ХАРУКИ МУРАКАМИ. ТАКСИДЕГІ ҚАНСОРҒЫШ

 

Кейде жаманшылықтың адамға бірінен кейін бірі жамалар қасиеті болады. «Бақытсыздық келді - қақпаңды аш»-деген сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек. Ал егер шынымен бәрі қиғаш - қиыс кетіп бара жатса ше? Онда бүл жай әшейін халық даналығы емес. Қас қылғандай - ақ: құрбы қызбен кездесуге келіскенбіз, ал ол келмеді, күрткемнің түймесі үзіліп қалды, көргім келмеген танысыммен электричкада соқтығысып қалдым, тісім қақсады, жаңбыр жауды, таксиге отырдым, кей жерлерде авария болып, жолды бітеп тастаған. Маған дәл осы жағдайда біреу-міреу «қақпаңды аш» десе, мен оның жақсылап тұрып сазайын тартқызар едім.

Иә, сіз де солай істеген болар едіңіз. Міне, халық даналығы осында.

Мен адамдармен жақсы қарым-қатынас орната аламын деп айта алмаймын. Кейде кіреберіс есіктің алдындағы кілемшені өзгертсе жақсы-ақ болар еді деп ойлайсың. Өмір бойы қайдағы бір ауызғы бөлмеде жатар ма еді...

Бірақ кілем әлемінің де өз даналығы мен өзіндік проблемасы бар. Десе де, бұл мен бас қатыратын шаруа емес.

Қысқасы, таксиде келе жатып, кептеліске тап болдым. Күзгі жаңбыр машинаның төбесін сабалап түр, есептеуіштің әр шыртылы жаңа атылған мылтықтың оғындай миыма келіп қадалады. Эһ!

Оның үстіне темекіні тастағаныма үш күн болған. Басыма жақсы бірдеңе келсе бір сәрі... Ондай емес!.. Осындай бітпес ойлардан арылу үшін құрбы қызымды ойша шешіндіре бастадым. Бәрін өз кезегімен... ең алдымен көзілдірігін алып қойдым, содан кейін сағатын, шомбал білезігін, әрі қарай...

- Кешіріңіз. - Кенеттен шыққан таксистің дауысын естіген кезде мен кофтаның бірінші түймесін ағытуға қол созып жатқам, - сіз қалай ойлайсыз, қансорғыштар бұл өмірде бола ма?

- Қансорғыштар? - Мен жүргізушінің бет-әлпеті көрініп тұрған алдыңғы жақтағы айнаға аңтарыла қарадым. - Қайдағы қансорғыштар? Ана, қан ішетіндер ме?

- Иә, солар. Өмірде бола ма, жоқ па?

- Сіз жалпы кімді айтып тұрсыз? Өмірдегі қансорғыш сияқты адамдарды ма, ауыспалы мағынадағы қансорғыштарды ма, ұшатын қансорғыш - тышқандарды ма, жоқ әлде санадағы үрейлі қансорғыштарды ма? Немесе нағыз қансорғыштарды ма?

- Әрине, нағыз қансорғыштарды, - дейді таксист. Машина жарты метр алға жылжыды.

- Онда білмеймін, - дедім,- хабарым жоқ.

- Жоқ, олай болмайды. Сіз оған сенесіз бе, жоқ па, соны айтыңыз!

- Сенбеймін.

- Яғни, сенбейсіз?

- Сенбеймін.

Мен қалтамнан темекі алып, ерініме қыстырдым. Бірақ, тұтатқаным жоқ.

- Ал аруақтарға сенесіз бе?

- О, міне, аруақтар болатын сияқты.

- Сияқты... Сіз «иә» немесе «жоқ» деп нақтырақ айтыңыз.

- Иә. - Айтпасыма болмады. - Сенемін.

- Яғни, аруақтарға сенесіз?

- Сенемін.

- Ал қансорғыштарға сенбейсіз?

- Сенбеймін.

- Аруақтардың қансорғыштардан ерекшелігі неде?

- Аруақ – физикалық нақтылықтың антитезасы, - деп ойланбастан қойып қалдым. Кейде өзімнің осылай сөз тауып кететінім бар.

- Хм - м.

- Ал қансорғыш - бұл құндылықтың ауысымы секілді нәрсе ғой.

- Антитезаны мойындайсыз, ал құндылықтың ауысымын мойындай қоймайсыз.

- Қайдағы жоқ мыжыманы бір рет мойындасақ, соңыра тоқтай алмай қаламыз ғой.

- Сіз білімді адамсыз!

- Жеті жыл университетте оқыдым, - дедім езу тартып. Таксист алдыңғы жақтағы ұзыннан-ұзақ созылған машиналардың тізбегіне қарады да, аузына жіңішке темекісін салып, тарта бастады. Салонды ментолдың иісі алып кетті.

