Ауылға барған сайын жаным жасып, жүрегім жылап қайтады.
–Кісісі қайтқан үйлерге барып, көңіл айтып келейік, балам, – дейді жасы сексеннен асқан байғұс анам. Жылына бірер рет айдын көлін аңсаған аққулар сияқты кіндігіміз кесілген мекенге аңсап жететініміз бар. Қарт анамды, ауыл имамы Қожантай ағаны ертіп, бірінші кезекте қайтқандарды түгендейміз. Әр үйге бата оқыр жасап, құран бағыштап, тізе бүгіп, көңіл білдіріп шығудың өзі бір-екі күнге жалғасады. Елге әр барған сайын солай.
Сарыарқаның сағымды даласындағы Қарағанды, Жезқазған өңірінің жұрты қан түкіріп, у жұтып отыр. Демікпе, қан қысымы, жүрек ауруы дейсіз бе, сырқаттың небір түрі көбейген.Психикалық ауытқуларға ұшырағандар да аз кездеспейді. Біздің ауыл шөлейтті аймаққа жататын Жаңаарқаның Бетпаққа қараған пұшпағында. Осы өлкеде қыршынынан қиылып, ажал құшып жатқандардың саны жыл өткен сайын көбейіп тұр.
Бұл өңірде құдықтардың суы тартылып, аң-құстар қашып, өсімдіктердің түрлері жоғала бастады. Оның астарына үңіліп, сарапқа салып, таразылап жатқан пенде жоқтың қасы. Әйтеуір Арқаның алтын алқасындай өңір шарасыз бір күй кешіп тұр. Заманымыздың заңғар ақыны Олжас Сүлейменов «Невада – Семей» қозғалысын құрып, ажал аранының аузын әрі қаратқандай, әлем назарын аударған іс тындырды. Ұлы ақын ұлы жұмыс жасады. Бірақ қатерлі аймақ Курчатов, Байқоңыр, Абыралы, Дегелең ғана емес еді...
Бетпақтың даласында Талдыеспе, Қызылеспе, Мұңлы-Қулы аталатын өңірлерде орыстың 73, 55 сияқты нөмірленген жа сырын геологиялық партиялары ұзақ жыл жұмыс істеді. Олар елсізге қалашық тұрғызып, өздерінің жоспарлары іске асқан соң, әлгі құрама үйлерінің бір бұрауына да тиіспей, кел-ген жағына тайып отыратын. «Бұл жерден уран алады екен...» –деген сыбысты бала күнімізде талай естігеніміз бар. «Біреудің қаңсығы біреуге таңсық» дегендей, әлгі радиация жайлаған «мәскеулік қалашықтардың» үйлерін бұзып, қора-қопсы са-лып, қыр қазағы мәз болып қалатын.
«Ғарыш қырандарының» бәрі біздің маңайға келіп қонып жататынына мақтанып жүруші едік. Құла дүзге құлаған ракета сынықтарын трактормен сүйреп әкеліп, отын сақтайтын орын жасайтын қолы жеткендер. «Өзі бір отын сақтауға таптырмай-тын дүние екен», – деп әкем марқұм да ракета сынығының үлкен бір бөлігін алты қанат ақбоз үйдің қасына орнықтырған. Сол бөлшектің тетіктерін бұрап талай ойнағанбыз. Малшы ауыл қоныс аударған сайын, атадан қалған мұрадай етіп, әлгі «сынықты» сүйрей көшетін еді біздің үй. Ат құлағында ойнаған ауыл баласы ол кезде радиация деген пәлені қайдан білсін? Радиация мөлшерін өздері білгенімен, Сарыарқаны сынақ алаңына айналдырғандар жарияға жар салмайтын.
Бетпақдаланың бір шеті Балқашқа, екінші бір пұшпағы Тұран ойпаты арқылы Арал теңізіне шектесетін кеңістікті алып жатыр. Байқоңыр ғарыш айлағы да таяқ тастам жер-де. Осы маңайда бірнеше кеніштер жұмыс істеген. Сол кездің өзінде олардағы радиация мөлшердегіден әлдеқайда көп екен. Оған бір ғана мысал, Балқаш қаласының іргесіндегі Ақшатау кентінде 1990 жылы болған зерттеулер ауа мен топырақтағы ра-диация нормадағыдан 10 есеге дейін артық екенін дәлелдеген. Бұл аймақтағы радиация мөлшері нормадағы 16-30 мкр. сағат орнына 17-160 мкр. сағатқа жеткен.
