117

АЛТАЙДЫҢ МАҢҒАЗ МАҒАЗЫ

 

Бала күнімізде құлаққа  сіңген мынадай жоқтау есімізде:

Абдымажын Долдам-ай,

Иенде қалды ордаң -ай.

Сыртынан тойып жүретін,

Раздан атты молдам -ай.

Раздан молданың қашан қайтыс болғаны туралы, ордасы неге иен қалғаны туралы айтпақ ойымызды кейінге ысыра отырып, осы өлең жолдарындағы «сыртынан тою» деген сөзге тоқталсақ.

Тәңір өзі ерекше ықыласпен жаратқан сырт келбетінің өзі көңілді тоғайтатындай, мінезі, таланты, адамгершілігі, қайсарлығы сынды бір адамның бойынан барлығы табыла бермейтін жақсы қасиеттерге бай бір адамдар болады. Көрген кісінің көзі тоятын, естіген кісінің көңілі тоятын, тіпті мүлде бейтаныс адамдар өзіне жақын көріп, жақсы көріп, сыртынан амандығын тілеп, өмірде сондай адамның болғанына шүкіршілік ететін.

Жоқтап отырған әйелдің көрісіне қарағанда Раздан молла сондай адам.

Біз ол кісіні көрмесек те исі Қытай қазағы «сыртынан тойған» Раздан молланың ұлы-ойшыл ақын, жазушы, драмматург Мағазды көру бақыты, сол кісінің пікірі мен кеңесін есту бақыты бұйырған екен.

1986- жылы 8-сынып бітірген оқушылар Алтай аймақтық 1-орта мектепке үздік оқушыларды қабылдау емтиханына қатысу үшін Шұңқыр ауылдығынан аудан орталығы Буыршынға келдік.

Бұл менің ауылдан бірінші рет ұзап шыққаным еді.

Емтиханға қатысып болғаннан кейін бөле ағам – Дағыстан Абзалханұлының үйінде оқып жатқан туысым – Жанарға бұйымтайымды айттым:

-Мағаз Разданұлы осы ауданда тұрады дейді ғой,танисың ба?

-Сырттай танимын, үйі жақын осы маңда, оны қайтесің?

-Сәлем бергім келеді, өлеңдерім бар еді, көрсеткім келеді.

Дәптерге көшіріп алған бес-алты өлеңім бар, екі кештің арасында екеуміз сол үйге жетіп бардық.

Жазғы клетте дөңгелек столды ортаға алып шәй ішіп отыр екен. Сәлем бердік, бұйымтайымызды айттық.

Шәбетай апай  қалбалақтап қарсы алды. Ауылдағы біраз кісілердің амандығын сұрады.

Шәйден кейін Мағаз ата бізді ерсілі-қарсылы салынған үйдің оң жақ төргі бөлмесіне, жазу кабинетіне бастады. Бұрышқа қойылған көк сырмен сырланған әйнекті кітап сөресінің ортасына қара құлып салынған.

Басқа кітаптар иін тіресе тізіліп тұр да, сыртында Абайдың суреті бар кітап бері таман бөлек тұр.

Ақын сәл еңкейіп өлеңдерімді оқып отырғанда иегінің астынан бір емес бірнеше қатпарланып кеткен боғағы бетімен тұтасып кеткендей еді. Балалық шығар күлкім келді. Сол қатпардың зобалаң жылдардың салған бедері екенін, егіліп жылауға тиіс тауқымет екенін қайдан білейін?!

Өлеңдерім туралы не айтқаны есімде жоқ, жақсы екен, жаза бер деген болу керек, себебі көңілсіз қайтқан жоқпын.

Өрісі кең,аспан асты өз үйі,

Нағыз өлең жолдаианы не қылмақ?!

Деп ақын өзі айтқандай өлеңдері ауыздан-ауызға тарап жатталып кеткен ақынды көру арманым орындалып, шексіз шаттанғаным ғана есімде.

Алтай аймақтық 1-орта мекетепті оқып жүргенімде, каникул сайын соғып, сәлем беруді әдетіме айландырдым.

11- сыныптың қыстық каникулда  барып сәлем бергенімде қай мамандыққа дайындалып жатқанымда сұрады.

-Қоғамдық топқа-,дедім мен.

-Қазір ғылым техниканың заманы, қазақ ғылымнан кенже қалып барады,жаратылыстық топқа бөлініп, бір мамандықты игеріп шығуды ойлау керек деді кетерімде.

Мен өкпелеп қалдым.

«Мен ақын бола алмайды деп тұр ғой бұл кісі, қойшы, енді келмеймін!»- дедім ішімнен.

Қыс бойы үйде жүргенде де, мектепке барған соң да сол айтқаны ойымнан шықпай қойды.

Ақыр аяғында «жақсылар нұсқаған жолмен кетсем өкініш қалмас» деп тура жоғары мектепке емтихан тапсыруға бір ай қалғанда, сынып мұғалімімді, әдебиет пәні мұғалімімді, сыныптастарымды аң-таң қалдырып жараттылытық топқа ауыстым.

Мұғалімдер қоғамдық топта қалуыма үгіттеп көрді, көнбедім, неге екенін ашып айтпадым.

Менің Қазақстанға көшіп келген уақытым – өткен ғасырдың соңғы жылы экономиканың тұралап тұрған тұсы, ақын-жазушылар қаламақы түгілі, айлап жалақы ала алмаған кездер еді. Мен сол тұста Мағаз атаның ақылының шарапатын көрдім, Қытайда алған білімім бойынша дәрігерлік мамандығым отбасымның бала-шағамның ырыздығына айналды.

Аудан орталығында тұратын немере ағам – Кәкімге жолыққан сайын менің аман-саулығымды сұрайтынын, өлеңдерім туралы жақсы пікір айтқанын еміс-еміс естіп жүрдім.

Халық «сыртынан тойған» ақынның көп қасиетінің бірі – Ол қазақ тарихының жоқтаушысы еді. Оның қаламынан шыққан тарихи оқиғаға құрылған шығармаларын оқырман бірден сіңіріп әкететін. «Тағы не жазар екен?»-деп зарыға күтетін.

Ақын қолына қалам алған тұста сол ғасырдағы оқиғалар қатталы-шотталып, архивке түспек түгілі, өртеліп, жыртылып қолда бардан мақрұм қалған кез тұғын. Көрірек дейтін кең сарайға жинады бәрін, біреуін бастан кешсе, біреуін дәрия кеуде қарттарынан жазып алды, тұрманын түгендеп қайта ұсынды.

 «Байлаулы бұзау, асулы қазан қалды» дейді жазушы,»Алтай-Табағатай оқиғасы» туралы жазған шығармасында.

Бір түнде үдере көшкен ауылдың бейнесін суреттеп.

Қазақ байлаулы бұзауды өріске жібермей шайға отырмайтын, қазақ ошақты оттан түсірмей қаңтарып қоймайтын. Көз алдыңа ебіл-себіл болып есі шыққан қауым елестейді.

Тағы бір шығармасында бір топ ойнап жүрген баланың айтқан өлеңі:

Айдағаным жылқы еді-ай,

Іздегенім күлкі еді-ай.

Сол күлкіден айырылып,

Алаш неге үркеді-ай.

 

Айдағаным түйе еді-ай,

Түйе мойнын иеді-ай.

Қарғыс атқан полшавек,

Аш бөрідей тиеді-ай….

Үлкендер жағы ондай өлең айтпаңдар деп тиып тастады дейді.

Отызыншы жылдары ауған қазақтың тағдырын екі-ақ шумақпен жеткізіп тұр.

Не естісе соны қағып алатын балада жазық жоқ әрине.

«Көк иірім шүңет сөйлейді», «Соңғы ас» оқылған бойда халық санасына жатталып кеткен дүниелер.

Тағы бір қыры, сабырлылық екенін жиырма жылға сотталған ақынның зынданға алғаш кірген кездегі бір шумақ өлеңінен көреміз:

Ер жасып езіле ме ажырғыға,

Немене ауыр бейнет сабырлыға?

Жеті мың үш  жүз түннің  баста ұйқысын,

Жайлап сал төсегіңді,абыржыма!” дейді ақын.

Сексен гүл, сары бұлақ, секі жартас,

Барқыт бел, балаусалы, бауыры-балқаш.

Қапталы қарағаймен көмкерілген,

Айғыр жал кезеңдері орқаш,орқаш.

Суреткерлік те, қисын да, шеберлік те асып төгілген  ақынды шайыр демеуші ме еді?!

«Мағаз ақын науқас екен» деген суық хабар ел ішін суық желдей сумаңдап кезіп жүрді.

«Сыртынан тоятын»  кісілердің мейір-шапағаты, қажыр-қайраты, ақыл-ойы, махаббаты көл-көсір болса, касіреті де кісі ақылы жетпейтін теңіздер терең болады екен.

Сөзіміздің басында кітап сөресінде ұлы Абайдың суреті басылған кітаптың көрнекті жерде тұрғанын айтып едік қой.

Жазушы Тұрсын Жұртбайдың Абайдың соңғы өмірін бейнелейтін шығармасында Семейден Жидебайға Ұлы Абайдың Әбіштің сүйегін әкеле жатқан арбаның алдында жаяу жүгіріп,”Әбішімнің арқасына тас батпасыншы!” деп жолдағы қиыршық тастарды жан-жаққа лақтырып бара жатқанын суреттейтін жолдар бар еді ғой.

Марс өмірден өткенде Мағаздың балаға деген қайғысы содан кем түспеген сыңайлы.

Алтайда Қазақ дәрігерлік емханасында қызмет істеп жүргенімде арнайы амандаса бардым.

Мені танымаған сияқты,мені көрмейтін сияқты,дауысымды естімейтін сияқты,тіпті мына әлемде емес сияқты көрінді маған.

Ұлы Абайдың ауылға келгеннен соң теріс қарап жатып алып, қайтыс болатын күні «Менің де қайтатын күнім жетті» дейтіні, мүрдені әкесі Құнанбайдың зиратын қасына жеткізе алмай, бастан тамшылаған қан ақ матаның сыртына шығып кете берген соң амалсыз жақын маңға жерленетіні айтылатын.

Мағаздың қайғысы да сондай бір тәні жер бетінде болғанмен,жаны баласының соңынан ере,жете алмай арпалысқан құйын үйірген қаңбақтай халде тұғын.

Үйдің қабырғасындағы кілемде ілулі тұрған бір шумақ өлеңге қарап кемсеңдегенін байқадым.

Айналайын Марысым,

Хан ұлынан кем бе едің?!

Барын берер бала үшін,

Мен дағы бір пендемін.

Жазықсыз жала жабылып біресе айдауға, біресе түрмеге түскен ақын шаңырағының бар ауыртпалығын бұғанасы қатпай тұрып көтерген Марс туралы “керемет бала еді”дейді көргендер.

Том-том шығармалары туралы, өмірі мен өнегесі туралы жазылды,айтылды, жазыла бермек.

Себебі біз Мағаз дейтін теңіздің жағасына бардық, сағасынан қолымызға ілінгенін алдық.

Теңіздің бізге айтары аз емес,біздің де байқарымыз уақыт ұзарған сайын құбылып, жаңара түспек!

Қазақ барда Мағаз мәңгілік!

 

Мағиза Құнапияқызы

26.12,2024

Алматы.