СЕМЕЙДЕ ӨТКЕН РУХАНИЯТ МЕРЕКЕСІ

 

Шығыс Қазақстанда «Абай әлемі» кітаптар топтамасы» деген керемет жоба бар екен. Осы жоба шеңберінде он бес-жиырма шақты автордың кітабы осымен екінші жыл жарық көріп отырған көрінеді. ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен полигон қасіреті туралы жазылған алғашқы роман да осы топтамамен жарыққа шықты. Семей сынақ полигонының зардабы мен зауалы туралы шертілген ащы ақиқат – шерлі жұрттың шынайы тарихы негіз болған көлемді көркем шығарманы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжан  ұзақ зерттеп, екі жыл бойы табандап отырып жазып шыққан. Кітап «Фолиант» баспасынан жарық көрген соң, кешікпей, желтоқсан аяғы соңында Семей қаласында өткен кітап тұсаукесеріне арнайы шақырылған жазушыны киелі Абай топырағының зиялы қауымы құрметпен қарсы алған. Абай атындағы драма театрда өткен негізгі іс-шарамен қатар, жазушы өзінің бұл сапарында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мен М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттерімен де есте қаларлық әсерлі кездесу өткізді.

 

 

Абыз ақсақал Медеу Сәрсекенің ақ батасы

 

Семей өңірінде тұратын белгілі жазушы Медеу Сәрсеке де полигон тақырыбын ұзақ жылдар бойы зерттеген адам, көзден жас ағызып, қарадай көңілді қарайтатын оқиғалар қырық жыл бойы абыз ақсақалдың көз алдында өткен. 2018 жылдың тамызында сынақ болған жерлерді көріп, сырын көкірегіне түю үшін  Абай елін үш күн бойы аралаған Сәуле Досжан қайтар жолда Семейде тұратын Медеу ағасына сәлем бере барды. Өзін толғандырған тақырыпқа қатысты тың деректерге қанығып, ұзақ әңгімелескен соң, абыз ақсақал қарындасының талабын қолдап, ақ батасын берген.

Медеу Сәрсекенің өзі де Семей полигонынан зардап шеккен жан, арнайы берілген куәлікте ядролық жарылыс астында ол кісінің 37 жыл 2 ай болғаны расталған екен. ХХ ғасырда адамзат қауымына, соның ішінде қазаққа жасалған қастандық жайында жазылған «Семей қасіреті» көлемді еңбегінде Медеу аға: «Осы туындымды екі жастың біріне келмей тұз-дәмі үзілген семейлік, қарауылдық, абыралылық, долондық, саржалдық һәм семейтаулық үлкен-кішіге, өздері тап болған ғасырлық қасірет зардабын отбасымен бірге тартқан шерменде жерлестеріме арнаймын. Есімдерін білгенімше атадым, арада көп уақыт өткендіктен, түстей алмағаным қаншама. Бәрінің де рухынан кешірім сұраймын, бақұл болыңдар!» - деп жазды.

Ақсақалын ардақ тұтатын шығысқазақстандық әдеби қауым Медеу ағаны төрге оздырып, қатты құрметтейді екен. «Абай әлемі» кітаптар топтамасымен шыққан әрбір кітап осы жобаның басы-қасында жүрген Медеу ағаның қолынан өткенін білдік. Сексеннің сеңгірінен асса да, шығармашылық жұмыстан қол үзбеген Медеу ағамызға күш-қуат, ұзақ ғұмыр тіледік.

 

                       

Ақын мен жазушының кездесуі һәм көркемдік кеңістігінің өзара үндестігі

 

Семей сапарында Сәуле Досжандай жазушыны ақжарма көңілін жалаулатып,  жарқырай қарсы алғандардың бірі – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов болды. Ұлылыққа қашанда кішіпейілділік тән, адамдармен қарым-қатынасынан қарапайымдылық есіп тұратын алашқа аты аян Тыныштықбек ақын  «Қасірет пен тағдыр» романы авторына: «Сұрапыл дүние ғой! Қасіретті жазу оңай емес, жүректен қалай өткіздіңіз? Қайраткер екенсіз!» - деген.

Былтыр «Абай әлемі» кітаптар топтамасының алғашқы легімен Тыныштықбек ақынның кітабы да жарық көріпті. Ақынның өз қолынан сыйлаған жыр кітабы біз үшін баға жетпес сыйлық болды.