Одан бергі 17-18 жыл уақытта радиация мөлшерін анық тап, зерттеуді қолға алған үкімет жоқ. «Алла жар болсын» айтып, жанары жәудіреп дәрменсіз жұрт отыр. Соңғы он шақты жылдың ішінде «Протон» зымыран тасығышы қазақ жеріне алты мәрте құлады. Есеңгіреген ел тіпті мәселенің мәнісіне бойлап, байыбына да бара алмай қалғандай. Ажал аждаһасын қолдануға тыйым салу мүмкін болмай тұр. 1999 жылы Ресейдің «Протон» зымырантасығышы Арқа же-ріне екі мәрте құлады. Алғашқысында қасиетті Қарқаралыға улы темір тажал боп жауды. Ол 130 километр аумаққа шашы-лып, жерге 43 тонна гептил сұйығы сіңіп кеткен, 600 гектар жерді өрт шарпыған, радиация деңгейі сағатына 22 микро-рентгенге дейін көтерілген. Сол кезде Алаштың ардақтысы, ғарышкер, батыр Тоқтар Әубәкіров 6 мың шаршы шақырым жер уланғанын, ал оның қалпына келуі үшін 3 мың жыл қажет екенін айтып, дабыл қағып еді...Сол жылдың қазан айында Жаңаарқа ауданының 150 шақырым аумағына шашырай құлаған зымыран тасығыш бөлшектері елдің құтын тағы да қашырды. Арнайы құрылған комиссия: «60 тонна гептил жерге жетпей, ауаға жайылған, зиянсыз...» – деп жұртты жұбатып, адам сенгісіз қорытынды шығарған.Содан бергі уақытта ауа мен судың бұрынғыдан бетер ластанып, адам өміріне зиян жасап жатқанын өз деңгейінде не билік, не үкімет айтпай келеді
..Кигенде алаңсыз кепті,
Қартым-ай,
ретің сынар:
«Гептилді залалсыз депті,
Өкімет білетін шығар.
Қайтейін, асығыс бәрі,
Жөн еді қашық ұшқаны.
Ресейдің құламаса екен
Зымырантасығыштары».
Арқам-ай,
Арқаға батты,
Ауыл тұр шайқала жүдеп.
Құрдасым тартады арақты:
– Уды у қайтарады, – деп...
Бұл – сол жылдары жазған «Сарыарқа. «Протон» құлаған жыл» атты өлеңімнің үзіндісі.Біздің елдің кешегі, бүгінгі суреті. Өмірде шарасыздықтан, дәрменсіздіктен өткен сордың жоқтығын қайран қазақ ауылдары енді ұға бастағандай.
Өкімет айтқандай, гептил залалсыз емес. Гептил – 1-класты улы зат, тіршілікке аса қауіпті. Оның токсиндік, мутагендік және ісік ауруларын шақыратын зиянкестігі бар. Гептилден триозол,метилтриозол, тетрозин, нитрозолдиметиламин, метилгидрозин, формальдегид, сингиль қышқылы сияқты токсиндік заттар түзіледі
Бұлар жер қыртыстарында ұзақ сақталады және өсімдіктердің өсу процесін тежейді.Ал азот тетроксиді – амил туралы Қазақ ұлттық универ-ситетінің физикалық-химиялық зерттеу және сараптау орта-лығы зертханасының меңгерушісі Светлана Батыр бекованың айтуынша, амилдің буы ауаға таралған болса, қышқылды жауын болып жерге қайта жауады. Егер гептил адам организміне енсе, 30 секундтың ішінде өкпе, бауыр, миға дейін әсер етеді. Адам организміндегі барлық тканьдар өзгеріске ұшырайды. Орталық зертханасының зерттеуі бойынша, жер қыртысына сіңген гептилдің көлемі тым үлкен болса, жер асты суына қосылып, бағытын горизонт бойынша өзгертуі мүмкін. Бұл жер асты суы арқылы гептил ұзақ қашықтыққа тарап, республиканың мүлде күтпеген аймақтарынан шығуы мүмкін деген сөз.Өткен жылдың қыркүйек айының 6-жұлдызында Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған Ресейдің «Протон-М» зымырантасығышының Жезқазған қаласынан 80 шақырым жерге құлауы елді аз дүрліктірген жоқ. Және бұл жолғы апат Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сол өңірге сапарымен тұспа-тұс келді. Яғни, көктен күл-паршасы шығып жерге құлаған ресейлік зымыран Елбасының жеке өміріне қауіп төндірген.
