(ХХ ғасыр араб поэзиясы туралы тәмсіл)
ХХ ғасыр араб поэзиясының ең танымал өкілдерінің бірі, сириялық ақын Низар Қаббанидің өлеңдері махаббат лирикасы мен азаматтық лирика төңірегінде бірдей өрбіді. Қазіргі таңда Қаббанидің біршама мәтіндері арабша ән өнерінің алтын ғасырын қалыптастырған Умм Кальсум, Абдель Халим Хафез, Файруз және Нагат әл-Сағир сынды есімдері аңызға айналған әншілердің репертуарындағы сазбен көмкеріліп, ел жадынан өшпей келеді. Жалпы кейінгі кезде ХХ ғасырдың араб тіліндегі әдебиеті мен мәдениеті әлемде өзінің тиісті бағасына жетпеген болар деген ой туындайды. Араб тілінде жазылған көркем туындылардың шығысқа тән төлтумалық лиризмі һәм нәзіктігі, тамыры тереңге жайылған пәлсапалық сипаты ХХ ғасырдың төрінде күрескерлік рухпен, ұлттық мәселе, бостандық туралы толғаулармен табиғи түрде үйлесім тауып, әлем әдебиеті сахнасында толағай өзгерістерге толы жаңа леп әкелгенін сезінуіміз қажет. Дүйім жұрт «латынамерикалық бум» туралы жиі сөз қозғайтын болса, араб тіліндегі көркем туындылардың жаңашылдығына әлі де ілесе алмағандай күй кешетініміз рас шығар. Осы ойларға мұрындық болып отырған сириялық ақын Низар Қаббани шығармашылық өмірі мен дипломатиялық қызметін қатар алып жүргенін ерекше атап өткен жөн болар. Евтушенконың «Поэт в России – больше, чем поэт» деген қанатты сөзі осындайда еске түседі. Араб әлеміндегі өнер адамы, әсіресе ХХ ғасыр беделінде белсенді күрескер болуға мәжбүр болатын-ды. Мәселен, танымал авторлар қатарындағы палестиналық жазушы Ғассан Қанафани, ақын Махмұд Дарвиштің өмірбаянына көз салсаңыз болғаны – дәл солай кез келген автордың шығармашылық жолы күрескерлік соқпақпен салынғанын көре аламыз. Низар Қаббани біршама уақыт елшілік қызметінде жүріп, отставкаға кеткеннен кейін сол кездегі еркін ойшылдардың астанасына айналған Бейрутқа қоныс аударып, «Маншурат Низзар Қаббани» атты жеке баспасын ашады. 50-жылдарға дейін Қаббанидің шығармашылық бағыты эротикалық поэзияға, дәстүрлі әйел образы тақырыптарына қарай өрбиді. Бастапқы төрт жинақ сол себептен біршама араб мемлекеттерінде дау тудырып, Қаббаниді басуға тыйым салынады. Елуінші жылдардан кейін ақынның отбасында орны толмас қайғылы оқиға орын алып, оның шығармашылығына үлкен төңкеріс әкеледі: Қаббанидің қарындасы келісулі некеге отырудан бас тартып, өз-өзіне қол жұмсап өледі. Ақынның шығармашылығы осыдан кейін прогрессивті түрде әйел бостандығы мәселесін жырлауға бет алады. Қаббани араб елдерінің арасындағы рухани алшақтықты, батыстағы бақ өкілдерінің біржақты көзқарасын көп сынайды. Араб ұлтшылдығы идеясына кәміл сенетін болады. Осындай күрескерлік жолында Қаббанидің 35 жыр жинағы жарық көрген. Алғашында араб поэзиясының дәстүрлі классикалық формаларынан бастаған болса, кейін еркін формада өлең жазуды барынша жетілдіреді һәм қазіргі араб поэзиясының еркін формада жазылудың бастауын қалаған ХХ ғасырдың ең маңызды авторларының біріне айналады.
