74 жасқа қараған шағында белгілі қаламгер, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Зәмза Қоңырова дүниеден озды.
Зәмзә Қоңырова 1948 жылы 14 наурызда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Шахта елді мекенінде туған. Шалқар қаласындағы №1 орта мектептің түлегі. 1971- 76 жж. ҚазМУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетінде, аспирантурасында, Мәскеудің Журналистика және
әдеби шығармашылық (ИЖЛТ) институтында білім алған. «Жазушы» баспасының аударма редакциясында редактор, Жазушылар одағының Бас редакциялық коллегиясында, 1992 жылы «Қазақстан» телеарнасының тарихи-танымдық, әдеби-драмалық, музыкалық хабарлар редакцияларында редактор болып қызмет еткен. ҚР Президенті телеарнасында «Ғұмырдария» топтамасының редакторы, «Ш.Айманов атындағы Қазақфильм» ұлттық компаниясында баспасөз хатшысы, редакторы болды. «Күн тербеген шағымда» (1986), «Бұғы көштің бұла желі», «Қазіргі орыс әңгімелері» (1988), «Румын әңгімелері» (1979), «Словак әңгімелері» (1982), «Орман үстіндегі күн» (1989) сияқты аудармалары, Олжас Сүлейменов туралы «Туымы бөлек» (2016), «Жүрегімнің қалауы» (2018) атты кітаптары жарық көрген. «Жыр маржаны» 10 томдық қазақ поэзиясының антологиясына өлеңдері енген (2014). Кісілік келбеті, адамгершілік ажарымен қадірлі бола білген қаламгердің жарқын бейнесі оқырман жадында, әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.