ЕРТАЙ АШЫҚБАЕВ.ӨТЕЖАН КЕШКЕН ӨРТТІҢ БОЯУЫ

 

Поэма ма? Баллада ма? Я бір жұмбақ жанр ма?

Я немесе ашымаған, шала иленген қамыр ма?

Не десең де…

Жартасымды жарып шығып жатыр ән —

Көптен бергі тереңдегі сыймай жүрген запыран…

 

Өтежан НҰРҒАЛИЕВ, 1984 жыл

 

Біздің қазақ жұртының бастан кешкен оқиғалары өте көп. Әрідегі замандарды қоя тұрып, айталық, соңғы 100 жылдықтағы жалғыздығымызды ғана еске алсақ, соншама мол деректерге қоса, сол деректерге куә болған соншама көп қазақтарды қиналмай санап шығар едік.

Мысалы, 20-30-шы жылдар: Шұға, Күләш, Бұқабай, Раушан коммунист, Түйебай, Айранбай, Арыстанбайдың Мұқышы, Азамат Азаматыч, Желдібай Жындыбаев… өте көп… Иә, бұл проза. Бұл — Бейімбет Майлиннің кейіпкерлері. Әбжілі бар, әпендісі бар, қалай болғанда да, барлығы да өзіміздің қазір жер үстінде жоқ аталарымыз бен әжелеріміз еді.

Дәл сондай немесе соған ұқсас кейіпкерлер кейін де әлсін-әлсін туып жатты. Туғызушылар: Дулат, Тынымбай, Мархабат, Сұлтанәлі… Иә, бұл да проза.

Ал поэзияда ше?

Жоқ еді. Дәлірек айтқанда, 1978 жылға дейін жоқ еді. 1978 жылы «Жазушы» баспасынан «Соғыстың соңғы жазы» кітабының бірінші жинағы шықты да, 1984 жылға дейінгі аралықта Қазақстанда адал, қу, аңқау, зәлім, еңбекқор, жалқау, батыр, қорқақ, сып-сыпайы немесе арсы-гүрсі кейіпкерлердің жаңа (бұрынғыларға мүлдем ұқсамайтын) тобы пайда болды: Шынтемір, Сағындық, Қалқа, Көшер, Тәжібай, Степан, Көмекбай, Шоң кемпір, Балғатша, Қалмағамбет, Кемелбай, Изел…

Ерінбей қайталап айтайық, қазақ әдебиетінде бұған дейін де, бұдан кейін де кейіпкерлері тұтастай есте сақталып қалатын бұндай поэзиялық кітап болған жоқ.

Рас, шамамен, сексенінші жылдардың соңына дейінгі алуан-алуан жыр жинақтарынан соғыс, бейбітшілік, тыныштық туралы жазылмаған шумақтарды табу қиын еді. Мысалы, зеңбіректің ұңғысына ұя салған көгершін туралы көріністі әр ақынның әртүрлі етіп жазуы еш айып саналмайтын. Өйткені бұл әркім көруге (немесе біреуден естуге) хұқылы жалпылама факті еді. Қазір соғыс туралы жаппай өлең жазу доғарылды. Бұл қоғамдағы түрлі өзгерістерге қоса, бәлкім, кейінгі ұл-қыздар «соғыс көрген әкелерден жаралып, соғыс көрген аналарды ембегендіктен» де (Жарасқан) шығар.

Осы тұста айта кетелік, Ұлықбек Есдәулет «Жұлдыз» журналына Жарасқанның бір жыр жинағының атына сәйкестендірілген «Соғыстан соң туғандар» деген айдар енгізіп, осының аясына 40-шы жылдардың екінші жартысы мен 50-ші жылдар шамасында туғандардың (қазіргі күні шығармашылықтары туралы белгілі бір дәрежеде тиянақты пікірлер айтуға болатындардың) жырларының таңдаулыларын ұсындырып жүр. Ал одан бұрын, 1981 жылы қазақ прозасына алпысыншы жылдары қосылған лектің (25 қаламгердің) повестері жинақталып, «Беласқан» деген атпен үш томдық кітап етіп шығарылып, тез тарап кеткенін көргеніміз бар. Алғашқы томдағы алғысөзде «Жалын» баспасы бұл дәстүрді алдағы уақытта да жалғастыра бермек» деген уәде болғанымен, кейін, төрт-бес жылдан соң дүние мың құбылып, баспаның да, басқаның да көп армандары орындалмай қалғаны белгілі. Дегенмен, айтпағымыз негізінен бұл емес, «Беласқанға» енген прозашылар соғыс кезіндегі тылдың тірлігін сәби көзбен көрсе, «Жұлдыздың» поэзиялық арнаулы айдарына кіргендер тыл мен соғыстың көзін көргендерден туғандар еді. Және, ең бір ғажабы, «Беласқанның» авторлары да, Ұлықбектің өлең жазатын құрбы-құрдастары да, тіпті Өтежанның өз замандастары да «Соғыстың соңғы жазы» қазақ әдебиетіндегі мүлдем тосын құбылыс екендігін бірауыздан (кей жағдайлардағыдай әйтеуір көңіл үшін немесе пәленше болғаны үшін емес; шын жүректен, риясыз) мойындады. Неге?

