Ұлт әдебиетін әлемге танытудың негізгі баспалдағы – аударма екені белгілі. Кейінгі уақытта қазақ әдебиетінде де біраз жұмыстар атқарылып, әдебиетімізді әлем назарына ұсынуға жиі талпыныс жасалуда. Солардың ішіндегі жемісті әрі сәтті жоба – «Қазіргі заман қазақ ақындарының антологиясы». Антология ең алғаш 2017 жылы Испанияда, сол жылдың желтоқсан айында екінші рет Әзербайжан елінде жарық көрді. Антология ендігі кезекте түрік тіліне аударылып, Анкара қаласында басылып шыққаны туралы әлеуметтік желіде ақындар сүйіншілеп жазып жатыр.
Антологияның шығуына себепші болған ақын Танагөз Толқынқызынан бірер сауалға жауап алған болатынбыз.
– Түрік тілінде жарық көрген антологияға барлығы қанша ақынның өлеңі енді?
– Жалпы мен қазақ ақындарының антологиясын шет тілінде шығару идеясын үнемі ұсыныс ретінде айттым. Бірақ ол үнемі сол айтылған жерінде қалатын. Жекелеген авторлар өз кітаптарын әртүрлі жолдармен аудартып шығарғаны болмаса, антологиялар Кеңес дәуірі құлағаннан кейін мүлде шықпаған. Сосын іске кірісу керек болды. Бұл жобаны өзім қолға алдым. Бұл ұзақ мерзімді жоба болғандықтан, оған қомақты қаражат керек болды. Қаражат таба білу де өнер. Мен сондықтан бұл жобаны волонтер ретінде өзім тегін жүзеге асырдым. Кітапты құрастыруды өз мойныма алдым. Жолма-жол аударатын аудармашыларды іріктеп тауып, осы жобаға ат салысуына мұрындық болдым. Қаражат іздеп қаншама есіктерді қақтым. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді», - дейді ғой. Бұл жобаның қажет жоба екеніне ең алғаш сенім білдірген сол кездегі Қазақстанның Испаниядағы төтенше және өкілетті елшісі – Бақыт Дүйсенбаев болды. Ол испан кәсіпкерлерін тарта отырып 2017 жылы антологияны Мадридте басып шығарды. Мұқағалидың туған күніне орай, Мадрид және Барселона қалаларында Қазіргі заман қазақ ақындарының антологиясының тұсаукесер рәсімін жасады. Антологияға енген 50-ге жуық ақынның өлеңдерін испанияның ең атақты ақыны Хусто Хорхе Падрон аударды. Қазақстаннан осы антологияға енген 10 ақын бір апта бойы Мадрид және Барселона қалаларын аралап, мәдени демалып қайтты. Бұл бір естен кетпес сапар болды. Дәл сол жылы желтоқсан айында «Қазіргі заман қазақ ақындарының антологиясы» Әзербайжан мемлекетінде жарыққа шықты. Бұл жобаның жүзеге асуына бүкіл түркі әлемінде беделі зор азербайжан ақыны Акбер Гошалы көмектесті. Антологияға қазақтың 57 ақыны енді. Енді міне, желтоқсан айында «Қазіргі заман қазақ ақындарының антологиясы» түрік тілінде Анкара қаласында басылып шыққанына куә болып жатырсыздар. Бұл жолы антологияға 58 ақын енді.
– Осы антологияға енетін ақындарды қалай сұрыптадыңыздар? Өлеңге деген қандай талаптар болды?
– Антологияға қазіргі заманғы қазақтың талантты буын өкілдерін енгізуге тырыстым. Хабарландыруды әлеуметтік желіде ашық жарияладық. Антологияға енгісі келетіндерге ұсыныс айттық. Шарты өлеңдерінің сол тілдегі жолма-жол аудармасын дайын күйінде ұсынуын өтіндік. Егер бәзбір ақындар антологияға енбей қалса, олар жолма-жол аудармасын жасатуға ерінгендер не қаражат таба алмағандар болуы мүмкін. Біз ешкімге қиянат жасамадық деп ойлаймын. Антологияға енген ақындардың осалы жоқ. Тізімді ұялмай ашық жариялап отырмыз. Қазақ поэзиясының кезінде Темірхан Медетбек баға берген «алтын көпірі» осылар деп есептеймін. Тізімді өзім жасадым. Оны Жазушылар одағы бекітті. Жазушылардың ең басты қауымдастығы болған соң, мен оларды аттап кеткен жоқпын.
– Антологияның жарық көруіне кімдер демеушілік етті?
