Бауыржан ОМАРҰЛЫ.«АТЫЛFАН» ҚЫЗ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Қыңыр қыз

Бiздiң курстың басқа курстардан өзiндiк ерекшелiгi болды. Жас алшақтығы жағынан ешкiмге ұпай берген емеспiз. Он алты жасар Жанар Абызова мен отыз беске келген Аманғали Дайрабаевтың жасына дейiнгi қыз-жiгiттер оқуға бiрге түстi. Дайындық курсы арқылы түскен курсымыздағы қос тракторшының бiрi Миуа Байназардың мiнезi өктем. Оны көргенде, iнгендей қайқаңдаймыз. Жақпай қалсаң, саусағымен iлiп тартып шақырып алады. «Берi кел, бе-рi ке-е-л-л!». Бармай көр. Быт-шытыңды шығарады. Трактордың штурвалын сығымдап ұстаған қолдарына бiр түссең бiттi. Оңдырмайды. Iлбiп барамыз. Содан қып-қызыл «разборкасын» бастайды. «Әй, сен не айтып жүрсiң ей? Ана көзiлдiрiгiңдi ұнтап жiберейiн бе, а-а!». Мырың-мырың етiп, әрең құтыламыз. Өзiмiз де қарап жүрмеймiз. Бiрде Кегеннiң атышулы ақын қызы Нұрмира Әлiшерова шығарып берген мына өлеңдi сөзi осыған ұқсас әлдебiр әуенге салып, балконда гитарамен бар даусымызбен шырқап тұрғанбыз. Шырқап тұр деген аты, бiздiң дауыс бiр қайбiр жөндi дауыс дейсiң...

Қартайып қалдың ба, әлде Миуа апам,

Қашты ма, фигураңның қиюы, апам.

Бiрiншi курстағы көйлектердiң,

Қиындап кеттi бүгiн сиюы, апам...

Бiр қарасам, әр сөзiме жырқылдап күлiп тұрған қасымдағы көңiлдi көрермендерiм сiлтiдей тынып қалыпты. Тынып қалғаның не, зым-зия жоғалған... Қарасам, қарсы алдымда екi бүйiрiн таянып, Миуа апам тұр. О тоба... Қолымдағы гитараның дәу шанағын басыма қаптай жаздады. Алпамсадай Аманғали ағамның артына тығылып аман қалдым-ау деймiн сол жолы...

«Талантың тасып бара жатса, неге мен туралы жақсы өлең жазбайсың ей, сен?». Содан жатып алып, жақсы өлең жазуға талпынам. Ол құрғыр жазылып болмайды. Жiбi түзу лирикалық өлеңге жоқпын ғой мен. Керiлiп-созылып, ұйқас таба алмай, ұйқысырап жатқанымда Миуа апамның тегі Әлiмнiң iшiнде Төртқара екенi есiме түстi. О-о, болды, өлең дайын. Екi-ақ жол.

Бойында дауыл менен өрт қана бар,

Журфакта Төртқарадан төрт бала бар.

Қатып кеттi. Өзiмiз Төртқарамыз, өзiмiз төртеумiз. Одан артық не керек? Төртеудiң бiрiншiсi, яғни, көшбастаушысы – Миуа апам, екiншiсi – ақтөбелiк Әлiбек Татанов, үшiншiсi – біз... Төртiншiсi оңайлықпен табыла қоймаған соң... күнде журфактан шықпайтын филолог досым Қара Серiктi қосып жiбердiм. Ұйқас үшiн адам неге болса да барады екен. Ендi журфакта жоқ төртiншi Төртқараны қайдан табам?

Ата-бабасының рухын еске салған соң, аздап қаны қызды ма, бұл екi жол өлең Миуа апама әдепкiде ептеп ұнаған сияқты едi. Маңдайы жiпсiп, емiренiп, бiраз отырды да, сәлден соң есiн жиып, астарындағы юморды сезiп қойып, «Төртқараларыңмен қоса құры!» – деп қуып шықты.

