20

Жақсылық Мұратбек. Императордың емі (пьеса)

Императордың емі

(Комедия)

 

                                       Авторы: Жақсылық Мұратбек

 

Кейіпкерлер:

Едит - император

Бас уәзір

Бас уәзірдің көмекшілері  - 2 адам

А. Емші - бақсы

Сарай емшісі

Емберген

Жәбірленуші жігіт

1 – Саудагер

2 - Саудагер

Сүлік – императордың тоқалы

Ханым зат сатып алушы

Ғапыр

Тіленші

Императордың көмекшісі

Жарлықты оқушы

Жәбірленуші

 

1-көрініс

 

А. Емші: Сүлігім!

Тоқал: Ау! (дауысын созып)

А. Емші: Қайдасың?..

Тоқал: Мұндамын.

А. Емші: Көрмей тұрмын ғой...

Тоқал: О, соқыр! Тұрмын ғой міне...

А. Емші: Еее, енді көрдім...

А. Емші: Келші жаным!

Екеуі едәуір уақыт қушақ айқастырып ұзақ  отырады.

А. Емші: Сүлігім-ау, біз енді қашанға дейін осылай бұғып, жасырынып жүре бермекпіз?..

Тоқал: Үшшшш! Ақырын сөйле, біреу-міреу мына сөзіңді естіп қалып жүрмесін, үй артында кісі бар деген, білесің ғой...

А. Емші: Аааа, жарайды, жарайды ақырын сөйлейін (пауза) Сонымен сұрағыма жауап бермедің ғой?

Тоқал: Түүуу! Өзің бір мазасыз жан екенсің, асықпа, патша осы жолғы жорығынан қайтсе де сырқаттанып оралады.

А. Емші: Әй, шайтан-ай, оны қайдан біліп қойдың?

Тоқал: Өткен түні ол, соғысқа аттанардың алдында қатты жөтеліп, қан құсқан болатын.  Бейшараның мені ерекше жақсы көретіні сондай, ол дертін ешкімге айтпауымды өтінген болатын.

А. Емші: Ал патшаң олай десе, маған айтып отырғаның не?

Тоқал: Сен енді менің болашағымсың ғой, жаным!

А. Емші: Күледі

Тоқал: Жымиып қана күледі.

 

2-көрініс

 

Халық: Патшамыз жасасын, жасасын! Мың-мың жасасын!!

Императордың екі езуі екі құлағында, масайраған беті сахнаға көтеріліп келе жатыр. Патша сарайында сан түрлі  жағымпаздар бірнеше рет қалбаң қағып иіліп, императордың жеңісін мақтап әуреге түскен-ді.

Бас уәзір: Уа, патшалардың патшасы, ізгілердің қамқоршысы, ардақтылардың сүйіктісі, бүгінгі үлкен жеңісіңізбен сізді шын жүректен құттықтаймыз! Басыңыз аман, деніңіз сау болсын! Қане, сол үшін бір тостаған шарапты көтеріп қояйық...

Император:  Айтқаның келсін уәзірім!

Нөкерлер: Патша ағзам қане мына орынға жайғасыңыз. Кішкене дамылдап алыңыз, шаршаған боларсыз... (бәйек болады)

Нөкерлер: Иә, патшам ағзам осында сәл демалып алыңыз, шаршап қалған боларсыз.

Бәрі де шеттерінен патшаның жағдайын жасамақшы болып әбігерге түседі.

Императордың жеңіс жорығы сапарындағы үлкен мерейлі кеші  біткеннен соң, қас қарая  өз сарайында аяқ асты  сырқаттанып жатып қалады. Ел ішінде патшаның бұрын-соңды мұндай ауруға шалдықпағаны жайлы сарай төңірегінде және басқа да қоғамдық алуан түрлі орындарда бейберекет әңгіме тарайды.

Сауда орталығы. Әркім өз шаруасымен шұғылданып қара терге түсіп жүр. Халықтың патша қорлығынан қиянат көргені соншалық, сыбырласып сөйлесетін болған. Кенет бет аузы ісіңкіреген, қол-аяғы жеңіл, жұпыны киінген жиырмалар шамасындағы бір ер баланың алқын-жұлқын жүгірген жүгірісі, айнала топтасқан халықтың зәре - құтын ұшырады.

Жәбірленуші: Жолды босатыңдар, жол беріңдер!.. (Жүгіріп бара жатыр)

Әскерлер: Ұстаңдар, ана бұзақыны ұстаңдар! (Жолдағы халықтың жәймасын бүлдіріп, ары-бері жүргендерді қағып-соғып өте береді. Жазықсыз адамды қудалап бара жатқан сарбаздарды тоқтату үшін Тіленші олардың жолын бөгейді)

Халық: Мыналар қайтеді ей, өңшең басбұзар, бұзақылар... (Шашылған затты жинап жатып)

1 - Саудагер:  Келіңіздер, алыңыздар! Мұндағы маталарымыздың сапасы өте жақсы, қытайдан келген...