Әбіштей заңғар ағамыз «тосын, төтен құбылыс» деп баға берген  Тыныштықбек қой! «Бір кезде Абай күңіреніп, Шәкәрім шейіт болып, елу жыл зұлмат тоқпағы төмпештеген Шыңғыстау топырағы түлеткен ақын»! Жырларының демінен өзі өлердей сүйетін Шыңғыстауының күрсінісі сезілетін Тыныштықбек көңілі туған жерінің тауқыметті тағдыры суреттелген «Қасірет пен тағдыр» романы үшін қалай қуанбасын. Сәуле Досжан романы мен ақынның «Қара дала» өлеңінде атом сынағын ауырсынып, күңіреніп жатқан Шыңғыстау өңірінің суреті ұқсас, ақын мен жазушының айтпағы бір. Ақын:

Түн кірпігін ашқанда, тақыр Дала көрінген,

Қалаға да сол Тақыр қорқынышты өлімнен.

Қасқыр да жоқ ол жақта.

Арқар да жоқ.

Құрыған.

Тек иттері мияулап, мысықтары ұлыған, - десе, жазушы аты өшкір сынақ сәтін:

«...алдымнан шыққан отты жарық көзімді қарып түсті. Апырым-ау, жаңа ғана шөкімдей бұлт жоқ сияқты еді ғой.  Кенет табан астымдағы жер қарс айрылып кетердей солқ-солқ етіп, дірілдеп ала жөнелген. Көз ұшындағы ауылым сілкіністен тербеліп, кенет сағымға айналып, көзден ғайып болып кетіп, енді бір қарағанда, алып «бұлт – саңырауқұлақ» үстінде, аспанға тік көтеріліп барады екен деймін...  Жаңа ғана қызғалдаққа көміліп, тербетіліп тұрған кең жазиралы қыр күйген терідей қоңырсиды», - деп суреттейді.

Ақын:

Жер төсіне сол жақта Атом сына қаққан-ды.

Мекендейтін халқы да – қара халық, ақ қанды.

Жаратқанға сенгендей, өздері тым аңғал-ақ:

мал баққан боп жүр әлі, маңдай тері сорғалап, - десе, жазушы Сәуле Досжан бұл романында осы бір көнбіс мінез, қарапайым қазақтың образын өзіне тән стилмен жан-жақты ашып береді.

 

 

Кейінгі жас буын өкілі – Мерей Қарт

 

«Абай әлемі» кітаптар топтамасы тұсаукесерінде жиырма шақты жас ақын қаз-қатар тізіле шығып, сахнаны жайнатып жібергенде, қуанып һәм тамсанып қалғанымыз рас. Медеу, Тыныштықбек ағалар он жеті ақын бір мезгілде шыққан бұл Семей өңірі таланттарын осылайша, лек-легімен тудыратынын айтып, марқайып отырды. «Жастар жылына» орай, Мерей Қарт, Бауыржан Игілік, Александр Мещеряков, Қызырбек Дүргінбайұлы сынды бір топ жастардың жыр жинағы да шыққан екен. Семейге барғаннан-ақ үнемі қасымыздан табылып, кете-кеткенше кішілік ізеттен айнымаған Мерей мен Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев болды. Іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Абай Орталық кітапханасының директоры Гүлнара Жигитбаева мен орынбасыры Гүлмира Аязбаеваға, Шәкәрім университетінде өткен кездесуді ұйымдастырған ғалым Айман Ақтанға, жазушымен бірге жүріп, барынша қолдау білдірген Серік Елікбай, Гүлжахан Орда сынды әдебиетші-ғалымдарға айтар алғысымыз ерекше.

Мерейдің «Қарашықтағы құбылыстар» жыр жинағы дәл сол күні жарық көргенін Шәкәрім университеті студенттерімен кездесу үстінде естідік. Бұл жаңалықты жақсылыққа балаған жазушы Сәуле Досжан жас ақынның шығармашылығына сәттілік тіледі. Мерей кітабына, көбінесе, нәзік, сыршыл лирикасы топтастырылыпты. Дегенмен, «жаратып мінген күлігін сайыпқыран Сақтың ұлымын», - деп төкпелейтін бұл жас ақын астына мінген тарпаң күрең аттай арқыраған рухты мінезден де ада емес көрінді.

