Махамбет Өтемісұлының мерейтойына арналған«Тартынбай сөйлер асылмын» Республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтеді.
Махамбет Өтемісұлы Қазақ халқының ХІХ ғасырдағы ең көрнекті ақындарының бірі.
Исатай Тайманұлы бастаған халық көтерілісінің ең белсенді ұйымдастырушыларының бірі, жалынды жаршысы болды.
Қазақтың көрнекті ақыны, батыры Махамбет – халық көтерілісінің тұсында күрес-тартысқа шынығып, әдебиет майданына келген өршіл, өрен ақын. Махамбеттің өлеңдері сондықтан да бұқара халықтың жүрегіне тым жақын болды.
Қамбар батыр, Ер Тарғын, Асан Қайғы, Сыпыра жырау, Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз сияқты өзі туған өңірдің біртуар тұлғаларының өлмес мұрасын көкірегіне тоқып өсті.
Қазақ халқының азаттығы, теңдігі жолында ақ найзасымен, азаткер асқақ жырымен қасық қаны қалғанша күрескен батыр ақын.
Махамбет шығармашылығы қазақ поэзиясы жанрларларының қалыптасуына, қазақ өлеңінің табиғатын жаңартуына үлкен үлес қосты.
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Тартынбай сөйлер асылмын» Республикалық жас ақындар мүшәйрасы өткізілгелі отыр.
Ереже Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы «Мәдениет туралы» Заңының №207 заңындағы І тарау 12-2 тармағы бойынша және 2010 жылдың 27 мамыр №280-4 ІІІ баптың 1 тармағы бойынша өткізу тәртібін белгілейді.
Мүшәйраның мақсаты:
- ХІХ ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырларымен халықты ұлт-азаттық күреске шақырып үндеген Махамбеттің ақындық қуатын өлеңдері арқылы кейінгі буынға насихаттай отырып, отаншылдық санасын жастардың бойына дарыту. Өршіл мінезді өлеңдері мен күйлерінің ерекшелігін ашып, олар жөнінде түсінік беру. Рухты ақынның өмірі арқылы жастарды Отанды қастерлеуге шақыру. Тарихта алтын әріппен жазылып қалған Махамбет есімін қастерлеуге баулу, адал азамат боп өсуге тәрбиелеу;
- Мүшәйраны өткізу арқылы заманында асқақ ақын, ержүрек жауынгер атанған нар тұлғаның қысқа ғұмырындағы еркіндік идеясын, әділдікті ұран еткен азаматтық мүддесін қалам-қағаз құдіретімен сомдау. Рухты ақынға жырдан ескерткіш орнатып, Махамбет Өтемісұлының шығармашылығын ел ішінде насихаттау;
- Жас буын өкілдерінің ана тілімізге, бабадан мұраға қалған шешендік өнерге деген шығармашылық шеберлігін шыңдау. Әр таланттың өзіндік қабілеттерін жетілдіріп, республикалық, халықаралық деңгейдегі өнер додасына қосу және сол арқылы жаңаша көзқарасты, білімді, білікті кез келген мәселені ой елегінен өткізе алатын ойлы, жан-жақты пайым жасай алатын бәсекеге қабілетті, өзара татулық пен ізгілік қасиеттерді бойларына жинақтаған дарынды жастарды айқындау;
- Жастардың шығармашылық қабілеттерін, көркемдік-эстетикалық дүниетанымын дамыту және қолдау, әлеуметтік жауапкершілігін, патриоттық позициясын қалыптастыру;
- Жастар арасында әріптестік сабақтастықты, достық қарым-қатынасты нығайту;
- Кейінгі буынның қазіргі қазақ поэзиясына деген құштарлығын оятып, рухани тәрбиесін жетілдіру.
Мүшәйраның шарттары:
- Жас ақындар мүшәйрасына 18-40 жас аралығындағы жазба ақындар қатыса алады.
Мүшәйра ІІІ кезеңнен тұрады:
- І-кезең: Қатысушының Махамбет Өтемісұлының мерейтойына арналған еш жерде жарияланбаған өз өлеңі оқылады.
