«Алаш жолы» – мұнда бір ғана адам емес, халқын сүйген қаншама қаһармандар бар. Ол тау тұлғалар туралы айтылып та, жазылып та, түсіріліп те, қойылып та жатыр. Енді міне, Алаш қозғалысындағы аласапыранды көрсетуді – Ә.Мәмбетов атындағы мемлеткеттік драма және комедия театрына да кезек келген екен. Ұлт зиялылардың кескін-келбетіне тоқталған Қ.Жүнісовтің драмасы, Қ.Қасымовтың режиссурасымен 15, 16 желтоқсан күндері сахналанды. Қазақ тағдырындағы саяси ағымдарды қағып-сілкіп қайта қарап жазу оңай шару емес екенін жақсы білеміз, ал, ең негізгісі, оны сахна кәдесіне жаратып қою және ондағы тарихи тұлғаларға жан бітіру одан да қиын екенін әржолы сезініп келеміз.
Ә.Мәмбетов театрының басым көпшілігі жастар десек те, өз шеберліктерін жан-жақтан жетілдіріп келген ересек актерлері жоқ емес еді. Яғни, орта буынның белді актерлеріне көбірек үміт артсақ та, бәрібір де ел болашағы үшін ұстанған ұлттық идеяны ұлықтауға келгенде сәл ұтылыс тапқанын айтпасқа амалымыз жоқ. Атауы «Алаш жолы» болса да, алдыңғы шепте көрінген күрделі образдың бірі – Ә.Бөкейхан. Актер А.Шәкіржановтың ойынындағы біркелкі мінезінен күллі әлемнің озық ілімін бойына сіңірген Әлиханның бейнесін толық көру қиынға соқты. Қазақ зиялыларын жанына топтастыра алған ұлт ұстазы Ахметтің образы жас актер Е.Аханның ойынында жансыз плакат күйінде қалған. Б.Иманғазиновтың Міржақыбы да оқиға мазмұнын тереңдетіп тұр деуге келмейді. Тілдегі тұтқырлықпен бірге, сөзде салмақ аз. Кеңестік жүйенің күш алғанына қарамастан батыл қадамдарға барған зиялы өкілдерінің қайсарлығы аты аталған актерлердің орындауында көмескіленіп қалғанын жасырып қалғымыз келмейді.
Драманың жанрлық сырын терең ашу жолында әлбетте рухани іріп-шіріп тозушыларды көрсету керек. Бірақ, өкінішке қарай, Зәкір (І.Көпбосынов) мен Мүгедек (А.Жақсығали) тағдырының екі ұштылау қалуы шығарма тізгінінің бір жағы босаңдау тартылғанын айтпасқа болмас. Саяси әңгімелерді жеткізуші ол екеуі бастан-аяқ оқиғаға араласпай, басында бір, соңында бір көрінеді, сонымен болды. Мұны неге айтып отырмыз. Жеке бастың тағдыры болсын, халықтың тағдыры болсын, оқиғаны бірте-бірте күрделендіре түсу үшін ортада күйретіп жүретін біреудің болатыны белгілі. Бұл драманың заңдылығы. Сондықтан, оқиға қоюлана түсуіне Зәкір мен Мүгедектің тыңшылық табиғатына тән бірді-екілі тәсілдер жетпей жатты. Анығында, солардың кесірінен емес пе, ел ішіндегі әділетсіздіктер мен сыртқы өктемдікке тап болғандары. Зәкірді сатқындықтың бейнесі есебінде алынғаннан кейін, тұлғалардың қасында парасатты болып көрінуімен бірге жалдамалы құлдық қызметін қатар жүргізуідегі бейнесінің ашылуына автордың да, режиссердің де жұмысы жеңіліс тапқаны рас.
Тағы бір бұлыңғырлау көрсетілген тұсы – Ленин мен Әлімхан екеуінің ең өзекті мәселелерді сөз етуі. Жігерлі де іскер адамның баяндамасы кезекті жиналыстың жай кездесуі секілді өте салғандығында. Яғни, киіз үйде әңгіме еткен жайбарақат көрінісін елестетеді. Ал, бұл жиын қазақтың болашағы үшін аса маңызды шара емес пе? Бүкіл Алаш зиялыларының үміті бір Әлімханда болғандықтан, ол мәжіліс орнын айырықша көрсету керек еді. Яғни, Ленинге қалай соққы берсем екен деп онымен пікір таластыруға дейін барған жап-жас жігіттің батылдығына, ақылдылығына, принципшілдігіне өзгеше акцент берілгенде көрушінің арқа жоны шымырлар ма еді?! Үлкен үміт күттіретін сахна асүсті қарастырылғаны бір түрлі көрінді. Сосын, қазақтың шекара мәселесі үшін шырылдаған Әлімханның ой-парасаттылығы, қазақтың жер-су атауларын қайтарып алу жолындағы білім-айбатын жас актер Ә.Жарасұлы әлі де салмақтандыра түссе дейміз. Себебі, елін шын сүйетін нағыз патриот азаматтың ішкі жан дауасы жетпей жатты. Әрине, Линиді кескіндеудегі актер Қ.Аманжолдың ойыны жаман емес, дегенмен мінберде сөйлеп тұрған қазақтың жазған-сызғандарына баға беру, оның ой-тұжырымдарына және жалпы Алаш Ордашылардың арасында көзі ашық азаматтарының көптігіне қайран қалу жағын қалыңдата түсе артық болмас.
