ЛУ ШҮН. ТУҒАН ЖЕР

 

Қыстың қақаған аязына қарамай екі мың шақырым шалғайда жатқан туған жеріме бет алдым. Ауылыма келмегеніме жиырма жылдан асып кетіпті. Қыс мезгілі болғанмен, туған жеріме жақындаған сайын күн бұлыңғырланып, түнеріп, үскірік жел желкенді кеменің бөлмелерін аралап, гу-гу етеді. Кеменің саңылауынан қараған кісіге бозарған аспан астында көсіліп жатқан даладан андыз-андыз, бірақ еш тіршілік белгісі жоқ жүдеу қыстақтар менмұндалайды. Мұны көріп, көңілім еріксіз құлази бастады.

Құдай-ау. Жиырма жыл бойы есімнен бір шықпаған туған жерім осы ма сонда? Жоқ, менің ойымдағы туған жер мүлде басқа сияқты еді. Ол деген керемет еді ғой. Осылай деуін дегеніммен, туған жерімнің әсемдігін еске алғанымда, бәрібір ойыма да, аузыма да ешнәрсе түспей, дағдаратыным да рас. Шынында, айта қаларлықтай ештеңе жоқ-ты. Өзіме-өзім былай ұқтыра бастадым: туған жерім еш өзгермеген, алайда, мен ойлағандай соншалық сүйкімді де емес. Мына сурет менің көңілімдегі өзгерістің әсері болса керек. Өйткені, бұл жолғы менің туған жерге оралуым соншалықты көңілді сапар емес-тұғын. Менің бұл сапарымның мақсаты онымен біржола қоштасу болатын. Біздің бүкіл үрім-бұтағымызға қаншама жыл пана болған ескі үйімізді біреуге сатқан болатынбыз, үйді жаңа қожайынға тапсыру мерзімі биыл бітуші еді, сондықтан қаңтардың біріне дейін барып ежелгi баспанамен ғана емес, бүкіл туған жеріммен де қоштасып, отбасымды жат жерге — мен тіршілік істеп жүрген жаққа біржола көшіріп әкетпекпін.

Келесі күні таңертең туған үйімнің қасына келдім. Үй төбесіндегі тозыңқы кірпіштің үстіне шыққан шөптің қураған сабағы өкпек желмен дір-дір қағып, бұл үйдің қожайынының ауысатындығынан хабар беріп тұрғандай. Аула жым-жырт. Бұрын бізбен бірге тұрып келген бірнеше үйлі туыстарымыз да көшіп кеткен көрінеді. Есік алдынан анам қарсы алды. Оның соңынан ағамның баласы – сегіз жасар Хуң Ыр жүгіріп шықты. Анам мені көріп қатты қуанды, бірақ жүзінен үлкен бір салқындық аңғарылады. Маған «төрлет, жолдан шаршап келдің, демал, шай іш» деп жатыр, ал көші-қон туралы ләм-мим демеді. Хуң Ыр мені бұрын көрмеген-ді, содан ба, анадай жерден маған қарады да тұрды.

         Міне, енді әңгіме желісі көші-қон тақырыбына да ауысты. Тұрған жерімнен бір пәтер жалдағанымды, біраз керек-жарақ, жиһаз сатып алғанымды айттым. Мүндағы ағаш жабдықтардың бәрін сатып, сол жақтан қалғанын толықтап алсақ деп едім, бұл ойымды анам да құп көрді. Әкететін заттың біразын буып-түйіп қойыпты, алып жүруге қолайсыз ағаш бұйымдардың кейбіреулерін сатып та жіберіпті, тек ақшасын әлі ала алмай жүрген көрінеді.

 - Бірер күн тынығып дем ал, туысқандарға амандас, содан кейін жүрерміз, - деді анам.

 - Жарайды,- дедім мен

 - Айтпақшы, әлгі Рунту келген сайын сені сұрайды, өзіңді бір көрсем деп жүр. Оған сенің келетін мөлшеріңді айтып жібергенмін, кешікпей өзі де келіп қалар, - деді анам.