Терме, толғау, нақыл сөз, шешендік өнер тәрізді жанрлармен қанаттанып келген қазақ өлеңіне ұлы Абай Құнанбаевтың бірыңғай реалистік суреттер қосқан, 1888 жылы жазылған «Күз» және «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» өлеңдерін тағы да оқып көріңізші: түсі суық сұр бұлт, дымқыл тұман, құржаң қаққан кемпір-шал, жыртық үйді жамаған жас қатындар, кәрі қойды ептеп сойған байдың үйі, сол байдың ұлын көзінен жасы ағып жүріп ойнатқан жалшы баласы, аяншақтау кедей сорлы… осының бәрі өлеңге бір бүйірден қосылған, жыраулық-жыршылық дәстүрден көген үзіп шыққан зор жаңалық емес пе еді. Содан тура 90 жыл өткенде әрісі романтикаға, берісі сұлу шумақтарға, мінсіз ұйқастарға, нәзік ырғақтарға буыны балқыған оқырманды Өтежан Нұрғалиев қазақтың соғыстарда шыңдалған кәдімгі қара сөзімен қайтадан жолықтырып, және бір селт еткізген еді.

Соғыста қаза тапқаны туралы қара қағаз келіп, жаназасына көк бұзау сойылған Жексеннің тіпті де марқұм болмай, кенеттен тірі оралған сәтін естігендегі көңіл-күйдің бір құбылысы мынадай:

…Жексен дей ме?

Өлген Жексен марқұм ба?

Келді дей ме аман-есен қалпында?

Өзі келген өзексізге өлім жоқ —

Еркек бала қалмап еді артында…

Ақын, қайталап оқып көріңізші, «ұл» немесе қазіргі көркем шығармаларға жарасымды «тұяқ» әйтпесе «шаңырақ иесі» деген тәрізді әсем теңеулерді қолданбайды, ертеректегі ауылдың бүгін де қолданыстан біржола шыға қоймаған қатқыл сөзімен «еркек бала қалмап еді артында» дей салады. Немесе мына жолдарды алайық:

…Құйттай жүйке түтілгенде жанжалмен,

Шешу керек кей түйінді қанжармен…

Айту керек Көмекбайды көрдім деп,

Мың қой баққан жалғыз көйлек-дамбалмен…

Қазір көйлек пен дамбал қосып айтылмайтыны белгілі, оның орнын, әсіресе, құдалықтардың атрибуты болып кеткен костюм-шалбар басты, тіпті көйлек-көншек деген қос сөз де күнделікті тілімізде көп пайдаланылмайды. Ал ол кезде… Сафуан Шаймерденовтің «Мезгіл» повесіне көз жүгіртейік:

«…Түйіншекті жазсам, жаңа тігілген көйлек пен дамбал екен. Жаңа нәрсені көрмегеніме қанша болды десеңші, қуанғанымнан жүрегім дүрсілдеді. Тез киіп алдым да, шайға отырдым. Пеште дүрілдеп от жанып жатыр. Бибігүл менің ескі көйлек-дамбалымды домалақтап алды да, отқа ұрды.

─ Бар қырсық осымен кетсін!

Мен отқа қарап отырмын. Ол шай құйып беріп отыр. Екеуімізде де үн жоқ. Пеш ішінде торсылдап, борсылдап менің құрым болып кеткен көйлек-дамбалым жанып жатыр…».

Міне, прозаға ғана лайықты секілді көрінетін деректі затты Өтежан поэзияда қалайша ғана ойда жатталып қалатындай етіп тиімді пайдалана қойғанын аңғармасқа амал жоқ.

Ал мына бір жолдардан қазіргі селолық әкімдердің де анда-санда мазасын алып тұратын бір қауіптің (мазмұны, талабы өзгере түскен қауіптің) шеті қылтияды:

…Әлі есімде, басқарма айтты: «Ерегес,

Я бір шатақ қылатын жер бұл емес…

Облыстан келгендердің алдында

Жарылғастар жасамасын төбелес…».

Бұл — тұлпарға ғана лайқат Байшұбар деген есім-атауды иеленген әрі семіз, әрі кәрі, ең бастысы, әрі жорға өгізді сойып, соңы сотқа ұласқан ұлан-асыр тойды бастар алдындағы әңгіме.

Бір ескеретін нәрсе, «Соғыстың соңғы жазынан» Өтежанның бұған дейінгі лирикасына тән нәзік өрнекті суреттерді табу қиын. Ақын біріне-бірі байланған тағдырларды өзек еткен балладаларында жұлдызы сүттей ұйыған қою түндерге ғашық болмайды, алаураған таңға таң қалмайды, сәулетайы үшін күннің жалқынын жұтпайды, сүттей шам жанған көшеде жүрмейді, лаулаған қызыл орамалдай көктемін іздемейді… Ақын «Соғыстың соңғы жазында» махаббат лирикасынының өзін өзге тілімен сөйлетеді:

…Мен де жігіт болғаным ба, шынымен,

Осы қызды ойлап шықтым түнімен.

Көзім түсіп кеткен сайын көзіне

Қорадағы баспақ құсап сүрінем…

Бұл — пойызға мінген жасөспірімнің жирен сары қызды көргеннен кейінгі көңіл-күйінің бір сәті.

Тіпті бұл жылдардағы арманның да, бақыттың да, байлықтың да сипаты бөлек: «Ол кездегі қиялшылдың ермегі — Кере қарыс қарындашты армандау»; «Бақыт деген — менің тұңғыш шалбарым, Он үш жаста күлген маған ақсиып»; «Сол баладан «бақыт не?» деп сұрасаң,  «Есекке артқан екі қапшық ұн» дейді»; «Қандай бақыт мәңгі-бақи тоқтаса, Қан соғыстың қиян-кескі атысы!»; «Бір қарындаш — сойып берген қойындай, кітап берсе — қыз ұзатқан тойындай», «Отын керек уілдеген боранда, Шекер керек жемесең де, жалайтын»…

Осы арада сәл іркілейік. Өтежан балладаларының жалпы мазмұны немесе жеке оқиғалары, түпкі идеясы әйтпесе шежірелік салмағы әр оқырманға жеткілікті таныс болғандықтан, бұл жайларды біз тағы да қайталап еске салуды жөн көрмедік. Бізге қалам ұстатқан жай мынау: Өтежан оқырманды ынтықтырып отыратын қандай тәсілдерді қалай пайдаланды?

Айталық, кейіпкердің бейнесін әсерлі сомдау үшін тарихта болған немесе әдебиет арқылы әбден танымал образға айналған басқа бір кейіпкерді шендестіре пайдалану әдісі бұрыннан бар. Әрине, бұл ретте сол екеуінің әлдебір әрекетінде немесе сыртқы дене-тұрпатында әлденендей ұқсастық болуы шарт. Өтежанның балладалары, міне, осы қағиданың ережелерін қанып ішіп алған тәрізді.

«Талай жерде әзірейілдей тергеген», «жеті әкені құртып барып тоқтайтын», бүгінде «ши аяқ» шал болған, дертке шалдыққан Шынтемір бригадирді жетпісінші жылдардың соңында қайта көргелі тұрған ақынның тіліне мынандай жолдар іліге кетеді:

…Кеше ғана Абылайдай Шынтемір

Ордаларды отап жүрген ойрандап…

Шіркін, айбынды да айдынды сурет емес пе?! Бригадирдің қаһарын көз алдыңа әкелу үшін хан Абылай мен ойрандалған ордадан артық нендей қосымша теңеу керек. Бұны түсінікті делік, бірақ Өтежан батырлыққа тіпті де қатысы болмаған, қару ұстамақ түгілі атқа мініп шапқаны неғайбыл әлдекімді жақынырақ таныстыру үшін атақты батырларды да құрбандыққа шала салады: 

…Дырау жігіт Қобыланды, Манастай

Болған екен суармаған ағаштай…

Бұл — ешқандай да ерлік жасамаған, бар-жоғы «айналасы салтанатқа малынған», «жолағы бар костюмінің өзіне көркем қыздар әулиедей табынған», әттең, сол тірлікпен біржола қоштасқан, «азуы жоқ, тырнағы жоқ арыстанға», «тісі сынған пілге» айналған бұрынғы салқам мырзаның бүгінгі кейпі. Басқаша баяндалса, аса есте қалмауы да мүмкін, бірақ қасына Қобыланды мен Манасты қосқан соң, болымсыз бейне қанық бояуға малынып айқын көрінеді.

Ақын бір мезет орыс тарихының бізге етене ұғынықты беттерін парақтай кетеді.

Шөпшілерге сойылып берілуге тиіс жынды өгіз мүйізін шанши өкіріп, жыртық үйлерді сүзіп, жұрттың үрейін алған шақта тәуекелге бел буған, бірді-екілі медальдары сылдырлаған Тәжібай басқарманың жеңін түрініп, қолына ақ балтаны алған сәті («Жынды өгіз бен Тәжібай») ақынның бала көңіліне былай тоқылып қалыпты:

…Пугачев боп тұрды сонда Тәжібай —

Айбалта ұстап босағадан көрінген…

«Активтерін балапандай шұбыртып жүретін» осы басқарманың тағы бір суретін ақын былай безендіреді:

…Биыл көктем өзі аздап арыған,

Шығанақтық жасаймын деп тарыдан…

КСРО кезінде оқып-тоқығандарға жан аямас еңбектің үздіктері ретінде насихатталып, өздері атындағы бастамаларға негіз болған шахтер Алексей Стаханов, тракторшы Паша Ангелиналар өте таныс. Ал Ғабиден Мұстафин романының кейіпкеріне айналған, тары өнімін жинаудан дүниежүзілік рекорд жасап, бұл рекорды кейін еш қайталанбаған Шығанақ Берсиев қазақтарға тіпті етене жақын. Соғыс кезінде, басқа жақты кім білген, Ақтөбе облысында Шығанақ рекорды өрісті бастамаға айналып, барлық аудандарда қаптаған тарышылар звенолары құрылды. Әрине, мол тары өнімін жинау талап етілді, бірақ рекордқа жету, «шығанақтық жасау» оңай ма?! Жоғарыдағы жолдар соның бір жаңғырығы.

Ал «еңбек күні минимумы» дегенде осалдау соғатын Әлібеков Шоқат ше:

…Жайлап жүріп, Шоқат егін баулайды,

Жайлап жүріп, Шоқат қоян аулайды.

Қара мұртын сылап-сылап жіберсе,

Кітаптағы Чапаевтан аумайды…

Қазақ ақындарының ішіндегі ең білімдарлардың бірі, жер-жиһан әдебиетін шағып оқыған Өтежан, әрине, ежелгі шет жұрт мұраларының қай кейіпкерін де балладаларының ішіне мұрнын тескен тайлақтай жетектеп әкеліп қосып жібере алар еді (кейінгі «Афина мектебі» кітабын еске алыңыз), бірақ оған бармайды. Кей тұстарда ретімен ғана пайдаланады. Бірер мысал келтірейік.

Қалқа — махаббаттың аққуы, Қалқа — заңды некедегі қосағы болғанымен «жиырма бес жылдық әскерлік оқуға алынған», «Горькийдегі генералдың қызына айтпай жүріп үйленіп алған» Жарасты күтумен өмірін өткізген мұңды ару. Сол Қалқаның сол тағдырын ақын балладасының бір тұсында былай айшықтайды:

…Махаббаты — мұзға кеткен жылудай,

Махаббаты — жылжымаған ұлудай.

Одиссейді он жеті жыл күтумен

Кемпір болған Пенелопа сұлудай.

Қазақ (әрине, басқа ұлттар да) жоқшылық жалмаңдап тұрған замандарда, сиырдың сүтін былай қойғанда, ешкінің, түйенің сүтін (қазіргідей ем үшін емес, талғажау ету үшін) таңдайға басқан ғой. «Қара нардың желінінен жарылып, Таңдайыма төгіледі сүт аппақ» дейтін Өтежан тағы бір тұста бұл жағдайды былайша нақтылап анықтай кетеді:

…Қасқыр емген Рәміл мен Рымдай,

Үшінші ана болды маған қара нар…

Көшер класком болатын жылы мектепке жаңадан келген мұғаліммен ақын былай таныстырады:

…Бүгін ғана келген ағай алыстан,

Бүгін ғана мектебімен танысқан.

Жағал сүрік кепкесіне қараймыз

Марсиандай келіп түскен ғарыштан…

Өтежанның кейіпкерлері осылар ғана ма? Жоқ, олар көп. Мынау басқарманың келіншегі: «Жылтыраған нәрсе көрсе халықта, Қатты ұқсайды жем жемеген балыққа». Тағы бір басқарманың келіншегі: «Келіншегі екі-үш құрсақ көтерген, Тәтті қатын қайнатқандай шекерден». Ал бозбала ше: «Сиыр сауған қатындардың миларын, Айналдырып алатындай басы бар». Жаман деуге де келмейтін, жақсы деуге де келмейтін жеңіл ұрының күнделікті халі: «Төбесіне қона берді көп шайтан, Төбесінен ұша берді періште». Майданнан келген Кемелбай, әрине, желпінбей сөйлей алмаса керек: «Фашистерге талай жерде ит қостым, (Қолдан келсе, қоныштан бас, сүйт, достым)». Үйдегі іске асар жалғыз мүлікті басқарманың баласына байғазыға беруге әкеткен шешесіне балаң лирикалық кейіпкердің (әкесі соғыстан оралмаған баланың) мықтап өкпелеуі де орынды: «Кіші кемпір қарап жүрмей жайына, (Кегі бар ма келмей қалған байына), Патефонды көтеріп ап жөнелді, «Степанның байғазы деп тайына»…

