ЛЕВ ТОЛСТОЙДЫҢ «ШЫН СЫРЫ»

             

 «Рассказом о том, как «проснулся» он сам, Толстой будил мир»

                                                                   (штж 17-18 том 251-бет) .

    «Исповедь» - Толстойдың терең әрі қуатты шығармаларының бірі». Бірегейі. Бұл шығарма 1879 жылы жазылған. Лев Толстойдың «Смерть Ивана Ильича», «Много ли земли нужно человеку», «Отец Сергий»,  «Воскресенье» сияқты жауһар туындылары басқа шығармаларынан мазмұн-мән жағынан да, тақырып тереңдігі жағынан да аса биік көрінеді.

   Толстой – өзін өте қатыгез, қатал сынға алған жазушы.Шын мәнінде өзін ақиқи сын тезіне сала білген жанның ғана шынның дәмін , ләззатын татпағы хақ-дүр. Осы орайда Абайдың «Қолымды мезгілінен кеш сермедім», «Жүрегіме қарасам , инедейін таза емес» дегендейін  өзі туралы өткір сындары еске түседі. Өзін қатты сынап, қателігін бүкпесіз мойындай білген өр тұлғалы Бауыржан Момышұлы да- бұл тұрғыда өзін-өзі  аямағандардың бірі.

  «Исповедь» - Толстойдың басқа өмірге бетбұрысы.Иман мен ақиқат іздеген жанның ащы зары. «Исповедь» - «талайғы кәрі дүниеден» мағына іздеп шарқ ұрған жанның жанайқайы.  «Исповедь»- Толстойдың рухының автобиографиясы, «Исповедь» - ақиқатты аңсап іздеген адам  рухының ауыр сілкінісі, шындықты іздеу жолында «қанын дария, сүйегін көпір» қылған арлы кісінің  жан тебіренісі.  

    Толстойдың күнделіктері мен хаттарына, ол туралы зерттеу еңбектеріне назар аударсақ, 1870 жылдан кейінгі кезеңдерде оның ішкі әлемінде үлкен өзгерістер болғанын аңғарамыз.  Оның 1880 жылдан кейінгі шығармаларында өмір мен өлім, сенім мен ақиқат, адам өмірінің мәні сияқты тақырыптар терең қозғалады.1886 жылы жазылған «Много ли земли нужно человеку» әңгімесі де осы маңызды тақырыпты көтереді.Басты кейіпкер Пахомның өмірі жарық күнде Хақ нұрынан ғапыл қалып, сағым қуған адамдардың өмірін еске салып, оқырманды терең ойға жетелейді. Әңгіме желісі кең жердегі таршылықтан, тар жердегі кеңшіліктің артық екенін ұғындырады. «Отец Сергий» әңгімесіндегі басты кейіпкер Сергийдің ішкі әлеміндегі арпалысын, оның шындықты іздеу жолындағы жүрек тербетерлік ізденістерін оқығанда көзі қарақты адамның бейжай қала алмасы хақ. Толстойдың «Смерть Ивана Ильича» хикаяты өлімнің «тәтті күйін» шертеді.Қатерлі дерт құрсауына шырмалған кейіпкер өлімді ойлау арқылы, өз өмірінің мәнін ұғынғандай болады. Толстой шығармаларында алтын арқау боп өріліп отыратын мына екі ерекшелікті байқауға болады: «кейіпкердің ішкі "тілі" (внутренная речь) һәм ішкі әлемдегі арпалыс әрекеттерді сол әрекеттердің сыртқа шыққан белгілері негізінде талдау». Ішкі "тіл" негізінен Толстойдың өз тілі, өз тұжырымдары болып келеді. Солай екеніне Толстой күнделіктерін мұқият зерделеу арқылы көз жеткізуге болады. Адамның жүзінде болған кез-келген өзгерісті тамыршыдай тап басып, оны ішкі әлеммен байланыстыруда Толстойға тең келетін шебер табу қиын.  Толстойдың қай шығармасында болмасын, адамның ішкі жан дүниесіндегі толғаныстар, адамның өз-өзімен болған күресі сыртқы оқиға желісінен гөрі басым мәнге ие екенін аңдаймыз.Бірақ бұл басымдық сюжет желісінің тартымдылығына ешқандай көлеңке түсіретін басымдық емес. Қайта Толстой әңгімелерінің оқиға желісі адамды өзіне ғана тән қарапайым қайырлы өрнегімен  баурайды.  Шынында да адамның нағыз өмірі оның ішкі әлемінде, оның жүрегінде жүріп жатады. Адамның бүкіл өмірі сол жүректегі өмірге тікелей байланысты. Жүрегі былғанған адамнан таза өмір үлгісін іздеу бос әурешілік болмақ. Осы иірімдер Толстой шығармашылығының өзегі десе де болар.