Осы сәтте көз алдыма ғажайып бір көрініс орала кетті: мөлдір көк аспанда толықсыған алтын ай, теңіздің құмайт жағасы, көлбеп жатқан ұшы-қиырсыз дала тола қарбыз, ортасында мойнына күміс алқа тағынған он бір, он екі жасар шамасындағы бір бала, баланың қолында болат айыр, ол бар пәрменімен бір сасық күзенге айырын шаншып еді, әккі сасық күзен жалт беріп, баланың бұтының арасынан сытылып шығып, зытып жоғалды.

Бұл бала Рунту болатын. Онымен танысқан кезімде оннан асқан жаста еді, көрiспегенімізге отыз жыл болыпты. Ол кезде менің әкем тірі, үйіміз де бақуатты болатын. Менің өмірім ханзададан бір кем емес еді. Сол жылы біздің үйдің әруақтарға бағыштап кезекті ас беретін жылы еді. Мұндай ас беру кезегі әрбір отбасына отыз жылданаса бір келетін. Сондықтан, бұл дәстүр зор салтанатпен өтетін Жаңа жылдың алғашқы айында алуан түрлі жылы- жұмсақты қымбат ыдыстарға салып, ата-бабалар суретінің алдына тартады, зияратқа келетіндердің көптігінен, ел ұрлап кетеме деп, ыдыс-аяқтарын аңдып отыратын. Біздің үйге осындай қарбалас кезде ғана қарасып беретін бір көмекшіміз бар еді (біздің жерде үш түрлі жалшы болады: жыл бойы жұмыс істейтіндер, бұлар тұрақты жалшылар деп аталады, күндікке істейтіндерді күндік жалшылар дейді, өзі де егін салатын, тек мереке-мейрамдарда яки жер майын жию секілді қарбалас уақыттарда қарасып жіберетіндерді көмекшілер деп атайды). Ол барлық іске жалғыз өзі үлгере алмайтын болғасын, ұлы Рунтуды ертіп келіп, ас берген кезде ыдыс-аяқты қаратып қойсам деген ойын айтты әкеме.

Әкем оған қарсы болған жоқ, мен де қатты қуандым. Өйткені, мен Рунтудың атын, жасы да менімен қарайлас екенін көптен білетінмін. Ол толық жылда туыпты, тағдырын болжап кітап ашқанда, оның жұлдызындаболуға тиіс бес денеден топырақ қана кем екен, сондықтан, әкесі оның атын Рунту қойыпты. Рунтудың тұзақ құрып, құс ұстай білетін өнері бар екен. Сонымен, жаңа жылды асыға күттім. Өйткені, Рунту сол күні келу керек болатын Зорға дегенде жыл аяғына да жеттік, бір күні анам маған «Рунту келді» деді. Дереу жүгіріп бардым. Рунту ас үйде екен Қараторы, дөңгелек жүзді бала екен, басында кішкентай киіз телпек, мойнында жылтыраған күміс алқасы бар. Әкесі оны жанындай жақсы көретіндіктен, ғұмырлы болсын деп дұға оқытып, Буддаға серт беріп, мойнына алқа тағып қойған көрінеді. Рунту қатты ұялшақ екен, тек менен ғана тартынған жоқ, менімен оңаша жақсы сөйлесті, сөйтіп, жарты күнде-ақ үйірлесіп кеттік. Ол кезде не туралы сөйлескеніміз анық есімде қалмапты, бір есімде қалғаны Рунту өте көңілді еді. Ол маған өзінің қалаға барғанын, онда бұрын көрмеген көп нәрселерді көргенін айтып беріп еді. Келесі күні мен оған құс аулауға барайық дедім.

