МЕН БІЛЕТІН АСЕКЕҢ

1960 жылы Алматы шет тілдер институтының неміс тілі факльтетінің соңғы курсында оқып жүргенімде тарихи материализм мен ғылыми коммунизм пәнінің мұғалімі профессор Глузберг дегенмен білім таластырам деп шатасып, мәселем деканатта қаралып, мемлекеттік емтиханға жіберілмей, келесі жылға қалдырылдым. Өзіме жолдама беріп, Гурьев облысының Мақат ауданына оқытушылыққа жіберді.

Келесі жылы мамыр айының аяғына таман мемлекеттік емтихан тапсыруға Алматыға келдім. Қасымда сол жылы тоғызыншы класс бітірген немере інім бар. Шет тілдер институтының жатақханасында орын болмағандықтан, ініміз екеуміз ҚазПИ-дің жатақханасында, таныс жігіттердің қасына жатып жүрдік.

Бір күні жолдастарым анадай жерде аяғын қайшылай басып кетіп бара жатқан, қара көйлекті, қара шалбарлы, шашын мейлінше ұзын етіп қойған ысқаяқ қара жігітті көрсетіп, «Анау кетіп бара жатқан аспирант Асқар Сүлейменов» деді. Бұрын-соңды аспирант көрмей жүрген ештеңем жоқ, әйткенмен, жолдастарым маған бейтаныс жігіттің есімін үлкен ілтипатпен атағаннан-ақ ол жігіттің бойында бір ерекшеліктің бар екенін сездім де: «Ал, ие, Асқар болса қайтеміз?» дедім қырсықтанып. «Ойбой, білмейтін пәлесі жоқ, нағыз ғұлама» десті олар.

Мен оның ту сыртынан тағы бір көз жібердім. Білімдар адамға деген сый-құрметім бөлек болатын. Бірақ тілдеспей, сөйлеспей тұрып бас ию де маған жат-ты. Төбесінен будақтап шығып бара жатқан білім байқалмайды, дегенмен желкесін жапқан ұзын шашы назарымнан тыс қалмады. Себебі ол кездегі жастардың сүйікті модасы «Канадка» деген болатын, ал мына шаш мүлдем бөлек.

Бұл менің алғаш рет Асекеңмен сырттай танысуым. Ал, ол менің бұл дүниеде бар-жоғымды да білмейді.

Онымен екінші кездесуім «Жұлдыз» жураналында жарияланған терең де мағыналы сын мақалалары арқылы болды.

Алпысыншы жылдардың алғашқы жартысында «Жұлдызда» батыл сыни мақалаларымен бір топ жас жарысқа түскен сәйгүліктердей түйдек-түйдек із қалдырып, жарқылдай шықты. Солардың ішінде Асекеңнің қалам тартысы ерекше болатын.

Алпыс алтыншы жылы мұғалімдікті тастап, Алматыға қайта оралдым. Қалаға тіркелмегендіктен бір жылдай қаңғып жүрдім. Көбіне баратын жерім Жазушылар одағы, отыратын жерім – соның екінші қабаты, жататын жерім – таныстардың үйі. Сөйтіп жүріп, Зейнолла Серікқалиев арқылы Асекеңмен жүзбе-жүз таныстым.

Асекең аспирантураны бітіргенмен, кандидаттықты қорғамағанын білдім. Әдейі қорғамаған. Әрине, тосын көзге жат қылық, бірақ көп кешікпей Асекеңнің бойына жарасымды қылық екенін де байқадым. Қалың қабақтың астынан өңменіңнен өтердей, қосауыз мылтықтың қос ұңғасындай қадалған қос жанар оның бойында қайтпас қажырлықтың, мұқалмас мол жігердің, жұқармас болат жүйкенің бар екенін аңғартты. Алған бетінен қайтпайтын, кері шегінуді білмейтін адамның қолтырауыны осы болар деп ойладым.

Мылжың болсам кейіннен мылжың болған болармын, ал ол кезде мен көп сөйлемейтінмін, аз сөйлеп, көп тыңдайтынмын. Тіпті ұзақты күні ауыз ашпайтын кездерім болатын, ондайда менің мінезімді білмейтіндер КГБ-ның тыңшысы ма деп сескене бастайтын. Әйткенмен, басқаға жағымсыздау осы қылығымды Асекең ұнатты. Оның жүзі жұмсара бастады, әңгіме айтып отырып жымиятын, күлімсірейтін болды. Дауыс шығарып күлуді білмейтін, шолақ қана мырс ете түсетін. Сол мырсыл да жиі естіле бастады. Ол сөйлейді, мен тыңдаймын. Бірақ біз сырлас болған жоқпыз, сыйлас қана болдық.

