҚА ӨЛЕҢ АЙНАЛАР...»

Қасиетті Шыңғыстау мен киелі Қар­қаралының арасында Берікқара атты тау бар. Біздің Ұлы Даланың маңдайына біт­кен таулар секілді бұл да мажар, бағзы тау. Тарбағатай сілемдерімен ұласып жа­тыр. Сонау палезой заманында қа­лып­тасқан.

Қасиетті Шыңғыстау мен киелі Қар­қаралының арасында Берікқара атты тау бар. Біздің Ұлы Даланың маңдайына біт­кен таулар секілді бұл да мажар, бағзы тау. Тарбағатай сілемдерімен ұласып жа­тыр. Сонау палезой заманында қа­лып­тасқан.

Бір тау бар біздің елде Берікқара,
Тұрады жақын жерден төніп қана.
Алыстан менмұндалап шақырады,
Дегендей құпиямды келіп қара.

Қызылжал – бір қойнаудан үн қатады,
Қызарып сол бір Жалға күн батады.
Қазақтың қара өлеңін, құлақ тоссаң,
Ескен жел Қараөлеңнен тыңдатады.

Жабырқап біреуді іздеп Жал тұрады,
Бір мезет көкірегіне ән тұнады.
Жазықта Ноха қажыға ас берілген,
Арқаның шертпе күйі тартылады.

Қалады сол жағымда Абыралы,
Аршадан әшекейін тағынады.
Ұқсатсам, сол тауларды киіз үйге,
Ақбиік – ақорданың шаңырағы.

Жалғызтау оң жағымда қарауытып,
Мәрәмік ұшқан құстан ән ағытып.
Құшағын кеңге жайып Берікқара,
Тұрады жылда мені дара күтіп...
........................................................
Аймалап айналаңды самал келіп,
Ақ бұлттан кигізіпті далам бөрік.
Тау едің қасиетті, кие қонған,
Тәу еттім, Берікқара, саған келіп...
Осы Берікқараның бауырында өскен Бау­кеңнің өлеңі бұл, Бауыржан Жа­қып­тың. Біздің дархан халықта әр әулиесіне бір-бір биік, әр ақынына бір-бір тау сый­лай­тын (атын беретін, телитін) дәстүр бар емес пе еді. Сексенінші жылдары әде­­­биет­ке келген буынның ішінде се­рілі­гімен де, сергектігімен де, сыршыл­ды­ғы­мен де, өзі де бір биік Бауыржаннан ая­рым бар ма, баяғының шайырларынша шалқыма көңілмен осы тауды саған қи­дым дейін десем, бұл екеуінің тарихы, тіп­ті арыда жатыр екен.
Бұрын Құран-Кәрімде айтылып, кейін ға­лым­дар ашып, таудың да тамыры бола­тынын білдік. Бауыржан Жақып сол Бе­рікқараның тамырына берік байланып, түп-тұқиянымен бітісіп, тұтас бол­мысымен жымдасып кеткен ақын. Жоғарыдағы өлеңінің өзінен соны аңғаруға болады. Бе­рік­қараның қызылқоңыр топырағы жү­зіне қызыл­күрең шырай беріп, селеулі бет­кейлерінен селдір шашына дейін аумай қалған. Есте жоқ ескі замандарда Бе­рікқараның батыс бөлігі силур (палеозой кезеңдері) жыныстарынан түзілсе, Ба­уыржанның болмысы сақ заманындағы салқам сезімдерден («садағындай боп сақтардың»), Берікқараның шығысы девон кезеңі жыныстарынан болса, Ба­уыржанның жаны Дешті Қыпшақтың дауыл­паздығынан («жарқ етті найза­ғай­ларым, қыпшақтың қылышындай боп»), Берікқараның енді бір беткейі ордовик кезеңі жыныстарынан болса, Бауыржан­ның табиғаты ортағасырлық түркілердің тек­тілігінен («Көктүріктің мәңгі тірі рухымын» (Тұмар) туғандай. Ақынның Қызыл­құм­ның жеріндегі «төрт мың жыл бұрын бол­ған гуманоидтардан» бабасын іздеп жүруі де төрт жүз миллион жыл бұрынғы ке­зеңдерде қалыптасқан тауды сүйіп, та­сын маңдайына басқандығынан да шы­ғар.
Табиғат лирикасының талғампаз жыр­шысы Бауыржан Жақыптың түпкі дү­ниесі, тұңғиық сыры – осы Бе­рік­қа­ра­ның бітімінен-дүр деп білеміз. Сол таудың тағдыры ақынға көшкендей, сол таудың зар-мұңын ақын арқалағандай, сол тау арқылы бүкіл қазақ даласын жырлайды, сол Берікқараның өзі болып, ұлан-ғайыр байтақ өлкені кезеді.
Қылаң беріп қырды асқан мынау таңдар менікі,
Мынау өзен, мынау көл, мынау талдар менікі.
Ай мүйізі нұр шайқап, күн арқандар арқарлар,
Шыңдарына шыршалар шығар таулар менікі.
..............................................................................
Жасын жыры менікі, жаңбыр әні менікі,
Жағажайдың балауса балқұрағы менікі.
Дөң маңдайлы, тұма көз құба жазық менікі,
Жыра қазып жол ашқан тау бұлағы менікі.
...........................................................................
Қызыл-жасыл гүлдері, шалғыны да менікі,
Адамдардың сан қилы тағдыры да менікі.
Ақын болып туған соң, жырлау керек бәрін де,
Аспан асты, жер үсті – барлығы да менікі! («Ақын монологі») – деп, таңбасынан танып, ен салып еншілейді де:
...Шөкімдей ақ бұлт көрсең көк жүзінен,
О, жұртым, менің жырым деп ойлағын!
немесе:
Көк өрім шыбық көрсең көктемеде,
Ойларым ол да менің бүршік атқан.

