ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВТІҢ ӘРЕПБАЙ АЙБЕРГЕНОВКЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ

Арепбай!

Үй іштер тегіс аман ба? Әжемнің, бала-шағалардың дендері сау ма? Оңғарбай үлкен жігіт болды ма? Сен менің сонау бала күннен күні бүгінге дейін де, ертең де жан теңгермейтін аяулы достарымның бірісің. Мен ешқашан да сен туралы толқымай, қуанбай, сағынбай ойлаған емеспін. Тап бүгіндері де солаймын. Дәурен туғанда жіберген телеграммаңа дейін есімде. «Бірге туғанмен бірге өлмек жоқ» деген ғой! Тағдыр біздің жолдарымыздың арасын тәуір-ақ алшақтатып жіберді. Адам тағдырында бұл тағдырдан үлкен құдіретті күш жоқ. Яғни, өзіңді өзің емес, санаң емес, жүрегің билейді деген осы. Мен бүгіндері өз маңдайымның терімен әжептәуір-ақ, биікке барып та қалдым ғой деп те ойлаймын. Дегенмен сол атақтың, қолпаштау мен мақтаудың, ресторандар мен банкеттердің маңғаз заалдарындағы «шудан» гөрі сенімен отырып рахаттана шәй ішіп әңгімелескенді, Қазақжап  бойында  сөйлескенді он есе артық көретін кездерім де аз емес.

         Мен жүрген өлкелерге  сен ең болмаса Жапар ұқсап бір рет те келіп қайтпадың. Сен ғой ауылдасың, қайта сені мен сағынып жүрмін. Хатыңды бүгін алдық. Сен Шыршыққа жазған екенсің. Олар бізге жіберіпті. Біз бұдан екі ай бұрын Қазақстан Жазушылар одағының шақыруымен Алматыға көшіп келдік. Осы хатпен қабат салайын деп отырған «Өмірге саяхат» дейтін кітап биыл, 1965 жылы шыққан. Жақын айларда «Сәскедегі дауыс» дейтін үшінші кітабым шығу алдында тұр. 4-ші кітабымды жазып жатырмын. Мен қазір сол Жазушылар одағында істеймін. Мына Үміттің қайтыс бола қалғаны, тез арада әртүрлі себептерге байланысты (Менің бұнда келіп жаңадан жұмысқа орналасуым, оның үстіне Қарақалпақстандағы карантин т.б) бара алмай отырғаным болмаса,  жағдай жаман емес. Жақында СССР Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдандым. 1963 жылдан бастап СССР Журналистер одағының мүшесі болатынмын. Сендер жаққа барып қайтқасын қабылданғанмын. Үрниса, балалар сау. Үрниса осындағы школа-интернатта мұғалім болып істейді. Мен қысқы Үрнисаның каникулы кезінде Үміт апамның орнына барып қайтам. Сонда саған алдын-ала хат жазам, немесе телеграмма беремін. Кездесеміз, аманшылық болса. Сен алдағы жазда Алматыға келіп қайтуды жоспарла. Қазір бұл жақ деген тамаша ғой. Мен сені бір қатырып қыдыртайын. Өзім күтіп аламын да, қайтарда Алматыдан прямо Нөкіске самолетке салып жіберемін. Сурет сал деген екенсің, мына кітапты сақтайтын болсаң соның өзінде суретім бар ғой. Оның үстіне жұрт алып кеткен екен, түсіп жіберермін.

Жүсіп ағайға, Қуатпайға, Ережепке, Демеуге арнайы сәлем айт. Жапарға барлық жағдайды толық барып айтарсың. Мақбалшаға барып бұл хатты оқып берсең мен тіпті  риза болар ем.

1965 жыл

Төлеген АЙБЕРГЕНОВ

 

Хаттың түпнұсқасы: