ЖЕЛІДЕГІ СҰХБАТ. АҚЫН ЗАИДА ЕЛҒОНДИНОВАМЕН

– Заида апай, сонау 2017 жылдың мамыр айынан бастап, Сіз әлеуметтік желіге келдіңіз. Содан бері өлең жазып келесіз. Сондағы бір өлеңіңіз менің есімнен кетпей жүр. Өзіңізге оқып берейінші.

***

Ұйқысыз түн... таң атқаны ма?!

Көбелектердің қауырсын байлағаны несі

қанаттарына?!

Алланың ақ періштелерінің шеруі тәрізді,

Ұлы Көкке алқызыл арай тұнғаны.

Қызық екен, ақ раушандардың бейкүнә

көздерімен,

Аспанға қарайтындары.

Құстар да сырын айтады таң рауанына,

Ал, дарақтар сенеді, жаңбыр жауарына.

...Күннің саржалқын сәулелері, сап-сары

шырынын құяды көзелеріме,

Бір тал нұр болып тамшылап едім сөз өнеріне.

Енді алып дарияға айналып барамын,

Кім білсін, қайда алып барарын?!

Өңім бе, түсім бе, суретімді суға саламын,

Түсінесің бе, қарағым?!

Судың да жүрегі бар екеніне, сыздағанына,

Суда да мәңгілік із қаларына,

Сенемін.

«Ұйқысыз түн...таң атқаны ма» деген өлеңіңіз бұрынғы өлеңдеріңізге ұқсамайды. Ерекше! Желі Сізге не берді?! Желіден не таптыңыз?! Нені жоғалттыңыз?!

–Иә, қызық сұрақ! Шынында да, мен желіден не таптым, нені жоғалттым?! Ойланып көруге болады. Дегенмен, жауап беріп көрейін. Желіден тапқаным, ең бастысы, халықпен қоян-қолтық араластым. Жақсы оқырмандар таптым. Жер шарының тез айналатыны тәрізді, уақыт доңғалағының тез айналатынын сезіндім. Әртүрлі тағдырлар мен әртүрлі деңгейлерді көрдім. Қатыгез дәуірдің адамзат әлемінде кәдуілгі еттартқыштай айналып тұрған жезтырнағына түспес үшін, бүкіл саналы ғұмырымды арнаған жырларымның болашақ ұрпаққа жетуі үшін не істеймін деген ойға қалдым.

Сонау алтыншы сыныптан тоғызыншы сыныпқа дейін ауылдық кітапхананың алты мың қазақша кітабын оқып, аударма арқылы әлем әдебиетінің классиктері, ағылшынның ұлы ақындары Джордж Гордон Байронды, Перси Биши Шеллиді оқып, жыр жазғаным есіме түсті. Әсіресе, Байронның «Чайльд Гарольд» поэмасын оқып, былай деп жазғаным есімде қалды.

Өтсе де сан ғасырлар көнермейтін,

Өмірде мәңгі жасар өнер дейтін.

Өтіпті дүниеден ұлы ақындар,

Өзі өлсе де мәңгілік сөзі өлмейтін.

 

Құдіретті найзағай көк еркесі ол,

Әлемге әйгілеген аспан атын.

Ақынның жүрегінің көлеңкесі ол,

Жарқылынан жай оғы жасқанатын.

 

Ойнаған Чайльд Гарольд толқында әнің,

Сапырып көк теңіздің толқындарын.

Ақынның заманының зарын тыңдап,

Көрдің бе жанарға жас толтырғанын.

 

Енді мен өзіміздің отандық әдебиетті, оның ішінде қазақтың классиктерін оқумен қатар, әлем әдебиетіне тереземді аштым. Көп іздендім, көп оқыдым. Сөйтіп, жиырмасыншы ғасырдан жиырма бірінші ғасырға жаңашыл сюрреалистік сарындағы жырларыммен келдім.

–Иә, дұрыс айтасыз, Заида апай! Сіздің өлеңдеріңізде шекара жоқ! Әлем, табиғат, жасыл тоғай, жарық күн, түнгі жұлдыздар, ашық аспан, махаббат киесі толықсыған аппақ Ай – бәрі-бәрі сөйлейді. Тіпті, сөздің өзімен сырласасыз. Мысалы, мына бір өлеңіңізде былай дейсіз:

Жүрегімді оқышы қауызынан гүлдердің,

Алаулайды албырап, қызыл гүлдей күнде ернім.