- Қазір болмайды, деді ол, - құсты қалың қар жауғанда ғана ұстауға болады. Біздің жақтағы құмға қар жауғанда тоқымдай жердің қарын күреймін де, үлкен бамбук себетті төңкеріп, оны қазықпен тіреп қоямын, астына жем шашамын Сосын өзім анадай жерде аңдып отырамын да, құстар келіп жемге үймелегенде қазыққа байлаған жіпті тартып қаламын, сонда құстар себеттің астында қалады. Шіл, қырғауыл дейсің бе, сауысқан, кептер дейсің бе, көк шымшық дейсің бе... бәрі себеттің астында жатады.

Мына әңгімені естіген мен «тез қар жауса екен» деп армандадым.

Рунту маған тағы да:

 - Қазір күн өте суық. Сен жазда біз жаққа кел Біз күндіз барып теңіз жағасынан ұлу қабығын жинаймыз, оның қызылы да, жасылы да болады, сайтан қорқар, перизат дейтін қабықтар да табылады, түнде әкем екеуіміз қарбыз күзетуге барамыз, сен де барасың, — деді.

- Ұрыдан күзетесіңдер ме?

- Жоқ. Біз жақта шөлдеген жолаушының бірер қарбызды үзіп жегені ұрлық болып есептелмейді. Біз қарбызды аңнан қоримыз. Мәселен, борсықтаң, кiрпiден, сасық күзеннен деген сияқты. Айдың жарығында жайлап тыңдасаң, құлағыңа салп-сұлп, шалп-шұлп еткен дыбыс естіледі. Ол қарбыз жеп жатқан сасық күзеннің дыбысы. Сол кезде айырды аласың да, жайлап жақындайсың... Мен ол кезде сасық күзен дегеннің не екенін білмейтінмін, қазір де білмеймін. Әйтеуір, түрі күшік сияқты, өте қабаған нәрсе шығар деп ойладым.

- Ол адамды қаппай ма?

- Қолыңда айыр болады ғой, жайлап жақындайсың да, көрген бетте айырды сұғып жібересің. Бірақ, сасық күзен өте әккі хайуан Өзіңе қарай тұра шабады да, борбайыңның арасынан өте шығады. Жүні майлап қойғандай сусылдап тұрады...

      Мен бұл дүниеде мұншама қызғылықты нәрселер — теңіз жағасында түрлі-түрлі ұлу қабықтары, қарбыз өсіруде осындай қауіпті жағдайлар болатынын білмейді екенмін Қарбыз туралы бар білетінім—оның жеміс дүкендерінде сатылатындығы ғана.

 - Біздің жақтағы құмда су тасыған кезде небір секіретін балықтардың су бетінде шоршып секіріп жүргенін көресің. Көлбақанікі сияқты екі аяғы болады.

         Па, шіркін-ай! Мына Рунту қаншама таңғажайып жағдайларды біледі?! Бұл әңгімелер менің бұған дейінгі достарымның қиялына да кіріп шықпайды. Олар не білсін?! Өйткені, олар да мен секілді төрт қабырғалы биік қорғанның ішінде аядай аспаннан басқа не көрді дейсің. Ал Рунту болса, теңіз жағасында тұрады. Өкініштісі — жаңа жылдың алғашқы айы аяқталып, Рунту үйіне қайтатын болды, мен қабаржып қатты жыладым. Ас үйге жасырынып қалған Рунту да кеткісі келмей көп жылады. Бірақ, әкесі бой бермей алып кетті. Кейін ол әкесінен маған бір дорба түрлі-түсті ұлу қабықтарын, әдемі құс қауырсындарын беріп жіберіпті. Оған мен де бір-екі рет сәлемдеме жібергенмін. Бірақ, содан бері жүздескен емеспіз. Әлгінде анам Рунту туралы айтқанда, жаңағы оқиғалардың бәрі бірден ойыма оралды да, көрікті туған жерімді көргендей болдым.

- Келсе жақсы болар еді. Жағдайы қалай өзінің?- дедім мен.

