138

ЖАЗУШЫ МЕН КЕЙІПКЕРГЕ ҚҰРМЕТ: «ТЫНЫҚ ДОН». ГРИГОРИЙ МЕЛЕХОВ. ХАРЛАМПИЙ ЕРМАКОВ ЖӘНЕ ИВАН КАЛЕГАНОВ

Ұлұғ Ұлыс заманында «Таң», «Тең» дария атанған Донның сұлу суретін Шолоховтай салған жазушы жоқ-ау.

Араға отыз жыл салып, екі айға жуық уақыт бойы бас көтерместен, «Тынық Донның» төрт томын, екі томдық «Көтерілген тың» романын қоса әр сөзіне дейін шұқшия оқып, екінші рет түгел аяқтадым. Әсерімді мұнда аса жалынды сөздермен баяндамай-ақ қояйын. Алғаш рет 9-10-сыныпта жүргенімде өлердей қызығып, дүниені ұмыта оқығаным әлі есімде.

«Тынық Дон» романының өзі ғажайып картинамен басталады:

«Мелеховтың қора-жайы – хутордың ең шетінде. Мал қорасынан ауланың қақпасы солтүстікке, Донға қараған. Мұқ басқан, дөң-дөң борлы тастардың арасымен сегіз сажендей тік жарқабақтан төмен түскенде, өзеннің жағасы: ақықтай шашылып жатқан қабыршақтар, толқын шайған сұрғылт малта тастардан тізілген үздік-үздік жиек, одан әрі – жел шорықтап, қарақошқылдана шымырлаған Дон ағысы. Шығыста – қызыл талдан тоқылған шарбақпен қоршаулы қырманның аржағында даңғыл Гетман жолы, жол өзуінде басы бұрыл тартқан бозжусан, ат тұяғы таптаған ұзақ жасайтын жолжелкен, жолдың айрығында кішкентай шіркеу, одан әрі сағым көтеріп, бұлыңғырлаған жазық дала. Оңтүстікте – борлы тау жоталары. Батыс жақта алаңнан көктей өтіп, көлкіме шалғынға құлайтын көше.

Соңғы түрік науқанының алдындағы соғыста казак Прокофий Мелехов хуторға қайтып келді. Түрік елінен ол шәлі бүркенген бір кішкентай әйел ала келді. Ол әйел тығылған мұңлы көзін оқта-текте ғана бір көрсетіп, жүзін жұрттан ылғи жасырып жүретін еді. Жібек шәліден алыстың әлденендей белгісіз бір иістері шығады, оның әшекейлі кестелері әйелдерді қызықтыратын еді. Тұтқын түрік қызы Прокофийдің туған-туысқандарынан жатырқап, оқшаулана берді, сонсон-ақ Мелехов қарт көп ұзамай баласына енші беріп бөлек шығарды. Көңіл қалған қарт өле-өлгенше баласының табалдырығынан аттамастан кетті...»

P.S

Автордың шеберлігі ғажап енді. Григорий Мелеховтың тұлғасын сомдауда ол нақты өмірде болған, 1919 жылғы Жоғарғы Дон көтерілісінде қол бастаған ержүрек казак Харлампий Ермаковтың тағдырын прототип еткен. Шолохов Харлампий Ермаковпен жеке таныс болған, онымен бірнеше рет кездесіп, казактар көтерілісі мен Азамат соғысы жайында дерек жинаған.

1926 жылғы 6 сәуірде Шолохов Мәскеуден Ермаковқа арнайы хат жазады. Хатында 1919 жылғы Жоғарғы Дон көтерілісінің «ұсақ-түйек» деректерін нақтылау үшін мамыр-маусым айларында арнайы келіп жолыққысы келетінін айтады. Бұл хаттың түпнұсқасы кейін Ермаковтың тергеу ісінен табылған.

Бірақ жазушы оның негізінен әскери өмірбаянын ғана - герман соғысы мен азамат соғысы кезеңін алған. Ал Григорийдің Аксиньямен махаббаты, Натальямен отбасы, ішкі күйзелісі т.б образдан автордың ұшқыр қиялының жемісі.

Харлампий Васильевич Ермаковтың тағдыры өте қасіретті. Ол 1891 жылғы 7 ақпанда Вёшенская станицасына қарасты Ермаков хуторында (қазіргі Антиповский хуторы) дүниеге келген. Бірінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен танылып, төрт дәрежелі Георгий крестері мен Георгий медальдарына ие болған толық Георгий кавалері еді. Соғыс пен әскери қызмет оның өмірінің он жылдан астам уақытын алды, бірнеше рет жараланды. Азамат соғысында әр кезеңде қызылдар, ақтар және көтерілісшілер жағында соғысып, 1919 жылғы Вёшенская көтерілісінде 1-көтерілісшілер дивизиясын басқарды. Кейін Қызыл армия құрамында да қызмет атқарды.