Патефон демекші, заманы басқа болған соң, әуелі мал, атақ жинауды емес, мысалы, әлдебір ерлікті, ессіз-түссіз ғашықтықты пір тұтып өскен әрідегі ұрпақтың жата-жастана оқып есейгені батырлар жыры еді. Бір қызығы, сол батырлар жырындағы «Әлқисса, ол кезде Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып…» немесе «Әлқисса, Бадамша сақау осыны айтып…» деп келетін жолдарға ерекше іркілуші ек. Онсыз да көркемдігі асып-төгілген жырларға осы «әлқисса» деген бір ауыз сөз өзгеше өң қосып тұратындай сезілуші еді. Осы күні Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін тыңдағанда сол балалық шақтың сол батырлар жыры есіңізге түспей ме?

Өтежанның да дәл сондай болып қайталанып отыратын өз «әлқиссалары» бар: «Содан кейін… өтті талай күн зырлап, Күймелердей қоңыраулары шылдырлап…» немесе «Содан бері өтті қанша жыл зырлап, Қанша сағат қоңыраулары шылдырлап…» әйтпесе «Қатындардың шашпауындай сылдырлап, Өтіп жатты, өтіп жатты күн зырлап…» , т.б. Тап осындай қайталаулар балладалардағы оқиғалардың түпкі мәнін аша түсу үшін өмірге қатысты да келтіріліп отырады: «Өмір деген — тіленшінің теңгесі, Өмір деген — жақсы қыздың жеңгесі…»; «Біз өмірден әл сұрадық — әлсіреп, Біз өмірден бал сұрадық — қамшы жеп…»; «Жетімдігін жасырады бұл өмір, Жесірлігін жасырады бұл өмір…»; «Өмір — ғажап. Ғажаптығын сал оның, Өмір — мазақ. Мазақтығын сал оның…». Әрине, бұл үлестен негізгі тақырып болып отырған «соғыс» дейтін суық сөздің де тыс қалуы мүмкін еместігі белгілі: «Соғыс біздің өмір жасты өксітті, Соғыс біздің маңдай терді тепшітті…», «Соғыс біздің анамызды жесір ғып, Соғыс біздің шанамызды жоқ қылған…».

Мұндай қайталауларға немесе оралымдарға әдебиетші ғалымдар баяғыда-ақ атау тауып берген шығар-ақ, сол себепті теория жағына жүгірмей-ақ қоялық, біздің айтпағымыз — басқа. Бірер ғана өлең емес, бірнеше ғана баллада емес; тура төрт кітапқа жалғасқан тұтас дүние ұсынуға тәуекелі жеткен автордың, әрқалай оқиғалар әртүрлі тәсілдермен баяндалып отырған шақта, басты тақырыпқа негіз болған өткен күндер, өмір мен соғыс туралы байламдарды әлсін-әлсін осылай еске салып отыруы баяғы батырлар жырында кездескенде ішіңді бүлк еткізетін «әлқиссалар» секілді әсер беріп, сезіміңді кенет дір еткізеді екен.

Қазақта әу баста баллада жанры болмаған соң, қай жанрға да лайық қазақтар сол балладаларға кейіпкер де бола алмады. Біздің шәкірттік заманымызда мектеп оқулығына енгізілгендіктен, оның үстіне апайымыз жаттатқан соң ба, «Әлі есімде, мектепке алғаш барға­ным, Сумка асынып, дәптер, қа­лам алғаным. Бір бұры­шын­да сол сум­камның жатқаны, Ке­ней сақа, кендір баулы қар­­ма­ғым. Әлі есімде, отыр­ға­­ным пар­та­ға, Үңіле кеп, қара­ға­ным кар­та­ға. Жайда­ры, ашық, мұға­лима жас қыз­дың, «Түзу отыр» деп, қақ­қаны арқаға…» деп алып, әрі қарай да тамсанта өріле беретін «Мұғалима» деп аталатын баллада есімізде мықтап сақталып қалды. Бірақ ол кезде сонау орта ғасырларда Еуропада пайда болған бұл жанрды қазақ әдебиетіне Саттар әкеліп, оны осы «Мұғалиманың» авторы Қайнекей Жармағамбетов ерекше дамытқанын, одан беріде, мысалы, Жұмекен, Мұхтар Шаханов немесе Кеңшіліктер бұған  зор үлес қосатынын, әрине, білгеніміз жоқ. Дегенмен, осы ХХІ ғасырда баллада туралы түсінік беретін бірер анықтамалықтарда кейде Қайнекейдің есімі түсіп қалып, Өтежан тіпті аталмай қалатыны бара-бара түзелетін кемшілік қой деп ойлаймыз. Себебі ғұмырын негізінен қазақ әдебиеті теориясын зерттеуге арнаған Зейнолла Қабдоловтың төрт рет өңделіп, төрт басылымы шыққан, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Сөз өнері» атты кітап-оқулығында (1992, «Қазақ университеті») балладаға қатысты қазақ қаламгерінің ішінен тек Қайнекейдің ғана есімі аталуы тегін емес.