–Испан тілінде шыққан антологияға қазіргі Кореядағы сол кезде Испаниядағы Қ.Р. төтенше және өкілетті елшісі Бақыт Дүйенбаев Испанияның тальго сияқты ірі компанияларын демеуші ретінде тартты. Әзербайжан мемлекетінде шыққан антологияға Акбер Гошалы демеуші тапты. Ол түрік тілінде шыққан антологияға да үлкен еңбек сіңірді. «Окуклы» холдингінің президенті Ильмаз Окуклы Анкарада түрік тілінде басылып шыққан антологиямызға демеуші болды. Аталған демеушілердің барлығына алғысымыз шексіз.
Әзербайжан ақындарын да қазақ тіліне аударып, антологиясын жарыққа шығардық. Барлық антологиялардың елдегі тұсаукесер рәсімін жасауға Дәулеткерей Кәпұлы атсалысты. «Фолиант» ЖШС баспасының бас директоры Нұрлан Исабеков барлық Қазақстанда өткен антология презентацияларына демеуші болды. Қазақ ақындары аударған әзербайжан ақындарының антологиясын «Фолиант» ЖШС баспасы демеушілік жасап, басып шығарды. Олардың еңбегі зор. Ақшасы көп адамдар жетіп артылады бұл дүниеде. Бірақ көкірегі ояу, көзі ашықтары санаулы. Инвестицияны өнерге, соның ішінде поэзияға салатындары өте сирек. Өйткені поэзия ешқашан сауынды сиыр бола алмайды. Поэзия ақша әкелетін коммерциялық жоба емес. Ол ешқашан ешкімнің қалтасын қампайта алмайды. Ол тек сіздің ішкі әлеміңізді сұлуландырады, байытады. Ол байлықты кім көріпті және оның байлық екенін қалай дәлелдейсің? Ол – ұлтты ұлт ретінде ұстап тұрған рухани байлығы, генетикалық коды.
– Енді Аудармамен айналысқан мамандар туралы да сұрай кетсек?
– Испан тіліне жолма жол аудармасын Испанияның Қазақстандағы елшілігінде жұмыс істеймін кәсіби аудармашы Ләйлә Қаулова аударды. Ол Алматыда мен оқыған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын 2 мектепті тәмамдаған. Менің өлеңдеріме деген құрметі ерекше екен. Осы жобаға тек сіз үшін кірістім деп ағынан жарылды. Жоба аяқталғанда Ләйла маған ұялы телефон сыйлады. «Оның не, Ләйлә? Сыйлықты мен саған жасауым керек қой. Ең ауыр қара жұмысын атқарған сен. Аударма үшін алған еңбекақың да өте мардымсыз, символикалық сумма», - дедім қысылып. Сонда ол маған: «Сіз қазақ үшін қажет жобаны тегін істеп жатырсыз. Сіз тегін істеген жобаға мен ақша алуға ұяламын»,-деді. Мен осындай ар-ұяты жоғары, өте кішіпейіл әрі кәсіби аудармашылармен жұмыс істедім. Дәл сондай еңбеққор аудармашы – Гүлназ Файзолла. Ол қазақ ақындарын түрік тіліне жолма-жол аударып шықты. Ал әдеби аудармамен Октай Хаджымусалы айналысты. Гүлназға да, Ләйлаға да алғысым зор. Әзербайжан және түрік тіліндегі аудармасын бірнеше кәсіби ақындар аударды. Олардың тізімі антологияда көрсетіледі.
– Антологияның таралымы қандай, өзге елдерге де тарала ма?
Антология 1000 дана болып жарық көрді. Ол негізінен Түркия кітапханаларына таратылатын болады. Бұл табыс табуға арналған коммерциялық жоба емес. Мақсаты - ағартушылық жоба. Алдында жарыққа шыққан испан тіліндегі антология барлық Испания кітапханаларына және испан тілдес мемлекеттер, соның ішінде Оңтүстік Америка кітапханаларына таратылды.
– Алда басқа қандай жоспарларыңыз бар?
– Арман көп. Соған орай мақсат та бар. Алдағы уақытта қазақ ақындарының антологиясын Франция мен Ұлыбританияда жарыққа шығарып, сол мемлекетерде кітап тұсаукесерін жасағымыз келеді. Жұмыстың 50 пайызы аяқталған. Кітап құрастырылып, жолма-жол аудармасы француз және ағылшын тілдеріне аударылып дайын тұр. Әдеби аудармасын жасатуға және кітапты Еуропада басып шығаруға қаражат іздеп жатырмын. Қазақ руханиятына үлес қосқысы келетін демеушілерге қашанда есігіміз ашық. Олардың кез-келгенімен келісімшартқа отыруға дайынбыз.
–Біздің сауалдарымызға уақыт тауып жауап бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Ділдә Уәлибек
qalamger.kz