Арада бес-алты жыл өтті. Мен Маңғыстауда, мұнай-газ іздейтін барлаушы экспедицияға кеттім. Кетерде сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде мәдениет-әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып жүрген Зейнолла Серікқалиевке бір топ, қысқа қайырылатын «Керітолғаулар мен терісқақпайларымды» тастап кеттім. Олар 1971 жылы желтоқсанның аяғында басылып шықты.

Бір жылдан кейін демалысқа Алматыға келдім. Асекеңе кездескенімде, ол аман-саулықтан кейін, «Керітолғаулар мен терісқақпайларыңыз» көп пе?» деді. «Біраз бар» дедім. «Соларыңызды маған беріңізші». «Неге?» «Жаттап алайын деп едім». Мен оның жүзіне таңдана қарадым. Ол жәй жымиып тұрып: «Былтыр соларыңыз «Социалистік Қазақстанға» басылып шыққан күні кешкісін бір тойда болдым. Талайын жаттап алғанмын, біреу бірдеңе десе, біреуін атып жіберіп, жалпасынан түсірдім де отырдым. Шикарно!»

Әр адамның жиі қолданатын сөзі болады, бұны өзі байқамайды. Марқұм Жұмекен «Ужас!» десе, Зейнолла «Гениально!» дейді. Ал Асекең бір нәрсеге көңілі бітсе, «Шикарно!» дейтін.

Осы кездесуден кейін «біз, сізді» қойып, «сенге» көштік. Бірақ ол ресми түрде, анда-санда маған «сіз» деп қоятын.

Бетің бар, жүзің бар демей тура айтатын. Мен де өзімді шама-шарқымша тура сөйлеуге дағдыландырған адам едім, бірақ Асекеңнің турашылдығына көбіне-көп ыңғайсызданып қалатынмын. Соңынан байқадым, оның тура сөйлеуге моральдық хұқы бар екен. Бұны басқалар да мойындайтын болуы керек, оған қарсы шығып, дау-даламай көтерген ешкімді кездестірген емеспін.

Ықылым заманнан бері Асекеңе ұқсас бір адам дүниеге келді немесе енді келеді деп мүлдем ойламаймын. Тіпті оның жазуы да, әріптері де ешкімге ұқсамайтын. Өзі үшін жазған қағаздарын басқа біреудің түсінуі, оқуы өте қиын еді. Жетпісінші жылдары өзі пайдаланып жүрген жазу тәсілін мүлдем өзгертіп жіберді. «Неге өзгерттің?» дегенімде, «Әлішер меңгеріп алды, сондықтан өзгерттім» деді. «Мынауыңды да меңгеріп алса, қайтесің?». «Тағы да өзгертем».

Менде оның бірнеше қолтаңбалары сақтаулы. Үңіліп отырсам, екі дыбысты белгілейтін екі әріптің кейбір элементтерін алып тастап, екеуін қиыстырып, бір ғана белгімен де береді екен. Немесе, араб әліпбиінің тәсілімен кей тұстарда дауысты дыбыстарды мүлдем пайдаланбайды.

Ол оқыған кітаптарының кей тұстарына үшкірлеп ұшталған қаламмен белгі салып отырады. Салатын белгілері онша көп емес, үш-төрт қана белгі. Басқа біреулер үшін ол тек белгі ғана, ал өзі үшін әр белгілінің атқаратын рөлі бар.

Мен онымен танысқан кезеңде ол арғы-бергі заманның классикалық шығармаларын мүжіп бітірген-ді, олар оны онша көп қызықтырмайтын. Ал, терең ойлы, мағыналы философиялық кітаптарды оқуды әбден машығына айналдырған, оларды іздеп жүріп, сұрап алып оқитын, таңдап, талғап оқитын. Және оған кітапты басынан аяғына дейін оқып шығу міндет емес-ті, ол кітаптардың қай жерлерін оқу керектігін білетін. Күнделікті баспасөзде жарияланған материалдар да осы талғаммен оқылатын.