- Оның ба? Жағдайы мәз емес... — деп анам терезеге қарады, - мыналар тағы келді... Жиһаз алғалы келдік дейді де, қолдарына бірдеңені іле кетеді. Мен барып қарай тұрайын.

Анам сыртқа шығып кетті, есік алдынан әйелдердің дауысы естілді. Мен Хуң

Ырды қасыма шақырып алып, онымен сөйлесіп отырдым:

- Жазу жаза аласың ба, бұл жерден кеткің келе ме?

- Пойызбен барамыз ба?

- Пойызбен,

- Қайықпен ше?

- Әуелі қайықпен барамыз.

Осы кезде біреудің кенеттен:

- Бәле! Түрді қара! Мұрты қалай өсіп кеткен! деген шарқая дауысы шаж ете қалды.

Қапелімде селк етіп, жалт қарасам, қарсы алдымда бүйрек бет, қаймақ ерің, жасы елуді аралап кеткен бір әйел тұр, алдында алжапқышы жоқ, екі бүйірін таянып алған, талтайған екі бұты циркульден айнымайды.

Мен сасып қалдым.

- Танымай қалдың ба? Өзіңді талай көтеріп едім ғой!

Мен бұрынғыдан бетер сасқалақтадым. Құдай оңдағанда, анам үйге кіріп келді де, әңгімемізге араласты.

- Ауылдан ол кеткелі қай заман, көп нәрсені ұмытып қалыпты. Сен ұмытпасаң керек еді, — деді сосын анам маған қарап, — мынау біздің қиыс қарсымыздағы бұршақ ірімшігін сататын көршіміз Яң Ыр жеңгей ғой.

           Е-е-е, енді есіме түсті. Менің бала кезім. Қиғаш қарсымыздағы бұршақ ірімшігін сататын дүкенде күні бойы тапжылмай Яң Ыр жеңгей отыратын Оны жұрттың бәрі «ірімшікші сұлу» дейтін Ол заманда бұл бетіне опа жағатын, бет сүйегі мұншалық шығыңқы, еріндері мұншалық қағаздай емес болатын. Ылғида бір орнынан тапжылмай отыратындықтан, оның аяқтарының циркуль секілді талтақ екенін де байқамаған екенмін Ол кезде жұрттың бәрі бұл дүкендегі сауданың күсет болуы осы әйелдің арқасы десетін Бірақ, мен едім. Сондықтан, маған бұл адамның ешқандай әсері ол кезде тым болмағандықтан, есімде қалмапты. Бірақ «циркуль» сабасына түсе қоймады, маған қатты наразы кейіппен, Наполеонды білмейтін французды немесе Вашингтонды естімеген американдықты мазақ қылғандай раймен мысқылдай күліп:

- Ұмытып қалғансың ба? Е, өзі болған қыз төркінін танымайды деген...- деді.

- Жо-жоқ, олай емес, мен,..- деп абдырап орнымнан атып тұрдым.

- Олай болса мен саған айтайын, бауырым, сен қазір қалталы адамсың, өзі ауыр, өзі ескі ағаш бұйымдарды әрі-бері тасып жүру саған мүнәсіп пе? Сондықтан, бұларды маған бере сал, біз секілді кедей-кепшікке осы да жарап жатыр.

- Қалталы болмай қалайын, бұларды сатып мен ана жақтан барып...

- Үйбай-ау, өзің «даутай» болыпсың, сонда да қалталы емеспін дейсің? Қазір үш әйелің бар екен, үйден шықсаң күймемен жүреді екенсің, сонда қалталы емессің бе, не? Менен ештеңені жасыра алмайсың.

Бұдан әрі сөзді қор қылудың қажеті жоқ екенін сездім де, үндемей тұрып қалдым.

- Е-е-е, «жыланға түк біткен сайын қалтыруық келеді» деген осы екен ғой, бұлар өстіп байыйды да баяғы... — деп, бұлқан-талқан болған «циркуль», жалт бұрылып, бұрқырап шыға жөнелді. Шығып бара жатып анамның бір қолғабын жанқалтасына сүңгітіп жіберді.