Базардағы сауда қарқыны өте қызу. Біреуі дәрі сатады, енді біреуі арба сүйретеді, тағы біреуі цирк көрсетеді...

1-  Саудагер: Келіңіз ханым, көріңіз, біздің заттардың сапасына кепілдік бар.

 Ханым: Аааа, бағасы қандай?

1-Саудагер: Келістіріп береміз ғой, он тоғыз динар.

Ханым: Тым қымбат екен, рақмет! Ала алмаймын.

1-Саудагер: Бағасын келістіріп беремін ханым...

Ханым: Қажет емес...

Ханым: Есенсіз бе? Қанша тұрады? (Екінші саудагердың жаймасына барады)

2-Саудагер: Бағасы он динар, өте арзан, сіздердің базарларыңызға лайықтап сатып отырмыз, ханым. Қане, өзіңіз мына матаны ұстап көріңізші.

Ханым: Жарайды. (пауза) Күн көрісіміз күннен күнге қиындап бара жатқандықтан, қолымыз қазір  қысқа болып тұр. Кішкене зат бағасын түсірсеңіз қайтеді?

2 - Судагер: Бізге де оңай болып тұрған жоқ, ханым. Бұл заттарды біз сонау ит арқасы қияннан осы жерге әрең жеткіземіз. Біздің де жағдайымызды түсініңіз.

А. Емші: Көз ауру, бас ауру, ішек жолдарының тосылуы сияқты сан алуан ауруларға ем болатын бізде ерекше, шөптен жасалған дәрілер бар, келіңіздер, көріңіздер, емделіңіздер!

Ханым: Жарайды, жақсы екен...  (көзін алартып кетіп қалады)

А.Емші: Ау, көрші саудаң жақсы жүріп жатыр ма?

2-Саудагер: Болады (Бетауызын тыржитып)

Осы кезде тыстан екінші саударгердің дүкеніне досы кіріп келеді.

Ғапыр: Ооо! Еткен еңбегің еселене түссін, байеке! Құдай берекеңді арттырсын!

2-Саудагер: Бұл кім?

Ғапыр: Кім болушы едік, ел кезіп жүрген пақырмыз да...

2-Саудагер: Әкәу, Ғапырмысың, қайдан жүрсің мұнда, кел төрлет.

Ғапыр: Ел ішіндегі бірер шаруалармен жүр едім.

Саудагер: Немене, мәнсапқа отырдың ба?

Ғапыр: Бұл елде қайбір оңған мансап бар дейсің, бәрінде де жең ұшынан жалғасқан құзғын, қорқаулар отыр емес пе...?

2-Саудагер: Үшшшш! Ақырын сөйле, үй сыртында кісі бар деген... қазір мына тамның да құлағы бар, м...м...м... (Ақырын сөйлеп) Естуімше император ауырып қалыпты дейді ғой?..

Ғапыр: Рас па?!

2-Саудагер: Иә, рас, күні кеше үкіметтегі бір жолдасымнан естідім.

Ғапыр: Қалай ауырып қалыпты сонда?

А. Емші: Қалай ауырушы  еді, ел-жұрттың қарғысы тиген де. (Сырттан кіріп келген күйі)

Саудагер: Ойбай, көтек! (үшеуі де селік ете қалады) Зәремізді үшырдың ғой түге, кішкене дауыстаңқырап келмедің бе? Сұғанақ мысықтай сұмаңдамай жөніңмен жүрсеңші!

А. Емші: Не болды соншама қорқып, мен сендердің жандарыңды алуға келген Әзірейіл ғой деймісіңдер. Менен емес Құдайдан қорқыңдар, пақырлар, Құдайдан!

2-Саудагер: Лепірмеші!..

Ғапыр: Қой құрысын, мына әңгімеміз тарап кетіп жүрмесін. Ертең басымызға бәле болмай тұрғанда тілімізді тияйық.

А.Емші: Бір Құдайдан басқа ешкімнен де қорықпайымын. Патша болса не бопты? Болса өзіне патша... Бүкіл бұқараны басып-жаншып, билеп-төстеп келеді. Кезінде Әмір патша: «Кімде-кім халықты қорлайтын болса, түптің-түбінде өзі сорлайды» деп анықтап (нақты) айтқан, бұл өзі әбден асқынып кетті, Құдай жазасын берсін!

Саудагер: Ойбай тексеріп жатыр (Бәрі жым бола қалады. Патша әскерлері қарулы қолмен көшеден өтеді))

Ғапыр: Жаңа ғана патша болса не болыпты? - деп батырсынып жатыр едің ғой енді не болды, емші мырза?