Ол ағымдағы саясат туралы әңгіме қозғауды ұнатқанмен, саясатшыл емес-ті. Саясатты тек қана қызықтайтын. Сонымен қатар соңғы кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап кеткен саясаткерлердің қабілет, қасиетін тап баса білетін. Бірде көгілдір экраннан сөйлеп тұрған Михайл Сергейұлы Гарбачевке қарап отырып: «Осының халыққа түк жаны ашымайды, ел бүлінді, халық азып-тозды, ал бұның үнінен ешқандай трагизм байқалмайды» деді.

Ол бірбет, турашыл еді. Бірақ бұдан біз ол ешкімнің пікірімен санаспайды деген ұғым туғызбауымыз керек. Бірде Напалеон Талейранға қатты ренжіп, «Сені ату керек, асу керек!» деп айқай салғанда, Талейран, «Жоқ, мен сіздің бұл пікіріңізді қоштамаймын» деген екен. Талейран Франция үшін өзінің кім екенін білетін. Сол сияқты Асекең де өзінің бағасын білетін. Келіспесе – сондықтан келіспейтін. Ал, келіссе, Наполеон сияқты үнсіз қалатын.

Асекең үлкенмен де, кішімен де шахмат ойнағанды жақсы көретін. Бірақ мықты шахматшы деп айта алмаймын, талай ұтылғанының да куәсі болдым. Ұтылса да шамданбайтын. Сол кезде менің ойыма Барух Спиноза туралы бір әңгіме түсетін. Асекең сияқты ол да шахмат ойнауды ұнатыпты, қанша ұтылса да, «Жығылған күреске тоймайды» дегендей, ойнай береді екен. Соны байқаған бір жолдасы, «Басқалар жеңілсе, быжық-шыжық болады, ал сіздің мыйыңызға да кіріп шықпайды ғой» депті. Сонда Спиноза «Сіз білмейсіз бе, мен Республикалық билікті жақсы көрем, сондықтан қай король мат алса да бәрібір, әйтеуір біреуі құрысы болғаны» деп жауап қайтарыпты. Шахмат ойнаған Асекең де осы қағиданы тұтынатындай әсер қалдыратын.

Ол көңіл-күйі көтеріңкі болса, әзілдесуге еш жалықпайтын. Әзілдің де өзінің ұтысы, ұпайы бар. «Әзіл түбі апат» деп халық тегіннен тегін айтпаған. Көптеген адамдардың әзілі мысықтың тышқанмен ойнағаны сияқты болса, Асекеңнің әзілі жас баланың күшікпен, қозы-лақпен ойнағаны сияқты еді. Ол әзілдескен адамын кеудеден итермей, өзінен қашықтатпай жетелеп, қолтығынан демеп, қолпаштап отыратын.

Оның жанындай жақсы көретін екі нәрсесі бар-ды, бірі жылқы да, екіншісі музыка болатын. Жылқыны жек көретін қазақ бар деуге тілім келіспейді, бәріміз де жақсы көреміз. Елде ержеткен біздің тұстастарымыз бәйгеге шауып, мүше алып қашып, мүше қуып өстік. Қазақ «адам жылқы мінезді» деп адам мен жылқыны етене бір-біріне жақындастырып та қояды. Жылқының кейбір мінездерінен де хабардармыз. Әйткенмен, Асекеңнің жылқыға деген сүйіспеншілігі өзге еді. Ертеректе ипподромның атқорасынан шықпай жүргенінің талай куәсі болдық. Әлде 74 пе, әлде 75 пе, әйтеуір, сол шамада, ипподромда бір асауға тап болып бұғанасын сындырып, ол дұрыс салынбай, оташы екінші рет сындырып қайта салып, талай азапты күндерді басынан өткерсе де, жылқыны балконына байлап қоймағанмен, одан қол үзген жоқ. Оның үйіндегі кабинетінде де, жұмыстағы кабинетінде де асыл тұқымды жылқының суреті ілулі тұратын.

 

Асекең музыкасыз өмір сүре алмайтын. Ол Әуезов атындағы қазақтың драмалық театрында екі рет әдеби редактор болып жұмыс істеді. Сол кезде, театрдың ескі үйінде де, жаңа үйіндегі кабинетінде де музыкалық аспаптар оның жан серігіне айналды. Шығармашылық үйінде жатқанда да сол аспаптар бөлменің төрінен орын алатын. Ол, әсіресе, шығыстың көне мақамдарын жоғары бағалайтын. Әрбір мақамның қадір-қасиетін, ерекшелігін жыр қылып айтып отыратын.