– Егер Президенттің сапары барысында ол бағытқа зымы-ран ұшатын болса, оған дереу тыйым сала алатын құқымызболуға тиіс, – деді жедел жиын ашқан Премьер Кәрім Мәсімов. – Айтудың өзі қорқынышты, «Протон» дәп Мемлекет басшысы іссапарда болған Жезқазғанның іргесіне құлаған. Бұған біз неге жол бердік? 80 шақырым деген ғарыштық биіктікте үш-ақ сантиметрғана ғой.Премьер Мәсімов дегбірі қашып, таусыла сөйлеп еді сонда.Шынында соңғы апаттың салмағы бұрынғыларынан әлде-қайда ауыр сияқты елестеген. Жоғарғы жақ алашапқын бол-ды. Апаттың зардаптарын жою жөніндегі жұмыстар басталғандай еді.
Үкіметтік комиссияны сол кездегі Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Виктор Храпунов басқарып, іле-шала құзырлы комиссия Жезқазғанға ұшып келген. Оның құрамында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев, оның орынбасары Еркін Шаймағанбетов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті экономикалық қауіпсіздік департаменті бастығының бірінші орынбасары Марат Әділханов бастаған, тағы басқа бірнеше беделді ведомстволардың басшылары болған.
Ресейдің «Протон-М» зымырантасығышы Байқоңыр ғарыш айлағынан қыркүйектің 6-сы күні 04 сағат 43 минутта «Джей Си Сат-11» ғарыштық аппараты арқылы ұшырылғаннан ке-йін іле-шала, яғни 135 секундта апатқа ұшыраған. Сол мез-гілде зымырантасығыштың багында 649 тонна гептилдің 218 тоннасы қалуы керек екен. Осы удың қоршаған ортаға, адамға зиянын сараптау мақсатында дереккөздері Ресей мен Қазақстан жағынан бірігіп, 300-ге тарта маманның жұмысқа кіріскенінен ел-жұртты хабардар еткен. Әр жерден 96 сынама алынып, Мәскеу, Алматы зертханаларына жөнелтілген. Зымырантасығыштың негізгі үлкен бөлігінің құлаған жерінде аумағы 44 метр, тереңдігі 18-20 метрдей үлкен қазаншұңқыр пайда болған. Көргендердің айтуынша, бұл жер Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендері, Есқұла су көзі, Кеңгір су қоймасынан қашық емес... Әйтеуір содан бері де бірнеше айдың жүзі ауды. Бәрі баяғыша. Жоғары жаққа қараған алаң да алаң, алаң жұрт...