- ІІ кезең: Қатысушылар қазылар алқасына алдын ала Махамбеттің 10 өлеңін (А4 форматта) тапсырады. Қазылардың ұйғарымымен тапсырылған тізімдегі кез келген өлеңнен үзінді оқу сұралады.
- ІІІ кезең: Суырып салмалық қабілетті дамытуға бағытталады. Яғни, қатысушыларға алуан түрлі тақырыптар беріледі. Ақындар берілген бір тақырып бойынша арнайы уақыт ішінде өлең жазуы қажет. (ұзақтығы 8-10 минут)
Мүшәйраның талаптары:
- Мүшәйраның мақсатына сәйкестігі;
- Ақынның сөз тапқырлығы, өлең мағынасының тереңдігі, шумақ ұйқасының күрделілігі;
- Тақырыптың ашылуы, әдеби қолданыстарды теңеу, эпитет, метафора
қолдану шеберлігіне;
- Көркем мәтіннің орындалу шеберлігі;
- Өлең-жырларындағы сөз қолданысы, ұйқасы;
- Дауыс мәнері және тіл тазалығы;
- Өлеңдер көлемі 10 шумақтан, балладалар 15 шумақтан аспауы қажет;
- Көркем мәтінді оқу кезінде музыкамен немесе музыкалық аспаппен сүйемелдеуге болады;
- Талапкер ұсынған шығарма мәтіндерін жатқа, мәнерлі оқи білуі қажет;
- Сахна мәдениеті;
- Дайын фонограммаларды пайдалануға тыйым салынады.
Ұйымдастыру алқасының құзіреті:
- Мүшәйраны ұйымдастыру және өткізу үшін Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының келісімімен ұйымдастыру алқасы құрылады;
- Ұйымдастыру алқасы мүшәйраның барлық ұйымдастырушылық жұмыстарын атқарып, оның жоғары деңгейде өткізілуін қамтамасыз етеді;
- Шараның жарнамалық, баспа өнімдерін шығаруды ұйымдастырады, бұқаралық ақпарат құралдарымен тікелей жұмыс істейді;
- Мүшәйра жеңімпаздарының шығармашылығын республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттауға ықпал етеді;
- Қажет болған жағдайда облыстан қатысқан үміткерлерді анықтау үшін сараптау комиссиясы құрылады.
Қазылар алқасы құрамы:
- Қазылар алқасы құрамы көркемдік кеңесте қаралып, ұсыныс беріледі;
- Мүшәйраның қазылар құрамын Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бекітеді;
- Қазылар алқасының құрамына республикаға белгілі мәдениет пен өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар шақырылады;
- Қазылар алқасы белгіленген сыйлықтардың барлығын бірдей тағайындамауға немесе бір сыйлықты бірнеше қатысушыға бөліп беруіне құқы бар.
Ескерту:
- Өлеңдер бұрын жарияланбаған, жаңа шығарма болуы керек. Ғаламтордан көшірілген материалдар қарастырылмайды.
- Сонымен қатар, қатысушылардың шығармалары арнайы қазылар алқасының шешіміне сәйкес іріктеліп, арнайы жинақ жасалады.
- Мемлекеттік, үкіметтік дәрежедегі атақтары бар, республикалық, халықаралық мүшәйраларда бас жүлде иемденген шығармашылық топтағы жазба ақындар қатыса алмайды.
- Бұл доданың басты мақсаты – ел ішіндегі жаңа таланттарды, жаңа есімдерді табу.
Жеңімпаздарды марапаттау:
- Бас жүлде - 600 000 теңге
- I орын – 500 000 теңге
- II орын – 400 000 теңге
- III орын – 300 000 теңге
- Мүшәйраға қатысушылар алғыс хат және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Ұйымдастырушы:
- Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы,
- Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы.
Өтетін орны: Облыстық халық шығармашылығы орталығы
Өтетін күндері: 2023 жыл 24-25 мамыр
Мекен-жайымыз:
- Атырау қаласы, Балықшы шағын ауданы, А.Байжігітова көшесі, 86 а
- Облыстық халық шығармашылығы орталығы
- Байланыс телефондары: 8 (7122) 30-97-19, 30-97-20
- Асила Джантлекова 8778 520 3463
МҮШӘЙРАҒА ҚАТЫСУ ТУРАЛЫ ӨТІНІМ