Үнемi осы. Бөлмелес досым Талғат Батырхан екеумiз бiрдеңенi бүлдiрiп алып, «Том мен Джерри» мултфильмiндегi дәу мысықтан қашқан екi зыптурын тышқан секiлдi бас сауғалаймыз да жүремiз. Тек Миуа апам Том сияқты ақкөңiл емес, ұстап алса, әкеңдi танытады. Қарнымыз ашқанда, Миуа апамның мантылары пiсетiн уақытта сайтандай сап ете қаламыз. Қанша дегенмен екi-үш жас үлкендiгi бар әпкемiз емес пе, мұндайда Миуа апам бiздi қумайды. Күн ұзаққа нәр татпаған Көркемтай секiлдi көкқарын баланың кейпiне түсiп, бейшара қалып танытып отырған бiзге қарап қойып, үнсiз ғана тамағын бередi. Мантымен асқазанымызды нығыздап алған бiз қайта құтырамыз.

Студент кезiнде өз айтқанынан қайтпайтын қыңыр қыз болды. Миуа осы бiрбеткейлiгiнiң пайдасын да көрдi. Бiздi шыбын құрлы көрмейтiн бiлiктi оқытушылар онымен санасты. Бұл да олармен өзiн тең ұстап сөйлесетiн.

 

Ерекше емшi

 

Студент қыздың ептеген емшiлiгi болды. Ептеген емес-ау, қателеспесем, Миуа апам қалашықтың бас емшiсi болды-ау деймiн. Ауру-сырқау дегенiң жатақханамызға ағылып келiп жатады. Талғат екеумiз сырқаттарды вахтада отыратын Тетя Настяның жанынан күтiп алып, емшiнiң бөлмесiне қарай бағыттап жiберемiз. Сыртынан қанша күлiп жүрсек те байқаймыз, бiздiң емшiмiз халтурщик емшiге ұқсамайды. Әкесi Сыр бойына белгiлi сынықшы болған екен. Емшiмiз басқа сырқаттардан қолы босағанда, ара-тұра өзiмiздiң курстастарымызды да емдеп қояды. Бiрде оның алдына оқу тобымыздың старостасы, қып-қызыл коммунист Нұржамал Байсақалованың өзi келдi. Әншейiнде емшi-семшiге сене бермейтiн атеист апайымыз ауырған соң шыбын-шiркей болып, Миуаның бөлмесiне өз еркiмен кiрiп кеттi. Беделдi пациенттi қабылдап жатқан емшiнiң әрбiр әрекетiн бағып бiз жүрмiз. Миуа Байназар староста Байсақалованың арқасына қаптатып банкi қоя бастады. Ерiгiп жүрген екi «ассистент» старостаның белiне барып жайғасатын банкiлердi сүртiп, тазалап берiп жатырмыз. Бiзге емшiге көмекшi болу бақытынан гөрi осы тарихи көрiнiстiң куәгерi болу әлдеқайда маңыздырақ едi. Бiр кезде таяқшасын спиртке малып алып, гүмп еткiзiп, банкiнi орналастырып жүрген Миуаның қимылына қарап жатқан Байсақалова шайтан түртiп, күлiп жiбергенi... Сонда Миуа апам, старостаның қыр арқасына жағалай қонған банкi бiткендi пытырлатып жұлып алып, «Бар, қайқай!» – дедi ғой. Ауырып келiп, абыройсыздыққа ұшыраған староста сүйретiлiп орнынан әрең көтерiлдi. Күлем деп күллi ем-домнан қағылған Байсақалованың соңынан ере кеткiмiз келiп тұрса да, Миуа апамнан бата алмаған бiз «амбулаторияда» қалып қойдық. Содан соң екi апамның арасы көпке дейiн оңбай жүрдi. Бiрақ күнде бiр аудиторияда тiршiлiк кешiп жүрген соң қайда барушы едi, көп ұзамай, курстың қос «кемпiрi» қайта табысты.

Миуа апам кейiн оқуды бiтiрген соң, Қызылордаға аттанды. Сыр бойында жүрiп, емшiлiгiн жалғастырды ма, жоқ па, бiлмеймiн. Бiрақ менiң бiлетiнiм, ол әкiмдердi де емдеумен айналысты. Қаламымен емдедi. Халықты менсiнбейтiн кеудемсоқ қасиеттен ада қылды, шамасы келгенше жемқорлықтан арылтуға тырысты. Аймақтарда қордаланған қоғамның кеселдерiн сылып тастап отырды.

Ақкөңiл ана

 

Ер мiнездi Миуа апам жас шағында сылқым бойжеткеннiң образына енiп көрген емес. Студент кезiнен бояу-сояуға әуес болған жоқ. Қысқа көйлек дегендi... атамаңыз. Табиғи болмысы қалай болса, солай есейдi. Бiрақ кейде сыңғырлап бiр күледi дейсiң. Қатал мiнезiн бiлмейтiн талай жiгiт дауысын телефоннан естiсе есi кетер едi. Бiз байқамадық па, әлде тектi апамыз көлденең көк аттыны көзiмiзге көрсетпедi ме, студент кезiмiзде Миуа апамызды жiгiт-желең көп төңiректеген жоқ. «Ертелi-кеш қасымда сомадай болып сендер жүрген соң кiм жолаушы едi», – дейтiн ол.

Оқу бiтiрген соң теңiн тапты. Журналист жiгiт Нұрғазымен бас қосты. Бiрақ Нұрғазының ғұмыры қысқа болды. Бүгiнде қызы Бибiфатима, ұлы Бердiбек үшеуi бiр шаңырақтың түтiнiн түзу ұшырып, тiрлiк кешiп жатыр. Өзiн ана ретiнде өте бақытты сезiнедi. Жұмыстан үйiне жеткенше асығады. Алдынан қос құлыншағы тұра ұмтылғанда бар дүниенi ұмытып кетедi. Iссапарда жүргенде балаларын қатты сағынады.

Бiрде қызына салқын тигiзiп алып, балалар ауруханасында жатты. Аурухананың бөлмелерi суық, балалардың төсегi кiр-кiр. Баланы жуындыратын бөлме жоқ. Жөргектi жуып жайып қойсаң, медбике бетiңе лақтырады. «Бөлменi көгертiп жiбересiң», – дейдi. Дәрiгерге шағымданып едi, ол: «Ұнамаса, бұл жерде не ғып жатырсың, тәуiр ауруханаға кет», – дедi. «Е, тiлшi менiң өзiме iстеп отырғандары мынау, халықтың көретiнi тiптi сорақы екен ғой», – деп, әлi аурудан айықпаған баласын көрпеге орап, кетiп қалды. Көп ұзамай «Жас Алашқа» «Аурухана ма, әлде абақты ма?» деген сын мақаласы жарық көрдi. Дәрiгерлер сабылысқа түстi. Сол кездегi облыс әкiмi бұлқан-талқан болды.

Қазiр балалары есейiп қалды. Екеуi де шешесi секiлдi өжет. Солардың әр қылығына марқайып отырады.

 

Бiрбеткей Байназар

 

Қызылорда облысында «Ауданға Миуа Байназарова келе жатыр!» – деген сөз «Ахтунг! Сақтаныңдар, әуеде – Покрышкин!» деген сияқты естiледi. Әкiмдердiң көпшiлiгi журналистен кәдiмгiдей ығады. Өйткенi оның алған бетiнен қайтпайтынын жақсы бiледi. Сондықтан күнi бұрын тiлшiнiң жолына қарап, шаруашылықтарды бiрге аралауға қамданып, тас түйiн болып әзiр отырады. Әкiмдер журналистердiң бәрiне бұлай ықылас танытпайды. Жеңiл-желпi жазатын кейбiреулердi көздерiне де iлмейдi. Бiрақ «Жас Алашта» үзбей жарияланып тұратын Миуаның мақалалары жергілікті билiктегiлердiң көпшiлiгiн тыныш ұйықтатпайды. Мұндай абырой-бедел оған оңайлықпен келген жоқ. Ұзақ жыл Қызылорда облыстық радиосында қызмет iстедi. Кейiн Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншiктi тiлшiсi болып бекiтiлдi. Мiне, осы кезден бастап журналист қыздың айы оңынан туды. Аймақтағы келеңсiздiктердi мәлiмдеген сын материалдар ұсынды, қызықты хабарлар әзiрледi. Облыс тұрғындарына Қазақ радиосының эфирi арқылы ой-пiкiрлерiн еркiн айтуға мүмкiндiк туғызды.