А. Емші: Енді, енді... (шығып кетеді)

Саудагер: Күледі...

Ғапыр: Күледі...

3 – көрініс

 

Сарай іші дүрлігіп жатады. Хал үстінде жатқан патшашының дерті күннен-күнге асқынып барады.

Император: Келіңдер, қайсысың барсың мұнда? (Түн ортасы)

Көмекші: Мен бармын.

Император: Бар да бас уәзірді осында шақырт, тез жетсін!

Көмеші: Ләббәй, патша ағзам!

Түн ортасында ұйқысынан ояна салып уәзір сарайға қарай асығып келе жатады. Келе жатып іштей зығырданы қайнап, ақымақ патшаны боқтап келе жатыр.

Бас уәзір: (ішінен) _Өміремқапқыр адамды шырт ұйқысынан оятып берекемді қашырғанын қарашы. Ауырмақ түгілі өлмесе, өмірем қаппай ма? Еййййй!..

Император: Келдің бе?

Бас уәзір: Келдім патшам, қай жеріңіз аурып тұр? Басыңыз ба, аяғыңыз ба?

Импетатор:  (Ашуланған күйі) қай жерім ауырып тұрғанын мен қайдан білейін? Бар да ана емшіні шақыр осында. (Ыңқ-ыңқ еткен күйі)

Бас уәзір құлдық жасаған күйі тысқа шығып кетеді. Сол мезетте хан жатқан бөлмеге сарай емшісі кіреді.

Бас уәзір: Патшам, емші келді.

Император: Кіргізіңдер!..

Сарай емшісі императордың тамырын ұстап тексеріп көреді.

Император: Егер дұрыстап емдей алмайтын болсаң, алдыңғы сарай емшілеріндей басыңның кететінін ұмыт па, ұқтың ба?

Сарай емшісі: Ұууу... Ұ... Ұқты.. Ұқтым...

Император: Ендеше не қарап тұрсың, ісіңе кіріспейсің бе?..

Сарай емшісі: Қа...қа...қазір... (патшаны ары-бері қарап ешқандай нәтиже шығара алмайды) Патша ағзам сізде бәрі дұ...дұрыс... дұрыс сияқты...

Император: Немене?!..

Сарай емшісі: Жоқ, дұрыс емес...

Император: Келіңдер, мына сұмырайды апарып басын алыңдар.

Бас уәзір: Келіңдер, мына сұмырайды тездетіп апарып басын шабыңдар, тез...

Сарай емшісі: Патшам, бір жолға қасық қанымды қиыңыз, патшам! (Екі нөкер емшіні қолтығынан сүйреп сарайдан әкетеді)

Бас уәзір: Патша ағзам, қатты алаңдамаңыз, сіз жуық арада тез жазылатын боласыз. Алдымен сізді жақсылап күтімге алуымыз керек. Бей-берекет дүниеге бас қатыра бермеңіз, мұнда біз бармыз.

Император: Сонда сен менің орныма ел билемекпісің?!

Бас уәзір: Жоқ...Жоқ... патшам, мен ондай ойдан аулақпын, олай демекші емеспін...

Император: Сонда не демекші едің?

Бас уәзір: Тек қана сауыққаныңызша көп уайымға берілмесе екен дегенім ғой... Миығынан жымиып

Император: Солай де...

Бас уәзір: Иә...

Император: Сен айтшы?.. Қашан жазыламын сонда?

Бас уәзір: Қолдан келгеннің барлығын қарастырамыз.

Император: Жарайды бас уәзір сөзіңе сенейін. Ойбай, ойпырым-ай, шанышқататып әкетіп барады-ау! (Пауза) Тез, тездетіп қазірден бастап халық арасынан бір мықты емші табыңдар. Менің атымнан жарлық үкімін жаз. Егер мені емдеп жазатын адам табылатын болса ат басындай алтын беретінімді айт.

Бас уәзір: Айтқаныңыз орындалады.

Ертесі ел арасында аңызға бергісіз әңгіме тарайды. Біреу патша өлгелі жатыр екен десе, енді біреулері патша есалаң болып ел кезіп кетіпті деп дақпырт таратады. Бірақ бұл сөздердің бәрі жарлық шыққан бойда бір жола  сап тиылады.

Жарлықты оқушы: Едит патша ұзақтан бері науқастанып төсек тартып жатыр. Егер кімде-кім патшаның науқасын емдеп, жазатын болса, ел бөленбеген құрметке бөленіп, абройға кенеледі. Сонымен қатар патшаны емдеген адам ат басындай алтын алып, отбасы, өрім-бұтағы ғұмыр бойына дейін үкіметіміздің ең жоғарғы лауазымымен қамтамасыз етіледі.

