Сұраған Рахметұлы атажұртта есімі танылған ақын. Баян Өлгий көне түркілердің киелі ошағы. Ақындық лебіз әзелден Тәңірін іздеуден бүр жарады. «Дүниенің кілті кімнің қолында екенін білу үшін... P.S.» Бұл постскриптум ақынның «Ақ тегершік» атты жыр кітабының эпиграфы. Біртүрлі төңкеріліп түскендей, ғадетте латын қарпімен бұл белгі ең соңында қойылады, ал эпиграф (грекше жазу) сөз басы.
Сауал жусап жатады әр ізде мың
Қайрақ тасты тырналап нәр іздедім
Қыңсылаған күшік үн қайда қашты.
Өлеңде аспан тұттай жалаңаш болмағы ненің тұспалы?
Ит солықтап ішінде көсегенің
Қапырық кек шашады
Көсе көгім.
Түсім сынды амалсыз айға соқты-ау
Көбелектің қанатын төсенемін.
Көне Ведалардан бастап шеру тартқан поэзия модернизмге құлдилады: Бодлер, Поль Верлен "Қарғыс атқан ақындар" деп ат тағып жіберген өз шоғыры Артюр Рембо, Стефан Маллерменің үні бір мезет қабат естіліп қоя бергендей, "Ұлып жұртқа қайтқан ойға" (Абай) байланды. Абсурд деуге тілім бармайды. Бұл не, футуризм бе, акмеизм бе, сюрреализм... бірақ көркемдіктен жұрдай емес.
Футуризмге ХХ ғ. басында күміс ғасырдың білгірі һәм зергері Г.Адамовичтің берген анықтамасы бар:"Түсініксіз, беймағлұм құбылысты түсінікті жазатын поэзия бар, футуризм". Тосын һәм кереғар дүниені үйреншікті тығырықтың арасында жүріп адам баласы шын көңілі қалап тұратын тәрізді.
Қайталады-ау тырна үнін шың дара
Құлын туды енесінің
тамырынан сырғанап.
Барлық әлем кісінейді
Сол сәттен соң ғажап ай
Жансыз әуен көзін ашты тырналап.
Ана Алтайдың аржағынан ақжал атым арқанын
Соза тартты ойнақтатып бойындағы бар қанын
Шоқтығына жел жетпейтін ірі шыңның ығында,
Қарауылға байлаулы екен қайран менің тарпаңым.
«Қайран менің Еділім», Қазтуған жырау жоқтауының жалғасындай сезіледі. Ғасырлар шеру інде түркілердің жоғалтқаны көп, көңілдің көкжиегінен сырғып кеткені мол. Ең негізгі сарын –«Елім-айлап» өксіген қазақ баласының көкірек шері.
Үлкен үйдің іргесі алыс болғасын ба кім білген.
Үзеңгімді ұзарта алмай жүрмін мен.
Ақын үлкен үй дейді, қара шаңырақ демейді. Алтайдың аржағындағы кең жазық шекарадан асып кетсе де, баба қазақтың жылқысының түгі қалған жер. Қазіргі заманғы қазақ поэзиясындағы модернизмнің түп астарына бойлаған сайын ұлттық фольклордың нышандарын, архитипті таба береміз.
Көңілсіз күз аялы жапырағын сілкілеп
Ши түбінен еседі бұлаң құйрық түлкі -Ілеп.
Қылаң тұман тау басын шырқай шауып барады.
Судың бетін ұшықтап сумақы бұлт – Сұр түнек.
Ақынның тілінің шұрайы табиғи нәрінен арылмаған бағзы бұла қалпында болғанмен, өлеңнің формасы тың, стиль жаңа. Әйтпесе мынау суреттен жер жыртығын жамаған жалмауыз кемпірден алтын сақасын алып қашқан баланың бейнесі жалт ететіндей. Артынша өлеңнің жүзі кілт құбылып өзгеріп шыға келмегі тағы аян:
Денесі жоқ үн көрем:
Сенесіз бе қымбаттым,
Табыспасам сол үнмен аластамай кеш құдай.
Ғайыптан сорғалап періште жырдың қанатынан Лермонтовтың 16 жасында жазған бір құдіретті өлеңі қалықтайды, атауы –«Періште» болатын.