Көп ұзамай «Жас Алаштың» табалдырығынан аттады. Бұл осы басылымның нағыз халықтық газетке айналған кезi едi. «Жас Алаштың» Қызылорда облысындағы меншiктi тiлшiсi Миуа Байназар нағыз бiрбеткей мiнез көрсеттi. Ешкiммен ыққан жоқ. Бiреулердiң алдында бұққан жоқ. Бәзбiр әрiптестерi секiлдi айтқанға көнiп, айдауға жүруден аулақ болды. Келеңсiз көрiнiстермен аяусыз күрестi. Облыс облыс болғалы басшылар мұндай «ымыраға келмейтiн» тiлшiнi бiлген емес едi. Әкiмдердiң алды мұны сотқа бере бастады. Соттасулардың аяғы журналист қыздың жеңiсiмен аяқталып отырды. Соттасуға тәуекел етпеген әкiмдер бас редакторға телефон шалып, аймақта сондай бiр мазасыз тiлшiнiң пайда болып, күн көрсетпей жатқанын айтып, шағына бастады. Ал «Жас Алаштың» бас редакторы Нұртөре Жүсiп тiлшiсiн билiк өкiлдерiнiң алдына жығып бергендi жөн санамады. Қайта оның сын садағының үшкiрленiп, адымының кеңеюiне өрiс ашты. Өйткенi Миуа секiлдi табиғатынан табанды тiлшiлер сирек едi.

Миуа нарық заманына сай тынбайтын тiлшi ретiнде көзге түстi. Басылымның өзi қызмет iстейтiн өңiрдегi таралымын арттырды, жарнамалық жарияланымдардың үлгiлерiн енгiздi. Ең бастысы, қоғамдағы көзбояушылықпен тынымсыз күрестi.

Ол елдiң бәрiне бiрдей ұнайтын тiлшi болған жоқ. Ондай болуды қажет деп есептемейдi де. Әкiмдердiң ығына жығылып, сипай қамшылайтын мақалалар жазып жүретiн жалпақшешей журналист болғаннан гөрi қаламының қуаты, тiлiнiң уыты бар қайсар мiнездi қаламгер болғанды жөн санады.

Жүрегiнiң түгi бар журналистке қойылатын сауал көп. Сондай сұрақтың бiреуiн бiз де қойғымыз келдi. Отарлаушыларға iлесiп, өз халқын талаған жандайшаптардың кейпiн танытқан Дулат ақын: «Өзi елдi қорқытып, өзi де содан қорқады-ай», – дейтiн едi. Сол есiмiзге түсiп, «Сенен ғой елдегі әкімқаралардың бiрқатары ығады. Ал сен өзiң олардан қорқасың ба?» – деп сұрадық. Басқа бiреу болса, «Неге қорқам?» – деп шап ете түсер едi.

– Қорқам, – дедi ол. – Неге қорықпайын? Менiң де бала-шағам бар. Бұлар неге болса да баратын көрiнедi ғой... 2004 жылы облыс әкiмiн сынап, «Жас Алашқа» мақала жаздым. Орынбасары үйге телефон шалып, кешкi сағат 9-ға әкiмшiлiкке шақырды. Негiзi орынбасар жаман жiгiт емес. Мақалада оның аты аталған жоқ едi. Шамасы әкiм оны да қыспаққа алған сияқты. Бiрақ неге бiлмеймiн, сол жолы қатты қорықтым.

Екiншi рет қорыққаным, былтыр... Өзiң бiлесiң ғой... Жұмыс бөлмемнiң терезесiнен оқ атып кеткенде ше... Әй, сен неге күлесiң?... Менi үнемi қорқып жүредi екен деп ойлама? Бұл Миуа оңайлықпен жасымайды. Талайыңды қорқытып барып тынышталармын мен. О несi, күледi ғой...

