ЖАҢАЛЫҚТАР
«ЖАҢА ӘЛІПБИ: ЕМЛЕ, ӘДІСТЕМЕ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ СЕКЦИЯЛЫҚ ОТЫРЫСТАРЫ ӨТТІ

«Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе» атты республикалық конференция аясында 3 секциялық мәжіліс өтті.

«Жаңа әліпби және әдістеме мәселелері» секциялық отырысында
4 спикердің баяндамасы тыңдалды.

Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Исхан Бейбіт Жалелұлы  «Жазу-сызу (графика) оңтайлы болуы үшін ұлттық әліпби құрастыру» тақырыбында, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Қаршығаева Айнұр Аралбекқызы «Қазақ тілінің төл дыбыс құрамы»тақырыбында,Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жақанова Жұпар Рысқұлқызы «Кәсіби білікті тренер тұлғасы» мәселесін көтерсе, ал «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Әдістеме басқармасының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.Салима Кенжемұратқызы «Жаңа қазақ әліпбиін меңгерту жұмыстары» тақырыбында  баяндама жасады.

Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары Әміржанова Нәзира Серікқызы, Сейітбекова Айнұр Аташбекқызы жаңа емлені оқыту әдістемесі төңірегінде өз ойларын ортаға салды.

Секция отырысына Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің  қазақ тілі мамандары мен әдіскерлері қатысты.

            «Кісі есімдері мен географиялық атаулардың жаңа әліпбидегі таңбалануы» секциялық отырысында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында әзірленген «Қазақстан географиялық атауларының латын графикасы негізінде жазылу ережелері» және «Қазақстан азаматтары аты-жөндерінің латын графикасы негізінде жазылу ережелері» жобалары талқыланды. Отырысқа Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының, Терминологиялық жұмыс тобының мүшелері, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссияның мүшелері қатысты.

            Жобаны әзірлеуші ф.ғ.д., Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының мүшесі Рысберген Қыздархан жиналғандарды екі жобамен таныстырып шықты. Сондай-ақ, тәуелсіз сарапшылар және «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Ғылыми кеңесі ұсынған сын-пікірлерге тоқталып өтті.

Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері Жанар Қоңыратбаева мен  Нұрсәуле Рсалиева ереже жобаларына байланысты сараптама қорытындыларын оқыды. Сарапшылар екі жобаның мазмұндық жағына, сондай-ақ ережеге қойылатын жалпы талаптарға сай келуіне байланысты пікірлерін білдірді. Жобалардың стиліне, құрылымына байланысты өз ұсыныстарын білдіріп, ереженің кейбір әлі де толықтыруды қажет ететін тұстарын атап көрсетті.

Жарыссөзде Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының мүшесі, ф.ғ.д. Бекжан Әбдуәлиұлы, Құқық қорғау органдары академиясының Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының доценті, ф.ғ.к. Бауыржан Есімсейітов жобаның жалпы мазмұнына байланысты пікірлерін білдірді. Орыс тілінде бұрмаланып жазылған географиялық атаулар мен кісі есімдерінің қазақ тіліндегі дұрыс нұсқасын беру қажеттігі баса көрсетілді.

Конференция аясында латын әліпбиінің  Министрлікке ұсынылған нұсқалары сарапталды. Олар:  Ескендір Тасболаттың жобасы, Манас Сапарбаевтың жобасы, Нұрлан Түлтебаев жобасы, Абзал Дәуренбекұлының жобасы. Осы жобалар бойынша Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері, ғалымдар Жантас Жақыпов, Қарлығаш Сарекенова, Зейнеп Базарбаева, Жанар  Жұмабаевалар ғылыми сараптама жасады. Сонымен бірге бұл әліпби жобаларына Ақпараттық сүйемелдеу және техникалық жетілдіру жұмыс тобының мүшелері, ІТ мамандар Рымбек Ізғали, Аршат Ораз өздерінің ойларын айтты.