Мен музыкадан өте сауатсыз адаммын, мақұрым қалғанмын, Құрманғазының «Сарыарқасын» «Адайынан» ажырата алмайтын мүшкіл халдемін.  Менің осы мүсәпірлігімді ол білетін, біле тұра маған күй орындап беруден еш жалықпайтын. Біржан салдың өзінің «Теміртасын» қалай айтқанын естіген жоқпын, ал Асекеңнің орындауындағы «Теміртас» маған басқаша әсер ететін, көзіме іркілген жасты саусағыммен сығып тастап отыруға ұялмайтынмын.

Асекең әдебиеттің аспирантурасын бітірді, бірақ кандидаттық қорғамады деп жоғарыда айтып кеттім. Қайткен күнде де, ол әдебиеттің маманы. Жоқ, халайық, оны тек қана әдебиеттің маманы деп бағаласақ қатты қателесеміз. Мен оның сурет салғанын көрген жоқпын, өзінің шығарған күйі бар деп те айта алмаймын. Бірақ ол гуманитарлық әлемді терең түсінген, мейлінше меңгерген адам деп айта аламын, бұл үшін менің аузым қисаймайды. Өнер иесі адамдарының, әсіресе жастардың онымен ақылдаспайтыны, оның пікірін тыңдамайтыны кемде кем еді. Сонымен қатар ол өзі де басқалардың пікірімен санасып отыруға құштар болатын. Ол шегіне жеткізе зерттемей қолына қалам ұстамаған адам. Өзі бір нәрсеге дүдамалдау болса, суыртпақтап отырып, соның анық-қанығына көзін жеткізбей тынбайтын. Осындай құпияланған, қоянбұлтаққа түскен, көрбілте жолда ирелеңдегендей әңгімелерден кейін, мен оның не жазып келгенін, не жазайын деп даярланып жүргенін, не туралы жазбақшы екенін, не болмаса, не туралы жазғанын аңғаратын едім. Ол, әсіресе, қара сиядан ақ қағазға түсетін сөздерге өте жауапкершілікпен қарайтын. Оның шығармаларымен жете таныс емес адам сөйлемдері ауыр, түсініксіздеу деп ойлауы мүмкін. Шынын айтайын, оның сөйлемдерінің синтаксистік түзілімдерінің ауыр екені рас. Себебі ол сөйлемнің құрылымын ойға бағындыруға тырысады. Оған ең қымбаты – сөздің мағынасы. Ол тыныс белгісін грамматикалық ережеге сәйкес қойылатын жерге қоймауы мүмкін. Сол белгіні басқа жерге қойғанда ол бұған үлкен мән, мағына беріп отырады. Ол белгілі бір қағидадан шықпаудан гөрі, сана ағымынан жаңылыспауға тырысады. Оған стереотипті қорытындылар, пікірлер, пайымдаулар жат.

 Асекең туралы мен айтатын әңгіме таусылмақ емес. Оның шығармаларының өзі бір төбе. Зерттеуді, зерделеуді талап ететін дүниелер. Ертең Асекеңнің арамыздан кеткеніне бір жыл толмақ, әрі сағынап, әрі зарығып, өзім білетін Асекеңнің кейбір ерекшеліктерін еске алдым.

Әрине, мен білетін Асекеңнің сыры мен қыры тек бұл емес – жеткілікті. Алла жар болса, олар да бір кезде айтылар, жазылар.

Екеуміздің таныстығымыз отыз жылды қамтып, жолдастығымыз жиырма жылға созылғанмен, мен оның қолтаңбасының (жазуының) өзгергенінен басқа өзгерісті бойынан көре алмадым. Демек, оның мінезі де, өзі де сомдап құйылған мықты монумент. Өзі де, мінез-құлқы да біртуар.

Өле өлгенше ол менің көңілімді қалдырып көрген жоқ, мен де оның көңіліне қаяу түсірмеуге тырыстым. Ол «Айтқанын тыңдайтын менің екі адамым бар, бірі – Айтотым да, бірі – сенсің» дейтін. Мен төбем көкке жеткендей дәріптелетінмін.

Білместің кесірінен, жер шарында өлген адамдардың он проценті тірідей жерленеді дегенді бір жерден оқығаным бар-ды. Асекең қайтыс болғанда, осы есіме оралды. Сондықтан Асекең бір-екі күннен кейін қайта тірілетіндей болды да тұрды. Соны күттім. Басқалар да күткен болар.

Аз күтілген жоқ.

Бірақ не пайда....

 

Сайымжан Нұрсейітұлы Еркебай

Қазақ әдебиеті газеті, 1993 жыл