Сұраған Рахметұлының өзі кей сәт лағу деп ен салған жырларын оқып отырғанда есіме қазақтың космогониялық мифологиясы, жерге түскен Үркер, аспан денелері оралды. Сондай-ақ, Дулат Бабатайұлы дәуіріндегі эпикалық толғау біздің заманымыздың безбеніне құлайды, абстрактілі образға айналып кетеді.
Ағып түскен жұлдызды күйсеп қойып
Іңір жатыр бұзаудың желісінде.
Ақынның қарашығы асылдығы болар, көрместі көріп, байқамасты аңдап үлгеретін тәрізденеді. Және кей сәт лағып, адасып, ми айналар кеңістіктен, символдық белгі атаулыдан түркіліктің тұяғын іздеп аласұратыны анық. Қарапайым оқушы зердесіне тоқып үлгермей абыржитынын елең қылмайтыны бір өкініш. Мүмкін, модернизмде өстіп адастырмай, еліктірмей қоймайды.
Мистикалық ымырттарды француз Стефан Маллармеден аңдап қалған едік. Поль Верлен мен Артюр Рембо өлеңдеріне тән кешкі ой кешу, күн батып, ай туғаннан соңғы толғаныс «Ақ тегершік» пен «Жұлдыздың лағыл елесі» атты қос жыр кітабында молынан кездеседі.
Мына заман мамығы ақ қарғаның
Адам сыңар
Жер обыр,
Аспан залым.
Тұран-абам жөтеліп ұйқылы ояу
Жылан-анам көтерген Сақтар жанын
Кешір, кешір кең әлем, кесір әлем
Есіл болған елімнің аққан қаны
Есігі ашық О, тоба ұжымақтың
Есі кеткен Эллиндер құжынап тұр.
Тесік өкпе тексіздер
Тек Тамұқта.
Ал мен болсам
Азырақ қызып аппын.
Кекшіл Хунну көгінде
ҚЫЗЫЛ АҚҚУ.
Ғұн. Күн. Мағжан. Ақын қайда құлаш ұрады? Қай қиырларды, қай ғасырларды аңсап алас ұрады? Егер өткен замандар болса, ол келмеске кеткен.
Көктің жүзі құба жыр, дала қойны құба түк.
Ақын өзінің ата-бабасының сөзін қаузайды, даланың өрнегін де, жөргегін де өзі көрді. Мәңгілік сағыныш оның атауы. Бәсе, кей мезет ұғымға қиғаш келетін тәрізді жыр жолдарынан біржола безіп кете алмайтыныңыз енді мәлім болды.
Әжем қонды түсіме кеп, үркітпеші кірпігім.
Міне, алшақтық қайда. Батыс пен Шығыс. Бірі сағыныштан жұрдай. Ал аруаққа сыйынуды шет көрмейтін түз баласының мынау мәңгілік сағынышын рациональды біртекті әлем қабылдай қояр ма екен! Олар оны бағзыда лақтырып тастаған; кәрілер үйі жанға жәйлі, күтімі мен бабы күшті.Мынау экономикалық сан алуан мағлұматқа бағынған біртүрлі әлем әжесінің асыл бейнесін сағынуды қайтсін. Сұраған ақынды оқыған сайын атаң қазақтың дүние жалған философиясын ерекше ұғындым. Бәрі де өткінші, мұң оранған. Оны өзі мойындайды:
Бір мұңым бар қойылмайтын нүктесі.
Сұраған афоризмге құштар, әр өлеңінің түйінін көркемдікпен ұшықтайды.
Жасыл шөппен қайтқан жылға шүкірлік.
Кекселенбес сағыныштар қоштасуға келіп тұр.
Көбінесе үздіге сөйлеу бар.