Бұдан кейін маған амандасуға жақын маңдағы тума-туысқандарымыз келе бастады. Мен оларды қарсы ала жүріп, ара-арасында жүктерді буып-түйдім. Осылайша үш-төрт күн де өте шықты. Қыс ызғары қаһарына мініп тұрған бір күні, түскі тамақтан кейін шай ішіп отырғанбыз, сырттан біреу кіргендей болды. Мойнымды бұрып қарадым, қарадым да қайран қалдым. Орнымнан ұшып тұрып, алдынан шықтым. Бұл келген Рунту болатын. Оны бірден таныдым, әйтсе де, мынау менің санамда сақталған Рунту емес. Оның бойы екі есе өскен, бұрынғы қараторы, дөңгелек жүзі күреңітіп кеткен, ажарын айғыз-айғыз әжім басыпты, көздері әкесінің көздері құсап домбығып, қызарып тұр. Жағалаудағы бір тынбайтын желдің әсері болса керек, теңіз жағасында тұратын дихандардың көбісінің беттері осындай болады. Рунтудың басында көнетоз киіз телпек, үстінде жұқа мақталы шапан, суықтан бүрісіп қалыпты, қолында қағазға оралған бір нәрсе мен ұзын найы бар. Бұл қолдардың өзі де менің жадымда қалған шұғынықтай шымыр да ебдейлі қолдар емес, мына қолдар барбиған епсіз, оның үстіне қарағайдың қабығы секілді шытынап жарылып кеткен бірдеңе.

Рунтуды көріп қатты қуандым, бірақ сөзді неден бастарымды білмей:

- Oho, Рунту ағай, хош келдіңіз,.. дедім.

Іле көкейіме келген қырғауыл, секіретін балықтар, ұлу қабықтары, сасық күзен... т.б. толып жатқан сөздер жіпке тізген маржандай бірінен соң бірі ағытыла жөнелер деп ойлап едім, бірақ, әлде бір сыйқыр күш жағымды қарыстырып, айтпақшы болған сөзім басымның ішін шыр айналды да жүрді. Рунту состиып тұрып қалды, жүзінде қуаныштың да, кірбеңдіктің де табы бар. Ол бірдеңе деп ернін жыбырлатты, бірақ дауысы шыққан жоқ. Сосын ол барынша ізетпен, баптап тұрып:

- Мырза!.. — деді.

Мен тұла бойымды бір ызғар қарып өткендей болдым. Екеуіміздің арамызда асу бермес сұрқия бір алып қамал орнағанын сонда ғана түсіндім де, үнсіз қалдым.

Сосын ол артына бұрылып:

- Шүй Шың, мырзаға тағызым ет, — деді де, артында тығылып тұрған баланы ілгері тартты, бұл бала жиырма жыл бұрынғы өзім білетін кәдімгі Рунтудан айнымайды екен, бірақ, бұның өңі жүдеңкі, мойнында күміс алқасы жоқ.

- Бұл менің бесінші балам... үйден шығып көрмеген, ұялшақ өзі. Біздің абыр-дабырымызды естіп, анам мен Хұң Ыр төменге түсті.

- Ханым, хатыңызды алдым. Мырзаның келетінін естіп, қатты қуандым,- деді Рунту.

- Үйбай-ау, сен не ғып тартынып тұрсың? Бұрын сендер аға-бауыр емес пе едіңдер, баяғыша Шүн аға дей бер, — деп жатыр анам емен-жарқын

- Жоғ-а, о не дегеніңіз, ханым!.. Олай дегенім жөн болмас. Ол кезде баламыз ғой, не білеміз, — деді де, Рунту «тағызым ет!» - деп, Шүй Шыңға тағы да бұйырды. Бала болса, ұялып әкесінің қалқасынан шықпай қойды.