- Егер сіз шынымен қансорғышты көрсеңіз, не істер едіңіз?

- Абыржитын шығармын.

- Бар болғаны сол ма?

- Не, болмай ма?

- Әрине, болмайды! Сенім - ұлы күш. Егер басыңа қайғы тілеп алғың келсе, өзің білесің, әнеки. Ал енді "қайғы жоқ" деп ойласаң - ол шынында да сенен аулақтау жүреді.

Тұп-тура Донованның ескі әнінде айтылатынындай.

- Аһ, міне, сіз не туралы!..

- Иә - иә...

Аузымдағы тұтанбаған темекіні алмай-ақ, демімді ішке тарттым.

- Ал сіз өзіңіз қансорғышқа сенесіз бе?

- Сенемін.

- Неге?

- Негесі несі? Сенемін, болды.

- Дәлелдей аласыз ба?

- Сену мен дәлелдеу - екі басқа дүние.

- Айтасыз - ау!

Мен бұл тақырыпты одан әрі қазбалай бергім келмей, кофтадағы түймеге қайтып оралдым. Біріншісі, екіншісі, үшіншісі...

- Тіпті дәлелдей де аламын, - деді таксист.

- Шынымен бе?

- Иә, толық...

- Қалай?

- Мен өзім де қансорғышпын.

Біз сәл үнсіз қалдық. Машина тағы бес метр алға жылжыды. Жаңбыр әлі төбемізден сабалап тұр. Есептеуіштегі ақшаның көрсеткіші мың жарымнан асып барады.

- Оттығыңызды бере тұрмас па екенсіз?

- Мінекиіңіз.

Мен темекі тұтатып, ішке қарай сора бастадым. Үш күннен бері бірінші рет.

- Ой, кептелгені - ай! - деді жүргізуші күйіне.

- Иә солай,- дедім мен, - сонымен, қансорғыштар туралы...

- Иә, не?

- Сіз сонда шынымен қансорғышсыз ба?

- Әрине. Маған өтірік айтудың не қажеті бар?

- Сіз көптен бері осындайсыз ба?

- Тоғыз жыл болды. Мюнхендегі Олимпиада болған жылдан бері.

- Сіз ғажап адамсыз, тез тоқтатыңыз.

- Міне - міне. Бұның дұрыс!

- Тағы бірдеңе сұрасам бола ма?

- Сұрай бер.

- Сіз неге... таксист болып жүрсіз?

- Мен бұндай қансорғыштық қулықты ұнатпаймын. Плащқа оранғанды, күймемен жүріп-тұрғанды, қорғанда ғұмыр кешкенді... Жақсы ештеңесі жоқ. Менде бәрі ойдағыдай: салығымды төлеймін, лицензиям бар. Патинкоға, дискотекаға барамын. Несі жаман?

- Солайы солай ғой. Тек жай әшейін... қалай айтсам екен... ақылыма сыяр емес.

- Сіз солай сенбейсіз бе?

- М - м?

- Менің қансорғыш екеніме сенбейсіз бе?

- Әрине, сенемін, - дедім таксисті асыға қостап, - Қайғы шақырсаң - міне саған.

- Ал жарайды.

- Сіз кейде қан ішесіз бе?

- Енді ше? Мен шынымен қансорғышпын.

- Қан әртүрлі болатын шығар? Дәмді һәм дәмсіз дегендей...

- Ол белгілі қой. Бірақ сіздікі жарамайды. Темекіні көп тартады екенсіз.

- Тастағым - ақ келеді, бірақ қоя алар емеспін.

- Ең жақсысы - жас қыздардікі. Олар енді!..

- Түсінемін. Ал артистердің қаны қандай - жаман емес шығар?

- Каеко Касимотонікі - керемет! Кимиэ Сингедзидікі де тәп-тәуір. Ал енді Каори Момоидікі онша емес. Оған тіптен тартпайды.

- Яғни, бұл істе тек білу керек қой?

- Енді ше!

Он бес минуттан кейін біз айырылыстық. Пәтерімнің есігін ашып, жарықты жақтым. Мұздатқыштан сыра алып іштім де, сол күні кездесе алмаған құрбы қызыма телефон соқтым. Онымен сөйлесуге себеп те жоқ емес.

- Иә, мен саған Нэрима нөмірлі қара таксиге отырмауыңа кеңес беремін.

- Неге?

- Оның жүргізушісі - қансорғыш.

- Шынымен бе?

- Шынымен.

- Мен үшін алаңдап тұрсың ба?

- Енді ше!

- Нэрима нөмірлі қара такси?

- Иә.

- Рахмет.

- Оқасы жоқ.

- Онда ұйқың тыныш болсын!

- Тыныш болсын!

 

Аударған Думан Рамазан