Мұқалмайтын Миуа

 

Қалжыңымыз жарасатын болған соң күлемiз де... Садықбек көкемнiң әйгiлi шығармасының желiсiмен өзiмiз «Атылған қыз туралы аңыз» деп атап кеткен сол оқиға қалай болып едi өзi? Бiрiншi қыркүйек күнi бала бiткеннiң бәрi сабаққа барып, арқа-жарқа болып жатқан кезде Миуа Байназардың қызмет орнындағы жұмыс кабинетiнiң терезесiне бiреу оқ атыпты. Шамасы, ешкiмнiң ыңғайына көнбейтiн журналистi үркiткiсi келген. Оқ терезенiң жақтауына тиген. Бұл хабар барлық журналистерге жайсыз әсер қалдырды. «Жас Алаш» жалпақ жұртқа дабыл қақты. Ел iшi гу-гу әңгiме... Астанадағы әрiптестердiң арасында күбiр-сыбыр әңгiме айтыла бастағаннан-ақ, Миуаға телефон шалдым. Ол кезде «Астана хабарында» қызмет iстейтiн едiм.

– Қалайсың, Миуа апа? Денсаулығың қалай? Мына бiз газетке «Апамды атып кеттi!» деген мақала дайындап жатырмыз... Кiм саған мылтық кезенуге жүрегi дауалап жүрген?

– Әй, сенiң де ойының қалмайды екен, – деп кiжiнедi ол мың шақырым жерде тұрып. – Жұрттың зәресi ұшып отырса... Жетiм қала ма деп балаларымды аяймын. Сенiкi не құтыру осы, а? Өзiңдi атса, көрер ем... Әйтеуiр, шүкiр, ел iшiнде азаматтар бар екен... Солар жаныма телохранитель қосып бердi. Кешеден берi көлеңкем секiлдi қасымнан қалмай жүр ғой...

Мен не дейiн... Көз алдыма Миуаның жанындағы алпамсадай тәнсақшы елестеп, шайтан күлкi қысып, үнсiз булыға түсемiн.

– Ендi былай, өзiң де қарап жүрмейсiң... Әкімдерде нең бар? Бiраз жасқа келдiң. Жұртпен iлiнiспей жүрсейшi... Сонда сенi кiм атады? Жарайды ендi. Аман қалсаң бопты. Телохранителiң құтты болсын, бiзден сәлем айт, – деп әзiл-шыны аралас жұбатып жатырмын...

Миуа апам бүкiл Сыр бойын әдемi сыңғырға бөлеп, шек-сiлесi қатып күледi. Содан соң жаңа ғана жаны жүдеп тұрған Миуа кенет қайратына мiндi.

– Е, мейлi. Осы жасқа келгенде Миуа мұқалса не болады? Мұқым жұрт бұққанымды көрген емес. Көрмей-ақ қойсын. Атса, атсын, шапса, шапсын...

«Атылған» қыз туралы аңыздың ақиқаты осы. Шынында да бұл Миуаны мылтықпен қорқытам деу бекершiлiк екен. Мұқалудың орнына қайрала, қорқудың орына қайраттана, жасудың орнына жарқырай түстi. «Жас Алаштың» жалаулы найзасын қолына алып, ақпарат майданындағы айқастың бел ортасына қайта келдi. Әр сiлтегенi мүлт кетпейдi. Қарауылға iлiктiргенiн ат-матымен аунатып түсiредi. Сiрә, бұдан кейiн журналистi жасытам деп жақтауға тигiзген жалғыз оқтың иесi ендi қайтып тәуекел ете қоймас....

Айтпақшы, Миуа апам күнұзаққа қасынан шықпайтын тәнсақшыны көп ұзамай-ақ сол жанашыр азаматтардың өздерiне басы бүтiн қайтарып берген. Өмiрi бiреудiң көлеңкесiнде жүрiп көрмеген адамға бiртүрлi екен...

 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

2007 ж.