Көк мұнармен көмеді
Көкшоқыны көктегі Ай
Көкше талдың бүріне
Түнеп қайтқан көктем-ай
Аллитерация. Айлы өлең. Айды айрықша пір тұта жырлау күллі ақындарға тән. Маралтай айшыл, өлеңде толған айға сұқтанатындар аз емес, әйткенмен, Алтайдың арғы бетіндегі Ай ару айрықша сұлу болса керек, Сұрағанда ай бейнесі өртеңге шыққан гүлдей қаптап тұрады. Бауырын мекендеген халықтар тегіннен тегін Айлы-Күнді Алтай атандырмаған ғой.Сұраған ақын айдың тұтас бір галереясын жасайды: «Қайыңдардың қабығына қызыл аймен өртенген?...», «Көгілдір өлең бал-бұла/ Көк ала көкте ай-тандыр», «Ай көрінді: (..ай сәулем, ай-күнім- ай...)» тіпті айды соқыр деуге шейін, ажарсыз ай деп те жырлайды. Ай түнгі күнге келмей ме, ай-күнім-ай деуі бекер емес. Ол айды әр қилы көре береді, ай да құбылмалы, дүние де сондай, қазақтың да көңілі сетінегіш, "ай маңдайлы қызы бар". Құбылған ай әр мезетте әр нені еске салып, адамды мазалайды, жүрегін құсша ұшырады. Ай жарығында күллі әлем елеске айналып кетуге бар.
Абайға үндес өлеңдер Сұрағанда бар. Өзі айтпақшы, "Абай мінген жыр пырағын, абайсызда басқа ұрдым".
Бұлбұл қонар бұтақта ақ қарға тұр.
Абайда: Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.
Бек адамды қабатын
Иттер даяр
Тек жүйкеге шабатын қақпан жатыр.
Абайда: Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.
Қазақта Абай дәстүрінен ешкім аттап өте алмайды.
Жаным солай, қара ымырт
Саңылаусыз түпкір-ді.
Абай "Қаны қара бір жанмын, жаны жара" деп күңіренді. Қазақтың кейінгі ақындары бас ақын Абай тәрізді арзу айтпай қалуға тіпті жөні жоқ.
Аузына ұрдым қақпаның мен тағыңның
Табылмайтын ұжымақты
Неге сонша аңсайсың.
Жадқа бірден Иранғайып жырлары оралады. Ақындар өзара үйлеспей тұрмайды. Ағадан іні қарызданбағы заңдылық.
Сұраған тәңіршіл, ислам туралы айта бермейді, бірақ бұл құдайдан безу
емес. Тегінде бұл ақынның тұла бойында дәстүрлі діндер орныққанға дейінгі көне дәуірлердің алғашқы діні – пұтқа, табиғат құбылыстарына, Күн мен Айға, суға, желге, тасқа табынған кезеңнің бұлғағы білінетіні анық. Ақын жалбарынушылардан. Монотеизм әуелде түркілерден шыққан.
Құлшылық ет тәңірге іштей оған жалбарын
Жалбарын да ертеңнің өзегі үшін бас қатыр.
С.Рахметұлының өлеңдері қазіргі заманғы қазақ поэзиясындағы постмодернизмнің озық үлгісі. Ол ХХ ғ. ағымдардан бас тарта алмайды, алайда ата тегінен, көшпелі нәсілінен, негізінен бір айнымайды, сонысымен баурайды.
Ақылынан адасып жүр бүгіндер?
Көк түріктің кермек қанын татқандар.
Ақын өзі ат қойып, айдар таққан – лағу, экслибрис дейді. Экслибрис –латынша exlibrus кітаптан деген сөз, кітап белгісі, жазба белгі. Әлем әдебиетінде «сана ағымы» делінген, ой толқытқан, психологиялық көңіл-күй, сан-сапалық толғаныс сезімнің кернеуін осынау «лағу» сөзі көбірек, дәлірек ашып тұр. Расында бұл адасу емес, ақиқатты тануға құштарлық, адамзатқа тән асыл мұрат. Бірақ лағусыз, хаоссыз тіршіліктің лебі жоқ. Сұрағанның лағуы – бақсының сарнауы тәрізді. Әр сөздің коды бар. Бәрінен бір шамырқану күшті.
Құртқа -жұлдызтүртеді
Көкжал түннің бауырын...
Ана қасқыр Құртқа, көк түркілердің тотемі жадтан өшпейді. Мыңжылдықтар аңызын сүйеміз. Көкбөрі мен жылқы культы. Бұл символдарды ақын өлердей сүйеді. Жатты өзден сөйтіп айыратын сияқты.
Шомбал айғыр шабады ылғи кісінеп....
Біздің жақта тәңірінің түсі көк!