Жұлдызы жоқ аспанға жылы шырай танытып,

Құшағына құлаймын жылуы жоқ түндердің.

 

Ал жаңа жазылған өлеңіңізде:

 

Айдың тілі адамзаттың тілінен де әсерлі,

Гүлдер, гүлдер, Күн тілінде сөйледің!

Менің жырым Жұлдыздардан жас енді,

Күн бейнелі қызыл түсті көйлегім! – дейсіз.

 

Және бір өлеңіңізде:

 

Көбелектің жолағында ұйықтап жатыр мың арман,

Раушан гүлдің сағағына алқызыл нұр төгіліп!

Адамдардан адастырып мені көкке шығарған,

О, жырларым, жылайсыңдар неге, неге егіліп?!

Ұйқысырап жанарымда адамзаттың елесі,

Сол елесті қалғып-мүлгіп ұзақ таңға тербеттім!

О, тәңірім, гүл ғып жарат өмірімде келесі,

Құшағымда, құшағымда махаббат боп ержет, Күн! – дейсіз.

Сіз өзіңіз айтқандай, сюрреалистік сарындағы жырларыңызбен желідегі оқырмандарыңызға бір серпіліс тудырдыңыз. Оқырмандарыңыз Сіздің жырларыңызды күтіп отырады, пікір жазады. Сіз де оқырмандарыңыздың пікіріне жауап қайтарасыз. Яғни, ақын мен оқырманның сырласуының арқасында «желідегі сұхбат» пайда болды. Сөйтіп, 2017 жылдан бері жазған өлеңдеріңізді жинап, 2021 жылы «Менің гауһар жүректі жастығым» және «Мәңгі ғашық өлеңмін» деген екі жыр кітабын шығардыңыз! Құтты болсын! Оқырмандарыңыз көп болсын!

–Рахмет, айналайын!

–Осы жаңа кітаптарыңыздағы сюрреалистік бағытта жазылған жаңа өлеңдеріңіз Сізге қандай көңіл-күй сыйлады?!

–Менің бұл жаңа кітаптарымдағы жаңа өлеңдерім маған үлкен қуаныш сыйлады. Бұл кітаптарымда мен қарабайыр тіршіліктен гөрі, адамзат әлемінің рухани әлеміне, махаббат әлеміне, табиғат әлеміне, жалпы адам жанының түрлі-түсті ғажап жаратылысына терең үңілген екенмін. Және әлем әдебиетінің  Джордж Гордон Байрон, Перси Биши Шелли, Клеманс Мария Брентано, Хуан Рамон Хименес, Федерико Гарсиа Лорка, Антонио Мачадо, Поль Элюар, Жәми, Хафиз сияқты ұлы классиктерімен тереңірек танысқан екенмін. Өзіме жаңа поэзия әлемін аштым.

Поль Элюарға қатысы бар испанның ұлы сюрреалист суретшісі Сальвадор Далидің де өмір тарихымен етене таныстым. Маған Сальвадор Далидің сюрреалистік суреттерінің ұнағаны сонша, қыздарыма айтып, Сальвадор Далидің есімімен аталатын хош иісті әтір алғыздым. Сонда барып мен, әлемдік поэзияның ірі өкілдерімен, күллі өнер саласындағы ірі тұлғалардың сабақтастығын сезіндім.

Бір қызығы, әлемнің сюрреалист суретшісі Сальвадор Далиге деген құрметім үшін, әдеби ортаға барғанда, жиын-тойға барғанда, ең жақсы көйлегіме Сальвадор Далидің есімімен аталатын хош иісті әтірді сеуіп шығамын.

Өйткені, бұл әтір менің жырларыма ұқсайды.

 

 –Заида апай, Сіздің бұл қос кітабыңыз қай баспалардан жарық көрді?!

 

–«Менің гауһар жүректі жастығым» атты жаңа жыр жинағым өткен жылдың маусым айында қазақтың классик ақыны Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр» баспасынан жарық көрді. Ал, «Мәңгі ғашық өлеңмін» деген жыр жинағым өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, ұлт ақыны, классик ақын Ұлықбек Есдәулеттің қолдауымен, біртуар ақын Ақберен Елгезектің жетекшілігімен, «Абай» баспасынан жарыққа шықты. Бұл аталған ақын азаматтарға алғысым шексіз! «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой халқымыз.

 

Сұхбаттасқан Аружан Биназартегі

Алматы қаласы