1923 жылы әскерден босап, туған жеріне қайтады. Бірақ 1919 жылғы көтеріліске қатысқаны үшін кеңестік қауіпсіздік органдарының бақылауынан құтыла алмайды. Ермаков екі рет тұтқындалған. Ақыры 1927 жылғы 6 маусымда ОГПУ сот алқасы оның ісін соттан тыс тәртіппен қарап, ату жазасына кеседі. Үкім 1927 жылғы 17 маусымда Миллерово қаласында орындалды. Ол небәрі 36 жаста еді.

Шолохов дәл осы жылдары «Тынық Донды» жазып жатқан. Яғни Григорий Мелеховтың әскери болмысына негізгі материал берген адамның өзі роман толық жарыққа шықпай тұрып атылып кеткен. «Тынық Донның» алғашқы екі кітабы 1928 жылы ғана жариялана бастады.

Ермаковқа тағылған саяси айып кейін негізсіз деп танылды. 1989 жылғы 18 тамызда Ростов облыстық соты оны қылмыс құрамы болмағандықтан толық ақтады.

Мына қызықты қараңыз:

Ермаковты ақтауға жанын сала кіріскен әрі тікелей күш салған екі адам бар.

Бірі – қызы, мұғалім Пелагея Харлампиевна.

Екіншісі – Нижний Новгород қаласындағы Горький автозауытының қарапайым жұмысшы Иван Калеганов.

Қатардағы жұмысшы, бірақ сұмдық кітапқұмар Иван пірәдар Шолоховқа, «Тынық Донға» және Ермаков тағдырына ерекше қызыққаны аңыз болып айтылады. 1982 жылы Харлампий Ермаковқа өз қаражатына ескерткіш белгі жасаған жұмысшы Шолоховты үйіне іздеп келеді. Және оған Харлампийдің суретін көрсеткен, сонда Шолохов суреттің сыртына қолтаңба жазып, «Харлампийді казактар сыйлайтын! Бек сыйлайтын!» деп айтқан екен. Кейін осы кездесу Калегановтың қолындағы маңызды дәлелге айналған.

1989 жылы Калеганов Ермаковты ақтау туралы мәселе көтеруге біржола кіріседі. Ол Харлампийдің Вёшенскаядағы туыстарын іздейді. Ақыры белгілі мұғалім, Ленин орденінің иегері болған қызын іздеп келеді. Сол тұста әкесін ақтау үшін қақпаған есігі қалмаған қыз байқұс күдерін үзе бастаса керек. Миы қатты жұмыс істейтін ақылды Калеганов дереу сол қыздың өтінішін алып, Ростовқа барады. 1989 жылғы 26 мамырда Ростов облыстық КГБ қызметкерлерімен кездесіп, Ермаков ісін қайта қарауды сұрайды. Алғашында КГБ қызметкерлері оның өтінішіне сенімсіз қараған. Сонда Калеганов Шолоховпен түскен фотосуретін және Ермаков суретінің сыртындағы Шолоховтың қолтаңбасын көрсеткен. Осыдан кейін іс қозғалып, ақыры Ермаков толық ақталған.

Ал Шолоховтың беделі де бұл іске жанама түрде үлкен салмақ бергені белгілі. Бірақ Шолоховтың өзі 1984 жылы қайтыс болып кеткендіктен, 1989 жылғы ақтау науқанына тікелей қатыса алмады. Оның Ермаковты жоғары бағалаған сөзі, қолтаңбасы және олардың бұрыннан таныстығы кейінгі ақтау ісіне моральдық-тарихи тірек болды деуге болады.

Қарапайым оқырманның жазушы мен кейіпкерге деген орасан құрметі ақыры осылай сәтімен аяқталған.

Осындайда есіме түсе беретін қызық бір іс бар:

Қашанда атақты әкелердің соңындағы қалған мұрасын шырылдап іздеп, түгендеп, сотталған болса ақтатып, кітаптарын шығарып, шып-пыр болып жүгіретін қыздар көп. Дөңбектей-дөңбектей ұлдарының ондаймен ісі болмай, жайында жүретінін үнемі көремін.

Осы орайда: «Әкенің адал ізін өшірмей, бар ниетімен, шын ықыласымен еңбек ететін қыздарға кепкамды шешіп, басымды тағы бір иемін!» дегім келеді...

Қосымша:

Михаил Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясын қазақ тіліне бір топ қаламгер-аудармашы тәржімалаған. Алғашқы нұсқасы 1951 жылы Нығмет Баймұхамбетовтің аударуымен шықса, 1955-1956 жылдары төрт кітап толық қайта аударылып, бұл жұмысқа Хамза Есенжанов, Мұхамеджан Қаратаев, Ахмет Елшібеков, Сәйділ Талжанов, Құрманбек Сағындықов, Ғалым Ахметов, Хасен Өзденбаев секілді қаламгерлер қатысқан.

2 сурет: Шолоховтың алғашқы қолжазбасы.

3 сурет: Харлампий Ермаков

4 сурет: Шолоховтың Харлампийға жазған хаты

5 сурет: Атақты Григорий мен Аксиния ғой)

6сурет: 1983 жылы Байтұрсын әліпбиімен шыққан төрт томдық.

 

Ұларбек Дәлейұлы,

жазушы