- Мынау Шүй Шың екен ғой, бесіншің емес пе? Бейтаныс кісілерді жатырқап тұрғаны ғой, барып Xұң Ырмен ойнай ғой, — деді анам. Бұны естіген Хұң Ыр келіп оны шақырып еді, Шүй Шың тартынбастан оған ілесе жөнелді. Анам Рунтуға «отырсаңшы» дегенде ол именіңкіреп барып, әрең отырды. Сосын ұзын найын үстелге сүйеп қойды да, қағазға ораулы затын маған ұсынып:

- Қыстың күні басқа нәрсенің реті болмай қалды, мынау өзіміз кептірген азғантай көк бұршақ, қабыл алыңыз мырза... — деді.

Мен оның хал-ақуалын сұрадым. Ол басын шайқап:

- Жағдайым қиын Алтыншы балам да қолқанат болып қалды, бірақ, бәрібір кеңірдекке жетпейді... Оның үстіне қоғам да астан-кестен, қайда барсаң да ақша сұрайды... заң-тəртіп жоқ... Егін шығымы да мәз емес... Азын-аулақ өніміңді сатуға апарасың. Еселеп салық төлейсің, тапқаның шығыныңды да ақтамайды. Сатпасаң босқа шіріп кетеді... Ол басын шайқай берді. Әжім басқан бет-әлпеті тас мүсіндей қимылсыз. Сірә, ол азапты өмірін айтып жеткізе алмай отырған тәрізді. Ол аз-кем үнсіз отырды да, ұзын найын алып, темекі тартты. Рунтудың анамның сұрақтарына берген жауаптарынан, оның үйіндегі шаруасы басынан асып жатқанын, ертең қайтуы керек екенін аңғардым. Оның түскі тамақ ішпегенін сезген анам, оған ас үйге барып тамақ жасап же деп бұйырды. Ол шығып кетті. Анам екеуіміз оның тағдырына налыдық: шиеттей көп бала, құрғақшылық, ауыр салық, әскерлер, қарақшылар, ұлықтар, атқа мінер тағы тонайды — Осы азаптың бәрі байғұсты қуратып жіберіпті.

- Өзімізбен әкете алмайтын нәрсенің бәрін Рунтуға берейік, керек дегенін таңдап алсын, - деді анам маған.

Түстен кейін Рунту біздің заттардың ішінен өзіне керекті екі ұзын үстел, төрт орындық, бір ошақ, шамдал және бір аспалы таразыны қалап алды. Ол сабанның күлін тұтас мен алайын деді. (Біздің жақта ас үйге күріштің сабанын жағады, оның күлімен құмайт жерді тыңайтуға болады. Осылайша ол біз жүретін күні келіп, алған заттарын қайыққа тиеп әкететін болды. Түнде екеуіміз оны-мұныны сөз етіп, біраз әңгімелестік. Бірақ, бәлендей маңызды ешнәрсе айтылған жоқ. Келесі күні таңертең Рунту Шүй Шыңды ертіп ауылына қайтты. Арада тағы тоғыз күн өтіп, жүретін күніміз де келіп жетті. Таңертең Рунту келді, бірақ, бұл жолы ол Шүй Шыңды емес, қайық қаратуға бес жасар қызын ертіп келіпті. Бұл жолы күні бойы әбігерлікпен жүрдік те, сөйлесуге мұрша болмады. Келген кісілер де көп болды. Олардың ішінде бізбен қоштасу үшін келгендер де, бірдеңе іле кету үшін келгендер де, қоштасу орайында бірдеңе іле кету үшін келгендер де бар. Кешке қарай, біз қайыққа отырар кезде ежелгi баспанамыздағы ірілі-ұсақты, ескілі-жаңалы заттың біреуі де қалмады.

Біз мінген қайық баяу жүзіп барады. Ымырт қараңғылығында екі жағадағы көгілдір таулар бізден бірте-бірте қашықтап қала берді. Хұң Ыр екеуіміз қайық терезесінде табиғаттың кешкі көрінісін тамашалап тұрғанбыз.