Тіленші: Ееее... Елдің Ед-иттінеде жан керек екен ғой, керек жанын Құдайдан сұрамай, сұмырайлардан сұрағанына жол болсын!! Сақ-сақ күледі.

4-көрніс

 

А. Емші біраздан бері императордың екінші тоқалыменен үнемі жасырын байланыс орнататын. Бір күні емшінің жұмыс орнына ойда жоқта ол кіріп келеді.

А. Емші: Үй, қашан келіп үлгергенсің? Кел, төрлет жаным! Сені біреу, міреу көріп қойған жоқ па?

Императордың тоқалы: тірі жанға білдірмей шықтым. Саған айтатын шұғыл шаруам бар. (сылаң қағып)

А. Емші: Иә, айта бер...

Тоқал: Патшаның ауырып жатқаның білесің ғой?

А. Емші: Иә, білемін.

Тоқал: Білсең былай, осы бірер күнде патша сені сарайына шақыртады. Сен қайткен күнде де ретін тауып бұл арадан қараңды батыр. Екеуміздің ісіміз әшкере болса, біттік дей бер, ұқтың ба?

А. Емші: Сонда қайда қашамын?

Тоқал: Басың ауған жаққа...

А. Емші: Сен ше?

Тоқал: Мен бе?.. Мен бір ыңғайын табармын. Патшаның қазіргі жай-күйі көңіл көншітердей емес, ұзаққа бара қоймайтыны анық...

А. Емші: Жарайды жаным! Айтқаныңдай болсын. Онда мен өзіңнен хабар күтем.

Тоқал: Жақсы..

Саудагер: Әу, барсың ба?

А. Емші: Иә, осындамын. Не болды?

Саудагер:  Қайда жиналып жатырсың?

А. Емші: Іссапарға...

Саудагер: Едит патша сені іздеп жатқан көрінеді, қайтесің? Патша сарайына барасың ба?

А. Емші: (Жұтынып алып) Рас айтып отырсың ба? Неге?

Судагер: Иә, рас. Неге болушы еді, патшаны емдеуге...

А. Емші: Онда мен бұл жерден дәл қазір кете қалайын. Қараптан-қарап бастан айырылар жәйім жоқ.

Саудагер: Әй, тоқта, тоқта, сонда сен емші емессің бе?
А. Емші: Мен, иә емші, жо...жо...жоқ.. емеспін. Жәй ғана бұқарамын.

Саудагер: Аааа... жәй ғана емшінің атын жамылып жүрген алаяқпын де, бәсе, неге алдында берген дәрің қайта-қайта ішімді кептірді десем, алдаған екенсің де.

А. Емші: Жолымды босат...

Саудагер: Босатпаймын.

А. Емші: Босат дедім ғой саған!..

Саудагер: Алаяқ!..

Осы кезде маңайдан дабыр-дұбыр дауыс шығады.

Сарбаз: Жол босатыңдар бас уәзір келе жатыр, тез, тез жолды босатыңдар...

Саудагер: Ал керек болса, жәй ғана сені үркітейін деп едім мынаны қара.

А. Емші: Құрыдым! Қайттым енді, жақсының айтқаны келмейді, жаманның сандырағы келеді деген осы да.

Саудагер: Сабыр ет, артың кеніш, алдың пейіш болғалы тұр бұйырса, ол жақта асықпай жатып мені күтерсің жарай ма?

А. Емші: Ағатай-ау, мені құтқарып қал ақыңды берейін, жанымды аман алып қалшы, өтінемін!

Саудагер: Ол енді қолымнан келе қоймас, қош, мен кеттім, оның үстіне ішім бүріп, ауырып барады (Ішін ұстап кетіп бара жатып осырып қояды)

Бас уәзір: Осы төңіректегілердің емшісі сен бе?

А. Емші: Жоқ, ме... ме.... мен емес.

Бас уәзір: Мені алдауға батылың қалай барады, бәрі жаңа сені нұсқап көрсетті ғой (бетінен шапалақпет тартып жібереді) алып жүріңдер мына сүмелекті.

А.Емші керек-жарығын алып патшаның сарайына келеді. Қол-аяғы дір-дір етіп әзер қиымылдайды.

Бас уәзір: Қазір патша сарайына кірген кезде бейберекет қимыл жасаушы болма. Рұқсат еткенше осында күт.

А. Емші: Жа...Жарайды...

Бас уәзір: Патша ағзам, емшіні алып келдік. Рұқсатыңызды күтіп тұр.

Император: Кірсін.

А. Емші патша сарайына кіреді. Не істерін білмей қатты сасқандықтан патшаны әбден әбігерге салды. Ол жерін бір, бұл жерін бір қарап көріп еді, ешқандай да нақты бір ауырудың тұжырымын айта алмады.

Император: Сонымен науқасым салмақты ма екен?

А.Емші: Кішкене күрделілеу сияқты...  бақсылық жолмен де емдейді. Әртүрлі кісі іс-қимыл жасайды.

Император: Күрделі болса қалай емдеуге болды сонда?

А.Емші: О...о... ол...?..

Император: Келіңдер, мына сорлының да апарып жазасын беріңдер.

А.Емші: Патшам бір жолға қасықтай қанымды қиыңыз, патшам... Мен жазықсызбын! Үйде шиіттей  бала-шағам бар, мен болмасам олар аштан өледі. Өтінемін, босатып жіберіңізші мені!!

Ба уәзір: «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені» деген, келіңдер, мына сұмырайды зарлата бермей патшамыздың  бұйрығы бойынша жазасын беріңдер.

Бас кесерлер: Ләббәй!

 

5-көрніс

 

Халық үймелей қалып қақпа сыртында ілулі тұрған А.Емшінің  басын көріп зәрелері ұшады. Біреулері анау десе, енді біреулері мынау деп сан түрлі өсек өрбітеді.

А: Бұл кезінде патшаның тоқалыменен көңілдес болған дейді ғой?!..

В: Қойшы, олай емес шығар?

А: Сенбесең өзің біл, ана байлыққа ол бір күнде ие бола қалды деп отырмысың, жәй әншейін жүрген көшедегі кезбе біреу болатын бұрын.

С: Содан?..

А: Содан бұның келіскен келбетіне көңілі толған патшаның тоқалы, мына сорлыны сыртай айналдырып жүріп ақыры осы халге түсірген де...

В: Қойшы айналайын! Бұл әуелі сарайға патшаның дертін емдеуге бараған адамдардың қатарында емес пе еді, содан дұрыс емдей алмай  ақыр аяғы осындай күйге ұшырап отырған жоқ па, енді келіп ол әңгімені сан саққа жүгіртіп өлген адамның соңынан дұрыс сөз сөйлемей, теріс пікір білдіріп жатқандарыңа жол болсын!

Д: Обал, обал!

А: Сенбесеңдер өздерің біліңдер...

 6-көрніс

 

Имератор бұрынғысынан әлсіреп, шөге берді.

Император: Бас уәзір, мені емдейтін елде емшілер қалды ма?

Бас уәзір: Патша ағзам, еліміздегі емшілердің бәрінің түгел басын алып біттіңіз. Сізді емдейтін енді  сарай ішінде де,  сарай сыртында да адам қалған жоқ.

Император: Ха...ха...ха... Жөн болған екен. Оңбаған залымдардың өлгені дұрыс болды. Ауа тазаратын болды...ха...ха..ха... ойбай, ойбай!..

Бас уәзір: Үй, патша ағазам, патша ағзам! (Жанына жақындап)

Император: Мейлі, қандай шара қолдансаңдар да мені емдейтін емшіні осында жетелеп әкеліңдер. Олай болмайды екен, сенің де басыңды алуға бұйырық түсіремін, ұқтың ба?

Бас уәзір: Өңі бозарып кетеді. Ұқытым патшам, ұқтым, жарайды...

Осы қатал бұйырқтан кейін бас уәзір күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылады. Не істерін білмей басы қатқандықтан әркімнің бір кеңесіне жүгінеді. Бірақ ешқандай нәтиже болмайды. Күндердің күнінде оңаша ойға шомып  жүріп ойламаған жерден  бейтаныс бір кісіні жолықтырады.

Тіленші: Есен бе, бас уәзір? Күй-жәйің қалай? Ха...ха...ха...

Бас уәзір: Сен мені танушы ма едің?

Тіленші: Танымақ түгілі, бүкіл ата-бабаңа дейін білемін.

Бас уәзір: Аааа... Қалай білесің сонда?

Тіленші: Солай...

Бас уәзір: Жә, біледі екенсің жарайды, мен саған сенген болайын, онда менің мына бір сұрағыма жауап берші?

Тіленші: Қандай сұрақ? Мен бас кесетін мәселеге қатысты жауап айта алмаймын, кешірерсіз!

Бас уәзір: Жоқ, басыңа қауып жоқ, оған мен кепілдік етемін.

Тіленші: Мен өзімінің басымды айтып отырғаным жоқ бас уәзір, сіздің басыңызды айтып отырмын.

Бас уәзір: Сен!

Тіленші: Ойбай, ойбай! Қорқып кеттім, қорқып кеттім... Ха...ха...ха...