Қазір біздің әр қиырға бір барып жүрген туындыларымыздың ішінде балладалардың жоғалып кеткені (немесе жоғалып кеткендей болып көрінетін тым аздығы) бұл жанрдың қажеті жоқтығынан емес, бәлкім, Өтежаннан да әрі асыратын бір биік шың қай маңда тұрғанын таба алмағандықтың да салдары болса керек. Тіпті Өтежанның өзі де балладалар жазуға сенімді жоспармен емес, кездейсоқ, жолүсті соққанға ұқсайды. Біз әңгімеміздің басында келтірген, ақын «Соғыстың соңғы жазының» үшінші кітабында таңбалаған «…Поэма ма? Баллада ма? Я бір жұмбақ жанр ма? Я немесе ашымаған, шала иленген қамыр ма?..» дейтін, яғни әлдебір күдіктерден хабар беретін жолдар немесе «Соғыс туралы сөз» деп аталатын сол поэмасындағы «Мен — Ақынмын, бар ниетім — бір кәдеге жарауым, Сол болар ма табандыға тәлтірексіз қарауым? Ұл өсірген ағаштардың тамырынан тарауым — жалғыз талдан ну өсірген жауынгерлік жалауым! Сол жалауым сол орманда желпілдей ме, Есенбай, Іште жатқан шер-шеменнен болмайды екен босанбай…» деп келетін сыр ашулар ақын әуелі әдеби жанрдың түрін емес, әуелі қайткенде көзі көрген қасіреттерді айтып кетуді мақсұт еткенін анық аңғартады. Сол мақсұттың жемісі, қазір жабыла айтып жүргеніміздей, қағазға 1978-1984 жылдар аралығында топырлап түсе қалған осы балладалар болды.

Өтежан балладаларының кейбір атаулары кәдімгідей-ақ көз тартып тұрады: «Қалқа туралы аңыз», «Көмекбай туралы аңыз», «Түйе туралы аңыз», «Бекболдың әкесі туралы аңыз»…

Қаншама жеткілікті оқып-тоқығанымызбен, ертегімен ержеткен елдің жұрнағы емеспіз бе, аңыз десе, елең ете түсеміз. Әлдебіреулер туралы әңгімелердің шындықтан гөрі аңызға ұқсап тұратын тұстарына ынтықтау боламыз. Сондай әлпештеулердің салдарынан аңыз кейіпкеріне айнала жаздаған Бауыржан Момышұлын Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» деген роман жазып, әзер аршып алған жоқ па?! Ғалымдар аңыздың әсіре қияли фантастикалық проза шатыс хикая екендігін де, тарихи деректерге сүйенетін шындық аралас қасиеттері бар ұзақ жырлар екендігін де әлденеше рет талдады. Оған бас ауыртпайық. Дегенмен, Бұқар бабамыз жырлайтын әрідегі Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай емес, не берідегі Исатай мен Махамбет емес; әрі кетсе «мың қой баққан» қойшы Көмекбай, күйеуін сарыла күткен Қалқа, жетімді сүтін беріп асыраған түйе, «талай-талай ағалардың есіне етік киген жақсы күндерін түсіріп жүрген» Бекболдың әкесі аңыз бола қоя ма?! Бұлар «дабысы жалпақ елге кетпеген» (Пушкин), даңқ-атақтары кішкентай Жарқамыс ауылынан әрі аспаған қарапайым пенделер емес пе?! Бірақ, әлгі балладаларды оқып болған соң, олай дей қою қиын. Расында да осы поэзиялық туындыларда бүгіннің өзінде тереңге сүңгітетін, енді пәленбай ондаған жылдардан соңғы оқырманды сондай да сондай күндер болғанына ұйыта таң қалдырып отыратын ерекше детальдар, сол детальдарды жүрекке құятын беймәлім баяндау тәсілдері бар.

Ақын, міне, осылайша бір белгілі жанрдың ішіне кіріп кететін әлдебір белгісіз жанрлық қисындарды ескеріп, балладаларына «жыр», «хикая», «ән», тіпті «өлең» деген тәрізді анықтамаларды да ретімен қосады: «Екі метр қара мата туралы жыр», «Қаракесек Қалмағамбет туралы жыр», «Шоқат Әлібеков туралы жыр», «Кемелбайдың досы — Балабидің көзі туралы жыр», «Бір махаббаттың хикаясы», «Әнештің бірінші хикаясы», «Алыста қалған жырақтың әні», «Шалбар әні», «Түйенің тулауы туралы өлең»…

Балладаларын тек кейіпкерлерінің атымен атау («Балғатша», «Сақтаған шал», «Берікбай») немесе оқиғаның әуеніне орай аз-мұз түсінік сөздер қоса кету де («Мұхамбеттің үлкен қызы — Дәнекер», «Сағындықтың жалғыз ұлы — Әбілхайыр», «Гүлайша тұрмысқа шыққан жыл», «Мыңбай гүлдегенде», «Шынтемірге сәлем бер») Өтежанның төрт кітабына тән жекеменшік тәсілдер.