Құз-шыңын тастай ауған құлжадай жерінен айрылу қаупі басына төнген халқымыздың тағдыры оның «Арқар» өлеңінде тұспалданғандай ма?!

Адам ғана кінәлі,

Құстар кетіп, аңдар ауған әр көшке.

Соның бәрін қайтарып,

Бір-ақ тілек, белуардан ар кешсе.

Абайлаңдар, аңкөстер,

Ашкөзіңді қадай бермей Тектіге.

Арқарлардың зауалы,

Тау басынан тас домалап, қар көшсе, - дейді Мерей.

Ақынның қолтаңба жазып сыйлаған кітабын оқып отырып, қазақтың текті поэзиясының жалғасын Мерей Қарттай жас таланттардан көріп, қуаныш білдірдік.

 

 

 Қарашаңырақтағы әсерлі кездесу

 

Семей сапарында білім беру мен ұлттық тәрбиені мақсат еткен, соның жемісін терген, Алаш бесігі болған өлке тарихын ардақтаған, ұлыларын ұлықтаған, бүгінгімен ұштастырған, келешекке жол жалғаған Шағангүл Алдамжарқызы Жанаевадай үлкен қайраткермен, ғажап ақыл-парасат иесімен жүздесудің сәті түсті.

Өзі басшылық етіп отырған Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде жазушы Сәуле Досжан шығармашылығының барлық қыры жан-жақты жарқырап көрінген әдемі кештің өткізілу стилінен Шағангүл апайдың әдебиет өнеріне деген асқан махаббаты анық көрініп тұрды.

Жүз жылдан астам тарихы бар бұл көне оқу ордасы – қазақ жерінде тұңғыш ашылған жоғарғы оқу орны 1903 жылы ашылып, о баста «Семейдің мұғалімдер семинариясы» аталған екен. Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов, Биахмет Сәрсеновтей көптеген Алаш қайраткерлері оқып, білімі асып, өзіне қарсы азуын көрсете бастағанда, патша үкіметі өз басына сақина тілеп алғанын бір-ақ түсініпті.

Шығармашылық кештен кейінгі экскурсия кезінде аузымыз ашылып таң қалдық. Көне ғимараттың әр қабырғасы колледж тарихынан сыр шертіп тұр. Алаш қайраткерлері атындағы оқу кабинеттері, қазыналы музейі бар екен. Қайым Мұқаметханов атындағы көкке тірелген бай кітапхананың тылсым әсерін айтпай-ақ қояйын. Сәуле апайдың 1984 жылы шыққан алғашқы жыр жинағы осы жерден табылған болар?! Сол алақандай кітапқа қолтаңба қойып жатып, Сәуле апайдың өзі таңданысын жасыра алмаған.

Өнерпаз студенттердің қолынан шыққан бұйымдар, сурет галереясы да өнердің ғажайып рухын бойға құяды. Осылайша кешегі мен бүгінгі ұштасқан оқу орнының бөлек аурасын сезіндік.

Осынау тарихы ерекше білім шаңырағында отыз жыл қызмет атқарып, оқу мен тәрбиеге бойындағы күш-жігерін сарп еткен колледж директоры Шағангүл Жанаева нағыз Назипа Құлжанова апамыздың сіңілісі екен!

Қазақ тарихындағы ұлы әйелдерінің ізін жалғастырып отыр екен-ау дедім!

Қызық болды, Шағангүл апай баяғыдағы тырнақалды кітабын суырып алып шығып, Сәуле апайды бір таң қалдырса, жазушы: "Романдағы Сырғаш ұстаздың прототипі өзіңсің!" деп, Шағангүл апайды күтпеген жерден айран-асыр қалдырды.

Бұл әлеуметтік желі дегенді қойсаңшы, қазақтың екі қайраткер әйелі бірін-бірі сол жерден бақылап, сырттай бір-біріне тәнті болып жүреді екен.

Жалпы, Шаған апай – Муза болуға жаратылған жан ғой!

«Шағантайым, тәңірім,

Қасың сенің – қайқы қылыш!..

Қалқан – дәтім жамылып

қалдым аман...

Енді маған ерініңнің отына жанбау үшін

Тән дауысын мұздай Ойға батырам», - дейтін ақын Тыныштықбектің жан жары – Шағангүл.

Семей сапарындағы ең бір жып-жылы, әсерлі кездесуіміз бабалар рухы асқақтаған Әуезов атындағы педколледжінде өтті.