Қаббани шығармашылығындағы поэтика ерекшелігін, тақырып еркіндігін, төлтумалық сипатын шетін ашып көрсете алатын – «Ақымақ әйелдің хаттары» атты өлеңдер топтамасының қазақша тәржімасымен танысып, оның жалпы шығармашылығына қызығушылық танытамын десеңіз:
Ақымақ әйелдің хаттары
1. Менің аяулы Әміршім,
Бұл ақымақ әйелдің хаты,
Бұған дейін де ақымақ әйелдерден хат алған боларсыз?
Есімім?
Есімдерді ұмытайық бұл жолы,
Рания, әлде Зейнеб ханым,
Хинт ханым,
әлде Хайфа?
Бойымыздағы ең ақымақ дүние - біздің есімдеріміз болар…
2. Менің Әміршім,
Ойларымды сізге ақтаруға жасқанамын,
Жасқанамын, үзілген күні -
Жұмақ отқа оранады деп,
Сіздік Шығыс үшін, қымбатты Әміршім,
Көгілдір хаттарды тәркілейтін,
Әйелдердің арман толы қазына сандығын тәркілейтін,
Көктем мен сезім қасапшылары –
Пышақ, тістеуіштер қолданады
әйелдермен тілдесу үшін,
Қара бұрымдарына оралып…
Сіздік Шығыс, сүйікті Әміршім,
Шығыстың нәзік тәжі көмкерілуде,
әйелдердің бас сүйегімен зерленген…
3. Айыпқа бұйыра көрмеңіз, менің Әміршім,
Жазуы неткен жұпыны деп,
Мен жазғанша есігімнің ар жағында қылыш бар-тын,
Бөлмемнің айналасында иттер ырылдап, жел гулейді,
менің Әміршім,
Баһадүр Антара* есігімнің күзетінде…
Бауыздауға дайын тұр,
Хатымды көріп қойса,
Басымды кесіп алады,
Азаптарымды білдірсем,
Басымды тағы кесіп алар еді,
Киімімнің жеңілдігін көрсе,
Сіздің Шығыс үшін, менің Әміршім,
Әйелдер найзамен қоршаулы тұр…
Сіздің Шығыс, қымбатты Әміршім,
Еркектерді пайғамбар сайлап,
көтеріп,
Соңы әйелдермен қара жерге бірге көмеді…
4. Бұл шимайлар көңіліңізді
кірлетпесін, менің аяулы Әміршім!
Қабағыңызға мұң қонбасын:
Ғасырлар арасында құлыпталған арзуларды ақтарып,
Санамды оятқаным үшін,
Зәулім күмбез астындағы гаремнен қашып,
Өлімге қарсы,
Табытыма қарсы,
Тамырыма қарсы,
Ұлы қасапханаға қарсы шыққаным үшін…
Көңіліңізге кірбің келтірмесін, аяулы Әміршім,
сезімдерімді тік айтқаным.
Сізге - шығыс еркегі -
Өлең мен сезімге берілмеген шығыс еркегі,
айыпқа бұйырмаңыз, бірақ,
Әйелді төсектен тыс жерде түсінбейтін,
Сізге...
5. Кеш мені, Ұлы Әміршім,
Ұлы әдебиет деп Ұлы еркектер патшалығына қарсы шықсам,
Ұлы еркектер әдебиетіне қарсы!
Махаббат - тек еркекке тән,
Ал секс - оларға сатылып келе жатқан ең арзан есірткі,
Әйелдердің еркіндігі - еліміздің ұмытылған ертегілерінде қалды:
Еркіндік - тек еркекке тән.
Менің әміршім,
Көңіліңіз қалаған есімді таңдаңыз маған:
Ұсақ, ақымақ, мәжнүн, арзан ойлы…
Бұдан кейінгінің маңызы жоқ мен үшін,
Қайғысын сөйлеген әйел - дәйім ақымақ әйел,
Еркекше санаға салсақ.
Ал мен мұны әубастан айтпадым емес пе?!
Мен - ақымақ әйелмін! (Аударма – А.)
*Антара ибн Шаддад, толық аты Антара ибн Шаддад ибн Амр ибн Муавия аль-Абси (525-615) – араб ақыны
Ақерке Асан, әдебиеттанушы