Жалпы Өтежан өмірдегі сияқты өлеңдегі де жаттандылықты, бірсарындылықты ұнатпай өткені мәлім. Мысалы, біз, КазГУ-дің журналистика факультетінің бастапқы курстарындағы елу шақты студент, бірде шағын аудиторияға Өтежанды кездесуге шақырғанбыз. Ағамыз сол кездесуге басқаны емес, әлі кітабы шықпаған, былайғы жұрт түгілі, өлең жазып жүрген біз де білмейтін, жаңылмасам, Семейден Алматыдағы «Жігер» фестиваліне қатысуға келіп жүрген Әбубәкір Қайранды (ол кезде Қайранов) ертіп келіп, ол туралы ғажайып мақтау сөздер айтты, Әбубәкірге қасқыр туралы өлеңін оқытып, «өлең осындай болуы керек» деген мағынада пікір білдірді. Кейін «Жалын» баспасында қызмет істеп жүрген кезінде «Бастау» сериясымен осы інісінің алғашқы жұқа жинағын шығарып бергені де бар. Шынында да кейін Әбубәкір қолтаңбасы ешкімге ұқсамайтын өзгеше өрен ақын болып қалыптасты, бірақ, әлі күнге дейін оның шығармашылығы көпшілікке жетерліктей жан-жақты талдана қоймаған сияқты. Бұл — біздің салғырттығымыз, ең алдымен, бірге жүрген ақын құрбы-құрдастарының кемшілігі. Мысалы, Өтежанның алғашқы жыр жинағы («Менің махаббатым», 1962) шыққан кезде «…Ал әзірге күдіктенбей-ақ айта беруге болатын бір шындық бар. Ол: Нұрғалиев — ақын және таза ұлттық поэзияның өкілі деген мойындау» деп қатесіз, дәлелді сүйінші сұраған Қадыр Мырзалиев бертінде осы «Соғыстың соңғы жазы» туралы «Қазақ әдебиетіне» қандай көлемді, әсерлі талдау мақала жазғанын ұмыта қойғанымыз жоқ. Мұқағалидың «…Өтежанның бүкіл табиғаты — жүрген жүріс, мінез-құлық, қимыл-қарекет — бүкіл болмысы тек поэзия үшін жаралған. Ақын қандай болады десе, ақын мынадай болады деп, Өтежанды көрсетуге тұрарлық. Біреулерге қиынның қиыны, ауырдың ауыры соғып жүрген жыр өнері Өтежанға мүлде жеңіл сияқты. Оның жазу тәсілі, алған тақырыбын қиналмай, еркін жырлауы, бірінен кейін бірі толқындап лықсып төгіліп жататын оның өлең шумақтары осы ойымыздың дәлелі. Өтежан —  ешқандай да қоспа-қоқысы жоқ табиғи талант» дегенін және қайда қоясыз. Ал бүгінгі өзара замандастардың жағдайына келсек, ақын ініміз Бауыржан Бабажанұлының өз тұрғыластары туралы жазған дәмді эсселері мен құрдастарының мерейтойлары қарсаңында болса да, уақыт тауып, тілектестікпен байыпты қалам тербеп жүрген құралыптас ақынымыз Бауыржан Жақыптан өзге шайырлар аса көзге түспей келеді. Осы ретте Әбубәкірдің 2008 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Мен ғашықпын дүниеге» деп аталатын кітабына Есенбай Дүйсенбайұлы жазған аңдатпадағы (аннотациядағы) «Кейінгі он-он бес жылда қазақ өлеңі көркемдік бейнелеудің жаңа көкжиектеріне көтеріліп, жан мен жүрек, ой мен сезім үйлесімінің үлкен биіктерін игерді десек, осы тұрғыда талмай ізденіп, талайлы табысқа жеткен тамаша талант иесі Әбубәкір Қайран екеніне оның мына «Мен ғашықпын дүниеге» жинағындағы жырлар куә. Мұнда терең тебіреніс, телегей толғаныстан тумаған бір де бір туынды жоқ: шайыр өзі жайлы, уақыт жайлы, қазіргі өзгеше заман халі жайлы шалқыған шабытпен, шалқар оймен шынайы жырлайды»  деген жолдарды оқығанда әртүрлі ойға қалады екенсің. Дегенмен бұл әңгімеміз, әрине, кимелеп кезексіз кіріп кеткен ойлардың бір сорабы ғана. Енді тағы да кері оралайық.