яки:
Уақытты шырқ үйірген құйын көрсең,
Ішінде сол құйынның өлеңім бар;
Көл көрсең көз алмаған түнгі аспаннан,
Дүние, мені есіңе бір аларсың... («Элегия»),
болмаса:
Даламын – мен, созылған даламын – мен,
Баяу ескен самалмен аламын дем.
Көк жүзіне аударып көл көзімді,
Ойға батып, кей кезде қаламын мен («Дала»),

тағы да,
Таумын – мен, аспан төсін еркін емген,
Күйлерін биіктіктің шертіп, өрген.
Ешқашан аласармау – шыңдарымның,
Алдында құдіреттің серті берген.
Тәкаппар тұлғам осы төмендемес,
Сол тұлғам тұтасымен өлеңге көш.
Шоламын қарауылдай кең даланы,
Қыраттар мен көргенді көрем демес («Тау»),

одан соң,
Аспанды демім шарпыған,
Бұлтпын – мен, көкте қалқыған,
Анаға құштар сәбидей,
Жетем деп күнге талпынам («Бұлт»),

ары қарай,
Қынамын – мен, қынамын,
Қойтасқа өрлеп шығамын.
Жабысып жартас басына,
Қайызғақтанып тұрамын, –
деп, сол табиғаттың өзіне айналып (Құдайым-ау, ең ақыры қынасына да), «мен – бір жалғыз сәу­ле­мін жерден өнген», «мен – бір жалғыз тамшымын шөлдеп өлген» («Жалғыз»), «ұшып бара жатырмын құсқа айналып» («Ақмешіт») деп, табиғаттың өзі бо­лып жырлайды. Жырлағанда, жағалауда тұрып, жар­қабақты ұрған толқындарға, етегінде тұрып, жел мен жаңбыр тоздырған шыңдарға, саясында тұ­рып, жапырағын самал ойнатқан қайыңдарға қа­рап, сүйсініп жырлаушы ғана емес, сол жар­қа­бақ болып, сол шың, сол жапырақ болып түйсініп жыр­лайды Бауыржан Жақып.
«Аспаны – ұлы суретші; «Аспаны фотограф» («Ақ нө­сердің астында»), «күні – альпинист» («Жасыл әлем»), «қыраттары – батыр, гүлдері – орден»; «тауы – қария»; «бұлттары – бәдәуи»; «айы – қайық» («Ер­тіс­ке сыр»), «жанары – объектив, жүрегі – фотоаппарат»; «ұшқан бұлбұлдары қарағайлардың ән­дері» болатын ақынның мәңгі жас, мәңгі жасампаз сұлу әлемі сүйсіндірмей, сұқтандырмай қоймайды. Оның әлеміне енгің келеді, бірге ілесіп жүріп, үзеңгі жолдастықпен, үзілмес сыйластықпен сапар шеккің келеді. Ол жырлағанда – дүние өзге­ше. Ол жырлайтын «көк жота, қызыл адыр, күрең белі, тойған қозы секілді дөңдерімен» ат бауырымен шық кешіп кезгің келеді екен кең дүниені.

Тербетіп Оңтүстікті, Арқаны үнмен,
Қазақтың қоңыр күйін тарта білген,
Алтайдан кең көсілген Атырауға,
Сүйемін кең даламды жан-тәніммен («Менің далам») деген ақын «түйе таулары түрегеліп кетердей» байтақ даланы суреттегенде, сағым көшкен сар дала сана түкпіріне шөге береді, шөге береді. Осы бір өлеңінің өзінде жусаны мен бетегесі, жы­ланшөп, түйетабан, жалбызы, құлқайыр, итошаған, киікоты, сүттіген, атқұлағы, ханқызы, қарақат, бүл­дір­гені, долана, жиде, мойылы, шиі, қамысы, боя­ны, терегі, үйеңкісі, қайыңы, ыққыны, көк­бе­де­сі, шыр­ша­сы, аршасы, селеуі, сасыры, қияғы, шы­тыры, то­­был­ғысы, қызғалдағы, сарғалдағы, то­раңғысы, қарағаны, жантағы, адыраспаны, ке­кіре, ер­мен­қурай, меңдуана, қырықбуын, ша­шы­рат­қы, изені, айғыржуа, итмұрыны, сорасы, есек­мия, дерменесі, ақ шеңгел, қара шеңгелі, рауғашы, қымыздығы,кәуілі, бидайық, жыңғыл, мыңбас, жол­желкенін сыйдырып, сүйдіріп үлгереді. Енді бақ­сақ, сол даланы сүйдіріп, сол далаға ғашық ет­кен­де, таңдансын, там­сансын демеген екен, тол­ған­сын, тозғанын көрсін, зарын естісін деген екен оның жүрегі. Бауыржан болып сол даланың әнін айтса, Берікқара болып зарын айтқан екен.
Құлпырған құлан жазық, құмай белің,
Шыңғыстау, Абыралы шұрайлы едің.
«Сол бағың қайда кеткен бастан ұшып,
Сол шағың қайда кеткен?!» – сұрайды елің...
...............................................................
Жазығың бұрынғыдай гүл тақпаған,
Төсіңді қайғы басып, мұң қаптаған.
Мен де енді өзің болып толғанайын,
Тозған жер, жүдеу өлкем, сырқат далам, –
деп, кешегі зұлмат жылдардың зардабын, долы қол­дар­дың даланың алқымында қалған қанды ізін көр­сетеді. Алдында тау болып жырлағанында тау­ға айналғандай күй кешсек, енді Дегелең тауының зарын айтқанда жауға айналғандай қуыстана бастайсың. Дегелең тауы былай деп жырлайды:
...Ақша бұлт басымдағы сеңсең еді,
Ұлдарым – шоқыларым еңселі еді.
Тіл бітті бүгін маған, бәрін де айтам,
Ей, адам, сен сенбесең, жер сенеді!
..............................................................
Күлмін – мен, тау емеспін, үйіндімін,
Шертіліп жатыр соңғы күйім бүгін.
Сан алуан дүниедегі таулар үшін,
Көтеріп тұрмын тірлік қиындығын.
............................................................
Көкірегім күл болсам, тола жара,
Қасымнан қоныс тепті «мола» жаңа.
Жүрегім соқпайды енді, демім бітті,
Ей, таулар, жиналыңдар жаназама!
Дегелең Берікқараны жаназасына шақырғанда, ақын оқырманына оны қалай айтпасын?! Ескертпеде өзі де көрсеткеніндей, Дегелең тауының ас­тын­да ядролық сынақтар нәтижесінде көп мөлшерде радиоактивті қалдықтар қоймасы қалыптасқан. Өз қуатын мыңдаған жылдар бойы жоғалтпайтын плутоний газы бір кездері жер үстіне жарып шығып, аса қауіпті апат болуы ық­тимал екен.
Өң жоқ, түс жоқ ажарымды,
Көз жасыммен сулап та алғам.
Тыңда бәрің азалы үнді,
Тоғаймын мен қурап қалған.
..............................................
Тіршіліктен кенде қалдым,
Тамып көзден түсті көп шық.
Ей, жұмбақ дерт, меңдеп алдың,
Қу тіземді құштым өксіп, –
деген қураған т­о­ғай­дың соңғы сөзі сай-сүйегіңді қалай сырқы­рат­пасын. Сұлулықтың артындағы ұсқынсыздықты, ұсқын­сыздықтың артындағы шарасыздықты, шарасыз­дықтың артындағы өмір үшін күресті жырлайды.

Мен – боз даламын!
Қоршалдым.
Дүмпулерден тозды алабым.
Орыны тілім-тілім сорға айналып,
Сағынып жатыр көлім қаздар әнін.
Мен – боз даламын!

