АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ ҒАЗЫМБЕК БІРІМЖАН: БЕЙМӘЛІМ БОЛҒАН ОРЫНБОР КЕЗЕҢІ

«Qyr balasy» қоғамдық қорының қолдауымен ғылыми экспедиция ұйымдастырылып, Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архив пен ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорына енген болатынбыз. Ғылыми экспедиция нәтижесінде, Алаш қайраткері Ғазымбек Бірімжанға қатысты тың деректер мен құжаттарды таптық.

         Ғазымбек Бірімжан – білімді, оқыған-тоқыған ұлтшыл азамат, мемлекеттік бағдарламамен шетелде білім алған тұңғыш қазақтың бірі.

         Торғай даласындағы мектептен кейінгі білім ордасы – Орынбор реальды училищесі. Бұл оқу орны 1894 жылы ашылған. Училищеде орыс тілі мен әдебиеті, арифметика, алгебра, геометрия, тригонометрия, космография, физика, химия, тарих, география, Құдай заңы, неміс тілі, француз тілі, бейнелеу өнері, сызу сынды пәндер оқытылған. Сондай-ақ, таза жазуға, тәртібіне, жүріс-тұрысына баса мән берген. Училище негізінен 6-жылдық, қосымша 1 жылы және дайындық курсы бар. Ғазымбек 1909-1917 жыл аралығында білім алған және қосымша 1 жыл оқып, бас-аяғы 7-сынып бітірген.

         Ғазымбек Орынбор реальды училищесінде стипендияда оқыған. Стипендияда оқуына ағасы Ахметтің де үлесі бар. Архив құжаттарын ақтарған кезде, Ахмет Бірімжанның өз қолымен Торғай губернаторына жазған өтінішін таптық. Бір жарым беттік өтініш 1909 жылдың 7-тамызында Бұзылық қаласында жазылған. Өтініште Қорғанбек Бірімжанұлының 1907-1908 оқу жылында Ғазымбекке не Орынбор гимназиясынан, не реальды училищеден стипендия сұрағанын жеткізген. Сонымен қатар, Торғай уезі Орынбордан алыс болғандықтан, Торғай қазақтарының білім алу мүмкіндігі төмен екенін, Орынбор гимназиясында Торғай уезінен тек 4 оқушы стипендиямен оқып жатқанын жазған. Ахмет өтініші ескеріліп, жақсы жаңалық күтетінін сөз соңында білдірген. Ахмет жазған өтінішті оқу кезінде Ғазымбек Орынбор реальды училищесіне стипендияға ілікпей тұрып, өз қаржысымен оқыды ма деген сауал да туындады. Бұл өтініш не үшін жазылған деп әрмен қарай қарастырсақ, училищеде 7 бірдей оқушының оқуды аяқтауына, жалғастырмауына, тағы басқа себептерге байланысты, стипендияға конкурс жарияланыпты. Ғазымбектен бөлек, 8 оқушы да өз кандидатурасын ұсынған. Олар туралы кейінірек тоқталып өтерміз. 7 оқушының бірі Ғабдулкәрім Оразалиннің орнына екі оқушы таласқан: бірі – Ғазымбек, екіншісі –  Сүйінгерей Әлмұхаммедұлы Сейдалин. Сүйінгерей – Ахметтің балдызы, Гүлжауһар Сейдалина-Бірімжанованың туған інісі. Сүйінгерей өтініш жазбай, директормен тікелей сөйлессе, Ғазымбек өтініш жазған ( А. Бірімжан жазған өтініш). Нәтижесінде, 1909 жылдың 26-тамызындағы №796 бұйрық бойынша Ғ.Оразалиннің стипендиясын Ғазымбек Бірімжан иеленген. Сүйінгерейдің өз қаржысымен оқуы үй-ішіне біршама салмақ түсіргенін архив құжаттарынан анық байқаймыз. Дегенмен 1912 жылғы Торғай облысының журналын қараған кезде, Сүйінгерейдің стипендияға іліккенін көрген болатынбыз. Одан бөлек, Торғай облысынан сол жылы Орынбордағы гимназия мен училищеге 2 оқушы стипендияға іліккен. Ғазымбектен басқа Торғай облысынан стипендиямен Жанкин Кушингалей, Алдаров Хайбулла, Тунганчин Тахтамыш, Нысанов Назарбай, Каратаев Музафар, Жаманмұрынов Тел, т.б. оқыған.

         Ғазымбек Бірімжан 1917 жылдың 28-маусымында №7590 бұйрықпен 7-сыныпты бітірген. Араға бір ай салып, 21-шілдеде №781 бұйрықпен Орынбор реальды училищесінің түлегі атанған. Білімге құштар жастың оқу бітірген тұсы – алмағайып кезеңге тұспа-тұс келді. Әйтпесе, Мәскеудегі ауылшаруашылық академиясына қабылданғанымен оқуға мүмкіншілігі болмады. Кейін Ташкенттегі Орта Азия университетіне оқуға түскенімен, тәмамдамаған. Тек 1923-27 жыл аралығында Берлин ауылшаруашылығы университетінде оқып, агроном-ғалым дәрежесін алып шыққан.

Ғазымбектің білім-ғылымға, оқуға деген құштарлығына таң қаласың, ерік-жігерін еріксіз мойындайсың. Алаш қайраткерінің Орынбор реальды училищесінде оқыған шағы туралы бұрын-соңды архив құжаттары бойынша толық жазылмаған-ды. Тек Орынбор реальды училищесінің түлегі деген сөйлеммен шектеліп, ары аспайтын. Біз сол олқылықтың орнын аз да болса, толтырдық деп санаймыз. Күн өткен сайын Ғазымбек Бірімжанның ғұмырнамасы архивтік құжаттармен толықтырылып, беймәлім әрі белгісіз саяси-қайраткерлік тұлғасы ашылуда.

Ахмет Бірімжанның Торғай губернаторына өз қолымен жазған өтініші. 

ҚРОМА (25-қор, 1-тізім, 1545-іс, 5-6-бет)

 

Ғазымбек Бірімжанның стипендия иеленгенін дәлелдейтін құжат 

ҚРОМА ( 25-қор, 1-тізім, 1545-іс, 7-бет)

 

 

Ғазымбек Бірімжанның Орынбор реальды училищесін бітіргенін дәлелдейтін құжат 

ҚРОМА ( 25-қор, 1-тізім, 1545-іс, 151-бет)

 

Данияр ИХСАН

Зерттеуші, «Qyr balasy» ҚҚ жауапты хатшысы