Айталық, оқырманымыз «Тә-ә-к, Жарқамыстың жарандары солай екен, ал сол кезде Өтежанның өзі қандай бопты» деуі де мүмкін-ау. Әр сөзі шындықпен суарылған ақын мұны да жасырмай, әр тұстарда өзі туралы қысқаша мәліметтер беріп отырады: «Жаяу жүріп жарысамын атпенен, Баласымын бір кембағал кемпірдің»; «Мен — аурушаң, қорқақ қана баламын, Мен класком болар ма екем, апыр-ай?»; «Ақ жапалақ үкі көзді баламын, Аспандағы туларға көз саламын»; «Шынын айтсам, үргедекпін, қорқақпын, Әңгіме айтқан үлкендерге ортақпын»; «Жеті жаста талай айдап әкелгем, Баласы жоқ сол бір үйдің бұзауын»; «Бір колхозға атым кеткен жүйрікпін, Қоянбайдың Қасқасындай құйғыттым»; «Өзімде жоқ қылық бітіп, кей-кейде, «Аздап қаны бұзық бала» атандым»…

Сонымен, «Күркіреп күндей, Өтті ғой соғыс» деп Қасым жырлағандай, соғыс та тынды. Бірақ титімдей жүрекке батқан ауыр сыз, хабарсыз кеткен әкеден үзілген күдер, бастан кешкен неше түрлі қиянаттар қаршадай баланың жараланып біткен жанын біржола жадырата алмаған тәрізді. Жеңісті әкелген жылдың өзін Өтежан зор пафоспен, көтеріңкі леппен, шалқар шаттықпен жырлай алмайды, хабарлы, байсалды лебіздермен ғана баян етеді: «Төрт жыл өтіп бір күннен соң бір күн кеп, Соғыс тынды зеңбірегі зіркілдеп»; «Көз талдырған қырық бестің жазында, Солдат біткен келіп жатыр там-тұмдап»;  «Қырық бестің жанып-сөнген оттары, Жоқтамаған құрбандарын жоқтады»; «Төрт жыл бойы сұлу нәрсе көрмеген, Кез еді ол кемеліне келмеген»; «Қырық бестен әрең шыққан денсаулық, Секілді боп бит терісі биялай», «Бір аяғын кесті соғыс Бақыттың, Бес жыл бойы қара сәуле атып Түн»… Осылай жалғаса береді.

«Соныменен айтып-айтпай не керек, Кеттім бір күн Алматыға жебелеп» деп Өтежанның өзі жырлағандай, сонымен осы мақаламызды аяқтай келдік. Дегенмен, мына жайды тіркемесек және болмайтындай көрінді. Әдетте таланттың бағаланбайтынын көп айтамыз да, бағаланғандарына келгенде аса шуламаймыз. Балалық шағы өртке шарпылса да мойымай, өршелене өскен, өшпеген, бірақ шүлен үлестіруде үнемі сырт қала беретін, қандай сыйлыққа да лайық Өтежанды ел марапаты, кейін ақын кеудесінен тастамай (!) тағып жүрген «Құрмет» орденіне ұсынғандар да, бұл ұсынысты қабыл алғандар да бір ізгі іс жасағанын ұмытып кете беретініміз де жөн емес-ау. Мұны ерекшелеп айтып отырған себебіміз, ақын осы орденді алған бойда ерекше қуанып, арнайы өлең жазып, «Қазақ әдебиеті» газетіне бастырды, кейін, әлгіде айтқанымыздай, орденін кеудесінен тастамай (оны 70 жылдығын тойлауға туған жері — Байғанин ауданына келгенде қасында жүргенімізде де көрдік) тағып жүрді. Айтарын жасырмай айтуға дағдыланған ақын марапатын да жасырған жоқ. Өзінің де «Бұл жағдайды айт десең де айтамын, Ол ниеттен қайт десең де айтамын. Әсіресе, айтпа деген жерлерде, Тіріледі өліп жатқан сайтаным» дейтіні бар еді ғой. Тірісінде іні-дос болған, қасында көп жүрген рухани ағасы Қасым Аманжолов өмірден өткен соң екі томдығына, кейін Мәскеуден орыс тілінде шыққан бір томдығына алғысөз жазған, солайша Қасым шығармашылығын зерттеушілердің біріне айналған Тәкен Әлімқұлов бертіндегі естелігінде «Мен Қасымның тірі кезінде ол туралы бір де бір мақала жазбағаныма өкінемін. Мың дегенмен, тіршіліктегі қанибетке не жетсін!» деп сыр ашып еді. Өтежанға тіршілікте қанибет көрсете алмағандарымыз қаншама…