 

 

 

Сәт Тоқпақбаев тағылымы

 

Тәуелсіздік қазығын алғаш қаққан ұлт қайраткерлерінің бірі, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевтың «Қасірет пен тағдыр» романының жазылуына тікелей ықпалы бар. Жары Сәуле Досжан шығармашылығының дамуына, насихатталуына үлес қосып келе жатқанына көптен куәміз.

Жоғары оқу орнын бітірген соң, бір жылдай осы Семей жерінде қызметте болғаны бар. Семей полигоны қасіреті әр қазақтың жүрегінде екені рас, алайда тағдыры қызмет бабымен етене жақын қылған соң, қазақ тарихындағы бұл ақтаңдақ Сәт Бесімбайұлын үнемі алаңдатып жүретін еді. Ұлт тағдыры десе жанын беретін Сәуле Досжан екеуінің ойы бір жерден шығып, "Қасірет пен тағдыр" романын жазу идеясы туған екен. Полигон қасіреті туралы сөйлеп кеткенде, Сәт ағаның айтары көп. «Атом бомбасынан жапа шеккен Хиросима халқына қатты жағдай жасалды, жердің  бүлінген топырағын бір метрге шейін қазып әкетіп, орнына басқа топырақ төселді. Ал біздің Семей халқы не көрді? Бұл жағынан ойлап қарағанда, қазақ халқының соры бес елі екен», - дейді қайраткер. Соны айтып, Хиросимамен салыстырғанда, бізде жапа шеккен елге жанашырлықтың әлі де жоқтың қасы екеніне өкініш білдірген. Бұл аңыз тұлға туралы "Жаным садаға" кітабын оқығандар біраз нәрсеге қанығар еді. Ол кітапта Сәт Бесімбайұлы өзінің ҰҚК Төрағасы болып отырған кезінде академик Манаш Қозыбаев бастаған ғалымдармен бірге тарихтағы ақтаңдақтар (репрессия) ақиқатының астарын ашу үшін бірге күш жұмсағанын айтады. Кейін сол еңбек кітап болып шыққанда, ғалымдар: «Сәт Бесімбайұлының қоғамға көрсеткен жәрдемі, аты өшіп бара жатқан азаматтарымыздың есімін қайта тірілту ісіне жанашырлық қолғабысы ұшан-теңіз болды», - деп жазып, алғыс білдірген екен. («Жаным садаға», 104-бет).

Кездесу кезінде Қайым Мұқаметхановтай дара ғалымның «Абайдың ақын шәкірттері»  кітабын Шағангүл Алдамжарқызы алдымызға тартты. 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдығына орай, бұл кітаптың жарық көруіне де сол кездегі ҰҚК Төрағасы Сәт Бесімбайұлы қолдау көрсеткен екен. Қалай болғанын сұрағанымызда, қарамағындағы 700-ден астам офицердің бір күндік табысын баспаға аудартуға мұрындық болып, құнды зерттеу кітабының шығуына ықпал еткенін еске алды. Қайым аға қолтаңбасы бар кітаптың бір данасы Сәт Бесімбайұлының жеке кітапханасында сақтаулы тұр. Онда: «Абайды ардақтай білген қазақ халқының қайраткер асыл азаматы, осы кітаптың жарық көруіне аянбай ат салысқан, Сәт, саған ағалық достық көңілмен алғыс айтамын», - деп жазған екен ардақты Қайым аға.

Семей сапарындағы кездесулерде жазушы Сәуле Досжан осы романды жазып шығу әсте оңай болмағанын, сондай сәттерде жары Сәт Бесімбайұлынан қатты қолдау көргенін айтты.

 

 

 

 «Қасірет пен тағдыр» туралы пікірлер

 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл роман ШҚО әкімі Д.Ахметовтың қолдауымен орыс тіліне аударылып, (аударған Ғосман Төлеғұлұлы), «Фолиант» баспасынан қазақ және орыс тілдерінде жарыққа көрді. Баспадан шыққанына көп болмаса да, оқырмандар мен әдебиет сыншылары бұл роман туралы тек жылы лебіз білдіруде.

