
Жас драматург Жақсылық Мұратбектің «Императордың емі» атты комедиялық пьесасы қазіргі қазақ драматургиясында сирек кездесетін саяси-әлеуметтік сатира үлгісіндегі шығармалардың қатарына жатады. Автор шығарманың оқиғалық желісін шартты кеңістікте өрбіте отырып, билік табиғаты, халық пен әміршінің ара қатынасы, жағымпаздық психологиясы секілді қоғамдық мәселелерді күлкі тілі арқылы көтеруге ұмтылады.
Пьесаның негізгі тартысы сырқатқа шалдыққан императордың төңірегінде өрбиді. Алайда шығармадағы басты мәселе патшаның тән ауруы емес, оның рухани әрі моральдық дертінде жатыр. Осы тұрғыдан келгенде автор ауруды әлеуметтік метафора ретінде пайдаланған. Императордың жанындағы уәзірлер мен сарай маңындағы қызметкерлердің әрекеттері мемлекеттік биліктің іштей іріп-шіріген жүйесін аңғартады. Кейіпкерлердің көпшілігі шынайы ақиқатты айтудан қорқады. Сондықтан пьесадағы күлкі табиғаты мінез комедиясынан гөрі әлеуметтік сатираға жақын.
Шығармадағы ең сәтті табылған бейнелердің бірі – Емберген. Ол халықтық дүниетанымның, еркін ойдың және азаматтық батылдықтың көрінісі ретінде алынған. Драматург бұл кейіпкер арқылы билік алдында бүгежектемейтін халық даналығын көрсетуге талпынған. Әсіресе Емберген мен Император арасындағы соңғы көріністер пьесаның идеялық салмағын арттырып тұр. Бұл эпизодтарда сырттай күлкі басым болғанымен, астарында қоғам мен билік арасындағы күрделі қайшылықтар жатыр.
Сонымен бірге пьесаның драматургиялық құрылымына байланысты: көріністерде әрекеттен гөрі сөз басым түсіп жатуы, Базардағы эпизодтар мен қосалқы кейіпкерлер қатысатын сахналар композициялық тұрғыдан созылыңқылығы, кейбір кейіпкерлердің типтік деңгейде қалып қоюы, олардың сахналық мінездері толық ашылмауы, ал финалдағы түс көру тәсілі шығарманың әлеуметтік өткірлігін белгілі дәрежеде бәсеңдеткен.
Дегенмен, жас драматург Жақсылық Мұратбектің «Императордың емі» атты комедиялық пьесасы бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруге ұмтылған ізденісті туынды ретінде назар аударуға тұрарлық. Пьесаның басты құндылығы – билік пен адам табиғатын күлкі арқылы зерделеуінде. Автордың сатиралық тілі, кейіпкерлер арасындағы қақтығыстар және қоғамдық мәселелерді батыл көтеруі шығарманың көркемдік құндылығын арттырады. Сондықтан бұл туындыны әлеуметтік-комедиялық бағыттағы ізденістердің бірі ретінде бағалап, оның сахналық әлеуеті мол, режиссерлік шешімдер арқылы өткір әлеуметтік сатира деңгейіне көтерілуге толық мүмкіндігі бар. Шығарманың құрылымдық жүйесі жинақталып, кейіпкерлер табиғаты тереңдетіле түссе, оның сахналық мүмкіндігі арта түспек.
Бұл пьесаны Қазақстан Жазушылар одағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған жас жазушылар мен ақындарға арналаған призденттік арнаулы әдеби сыйлыққа ұсынуды қолдаймын.
Аманкелді МҰҚАН
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
Театр және кино бөлімінің меңгерушісі
өнертану кандидаты, театртанушы
Жақсылық Мұратбек. Императордың емі
пьесаны оқу үшін сілтемені басыңыз