   Аталған кезеңдегі Толстойдың ішкі әлемінде болған өзгерістер, ақиқатты іздеудегі жанкешті ынтызарлығы оның хаттарынан да аңғарылады.  Толстойдың хаттары- эпистолярлық жанрдың шедеврлері ғана емес, оның рухани ізденістері Һәм көзқарастарымен нақышталған  соқтықпалы, соқпақсыз өмір жолы. Ұлына жазған мына бір хатында былай дейді: «Вообще, надо помнить, что все соображения о Таптыковых (жер), о деньгах, имеют, в сравнении с вопросом о твоей душе которая гибнет и можеть воскреснуть, имеют так же мало значения, как комариное крылышко на возу». «Дүние тезек сияқты: үйілген сайын сасиды, шашылса жерді тыңайтады» дегенді айтқан Толстой өз ұлына сені жер мен ақша ақиқаттың аулынан адастырып барады,  бұл сен үшін ең қатты мән беретін сұрақ дегенді ескертеді. Осы 80- жылдардан кейінгі жазылған еңбектері үшін Толстой шіркеуден аластатылды. Бірақ ол ақиқаттан аластатылған жоқ, қайта оған жақындай түскен болатын. 1884 жылдың сәуірінде жазылған Толстой күнделігіндегі мына бір жолдарда терең сыр жатыр. «Я бы очень рад был, если бы вы были бы одной веры со мной. Вы вникните немножко в мою жизнь.друзья мои, семейные даже , отворачиваются от меня.одни – либералы и эстеты- считают меня сумашедшим или слабоумным  вроде Гоголя; другие- революционеры и радикалы – считают меня мистиком, болтуном... признаюсь, что это тяжело мне... И потому, пожалуйста, смотрите на меня, как на доброго магометанина, тогда все будет прекрасно». Е. Векилова деген орыс әйелі ұлдарының Исламды қабылдағысы келетінін, осыған байланысты хат арқылы сұраған кеңесіне  Толстой (1909 жылы наурыздың 13-16-сында) мынадай жауап жазады: «Что касается до самого предпочтения  магометанства православию  и по тем благородным мотивам,  которые выставляют ваши сыновья,  я могу только со всей душой сочувствовать такому переходу... Для всякого разумного человека не можеть быть сомнения  в выборе и всякий предпочтет магометанство с признанием одного Бога и Его Пророка...» ...

   1880 жылғы Толстойдың дүниетанымында болған өзгеріс  оның бүкіл шығармашылығына, соның  ішінде күнделігіне де  түбегейлі өзгеріс бедерін салады. Толстой  өзінің ішкі толғаныстарын, тапқан  жаңа ойларын, мұңын, зарын күнделігіне әкеп запыран ғып төгіп отырған.  Адамның ішкі әлемінде болған өзгерістер оның бүкіл сыртқы ортасына тәсір етеді. Адамның сыртқы келбеті оның ішкі әлемінің құзырында.. Әлемге әйгілі «Война и мир» романына кейін келе суық көзбен қараған мұәлліф күнделікке аса зор мән береді. Күнделіктің басты тақырыбы-Толстой. Оның  жүрек іші.  Бұл туралы 1985 жылы Мәскеу қаласының «Художественная литература» баспасынан шыққан  12- томда (427-бет)  дәл айтылған: «В центре дневника- сам автор, его мысли и  чувства, суровый самоанализ...»

  Толстой күнделікке жан сырын бүкпесіз ашады. Адам жанының ең терең қатпарына жасырынған, өзіне де айтуға ауыр, тіпті ұят сырларын күнделік бетіне аяусыз ақтарып төгіп отырған.

     Арды адамдық арқауы деп білген Толстой «Исповедь» арқылы өзінің өтіріктің бетпердесін сыпыруға біржола бет бұрғанын ашық айтады. «Мне нужно сорвать с глаз людей завесу, которая скрывает от них их человеческие обьязанности» (Л.Н. Толстой 90 томдық шығ. жинағы. 26-том, 564-бет) Шын мәнінде адамның адамдық мақсаттан алыстап, адасуынан асқан бақытсыздық бар ма?! Толстой бүкіл ғұмыры мен ізденісін ақиқатты іздеуге арнады. Толстойдың ақиқат жолындағы жанкешті ізденісін үнділік  Махатма Ганди былайша өрнектейді: «Больше всего меня поразила  В Толстом то, что он подкреплял свою проповедь делами и шел на любые жертвы ради истины... Он был самый честный человек своего времени. Вся его жизнь – постоянный поиск, непрерывное стремление найти правду и воплотить ее в жизнь. Толстой никогда не пытался скрыть правду, приукрасить ее; не страшась ни духовной, ни светской  власти , он показал миру  вселенную правду, безоговорочную и бескомпромисную.» 

 Ол «Мен кіммін?», «Қайдан келдім?», «Не үшін өмір сүруім керек?», «Менің өмірімнің мәні неде?» деген сұрақтарды өмірінің соңғы кезеңіндегі бүкіл шығармаларының алтын арқауына айналдырды.Ол өмір мен шығармашылық бөлек дейтіндердің сапынан емес-ті.  Және Толстой үшін шығармашылық  басты мақсат та емес еді. Бұны «Лермонтов и я- не литераторы» немесе «Я не мечтаю о литературной славе», «Слава я не хочу и презираю» (17-18 том 242-бет) деген сөздерінен аңғарамыз.

  Өз дәуірінің ақиқатын бүкпесіз жазған бұл шығарманың Ресейде жариялануы мүмкін емес еді.Шығарма жазылғаннан кейін 2 жыл өткенде,  бұл туралы жазушының өзі былай дейді: «Но этой книги в которой я рассказывал, что я пережил и передумал, я никак не могу и думать печатать в России, как мне сказал один опытный и умный старый редактор журнала. Он прочел начало моей книги, ему понравилось. Так как он просил моего сотрудничество, я сказал:Так вот, напечатайте. Он поднял руки и воскликнул: «Батюшка! Да за это и журнал мой сожгут, да и меня с ним » Так я и не печатаю».(90 томдық шығ.жинағы. 49-том. 9-бет)  Осы себептерге байланысты «Исповедь» алғаш рет Ресейде емес, 1883 жылы Женева қаласында «Общее дело» журналында жарық көреді. Ал Ресейде бұдан 13 жыл өткеннен кейін  1906 жылы «Всемирный вестник» журналында   жарық көрді.

  Өзінің қызу өтініші бойынша 1882 жылдың күзінде «Исповедь» Париждегі Тургеневке жіберіледі. Жалпы орыстарға ауыр тиген бұл шығарманы Тургенев түсінбеген. Вильям Фрей былай дейді: «Россиядан кеткен соң сіздің «Исповедіңізді» жүрегім тоқтап, басым айналып отырып оқыдым. Сіздің сөздеріңізден ақыры біздің қоғамда пайда болуға тиісті рухани азыққа деген алапат сұраныстың рельефті көрінісін көрдім». В.В. Стасовтың тек әдеби қырын айтуға шамасы жеткен.Сол кездегі Америка мен Европаның әдеби-қоғамдық өмірін жақсы білетін Степняк Кравчинский 1889 жылғы «Свет Россидағы» мақаласында: «Толстойдың есімін қазір айналшықтаған айрықша даңқ оның «Исповеді» мен «В чем моя вера» шығармалары жарық көрген соң басталды» («Литературное наследство» 75-том 546-бет) дейді.  Ресейлік 10- сынып оқушысы  М. Пономарева «О религиозном  учении Л.Толстого»  атты шығармасында «Исповедь» туралы мынадай ой айтады: «Большая часть повести посвящена описанию поисков смысла жизни; поисков сугубо рационалистических. Эти поиски не приводят ни к чему... Но удовлетворительных результатов эти поиски не дают.» Оқушы шығарма желісіне ешқандай қиянат жасамай, адал пікір түйген. Толстой - ақылды жететін жеріне дейін сарқа пайдаланғандардың бірі. Бірақ тек жалаң  рационализмнің өзімен өмір сұрақтарының бәріне жауап табылмайтыны- айдан анық нәрсе.

   « «Исповедь»- әлем әдебиетіндегі ең бір шынайы кітаптың бірі». Ол -ақиқатқа ынтызар жанның шырылы. Шығарманы оқу барысында «Ақымақ едім, әлемді түзетпек болдым, ақылым кіре бастады, енді өзімді түзетуге кірістім» деген іргелі ой аңғарылады.

Шынында, өзінің кім екенін, не үшін өмір сүретінін анық танып, білмеген адамның «адамзатты жөнге саламын» деуі қисынсыз көрінбей ме?!

  Толстой шын өмірдің үлгісін іздеді. Оның аса қадір тұтқан адамдарының бірі Блез Паскәлдің мынадай құйқалы сөзі бар: «Адамдардың үш тобы бар: бірінші топ Жаратушысын іздеді және тапты. Бұлар ақылды әрі бақытты адамдар. Екінші топ Жаратушысын іздеп жүр , бірақ тапқан жоқ. Бұлар ақылды, бірақ әлі бақытсыз адамдар. Үшінші топ Жаратушыны іздеп те жүрген жоқ, тапқан да жоқ. Бұлар бақытсыз әрі ақымақ адамдар»  Толстой да - жан-тәнімен , бар мүмкіндігін сарқа Жаратушысын іздеп, тануға талпынған жан. Бұл туралы ол «Исповедьте былай дейді: «Құдайға сенсем болғаны мен тірілемін, есімнен шығарсам, сенбесем болғаны, мен өлдім.Құдайға сеніп өмір сүр. Сонда құдайсыз өмір болмайды.» Бұл  Абай хакімнің : «Күндіз-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,Өзіне ғашық қылған оның әмірі» дегенімен үндес. Толстой өмірдің ұлы сынақ екенін ұғынды. Өмірдің асау дария екенін, адамның дарияға жіберілгендегі мақсаты-ағыспен ағу емес, жағаны табу екенін де жақсы түсінді. Бәлкім, сол жағалауды, жандүниені нұрға бөлейтін ақиқат жағалауын,  тапқан да шығар. Оны біз білмейміз.

                                                          Абай Қалшабек 

2012 ЖЫЛ ҚАЗАН АЙЫ