Әдеттегідей, сексенiншi жылдардың басында да КазГУ-дiң журналистика факультетiне бiр топ ақын түстi. Бұлар жыл сайын журфакқа табан iлiктiретiн ұл-қызы аралас елу ақынның iшiнен лезде iрiктелiп шықты. Журфакқа ақын дегенiң бұрын да топырлап түсiп, ақын еместерi қайраңға шығып, қайырлаған балықтай тобына iлесе алмай қалып жататын. Бiрақ мына ақындардың жөнi бөлек секiлдi. Келдi де алдыңғы курста оқитын тәуiр ақындармен қоян-қолтық араласып, солардың арасына тастай батып, судай сiңдi де кеттi.
Бұл бiр КазГУ-дiң қалашығының әр ағашы жырмен тербелiп тұратын әдемi кезең едi. Қалашықтың кез-келген жерiнде өлең оқуға болады. Осы күнi бiреу-мiреуге «Талдың арасына барып, өлең оқиын деп едiм, жүр, тыңдашы» десең, шошып кетер. Ол кезде бәрi басқаша едi. Кез-келген жерде тыңдайтын құлақ бар. Мединститутқа барсаң да тыңдайды. ЖенПИ-ге барсаң да, қасындағы Киров зауытының содыр-сойқандарына дейiн құлақтары қалқиып, өлең тыңдауға келедi. Кешке қарай елге белгiлi мықты ақындардың бәрi КазГУ-градта жүредi. «ҚазГУ-дiң қалашығы, Көзiмнiң қарашығы» оларды мүлгiп тыңдап тұрады. Әйдiк ақындар күндей күркiреп жыр оқиды. Өздерi оқып болғасын жас перiлерге кезек бередi. Олардың «Өлеңiң жақсы екен!», – дегенi осы күнгi мүшәйрада жеңiп алған жайынбас көлiгiңнен артық. Арындаған ақындарды шалабурыл күйiнде түн ортасында шығарып салып тұрамыз. Несiн айтасың, жарықтықтардың мас болғандарына дейiн, әлдебiреулерге тiсiн қайрап, кiжiнгендерiне дейiн әдемi... Ал сал-серiлерi сол күнi «саяси баспана» сұрап, жатақханамызда қалып қояды.
Ақын бiткен бесiншi жатақханада түнiмен дамылсыз өлең оқиды. Ақындар ақын еместердi ұйықтатпайды. Таң қылаң бере бастағанда сабаққа баратыны еске түскен бiреуi өлеңмен ескертпе жасайды:
Жас ақындар бас қосқанда дүрiлдей,
Дауыстары шығады екен гүрiлдей.
Үнсiз ғана тыңдап қалған бiздерге,
Түн ортасы өтiп кеттi-ау, бiлiнбей...
Әншейiнде ешкiмге жалын ұстатпайтын кiлең шу асау, бiр жақсысы, сөзге тоқтайды. Шетiнен бос тұрған кереуетке құлай кетедi.
Сырттан оқитындардың сессиясының басталуы ақындар үшiн үлкен той. Сол сырттан оқитын сырттандардың iшiнде де қазақтың мықты ақындары бар. Олардың сессиясы әдеттегiден ұзаққа созылады. Ақындардың әр зачет алуы – жалпыхалықтық мереке. Бiздiң буынның үлесiне тиген беделдi «заочниктер» – Есенқұл Жақыпбеков пен Шорабек Айдаров. Екеуi де елге сiңiмдi. Артық-ауыс мiнездерi жоқ. Әсiресе, ақкөңiл Есенқұлдың бөлмеңе бас сұғуының өзi бiр ғанибет. «Жiгiттер, сыра iшетiн нелерiң бар?», – дейдi жай ғана. Беремiз. «Балық бар ма?», – дейдi ол сосын. Аралдың жiгiттерiнiң бөлмесiнде балық болмаушы ма едi. Талғат Батырхан балкондағы қақталған сары сазанның бiреуiн сағағынан ұстап әкеп Есағаңның қолына ұстатады. «Дұрыс болды, – дейдi ақын ағамыз, – ендi маған Қайратты тауып берiңдер!». Бес қабатты шарлап, ақын Қайрат Әлiмбековтi iздеп кетемiз. Есенқұл ағам құмарлығының құрамдас бөлiктерiн түгелдеп, үштағанын тiктеп алған соң, сыртқа беттейдi. Жанында шашынан бу бұрқырап Қайрат ақын кетiп бара жатады.