Бас уәзір: Өлтірем сені оңбаған, өлтірем! (қуалай жөнеледі)

Тіленші: Уай, уәзір, сабыр етіңіз жарайды. Айтайын... ха...ха...ха... Осы жерден екі күндік алыс бір ауылда орта жас шамасындағы бейпіл ауызды бір емші бар. Өзі өте көреген, ақылды. Бірақ асқан қиқар кісі. Егер оны осы жолғы патшаны емдеуге иландыра алсаң бағыңның жанғаны, басыңның аман қалғаны

Бас уәзір: Рас па?

Тіленші: Иә...

Бас уәзір: Көп рақмет, көп рақмет! 

Тіленші: Тездет бас уәзір, патша күтіп қалды...

Бас уәзір қуанғаннан сахнадан түсіп кете барады.

 

7 - көрініс

Уәзір ордаға келеді. Патшаға не мәлімдерін білмей, ойы он саққа кетеді.

Император: Дат патша ағзам!

Император: Иә, уәзір емшіні таптың ба?

Бас уәзір: Қазірге, (пауза) Бірақ ?..

Император: Не болды? Кібіртіктемей айтсаңшы?

Бас уәзір: Мен емшіні таптым, бірақ?..

Император: Немене бірақ?.. Айт, айтатыныңды?!..

Бас уәзір: Ол адам өте қиқар, бейпіл ауызды көрінеді. Ауызына келгенді айтады дейді ана Тіленші.

Император: Мейлі, ол мені шынымен емдей ала ма екен?

Бас  уәзір: Иә, емдейді дейді.

Император: Емдей ме, әлде емдемейді дей ме?

Бас уәзір: Ооо...Ол...

Император:  Жарайды, онда ол адамды осында алдырыңдар.

Бас уәзір: Құп!

 

Бас уәзір бірнеше сарбаздар мен нөкерлерін ертіп ұзақ жол басып тіленші көрсеткен бағыт бойынша Емберген емшіні іздеп табады. Үйіне барса ол бет аузы күйе-күйе күйінде ошаққа от салып отыр екен. Бас уәзір күймесінен түсіп Ембергеннің жанына келеді.

 

Бас уәзір: Ха...ха...ха...

Емберген емші: Кімсің? Маған күлетіндей сенің менде не әкеңнің ақысы бар?

Бас уәзір: Мен осы елдің ардақты бас уәзірімін. Сізді патшамыздың дертін емдеп жазуға арнайы шақырып келіп отырмын.

Емберген: Оңбаған, сілімтік, миғұлалар! Өлмесе өмрем қалсын ол патшаларың! Елді қан қақсатып сорлатқаны аздай-ақ,  тағы да өмірден дәмесі бар екен да...  Оңбаған!.. Мен туралы саған кім айтты?  Менде ондай емшілік қасиетім жоқ қазір, болды енді жөніңе кет...

Бас уәзір: (біраз кідіргеннен кейін) Сіз туралы Тіленші айтып еді, сонда ол мені алдағаны ма?..

Емберген: Аааа, Тіленші айтты ма?.. Ол иттің баласының да жүрмейтін жері, кездеспейтін адамы жоқ,

Бас уәзір: Бізбен барасыз ба?

Емберген: Жоқ, бармаймын. Патшаларыңды өздерің емдеп алыңдар.

Бас уәзір: Құлыңыз болайын, бізбен еріп жүріңізші, егер бармайтын болсаңыз иығымыздағы басымыз домалап жерге түспекші.

Емберген: Жарайды, барайын. Бала-шағаңның обалына қалмай-ақ қояйын. Бірақ бір шартым бар.

Бас уәзір: Қандай шарт?.

Емберген: Оны барған кезде айтамын.

Бас уәзір: Ләббәй! Бірақ біздің де сізге айтатын шартымыз, жоқ, жоқ өтінішіміз бар.

Емберген: Ол қандай өтініш?

Бас уәзір: Патша алдына барғанда байыптырақ болсаңыз. Ол кісі өте қатал адам, титығына тисеңіз басыңыздан айырыласыз.

Емберген: Жарайды, жарайды... Оған алаңдама... Әуелі мені жақсылап отырып бір тойғызыңдар, қалған мәселені сонан кейін сөйлесерміз.

Бас уәзір: Ойлағаныңдай орындаймыз...

Бас уәзір мен Емберген нөкерлер бәрі разы болып сахнадан түседі.

 

8-көрініс

Император бұрынғысынан қарағанда аздап болса да ауыруынан сергіңкіреп қалғандай еді. Жанына ең сүйікті тоқалы Сұлушашты қасына отырғызып аяғын ұқалатып отыр.

Император: Ойпыр-ай, кішкене жоғары, тағы, тағы жоғарырақ... Ә...ә...ә... Дәл сол жер... Түууу! Рахат-ай!!..

Тоқал: Патшам, тез жазылсаңыз жақсы болар еді, серуенге шығып ел қыдырар едік...

Император: Әрине, тездетіп жазыламын, жаным! Қаласаң болды, барымды беруге дайынмын ғой.