Осы тұста Лениннің қасында жүрген Брюхановтың құйтырғы тірлікке жақын екенін актер Е.Есендосов жақсы беріп жүр, әйтсе де «Бұл не бассыздық, бұл не сандырақ» деп баяндамашының әрбір сөзіне килігіп қана қоймай, оны жақтырмай тұрғанын ым-ишаратпен, баядамасы тым созылып бара жатқанын сабырсыздықпен әлі де ойната түсуге әбден болады.
Жоғарыда айтып өттік қой, тұлғалық ерекшеліктерді ашу онша оңай түспесі анық деп. Боран – Н.Муслимов, Ерден – Р.Әли, Халел – Ү.Бекжігіт, Крестинский – А.Асқарұлы, Жақып – А.Томанов тағы басқа жігіттер өз рөлдерін шығаруға тырысып-ақ жүр. Бірақ, мемлекетшіл адамдардың азаматтық жолындағы кездескен ой-санадағы жағдайларға жастардың тәжірибесі сонда да жетпей жатқанын ашық айтқан дұрыс болар. Бұл жерде, жастар болған соң, мұндай рөлдерді шығара алмайды деуден аулақпыз. Рөлдің шынайы шығуына жасқа қарамасты керек. Мысалы, кейде атағы дардай артистердің өзі үлкенді-кішілі рөлдерден шағылу жағдайлары кездесіп жатады. Таланты жетпейді деп айта алмаймыз. Тек, рөлге деген жауапкершілігін толық сезіне алмағандықтан. Сондықтан, айтқымыз келгені, актерлік шеберліктері ақсап жатулары біздіңше, бұл шығармамен жұмыс істеуге көп уақыт кетпеген сыңайлы. Ұлттың ұлт болып қалыптасуына барын салған тұлғалардың мінез-құлқы тұтасымен ашылуна бір ай ары кетсе бір жарым ай аз болар. Көрерменнің сана-сезімін ессіз баурай алмауының себебін сұрасаң, уақыт аз болды дейді. Бұл сөз тіркесі барлық театрларға қатысы бар. Сонда асықпай, аптықпай жұмыс істеулеріне, ерте бастан іске кірісулеріне кім кедергі? Міне, осылай бәрі асығыс-үсігіс үстінде болғаннан кейін, орындаушылардың сахналық міндеті де шала пысықталары жасырын емес.
Алаш арыстарының қасиетін танытуға келгенде, сахнаның безендірілуі де астарсыз тігілген киім секілді болып қалған. Тым қарабайырлау. Пьеса ішінде күрт бұрылыстар бар, 1917 ден 1920 ға, 1930 ға, 1935 ке, 1937 ге ауысып кететін. Жылдар ауысса да актерлердің не түрі, не киімі, не жүрісі ауыспайтын көріністерге басынан соңына дейін өзгермей тұратын төрдегі шаңырақ пен керегенің соншалықты маңыздылығы артып тұр деп айта алмаймыз. Суретшісі Т.Байболатов пьесадағы замана жайын көрсететін жер – басқасын айтпағанда Әлімханның Ленинмен кездесудегі сәті кем соққаны бар.
Қазіргі таңда, алаш қайраткерлерінің сыртқы-ішкі қалыбына сәл ұқсастық табылса, соғанда да кәдімгідей мәз болып «жақсы ойнады» деп жатамыз. Ал, шын мәнінде, олардың тарихи принцип көзқарасын меңгеріп, псхологиялық толғаныстарына бейімделіп жан-дертін ашу жағынан кемшін түсіп жатқанын ішіміз сезіп тұрса да, оны сыртқа қатты шығара бермейміз. Ал, солақай саясаттың құрбаны болғандардың өмірлеріне көз жүгіртсең, олардың көрген қайғы-қасіреттеріне төзу мүмкін емес. Егіліп жылайсың, ішің ашиды. Жалпы, адам болмысын көркемдік көзбен көріп, оны үлкен сезіммен көрерменге жеткізу үшін – оған ұзақ еңбек процесі қажет екенін естен шығармайықшы. Қысқасы, тұлғатану бағытындағы қойылымдарға аз уақыт бөлуді азайтып, олардың дүниетанымына тереңірек көңіл бөлінсе екен деген сөзді айтудан біз жалықпаймыз.