Бiздiң курста Бауыржан Үсенов оқыды. Жiгiттiң сұлтаны едi ол. Өлеңдерi өз алдына, ән салғанда да бүкiл қалашықты елiктiретiн. Домбыра шертiсiне өнер тарландарының өзi таңдай қағатын. Мұрты қияқтай, аса ажарлы жiгiт болатын. Жырлары бiрiнен бiрi өтедi. Өлең оқығанда бүкiл жұрт ұйып тыңдайды. Қалам сiлтесi мүлде бөлек.
Шың шапақтан басына теңге iлдiрдi,
Аққу ұшып, қимылын көл бiлдiрдi...
Келдi-дағы ару таң дәптерiме,
Жазып кеттi өзiндей мөлдiр жырды...
немесе:
Өз арнамнан әйтеуiр аспай бақтым,
Бiр арманға жасымнан тастай қаттым.
Күнгей жақты бетке алып бара жатқан,
Жыр көшiне iлескен жас тайлақпын!..
Осыдан соң «Көктем келдi жасыл алқа тағынып, Құстар келдi туған жердi сағынып» деп жырлап жүрген курстың бiр топ ақыны өлеңдi бiрден қойды. Алдымыздағы курстың ақындары алымды көрiнедi. Тәуiр болмаса өлеңдерi әлi күнге дейiн есiмiзде тұрар ма едi. Өлеңдерiн өр даусымен өзi оқығанда жайнатып жiберетiн Бауыржан Жақып («Бейнеңдi жүрем жаттап ап, Жүрегiм – фотоаппарат»), аспайтын, саспайтын, өзi де, өлеңi де үнемi қайнап жүретiн Қайрат Әлiмбеков («Күледi маған, күледi, бiр қауым қарға, Күлсе күлсiншi, соларды ұрғаным бар ма?!»), томаға тұйықтау Мұратбек Оспанов («Ақын деймiз, өлең деймiз, жыр деймiз, Жырымызды жыртып тастап жүр кей қыз...») сол жылдардың өзiнде өлеңнiң өкiл баласы емес өз баласы екенiн дәлелдеген-дi. Ал бiзден екi жыл бұрын түскен курстың ақындары Нұрлан Берғазиев (Мәукенұлы) пен Бейбiт Құсанбеков көштiң алдын бермей тұрды.
Журфактың ақындары шетiнен сұрапыл. Беделдiң бәрiне солар ие болады. Ол кезде қыз-қырқын жаппай елтiп өлең тыңдап отырады. Бiздiң де аздаған ақындығымыз бар едi. Онымыз мыналардың өлеңiне астар болуға жарамай қалды. Бiрақ бiрден берiле қойғанымыз жоқ. Шамамыз жеткенше iлесiп бақтық. Ол кезде темiрдей қатты тұжырым бар. Жақсы ақын сыраны жақсы iшуi керек. Сыршылдық пен сырашылдықты бiрге әдiптеген заман. Едiлдiң бойы ен тоғай... «Думанды едi сенiмен сырахана, Жабылған соң қайтушы ек бiротала» деп дуылдатып жүрген кез.
Айтпақшы, арамызда ақын қыздар да баршылық екен. Алдымыздағы курстардағы Баян Бекетова, Үмiтхан Алтаева, Гүлбаһрам Жебесiнова, Елена Таңбаева – танылып қалған ақындар. Бiздiң курс та ақын қыздардан кенде емес көрiнедi. Атыраулық көзiлдiрiктi қыз Сәулеш Шәтенова мен жүзi үнемi алаулап тұратын кегендiк ақсары қыз Нұрмира Әлiшерова екеуi түн баласы ұйқы көрмей өлең жазады. Түнiмен жазған өлеңдерiнен тоят тауып, ертеңiне сабақта екеуi де екi бетi албырап отырады. Тым ерте тұрмыс құрған Нұрмира ақын («Жем болып кеткен қырғиға, Жағдайың қалай, Нұрмира?») өлең өлкесiн өз еркiмен тастап шықты да, Сәулеш Шәтенова әрi қарай жалғастыра бердi. Бүгiнде сол Сәулеш – бiрнеше мүшәйрада бәйге алған белгiлi ақынның бiрi. Атыраудағы бiр аудандық басылымның бас редакторы.
Сөйтсек, нағыз ақын қыздың өз ортамызда жүргенiн бiлмеппiз. Ол басқалар сияқты бiрiншi курсқа түсе сала жарқылдап жыр оқыған жоқ. Дуылдасып өлең оқып жатқан арқалы ақындардың тобына да араласпады. Жаппай конспект жазып, жабыла сабақ оқыған пысықтардың қатарына да қосылмады. Мойнына қалың шарфын орап алып, жұмбақ күйде өзiмен-өзi жүретiн де қоятын. «Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер, Жүзімді қырдың желі шарпып жүрер» деп өршелене ұмтылатын Мұқағалиы да жоқ еді оның... Елдiң көзiне дудыраған шашы бiрден түсетiн. Баяғы баршамызға таныс Анджела Дэвистiң дөңгелек қалпақ тәрiзденген бұйра шашынан кейiн осындай қалың шаш көрiп тұрғанымыз... Қазiр қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бiрiне айналған аса дарынды ақын Гүлнәр Салықбайдың студент кездегi кейпi осындай едi.
Сол қыздың шын ақын екенiн ешкiмге көп жариялай бермейтiн бiр өлеңiнен кездейсоқ бiлiп қалдық.
Ескi жара ауызын тырнамалық,
Екiншi рет сен менi жаралама...
Көйлегiмдi жағадан ұрлап алып,
Судан шығармайтұғын қара бала!
«Ей, Әлiшерова!, – дедiм өзiм қалжыңмен қажай беретiн Нұрмираға, – өлеңдi дер кезiнде қойып кеткенiң қандай абырой болды. Сұрапыл ғой мынау... Мына қыздан кейiн өлең жазу деген...». Тiлiнiң түрпiсi бар Нұрмира да қарап қалмайды. «Анау Үсенов сендердің де үндерiңдi өшiрген жоқ па?!».
Содан Гүлнәр басталды... Қатарластары мен қанаттастарының ортасынан суырылып шықты. Оның бірінен-бірі өткен тың теңеулері мен түйдектелген тіркестерін қорытып үлгере алмай жаттық. «Мен мерекеден кейінгі көшемін, Шаттанудан шаршаған», «Көрмейін десем көзім бар», «Кешіріңдер келгенімді өмірге» деп жырлап, қара үзіп кеткен Гүлнәрдің соңынан сүйсініп қарадық та отырдық. Ол сұңқар да болған жоқ, тұлпар да болған жоқ, кәдімгі Гүлнәр болды.
Бүгінгі Гүлнәр биігінде тұр. Терең. Тылсым. Тұңғиық. Тұнық... Ол елдің көз алдында қазақ поэзиясының қайталанбас құбылысына айналды. Өмірдегі өз тұлғасы да тартымды. Құбылыс болса да, қарапайым, терең болса да, тұрақты. Біз білетін ақын Гүлнәр күпі киген қара өлеңді әлі де талай рет түрлендіре түсетіні анық...