СТЕФАН ЦВЕЙГ. ПОЭЗИЯ ТУРАЛЫ МИФ

Адамдар жөн сілтеген жоқ қой маған,

Шексіздікке мені алып кетті енді,

Махаббат деген шексіз оттай ғалам.

Неміс ақындарының ішінде поэзияға және оның құдыретті қайнар көзінің бар екендігіне Гельдерлин сияқты ешкім сенген жоқ, олардың ешқайсысы да поэзияның абсолютті билігін соншалықты фанаттық сеніммен қорғаған жоқ, оның күйбең тірліктің іс-әрекеттерімен араласа алмайтындығын мойындай алған жоқ,бұл қайтпас адам өзінің жақұттай тазалығын поэзияны түсінуге арнады. Бір ғажабы, бұл шваб, пасторлық қызметтің кандидаты көзге көрінбейтін, жоғарыдан келетін күштерге антикалық көзқараспен қарайды, ол "әке-эфирге" және құдыретті тағдырға - Новалиске, Брентаноға, Христоска өзінің қатарластарына қарағанда әлдеқайда тереңірек сенеді. Оларға Евангелия қандай болса, Гельдерлинге шындықты ашып көрсететін, көңілді мас қылатын құпиясы бар, жалынды арнау өлеңдер туғызатын және қара жердің қасиетін жеткізетін поэзия сондай. Тіпті Гете үшін де поэзия дегеніміз - болмыстың бір бөлігі ғана; ал Гельдерлин үшін ол болмыстың абсолютті мәні және біреу үшін ол тек жеке басынын қажеттілігі болса, екінші біреу үшін жеке басынан да асып кеткен, діни қажеттілік.

Поэзиядан ол қара жерге өнімділік беретін және жан бітіретін құдыреттіліктің демін сезеді, поэзияда бір сәтті күні болмыстың ежелден келе жатқан бітіспес мәселелері шешілетін жалғыз гармония бар. Аспан мен жердің арасын толтырып, өзінің мөлдірлігімен жұлдыздар мекені мен біздің планетамыздың арасында есінеп тұратын қарабайыр кеңістікті көзге көрінбейтін нәзіктіпен тегістеп тұратын эфир қандай болса, поэзия да рухтың жоғарғы және төменгі арасындағы түпсіздікті толтырып, құдырет пен адамның арасын жалғап тұрады. Мен қайталап айтамын: Гельдерлин үшін поэзия өмірдің музыкалық дәмдеуіші де, адамзаттың рухани денесінің әшекейі де емес, ол жоғары мақсаттылық пен аса жоғары мәннің ұштасуы, бәріне де сақтап тұрған және бәрін де жасап тұрған бастау, сондықтан да оған өміріңді арнау дегеніміз - ең лайықты құрбандық шалу деген сөз. Осындай көзқарастың аумағымен ғана Гельдерлин ерлігінің аумағы түсіндіріледі.

Гельдерлин өзінің поэзиясында ақын туралы осы мифті бір адым да артқа шегінбестен айтады және Гельдерлиннің осы сөздерінен кейін біз оның үлкен жауапкершілігінің кереметтігін, оның өміріне сіңіп кеткен тұтастыққа құмарлығын түсіне аламыз. "Жоғарғы күштің" табынушысы болған ол үшін әлем - қос мәнді, деректердің айтуынша да, платониктердің ғылымында да солай. Заңғар биікте "мәңгілік шұғылаға шомып тұратын құдайларға" қол жетпейді, бірақ олардың адамдар өміріне қалай да қатысы бap. Төменде күнделікті мәні жоқ тірліктің каторгасында ертең алдынан өлім күтіп тұрған тобыр еңбек етіп, тырбаңдап жатыр.

Қараңғы түнде сенделіп жүрген Орканың тұрғындарындай,

Құдайды білмес туыстар біздің маңдайда бағы жағылмай,

әрқайсысы бір-бір ауыр жұмыспен сабылып,

шеберхананың шу мен шаңына таңылып,

өз өзін ғана естиді мына бел жаздырмайтын жұмыста,

қуатты қолын бір сәтке жазып, алмайды екен тыныс та.

Жемісін бермес Фурии сынды, жұмысқа мәңгі сыйынған,

Бақытсыздар ғой, жұмыс дегенің соларға ғана бұйырған.

Гете "Дивандарының" бірінде таң шұғыласы кеп "азапты жуып кеткенше", екі сфераның арасындағы делдал келіп жеткенше әлем жарық пен қараңғыға бөлініп тұрады: олай болмайынша, олардың арасында бір сәттік болса да байланыс орнамаса, жоғарғы әлем төменгі әлемді, ал төменгі әлем жоғарғы әлемді сәулелендірмесе, әлемді жасақтауда тек екі жақты жалғыздық, яғни, құдайлардың да жалғыздығы, адамдардың да жалғыздығы орнар еді. Тіпті жоғарыдағы құдайлардың өзі "мәңгілік шұғылаға шомып жүрсе де", соншалықты бақытты емес: басқалар оларды танымайынша, олар өздерін өздері тани алмайды:

Батырларға арналған гүл дестедей тұра алар,

Ішкі әлемнің дауылын жүрек керек біле алар.