Әсіресе, ол діндердің өзара алшақтығына наразы. Хақтан безіп қара албасты ма? Сонда нені көксейді? Шаманизмге құлай беріліп сөйлейтіні сезіліп тұрады.
Жын-иеден нәр жұғады бақсыға
Жапырақтан оқығаным ең соңғы;
Дүниеге келмегендер жақсырақ.
Ғұмыр ағашы. Көрнекті зерттеуші Тұрсын Жұртбай «Мықан ағашы» дер еді. Өлісінде жаманы, тірісінде жамандықтан аманы жоқ адамзаттың кескіні, мүскіндік, бәлкім. Ең қызығы ақын санасында сол әр қилы діндердің тамыры бірдей көктеген тәрізді, еуропалық таным-түсінікпен түркілік сана тең, эклектика басым, парадокс болмас.
Түкті әлемнің сүт кенжесі сүліңгір,
буддалардың кірпігі де жұмулы.
Гогольдің «Вий», мифтік құбыжығы жер тірейді. Бұл да бір өлі кірпік. Ақын адамзат малданған пұт құдайларды әбден жатырқайды. Сөйте тұра, ақынның интитуциясы көріпкелдіктен айнымай қалар сәттері жиі. Неге? Қобызын шалып, жапан түзде сарнап отырған бақсыдан оның несі кем? Расында осынау беталбаты лағу ғылымнан алшақ түспейді.
Алма ағаштары бұтағын қорғап ешкіден
Көкке тырмысқанда:
....Жалған дүниенің теңсіздігі басталған дейді
Естілер.
Христиандық әпсанада текені сайтан бейнесіне балайды. Ал әлемдегі ең үлкен шөлдер әуелде жұмақтай жасыл, нулы-сулы, орманды жер болған деседі. Оны құртқан ешкі малы екен. Қазақ ешкіні аса жақтыртпайды. Ақын бір шеті түйсігі арқылы шыңдықты дуалы ауызбен айтуға хақылы.
Сұраған адаматтың санасын жаулаған қилы наным – сенімдердің жаратылысына Махамбеттің «Қалмаққа шатыс хандарды» жек көргені тәрізді өшіге қарағанмен лағу – жыр сарқырамасынан ең әуелі ежелгі қағанның зары мен құсасы төгіледі. Көне түркінің қағаны қағанатын, елін, жерін, жатқа бодан болған, құлдыққа ұшыраған халқын жоқтайды ғой. Мынау расы сол сарын. Ақырзамандық нышандардың өлеңдерінде тым уытты, көп кездесетіні сондықтан.
Жасырын жау түлкі кейпін киеді.
Құбылыстар құдіретіне мастанып, ібіліс
Хан Табытыңа сиеді.
Құмырсқа Империясы –
улы ілімді бүйі елі.
Сендегі ойдың ағытады тиегін.
Осы тұста ақын поэзиясының анық лейтмотиві көрінері анық: бір кездерде «күн түбіне жорытқан» (Доспамбет жырау), жарты әлемді аузына қаратқан, Еуропаны қара түнектен құтқарған күн дидарлы көшпелілер едік қой, қазақтығымыз ғажап еді ғой, енді неге ұлттық болмысымызды ұмыта бастадық?! Тіпті бұл қайғының қасында ақырзамандық сипат бағзыдан аян етілгенін сеземіз:
Кесір жайлап ұлы төрін кең үйдің
Мұз таулардың дымы қалмай ериді.
Бұл Таурат пен Құранда бар өз, қиямет қайымның алдында болатыны шүбәсіз. Адамзат өз көрін өзі қазуға шебер.
Жалынсыз отқа пісірген
Дарынсыз елміз панасыз.
Зар заман ақындарынан бері бұл өкініш ортаймай келеді. Амал не? Соның үшін ақын өзі түйіндейді:
Қан топырақ қабатына мың жылғы ізсақталып.
Жапыраққа жаспен өлең жазылар.
Тегінде иман мен рух -шайырлықтың көк тәңірісі. Егер бір тосын, жұмбақ, аққан жұлдыздай құйрығын ұстатпайтын беймаза, беймағлұм, кереғарлықты пір тұтқан, үйлесімге өлердей ғашық жыр іздесеңіз өзіңіз құзыр болып оқыңыз. Мен тек бұл жырлардың көбігін қалып алғандаймын...