Әдебиетті ұлт дидары дейміз. Түйсігі бар адамға бұл тым тар алаң. Себебі, әдебиет – адамзат дидары һәм оның ең ұлы жетістігі емес пе?! Кітапты қолға алып, санамызды сарсаң еткен сауалдарға жауап іздеуге асығамыз кейде. Алайда, авторды түсіну үшін бір шығармамен шектеліп қалу қателік екені анық. Үстелімде орыс әдебиетінің қайталанбас үш классигінің қарындашпен әбден шимайланған кітаптары жатыр. Ұлт тақырыбынан әлдеқайда жоғары шыққан Ф.М.Достоевский, Л.Н.Толстой және қысқа жанр шебері А.П.Чехов... Біз орыс әдебиетін толық қамтымасақ та, осы үш жазушының шығармашылығы бір бөлек екенін сеземіз. Неге?! Былай түйдім: Достоевский, мәселен, дінге жақын шығар. Чехов бір сөзбен – шебер. Ал Толстой – мәңгіліктің адамы екен. Осының ссоңғысына назар аударып, біраз әңгіме қылсақ...
Лев Николаевичтың «Соғыс және бейбітшілік» кітабы («Соғыс және бейбітшілік» деген атаудың қазақша аудармасы да күдікке толы: бұл жердегі «мир» сөзі «әлем», «адамзат», «дүние» ұғымдарымен тең келетінін оқырмандар жақсы біледі) алпысыншы жылдары жарық көрді. Әдебиетшілердің айтуынша, аталмыш эпопея Толстой шығармашылығының ең биік шыңы болса да, оның жазылу кезеңі қайткенмен автордың енді ғана қалыптаса бастаған дәуірі екенін мойындауымыз керек. Өз заманында жетпісінші жылдары Толстой жазушы, философ, жалпы адам ретінде үлкен өзгерістерді бастан кешеді. Сол кезде «Анна Каренина» жарыққа шықты. Егер «Соғыс және бейбітшілік» кітабында Толстой Достоевскийге жақынырақ болса, яғни әңгімені көбіне діни философия аясында өрбітсе, одан кейінгі Каренинаның өз-өзіне қол жұмсауы – жаңа белестің бейнесі еді. Аннаның тағдыры Толстой шығармашылығында одан кейінгі нағыз інжу-маржандардың тұсауын кескендей: «Исповедь», «Крейцерова соната», «Воскресение» және тағы басқалары... Менімше бұл шығармалардың жұлдызы «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясынан жоғары болуы керек еді. Бұлай деуіме, әрине, себептер жоқ емес...
1890 жылы жазылған «Отец Сергий» повесінен кейін 1901 жылы Толстой синодтың шешімімен шіркеуден қуғындалады. Жарыққа «Хаджи Мурат» повесі және «Живой труп» драмасы шығады. Осы кезеңді алып қарасақ, Толстой шығармашылығында ғана емес, жалпы әлем әдебиетіндегі ұлт, дін, діл тақырыбынан әлдеқайда жоғары тұрған Ақиқатқа қол жеткізген шығарма деп «Отец Сергий» повесін айтар едім. Көркем мәтіннің мазмұнын қысқаша ғана еске алсақ: ХІХ ғасырдың қырықыншы жылдары. Петербург жұртшылығының арасында тілге тиек болған бір адамның даңқы аспандап тұрған кез. Ақылына көркі сай, болашағы жарқын – князь Степан Касатский – мемлекеттік қызметі мен сұлу қалыңдығынан бас тартып, бар дүние-мүлкін туыстарына табыстап, монастырьда діни қызмет ету шешімін қабылдайды екен. Шығармада Касатскийдің жан дүниесі сыртқы әлеммен талай күреске түсіп, біраз сынаққа тап болады. Жеті жыл діни тәлімнен өтіп, ендігі есімі – Отец Сергий – дүйім жұртты аузына қаратқан тірі аңызға айналады. Тіпті, оны сынға алғысы келген жас келіншектің жалаңаш тәнін көрген кезде тура жолынан таймау үшін өз саусағын өзі кесіп тастаған сәттері де болды. Бірақ саны көп сынақтардың бірі болмаса екіншісінде сүріну – табиғи заңдылық. «Енді дұға етудің де қажеті жоқ, өйткені құдай да жоқ...» деген ой еңсесін басқан Сергий тығырыққа тірелгенін сезеді... Мұндай сезімді бастан кешу оңай емес. «Көңілім қайтты достан, дұшпаннан да» деп еді хакім Абай. Өмір – бір бағытты жол емес пе? Сөйтіп, шарасыз қалған шерлі көңіл белгілі бір бағдары жоқ жолға шығуға бел буады. Бұл сапар негізі оның түсіне аян болып та көрінген. Демек, бір жауап күтіп те тұрған шығар... Ұзақ сапарға шыққан жолаушы дем басып алу үшін құдайы қонақ ретінде белгісіз бір үйдің есігін қағады. Алдынан шыққан бейтаныс келіншек жолаушыны байғұс кедей деп ойлап, үйге тамақ беру үшін шақырады. Суын ішіп, демін енді басқан Сергий бейтаныс әйелдің жүзінен өткеннің ізін көрген сияқты. Бірте-бірте танығандай да болды. Аяулы Пашенька! Бұл сен бе едің? Кезінде «ақылды» деп те айтуға қимаған, тым қарапайым бір қыз еді... Сергий Пашеньканы кішкене кезінен білетін. Танымайтын адамға қолындағы барын беруге тырысқан Пашенька музыкадан дәріс береді екен. Осы көрісуден кейінгі Сергийдің мына түйініне тоқтадым: «...Я жил для людей под предлогом Бога, она живет для Бога, воображая, что она живет для людей» (А: «Құдайдың атын жамылып, өзім үшін өмір сүрген екенмін, ал Ол болса өзгелер үшін өмір сүремін деп, Құдайға шынайы табынғанын байқаман да екен») дейді... Иә, айналасындағы қоғам үшін кіршіксіз таза болып көрінгісі келген Сергий осы күнге дейін қандай ақиқатқа қол жеткізді? Мақсат ақиқатқа, тазалыққа, құдайға құлшылық ету еді. Бірақ оның құлшылығы өз басынан аспаған екен. Өзгелер үшін өмір сүре білген Пашенька неткен бақытты! Өмірін дін мен діни авторитетке арнаған Сергий енді қайтпек? Өзін өзгеден биік екенін дәлелдеумен, өзі үшін өмір сүрген жан екенін енді ұққан сияқты. Оның қаншама жылдар бойы табынып келген құдайы – тек өзінің эгосы болып шыққаны қандай өкінішті... Хақ жолын іздеуден бұрын, ОЛ ӨЗІН басқа пенделерден БИІК екенін көрсеткісі келгені ме? Пендешілік, әттең, ол да «бір кем дүние»...
Біз Толстойды осы үшін оқитын шығармыз. Ақиқат үшін. Сосын өзіміз үшін. Адамның ақ пен қарасын айыру қиын емес болса керек. Бірақ қараңғыдан жарықтың титтей сәулесін шалып қалу үшін Жүрек керек. Дәл Толстой сияқты ақиқатты, Құдайды, жаратылысты шексіз сүйетін жүрек керек...
Ақерке Асан Қойлыбайқызы
Әдебиеттанушы