- Аға, біз қашан қайтып келеміз? - деді Хұң Ыр аяқ астынан.

- Қашан қайтып келеміз дейсің бе? Қалайша кетпей жатып қайтып келуді ойлап тұрсың?

- Шүй Шың мені ойнаймыз деп үйіне шақырған, — деді де, Хұң Ыр үлкен қара көздерін бақырайтып, ойланып қалды. Анам екеуміздің де көңіліміз қоңылтақсып, Рунтуды тағы да сөз етістік. Анам маған біз көшудің қамына кіріскелі бері біздікіне күн құрғатпай келіп тұратын «ірімшікші сұлу» Яң Ыр жеңгей бір күні күл үйіндісінің ішінен оншақты ыдыс-аяқ тауып алғанын, «ірімшікші сұлу» мұны Рунтудың істеп жүргені, күл алуға келгенде ыдыс-аяқты қосып әкетпек болған деп соққандығын, онысын бізге істеген үлкен бір жақсылығына балап, далада жатқан «ит қорлық» дейтін астаушаны (біздің ауылда тауықтарға жем беретін астаудың тор көзді қақпағы болады, ішіне жем салғанда, тауық басын тығып жей береді, ал ит жей алмай қор болады, оны жұрт «ит қорлық» деп атайды) іліп алып безіп бергендігін, ши аяғындағы биік өкшеге қарамай, өзі өте шапшаң жүретінін әңгімеледі.

Мен өзімнің ескі үйімнен барған сайын ұзай бердім. Туған жерімнің тау- өзені де артта қалды. Алайда, мен туған жеріммен қош айтысқаныма өкінген жоқпын Көзге көрінбес дуалдар жан-жағымды қоршап, мені өзге әлемнен бөлектеп тұрғандай. Көңіліме бір түрлі кірбің ұялай бастады. Қарбыздықтағы мойнына күміс алқа таққан бала батырдың бейнесі бұрын ап-анық елестейтін, міне, енді көмескі тарта бастады. Менің жаныма қатты батқаны да осы. Анам мен Хұң Ыр ұйықтап қалды. Мен жатып алып судың сарылына құлағымды түре түсіп, өмірде өз жолыммен келе жатқандығымды сезіндім. Осы тұста мені бір сәт: «Рунту екеуміздің арамыз осылай алшақтап кеткенімен, ұрпақтарымымыз бәрібір бірге болады. Міне, қазірдің өзінде Xұң Ыр Шүй Шыңды ойлап жатқан жоқ па? Бұлар мен құсап жұрттан бөлініп қалмаса екен... Алайда, бірге боламыз деп мен секілді өмір азабын арқалап, немесе, Рунту сияқты тұрмыс тақсіретін тартып, немесе тағы басқалар сияқты қайғы-қасіретте өмір сүретін болмаса екен, олар біз көрмеген, білмеген жаңа өмір кешірсе екен» деген ойлар шырмап алды.

Осылай үмітті ойдың құшағында жатқан менің бойымды қайтадан бір түрлі ой билей бастады. Рунту ошақ мен шамдалды сұрағанда, мен оның әлі күнге дейін Буддаға – Құдайға табынатынына, одан күдерін үзбейтініне іштей күліп қойғам. Ал менің қазіргі үміттерім де өзім жасаған Будда емес пе? Рунтудың арманы ертеңгі күн болса, менікі ұзақ болашақ, айырмашылығы сол ғана. Көз алдымда құм басқан теңіз жағасы бұлдырайды. Қаракөк аспанда алтын тaбaқтaй толған ай. Маған бірде: «жалпы үміт дегенді бар десе де, жоқ десе де болады, ол да мынау жер бетіндегі жол сияқты ғой, жерде о баста жол болмаған, жолаушылар жүре келе жол пайда болған», деген ой келді.

Қаңтар 1921 жыл

Қытай тілінен аударған Дүкен МƏСІМХАНҰЛЫ.