9 шілде күні Семей өлкетану музейінде «Бес асыл іс» балаларға арналған танымдық кітаптың авторы, педагогика ғылымдарының магистрі, Республикалық мүшәйралардың жеңімпазы, ақын Біржан Ермекұлы Ахмердің «Тамыз таңы» атты тұңғыш өлеңдер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараның мақсаты – тәу етер Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мерейтойында жас қаламгерлерді қолдау, туындыларын насихаттау, жас буын ақындардың өз қолтаңбасын қалыптастыруға үлес қосу.
Жиында алғашқы болып сөз алған Семей өлкетану музейінің директоры Қайрат Зекенұлы ақынның әдеби ортасы, қалыптасу кезеңдері, алғашқы жариялымдары туралы ой бөлісті. Одан кейін кеш иесінің өнердегі ұстаздары Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен «Халықтық» ақындар орталығының жетекшісі Дәметкен Серікбайқызы өз пікірлерін білдіріп, ақынға ақ жол тіледі.
Сыр-сұқбат бөлімінде Б.Ахмер өз өлеңдерін оқып, қазіргі әдеби үдеріс, кітаптың шығу барысы жайында кеңінен тоқталды. Әсіресе, оқырманға осы жыр жинаққа енген табиғат пен махаббат лирикасы, аударма өлеңдері, балладалар туралы ойымен бөлісті.
Шараға ақынның өнердегі аға-достары Қазақстан Жазушылар одағының Семей филиалының жетекшісі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері М.Қарт, «Тағдыр көзі» кітабының авторы Б.Игілік, айтыскер А.Жеңісқазин, М.Сатыбалдин, Ж.Асқарбек және т.б. қаламгерлер мен оқырмандар қатысты.
Ақын шығармашылығы жайлы жазған Т.Әбдікәкімұлы мен С.Рахметұлының пікірін ұсынамыз.
ТЫНЫШТЫҚБЕК ӘБДІКӘКІМҰЛЫ: ҚҰДАЙ ДАРЫТҚАН ҒАЖАП БАЙЛЫҚ
«Шөп те – өлең, шөңге де – өлең, өлең де – Өлең». Осы фразеологизм – жербетіндік барша тіршілік иелері Тегінің бір екенін, бір ғана өсіп-өркендеуші орасан Табиғат екенін; сол Табиғаттың өзі де Жаратушының Өлеңі екенін; сондай-ақ, Құдайдың да Ақын екенін айтып тұратын ерекше рухани постулат. Ол тұрғыда, Жаратушының ерекше бір Өлеңінің Қазақ екені де – хақ.
Иә, қазақ – ақын халық, ақынжанды халық. Абай заманында да оның ақындық қасиеті өз қуатында-тын. Оның басты бір дәлелі Абай өлеңінің мына шумағы:
Туғанда – Дүние есігін ашады өлең.
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың, бәрі – өлеңмен...
«Түйе мінген әр қазақ төрт ауыз өлең біледі» мәтелі де сол замандағы қазақтың ақынжандылығының анықтамасы. Ал, ақындық дегеніңіз – азаматтықтан да жоғары тұрған ұғым. Себебі, әр азамат – ақын бола алмайды, әр ақын – азамат. Оның үстіне, «Өлең – Сөздің патшасы» (Абай). Яғни, Ақын – көркем де көсем ойлай алатын ерекше тұлға. Осыдан көп жылдар бұрын, «Ес тамшылары» атты мақаламызда философиялық мәнісін өзіміз тәптіштеп жазған бұл мәселелерді бүгін біз неге еске алып отырмыз, соның мәнісін айтайық.
Қазақ Елі жетпіс жылдам астам уақыт бойы қызылқорыс патшалығының аяусыз езгісінде болды. Сол уақыт аралығында басқыншы-отарлаушы қызыл империяның кесірінен қазақ өткерген сансыз нәубаттарды өзге бір ел басынан өткерсе, ол сөзсіз құрып кетер еді. Қазақ аман қалды. Аман қалып қана қойған жоқ, өзінің ақындық қасиетін де сақтап қалды. Кітап оқу мәдениеті адыра қалды делінетін одан бергі интернет пен әлеуметтік желілер заманында да қазақ өзінің ақынжанды қабілеті мен аңқылдақ мінез-құлқын еш жоғалтқан жоқ. Себебі, қазақ ақындығы – Құдай дарытқан ғажап байлық. Ол – бағзы көшпелі бабаларымыздан бері үздіксіз өркендеумен келе жатқан ерекше тек пен қан бойынша, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын, жалғаса беретін айырықша қабілет. Енді мына өлеңге қарайықшы:
Неліктен жұмбақ тіршілік?
Неліктен сырлы бұл ғалам?
