ВОЛЬФГАНГ БОРХЕРТ. НЫСАНАҒА ТІГІЛГЕН БАСТАР

Екі жігіт жан дәрмен өңкеңдеп жер қазып жатыр. Әжептәуір кең шұңқыр лезде пайда болды. Өзі тіпті жайлы екен. Кеңдігі көрдей. Айтып-айтпай не керек, өздеріне жарап жатыр.

Олардың қол пулеметі бар. Оны белгісіз уақытта беймәлім біреу кісі ату үшін ойлап тапқан. Енді бұлардың қолында қылпып тұр. Ал атылуға тиіс құрбандарды олар танып-білген емес. Өздері ұғынықсыз бөтен тілде сөйлейді. Бұлардың алдында қылдай қиянаты, еш жазығы жоқ міскіндер олар. Бірақ атуың керек. Бұйрық солай! Біреу «Атыңдар!» деген жарлық шығарған. Тегіс жусатып тастау үшін әлдекім минутына алпыстан астам оқ жаудырар пулеметті ойлап тапқан. Осы тапқырлығы үшін марапатқа бөленіп, сый-сияпатқа ие болған.

Екі жігіт жатқан жерден әрі таман басқа шұңқыр бар. Одан анда-санда бір бас қылт ете қалады. Кәдімгі адамның басы. Олар да – мына жарық күнді, зеңгір көк аспанды, жайқалған гүлдерді көретін көзі, даланың керімсал ауасын жұтып, сұлулардың әдемі әтірінің иісін сезетін мұрны, қысылғанда анасы мен сүйгенін аузына алар тіл мен жағы бар қара су мен қара нанды талғажау етер тесік өзекті пенделер. Пулеметті жігіттердің бірі әлгі басты көре сала:

 – Ат! – деп бұйырды екіншісіне.

Ол көздеп тұрып атып кеп жіберді.

Бас мұрттай ұшты. Ол енді мына жарық сәулені, зеңгір көк аспанды, алтын күннің сынығын мәңгі көре алмайды. Оның енді салқын самал саф ауаны жұтып, сүйгенін құшырлана шашынан иіскей алмасы анық. Ол енді «қайран менің анашым», – деп ешқашан айта алмақ емес. Ешқашан!

Екі жігіт өздері қазған жердің жыртығына тығылып айлап, ұзақ отырды. Осы аралықта қаншама басты қағып тастай берді. Ол бастардың иесін бұлар мүлде танымайтын. Олардың қылдай қиянаты, еш жазығы жоқ еді бұлардың алдында. Өзгесін қойып, тілдерін де түсінбейтін. Алайда, әлдекім, минутына алпыстан астам оқ жаудыратын пулемет ойлап тапқан. Әлдебіреу «Осымен атыңдар» – деп бұйрық берген.

Екі жігіт жердің жыртығында жатып алып, көптеген бастың түбіне жетті. Егер олар қаққан бастарды жинап, үйер болса, үлкен тау шығатын шығар. Олар түнде ұйықтап жатқанда әлгі тау боп үйілген бастар сытыр-сұтыр домалап, бір-бірімен жарыса, қағыса бұларға қарай тура заулайтын секілді. Олар осы дыбыстан шошып оянатын.

– Бұйрық осылай, – деді екі жігіттің бірі сыбырлай.

– Бәрібір олардың көзін жойған біз, – деді екіншісі айқайлап.

– Бұл енді сұмдық болды, – деді алғашқысы күйзелген үнмен.

– Кейде қызық үшін де аттық емес пе! – деді оған серігі қарқылдай күліп.

– Жоқ, атама, – деп айқайлады сыбырлаған дауыс.

– Дегенмен, – дейді екіншісі, – қызық көріп, кейде еріккеннен де атқанымыз рас қой. Ермек үшін...

Олар түнімен көз ілмей шықты. Ұйқы безіп кеткен. Біреуі әлден уақытта:

– Бізді құдай осылай оқ атуға жаратқан, – деді масаттанып.

– Жалаңды жоқ құдайға жаппа.

– Немене сонда құдайдың болмағаны ма?

– Оның бар бақыты мен абыройы сол жоқтығында болып тұр-ау.

– Ал, біз, біз ше? Біз бармыз ғой.

– Иә, біз бармыз. Сондықтан осы сойқанның бар машақатымен әуре-сарсаңы жоқ құдайдан емес, тірілерден түбі бір сұралатын шығар-ау.

– А-а-а?

Қылтиған бастарды неғұрлым көбірек  қағу керек деп бұйрық алған екі жігіт түнімен көз ілмеді. Көздерін жұмса болды, өздері қаққан қу бастар жолындағыларға қағыла-соғыла қаңғырлап бұларға қарай заулап келе жататын болған.

Сонда біреуі тұрып:

– Біздің ісіміз оңалудан кеткен. Күнәкармыз, – деді.

– Жә, жеткілікті, – деді біреуі демде дауысын қатайтып, – қайтер екен десем, бордай үгіліп, елжіреп барасың ғой... Іске кіріселік.

Екеуі де орындарынан ширақ тұрып, пулеметке жармасты.

Қылтиған басты көріп, төпеп оқ жаудырды. Қашанғы дағды бойынша. Ал, атқан адамдарын олар танып-білген емес. Өмірі көрмеген, бұлардың алдында ешқандай жазығы жоқ жандар еді. Бірақ бұлар атуға тиіс. Сол үшін әлдебіреу пулемет ойлап тапқан. Онысына және мол сый-сияпат алып, қошемет-құрметке бөленген.

Ал әлдекім «Атыңдар!» деп бұйрық берген.

...Пулемет сақылдап атылып жатыр, атылып жатыр. Қу бастар домалап жатыр, домалап жатыр...

Аударған Ш. Бейсенова