Жылайын десем, жасым жоқ,
Тарайын десем, шашым жоқ.
Әлдекімдердің қолымен
Көкірегіме басылды от!

немесе:
Құдайға жылап, табындым,
«Қайтар, – деп, – титтей жұрнағын қуатты ағынның»,
Бітеліп қалған көздері ашылар ма еді,
Мені тұс-тұстан демейтін бұлақтарымның.
Айқайласам ба шыңғырып өктем,
Толар ма еді арнам, тек сонда ындыны кепкен?!
(«Тартылған өзеннің мұңы»),

немесе:
Айдала – тозақ,
Айналам – азап,
«Құтқар!» – деп, Айға жалындым.
Мойнымда – қамыт,
Қойнымда – тамұқ,
«Құтқар!» – деп, Күнге табындым.
Баладай өксіп жылаймын,
Қашанғы мен де шыдаймын?!
..............................................
Жер шарын кезіп жүрейін,
Барамын қайда?
Молаға барып түнейін... («Желдің жоқтауы»).

Міне, осылай дала шаттығының симфониясы дала қасіретінің реквиеміне айналады. Ақын соны айтады, соны жырлайды.
Біз бұл мақалада Бауыржанның ғылым Көк­жие­гін­дегі жетістіктерін, атақ-абырой, марапат мадақ­тарын сөз етуді мақсат етпедік.
Сол жетістіктерінің бәрі түптеп келгенде ақын жы­рына қызмет ететіндей елестейді маған.
Бауыржан Жақып поэзиясы, оның табиғатты жыр­лаудағы лиризмі мен трагизмі, оның формалық, мазмұндық жаңашылдықтары, оның қазақ өлеңінде әже культін биік деңгейге көтергендігі, сан қилы ке­зеңдер жыныстарынан тұратын Берікқара секілді сан қырлы, сан қатпарлы Бауыржан Жақып болмысы, табиғаты жайлы әңгіме енді айтылады. Бауыржан Жақып кешіп келген елу жыл Берікқара тауы кеш­кен бес жүз миллион жылдай мазмұнды, мағы­налы деп білеміз.

БАУЫРЖАНҒА

Бауыржан Жақып,
Бауыр баласың,
Балаған жырды дауылға Қасым.
Жаныңды жаным, жұрт қайдан ұқсын,
Ақындық дертпен ауырмағасын.

Сапарда сені сынап елеңдер,
Қасқа бұлақтар,
Құба белеңдер.
Шыңғыстан шыңға қанат қағады –
Қазаққа біткен қыран өлеңдер.

Өнерге іштей бекіп таласың,
Жететін жерге жетіп қаласың.
Ағалар асқан асыл асумен,
Ауылыңа қарай кетіп барасың.

Ақынға Аллаһ ақ ғұмыр берген,
Сорын да берген,
Шаттығын берген.
Естелік болып есілсін өлең –
Тіршіліктегі тәтті күндерден.

Аспаннан ақық,
Жауыннан жақұт,
Іздейсің білем дауылдан бақыт.
Ататын таңды аялап бүгін –
Жыр оқиықшы, Бауыржан Жақып!..

 

БАУЫРЖАНҒА


Көрдім талай іріні,
Бауыржаным тұр дара.
Қасымдағы бір іні,
Соңымдағы бір қара.

Көңілдегі елесті,
Көрсетеді жыр-айна.
Бұлың-бұлың көмескі,
Құлын күнің жүр ойда.

Жолығатын жамырап,
Қозыдайын көбеген.
Аузын ашса, маңырап,
Төгілетін көп өлең.

Жазатын ол жыр түмен,
Деп ауылда қалды үйім.
Әжесінің құрты мен
Сағынатын әлдиін.

Жүрегінде сөндірмей
Жүрген отын даланың.
Сағынушы ем мен бірге
Әжесін сол баланың.

Зуылдама, Зырлама
Десең, уақыт тоқтар ма.
Өлең құмар бір бала
Кіріп кетті көкпарға.

Жолықты ма олжаға
Өмірменен беттесіп.
Уылжыған сол бала
Ақын болып кетті өсіп.

Мен дегенде қоңынан
Беруші еді ет кесіп.
Ақын бала соңынан
Ғалым болып кетті өсіп.

Сіңіп кетті ол сағымға
Жүйрік аттай жыл шығып.
Арқасынан қағуға
Жүрем енді қымсынып.

Жүрсін ЕРМАН