Үкі мет аралық комиссияның жұмысы сиырқұйымшақтанып барып біткендей. «Протон» құлап, көктен у жауғанда еліміздің эколог мамандары Қазақстан жағына кемі 36 миллиард теңге шығын келді деп бағалаған. Кейін екі ел арасында құрыл ған үкіметаралық комиссия 7 миллиард 404 миллион теңгені алақан жайғызып, «аһ» ұрғызып әрең бергелі отыр. Үкіметаралық комиссияның бірлескен хаттамасына қаңтардың 8-жұлдызында қол қойылып кеткен. Еңірегенде етегің толса да енді бәрі кеш. Құжаттың аты құжат, мөрдің аты мөр.Комиссия қорытындысымен Мәжіліс депутаттарын хабар-дар еткен Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров: «Зымыранның құлауынан қатты бүлініп, ауылшаруашы лық мақсатта пайдаланылатын жерлер қатарынан шығып қал ған 342 гектар жер үшін Ресей 7 миллион теңге төлеуге ұйғар-ды», – деді. Осы мәселедегі бағыттардың бәрінде еліміздің ес е-сі кетіп отырғаны анық. Үкіметаралық комиссия мүшелері де,мәмілегерлер де қалың елдің көңілінен шыға алмады. Ресей тарапы қазақ даласына келген экологиялық зардаптарды 178 млн. 435 мың теңгеге, ауыл шаруашылығы өндірісі тарт-қан шығынды 20 млн. 230 мың теңгеге бағалаған. Қайыршыға қара бақыр ұстатқандай күй кештірерін біл-генде, Үкіметаралық комиссияның не қажеті бар еді? Қалың қазақтың қабырғасын сөккен қайғылы апаттың орыс тарапы үшін жай ғана оқиға саналғаны ма?Әрине, Парламентте бас көтеріп, қарсылық білдіргендер болмай қалған жоқ. Қатты ашынған қалаулылар Ресейдің гептилмен ұшатын барлық зымырандарының қазақ жерінен ұшуына тыйым салу керектігі жөнінде ұсыныс айтты.Бізде кейбір апатты жағдайларды жылы жауып қою фак-тілері де кездеседі. Депутат Ержан Рахметов 2007 жылдың көктемінде Шығыс Қазақстанның Күршім, Марқакөл аудан-дарында тұрғындардың басына зымыран бөлшектері құлағанын айтты. Ел апат жағдайын бағамдай алмағандықтан жабу-лы қазан жабулы күйінде қалған. Бұл оқиға жайында Төтенше жағдайлар вице-министрі хабарсызбыз дегендей рай танытты.
– Сексенінші жылдардың соңынан бастап Сарыарқаның сауырынан киіктер жоғалып кетті. Қызылшақа болып табынымен қырылып жатқанын көзімізбен көргеніміз бар, – дейді Мәжіліс депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Алдан Смайылов. Меніңше, киік қырғынының басы ағамыз айтқан уақыттан ертерек басталған. 1981 жылдың шілдесінде Торғай облысының Жанкелдин ауданында іссапарда болған жазушылар Ақсе леу Сейдімбек, Амантай Сатаев, Сейіт Кенжеахметов аға-ларымыз «Сарыторғай» совхозының жерін аралап келе жатып, бір сұмдық оқиғаның үстінен түсіпті.– Құм беткейде сұлап, мың-мыңдап қырылып жатыр екен жарықтықтар. Дала қан сасиды. Шынжыртабан тракторлар ақбөкеннің өлексесін құм астына жасырып әлек, – деп еске алып еді марқұм Амантай аға. Қаламгерлер қанды қырғынның себебін іздеп, сұрау салмаған жері жоқ, бірақ бәрі нәтижесіз болған. Сол кездегі Торғай облыстық атқару комитетінің төрағасы Е. Зарицкийдің өзі олардың бұл мәселе төңірегіндегі сауалдарына жақ ашпаған. Ал бұл сұмдықты көрген ағалар көңілінде «Әй, тегін емес, радиацияның пәлесі шығар...» деген қазақы жорамал қалған. Одан әрі сөз шықса Мәскеудің көтере алмай қалуы мүмкін кез еді ол. Қалай дегенде де болжам көп, сөз көп. Жанары сол ақбөкеннің жанарындай жәудіреп, өкіметтен қайран күтіп қазақтың қалың елі, қайран жұрты отыр.
Жалғыз киік емес, көптеген аң-құстардың, өсімдіктердің түрлері жоғалып кеткенін көнекөздер жырдай ғып айтады.Ендігі жерде Ресейдің зар қақсатып берген азғантай тиын-тебені жыртығымызға жамау болмасы белгілі. Орыстың зымырантасығыштары құлаған аймақтардағы радиация көлемі шұғыл анықталуы керек. Ел экологиясы жөніндегі кешенді заң қабылдап, оны жұмыс істеткізетін механизмдерді ойластыру – кезек күттірмейтін міндет. Түрлі болжам мен долбардан гөрі ғылыми негізі бар зерттеулер жасап, іске шұғыл кіріспесе болмайды.Қайталап айтарымыз – қазақтың даласы Ресейдің сынақ алаңы емес. Алла жар болсын!
«Қазақ әдебиеті» газеті.2008 жыл