Белгілі жазушы, әдебиеттанушы Жүсіпбек Қорғасбек «Қасірет пен тағдыр» романы жайында: «Жазушы осыншама ауқымды тақырыпқа сыналап кіріп, ішінен қопара жазыпты. Нәтижесінде көркем образдарға толы, өмірде нақтылы шындығы бар дүние қолымызға тиді. Егер Дегелеңнің басына ескерткіш ретінде таспен бірге кітап қою керек болса, бұл соған әбден лайықты шығарма дегіміз келеді», - десе, белгілі әдебиеттанушы Айгүл Ісмақова бұл шығармаға: «Семей полигоны туралы біршама шығармалар жазылып жүргені белгілі. Роман полигон аймағында тұрып, радиация зардабын тартқан  кейіпкерлердің  тән мен жан азабын көркем, шынайы көрсетуімен құнды. Көркем дискурстың бұл басты талабы роман жанрына сай жүзеге асқан. Бұл – заман шындығын бейнелеген жаңа роман», - деген баға берді. Жазушы, әдебиеттанушы, ПМУ профессоры Серік Елікбай роман туралы: «Сәуле Досжанның "Қасірет пен Тағдыр" романы тыңнан түрен салған, хасса өнердің соны туындысы болып көрінді. Роман өзі айдар таққандай бір ұлттың басындағы қым-қуат өмірін жайлап бастатып, шым-шымдап тартып, бояуларын қалыңдата келе, бүгінгі күннің етегіне әкелтеді.

Бұл жаңа бет алып келе жатқан лептің басы.Әлем әдебиеті «әйелдік көзқарас» атты ірі тенденцияға куә болуда. Мин Джин Лидің аяғы ауыр, әкесіз баланың өмірі жайлы «Пачинко» туындысы, Зэди Смиттің «Суинг уақыты», Эмма Клайннің «Қыздар» секілді сұранысты шығармалар қатарына қосылар қаламгерлік еңбек –  «Қасірет пен Тағдыр» екені даусыз. «Соғыстың пішімі әйелдікі емес» атты шығарманың егесі – Нобель лауреаты С.А.Алексеич сөзімізге дәлел. Роман басында қызықтыра парақталады, қарапайым оқиға күрделеніп барып мүлдем биікке шығып алады. Алғашқы бұрылымдағы Аяулымның туған үйдің қызы емес болып шығатыны – бірінші қабаттағы шарықтау шегі. Роман көп пласты, сан қырлы. Өткен күндердің жасырын сырын арқалаған, мүгедек ұлға ғашық басты кейіпкердің өмір жолы одан ары шырмалана түсіп, қара бояу – суық түспен күңірентеді. Өліп бара жатқан бала жанындағы ана – қазақтың қаралы тарихының жаңғырығы. Жарсыз қалған мұңды әйел бейнесі әр қазаққа таныс. Қайта қосылар бала ғашығының атының Мэлс болуы көп сырға есік ашқызады... Деталь деп ұқтым. Аяулым тағдыры – қазақ тағдыры! Сіз бен біздің тағдырымыз. Қинала отырып оқу – парызымыз! Өмір – мейрамдардан тұрмайды. Қасіретті тағдырлы өмірді кешіп өткен кітап кейіпкеріне қасиетті оқырман жолыққай!» - деп жазды.

90-шы жылдардан кейін төл әдебиетімізде роман жанры ұзақ уақыт шеттетіліп қалып еді. Жазылғандарының өздерінің көлемі кішірейіп, сығымдалып, өрісі тарыла түскен еді. «Қасірет пен тағдырды» жазу арқылы бұл жанрды Сәуле Досжан қайта түлетті десек болады.

«Қасиетті Семей жерінің қасіретіне айналған сынақ полигоны жабылса да, оның қазаққа тартқызған зардабы жүректен де, санадан да өшпек емес. Кейіпкерім Аяулым о бастан сезімтал, нәзік жаратылыс иесі еді. Тағдыры оны аямаса, бұл сынақ Аяулымды тек қатайтты, шыңдады. ХХ ғасыр қазақ үшін қасіретті ғасыр болды. «Қасірет пен тағдыр» – қазақтың қаралы тағдырының жаңғырығы. Тәуелсіздікке қол жеткізген қайсар қазағымның ендігі болашағы жарқын болсын!», - деп, ағынан жарылады жазушы.

Семей сапары  бәріміз үшін руханият мерекесі болды.

Көңіл көңілден су ішеді, бір-бірімізге деген ықыласымыз ортаймасын, лайым!

 

Анар Кабдуллина, әдебиеттанушы.

 

Семей, 2019.