Тоқал Патшаның аяғын уқалап отырып іштей ұзақ ойға батады. Ажалыңнан бұрын аяқ асты бола қалсаң жақсы еді. Өзім таңдаған адамыммен  бақытты ғұмыр кешірер едім...

Император: Сүлігім, әй, Сүлік деймін!  Атың қандай айтуға ыңғайсыз еді...(тоқалды аяғымен түртіңкіреп жібереді)

Тоқал: Хы!.. Сүлік өкпелеп қалады.

Император: Ойбббу, алжыған басым ренжімеші!

Тоқал: Хы!

Император: Жаным-ау, өкпелемеші енді. Айтайын дегенім ол емес еді.

Тоқал: Сонда не айтайын деп едіңіз?

Император: Жәй...

Тоқал: Ааааа

Император: Сүлігім-ау!..

Тоқал ұзақ ойға батып кетеді.

Император: Сол аралықта қандай ойға шомып отырсың? Назарыңды бері бұрсаңшы.

Тоқал: Жоға, жәй ғана сіз екеуміздің өзіңіз ауырудан айыққан сәттегі аса қызық күндерді көз алдыма елестетіп отырмын, патшам.

Император: Жақсы, жақсы... ха...ха...ха.. үй...үй... ойбай! Тағы басталды, тез, ауырытып әкетіп барады, тез, өлетін болдым ойбай! Емшіні шақыртыңдар.

Тоқал: Патша ағзам, патша ағзам! Келіңдер, тездетіп емші табыңдар.

Сарай қызыметкерлері: Ләббәй! Жарайды...

Патшаның сарайы ұлардай-шулап боп әбігерге түседі. Бірін – бірі жұмсап әлек болады. Дәл осы тұста бас уәзір патша әмірімен келе жатқан Емберген сахнаға көтеріледі.

Бас уәзір: Қане, төрлетіңіз!

Емберген: Охо, осыншама кең сарайда тұрып ауыруға бола ма екен? Ештеңемен шаруасы жоқ адамның қалай ғана осындай күйге ұшырағанына таң қалып отырмын.

Бас уәзір:  Өтінемін! Бәрі де жаңа келісікеніміздей болса қайтеді.

Емберген: Жақсы...

Бас уәзір емшінің келгені туралы патшаға хабарлу үшін сарайға кіреді.

Бас уәзір: Патша ағзам, сіздің рұқсатыңзбен емші Емберген өзіңізбен дидарласуды тағатсыздана сыртта күтіп тұр.

Емберген: Оңбаған жағымпаз, тағатсыздануы деуін, тағаттан садаға кеткір!

Жерге шырт түкіреді

Патша: Ойбай, ойбай! Кірсін!!

Емберген сарайға кіреді. Патшаның маңайындағы бірнеше мансаптылар бұл емшіні менсітіңкіремейді, мұрындарын шүйіреді.

Мансаптылар: Ойбууу, бейшара! Сенің де басың кеткелі тұр-ау! Қане көрейік патшаны қалай емдейтініңді? Сенде алдыңғылардың аяғын құшып жүрмесең болғаны..

Емберген жаңағылардың ішкі ойын оқып қойғандай жәй ғана күліп қойды.

Император: Иә, сөйле емші?

Емберген: Дат, патша ағзам!

Император: Датің болса айт!

Емберген: Патшам мен сізді емдеп толық жазып шығуым үшін бірер сағатқа өз билігіңізді маған өткізуіңіз керек.

Император: Немене?!

Емберген: Сабыр патшам! Егер келіспесеңіз ажалыңызды күткеннен басқа амалыңыз жоқ.

Сарай мансаптылары: Әй, сен не деп оттап отырсың? Бұлай болмайды патша ағзам, мына сүмелектің дәл қазір басын кесіңіз, жазасын беріңіз...

Емберген: Ха...ха...ха... Патшам менің басымның шабылып, тіземнің бүгілгені ештеңе емес. Ең сорақысы мына сіздің күннен-күнге асықынып бара жатқан аждаһа дертіңізде болып отыр. Егер бұлай жалғаса беретін болса, ел басшысыз қалып, біз қошшысыз кетеміз ғой. Онсыз да сізді қашан өлер екен деп өңмеңдеп отырған ағайын бар. Алда-жалда қисая кетсеңіз киелі тағыңызға таласып, тәртіпке бағынып отырған жұртыңыздың ту талақайын шығарғалы отыр.

Император: Бәсе, өзім де солай деп топшылап отыр едім. Дәл үстінен түстің. Жарайың емшім! Айтқаныңдай болсын!

Емберген: Көп рақмет патша ағзам!!