Жан бар ма екен құлшынып,
Жүректің сөзін тыңдаған?
Төбеде Ай тұр сұрланып.
Тербеліп жатыр түнгі айдын.
Отырмын содан сыр бағып,
Сəт күтіп толқи жырлайтын.
Көңілім, енді былғанба,
Дəме жоқ жанды шат қылар.
Күз келсе неге бұл маңда,
Көрінбейді екен аққулар?..
Ұнатам күздің салқынын.
Ұнатам күздің сазын да.
Күрсіндім, күйдім, шалқыдым,
Бір өлең арнап жаздым да.
Өмірім менің – жыр деймін,
Шабытым асып кемерден.
Өзгенің жолын білмеймін,
Өзімді таптым өлеңнен.
...Шаттығым солай қалыс қап,
Жанымды мұң мен мұз басқан.
«Ақынмын!» деймін дауыстап,
«Ақынсың!» дейді күзгі Аспан!
Бұл – бүгінгі әдеби толқынның өкілі ретіндегі жас ақын – Біржан Ахмердің кредосы. Авторды бозбала күнінен жақсы білеміз, шығармашылығымен де жақсы таныспыз. Оның үстіне, кезінде творчествосымен республика көлемінде танымал болған лирик ақын әрі кәсіпқой журналист Ақылбек Манабай – осы Біржан бауырдың нағашы атасы. Сөз жоқ, «Жігіттің жақсысы – нағашыдан». Ақылбек аға тірі болса, о кісінің сексенжылдық мерейтойын бірге тойласар едік. Амал нешік, ортамыздан ерте кетті. Ал, Біржан ақынның алар биігі әлі алда. Біз оған кәміл сенеміз.
СҰРАҒАН РАХМЕТҰЛЫ: АЛАБҰРҚАҚ ДАЛА ЖАҢБЫРЫ...
«...Еріні күйген жүрек!». Тәуір теңеу, әдепті мұң. Болмыстың өңге айналған сүгіреті осылай өрнектелсе, таңданбасқа не шара!? Жалпығаламдық тыныс сезіледі. Біржан – бұрынғы сал-серінің жаңа жалғасындай. Алабұрқақ дала жаңбырындай себе сергек. Жел гуілінің өз үні болады. Алтайлық аңқыл самалдың екпіні көп жас ақындардың шын өлеңіне жұққан!
«...Қара көздер, сенделеді күз жұққан...». Ғасырдың отырықшылдығы екі өкпеден қысқанда қала жастанған ақындар даланы аңсайды!? Биік ғимараттардың темір сүзбелерінде ілініп тұрған небір тұрмыстар жас ақынның көңілін далаға қарай қуатын секілді. Ақында өз әлемінде бейтарап, далабезер! Бұл енді мәңгілік қанға сіңген далалық мән. ...Бірін-бірі жоғалтып ап адамдар, жат сезімді жағалайды... Бір орталық, бір қамауда тоғысқан тұрғындардың бірін-бірі жоғалтуы өркениеттік қасірет! Мың жыл өзінен еш ажырамаған көшпелі жұрт ұлы қалада бірінен мәңгі адасады. Біржан жырларында осы бояулар басым. Осыдан жүздеген жылдар бұрын өмір сүрген жандай бәрін сезінеді. Сезіну деген ұлы құбылысты тек ақынға берген тәңірім!
Ол өткен шақта да, осы шақта да өмір кешіп жүреді. Өткенмен жүрегі үндес. Сонда құдірет! Ғұмырлық қасиет еш үзілмек емес екен! Ақындар – қос өмірлі! «...Есіл дәурен сен тағы, ескірдің бе, шынымен!». Бұл ойда бәрі тұр... Сағымды – күйік дейді! Біржандық кейіп, шәйірлік шырқау, далалық мінез деп ұқтық. Махаббат, сезім туралы бір өлеңін оқыңыз. Абай дананың жаңа үні секілді ме!?
жүрегім жүрегіңмен үндеседі,
үнсіз ғана сүйеді, тілдеседі...
сөздерің – сағым тұнған самаладай,
көздерің – қоюланған түн кешегі.
ғажап қой.. жүзің, қолың, қастарың да,
не бар екен сезімнің астарында?
алдыңнан Əлем болып қарсы аламын,
таң келіп, терезеңді ашқаныңда.
мен сені сүйем солай, ұялшағым,
бұл ғұмыр – өң менен түс. қиял. сағым.
өзгелер түсінбейтін сағынышпен,
өзіңді жиі аңсадым.
жиі аңсадым...
Мінеки, енді осындай ұлпа, далалық кейіпті жырлармен сусындау үшін ұлы поэзияға қарай тағы да бір сәт!!!