Император: Бас уәзір, мына емшінің айтқанындай менің атымнан толықтырып жарлық жаз, сарайдағы барлық сарбаздар мен қызметкерлерге анықтап жеткіз. Менің, үй жоқ...жоқ... емшінің бұйрығысыз мына мен отырған сарайға ешкім де аттап басушы болмасын, ешкім бұл жерге жоламасын, ұқтың ба?

Бас уәзір: Ұқтым..

Емберген: Патша ағзам!

Император: Иә?!..

Емберген: Патша ағзам, сосын мен пақыр мына сізді емдеп жазып болғанша, нөкерлеріңіз ең таңдаулы деген тұлпарды сарай босағасындағы мамағашақа  байлап қоятын болсын. Ол әрі жүйрік, әрі сұлу ат болатын болсын!

Император: Мақұл!

Патша билігін бірер сағатқа қолына алған емші,  сарайдағы бүкіл уәзір қалалар мен қызыметкерлерді жұмыстан босатады да, әркімді өз еріктеріне жібереді. Ал патша екеуі кең сарайда оңаша қалады.

Император: Ал емшім, еміңді баста!..

Емберген патшаның қасына таяп келеді.

Емберген: Патша ағызам, сәл сабыр етіңіз. Сұрайын дегенім қазыналарыңыз қайсы үйде?

Император: Оны не қылмақсың?

Емберген: Не қылушы едім, алам да кетем.

Император: О, сұмпайы! Сен мені алдаған екенсің де? Бәлем көрсетейін мен саған...

Емберген: Мен сені емдейді деп отырсың ба? Ха...ха... пауза Дәмеңді ит жесін.!! Ей, ит, сенің патша болғаныңнан пақыр болғаның мың есе артық еді ғой, патша болғаныңнан не қайыр бізге? Осыншама қол астыңдағы бұқараңды бостан-босқа сорлатып не көрінді саған, аааа? Неге сен халқыңа жағдай жасамайсың? Есалаң шошқа! Тек қана күйсей бергенді білесің...

Император: (өңі түтігіп, ашуланып кетеді) Сен, сен! Иттің ғана баласы!...

Емберген: Оооо, ашуланады өзі. Отырсаң тұра алмай, тұрсаң отыра алмай жатқан түрің мынау, қай әліңмен менімен егескелі отырсың? Санаулы ғана күнің қалған. Неменеңе жетісіп ашуланасың, үйбай, үйбай ішегім... ха...ха...ха.. (патшаның қасына келіп тіпті келмеждейді) Ей, өз тұқымыңда  патшалық жоқ бейбақ. Бұлай арпалысқаныңмен қазір не өнеді? Қане мықты болсаң, ана қылышты алуға орныңнан жәйлап тұрып көрші, қозғалғаныңды көрейін...

Император: Сен! (Ол орнынан ептеп түрегеледі) Тоқта, иттің баласы, көресің қазір, басыңды шабамын!

Емберген: Үйбай, үйбай! Міне мен мұндамын, келе ғой, қане, кел! Ха...ха...ха..

Император: Ептеп орнынан түрегеліп, ілулі тұрған қылышты алады. Алған бойда  емшіге қарай тұра ұмтылады.

Император: Оңбаған, сұмырай! Көрсетем қазір саған...

Емберген: О, сорлы! Неңді көрсетесің? Миғұла болғаныңды ма? Ха...ха...ха...

Император: ... А...а...а...!!

Емберген: Мықты болсаң қане мені қуып жет...

Император шым-шытырық түс көріп жатып оянып кетеді.

Император: Үшшш!.. Түсім екен ғой, Құдайға шүкір!..

Тоқал: Патша ағзам, патша ағзам не болды сізге?

Император: Не болмады деп сұра?

Тоқал: Иә, не болмады?

А. Емші: (Түсінің ішіндегі түс) Бәйбіше жүр кетейік, мына қарғыс атқыр жерден, тез...

Тоқал: Патша ағзам, өмір деген осы. Мен сізді сүйген емеспін, сүймеппін де, мен сіздің мал-дүниеңізді ғана сүйдім, ал сау болыңыз!! (патшаның бетінен бір сүйеді де кетеді)

Император: Оңбағандар, сатқындар! Өлтірем сендерді!!

А. Емші: Ха...ха...ха...

Осы кезде император айғайлаған күйі орнынан шошып оянады. Қараса қасында тоқалы жатыр екен. Ептеп жүрегі орнына түседі.

Император: Келіңдер!

Бас уәзір: Иә, патша ағзам не бұйырасыз?

Император: Жеңісіміздің екінші күнін тойлаймыз, кеттік...

Бас уәзір: Патшамыздан бұйрық, тездетіп сарайды безендіріңдер! Келелі жеңісіміздің мерейлі тойын ары қарай жалғастырамыз.

Ха...ха..ха..!

 

Соңы!