Осылайша төмендегілер жоғарыдағылар, жоғарыдағылар төмендегілерге, рух - өмірге, өмір рухқа ұмтылумен болады: өлмейтін табиғаттың барлық заттары маңдайына өлім жазылғандар танымайынша және қара жердегі махаббатарымен сүймейінше қандай да бір мәңге ие бола алмайды. Раушан гүлі көзге қуаныш әкелгенде ғана раушан гүлі бола алады, кешкі шұғыла адам көзінің торшалары оны қабылдағанда ғана көркем бола алады. Адам өлмес үшін құдайшылдықты тілесе, құдайшылдық та шынайы болу үшін адамды іздейді. Осылайша құдайлар өздерінің құдыретінің куәгерлерін жасап шығарады, өзіне мақтау айтатын ауызды, өзін нағыз құдырет ететін ақындықты жаратады.

Гельдерлин көзқарасының осы негізгі ядросы, оның барлық поэтикалық идеялары сияқты, мүмкін "керемет шиллерлік рухтан" бастау алып жатқан шығар. Бірақ Шиллердің:

Жаратушы иеміздің жалғыз өзі мұндана,

Сәуле шашқан рухтарды жаратқан,

Сол рухтар шапағатын таратқан, -

деген соншама салқынқанды көзқарасы Гельдерлиннің орфикалық көзқарасында ақынның туылуы туралы мифке айналған:

Сәуле менен найзағайдың жарқылы,

көк теңіздің толқынының қарқыны,

билеп-төстеп кететұғын ойлардай,

кім-кімді де өз ырқына көндірсе,

қараңғымен көлегейлеп, есімін де сөндірсе,

ғаламдық бұл ақын өзін тірілерден таба алмай,

қалар еді жүрегінің әсем жырын жаға алмай,

барша қауым әуеніне қосылып,

асқақтата шырқамаса ғасырлардан асырып.

Демек, ақынның құдыреттілігі мұңнан да емес, іш пыстырарлық бос жүрістен де емес, қажеттіліктен туады: ақынсыз құдыреттілік жоқ, ақынның арқасында ғана ол құдыреттілік болады, ал Шиллер өнерді асқақ "ойын" түрінде көрсетеді. Поэзияда біз Гельдерлиннің дүниетанымының түпкі негізімен ұшырасамыз, бұл - бұл әлемдік қажеттілік, ол ғарыш ішілік әлденені жасамайды, ол ғарыштың өзін жасайды. Құдайлар ақындарды ермек үшін жібермейді, қажет болған соң жібереді: бұл оларға керек, "төгіліп тұрған сөздің елшісі":

Құдайлар мәңгілікті қалайды ғой,

Одан да асқан ғажаптық керек десе,

өлместерді таңдайды Тірілерден,

адамдардан, батыр мен ірілерден.

Құдайлар - білмейді ғой өзін олар,

Өлместердің атынан сөйлеп тұрған

басқалар тек оларды сезіне алар,

сұлулық беретұғын шырайларға,

міне, солар керек қой Құдайларға,

Ақындар - олар құдайларға керек, бірақ ақындар адамдарға да керек қой.

Ақындар қасиетті ыдыс болар,

ұлы өмір шарабындай ұлы рух,

құйылып, сақталатын ырыс болар.

Мұнда жоғарғы әлем де, төменгі әлем де түйісіп жатады, олар диссонансты қажетті гармонияға келтіреді, жалпыға бірдей етіп келтіреді, өйткені:

Терең ой табар сонда жалпы рухты,

Ақынның жүрегіне тұнып қалып.

Осылайша, ақынның жеке басының жалғыздығы мен қара жердің бетіндегі жалғыздығының ортасындағы әрі әйгілі, әрі аласталған образы көрініс табады, құдыреттілікті құдыреттілікпен кескіндеп, қарапайым түрде қара жердің бетінде сөйлету үшін жіберілген ақын образын осылайша көре аламыз. Ол адамдардың ортасынан келе жатады, бірақ оны жаратқан - бір құдай: оның бол мысы - құдайдың елшісі бейнесінде, ол "ғарыштың қарапайым әрі ұғынықтылыққа өтуінің" қоңыраулы баспалдағы. Ақынның болмысында меңіреу адами сезімнің алдынан символдық түрде құдыреттілік түретеледі: қасиеттіліктің құпияларындағы сияқты адамдар сөзден шексіздіктің жемісі мен қанының дәмін татады. Сондықтан да кызмет етудің көзге көрінбейтін белдігі оның сұлбасын орап алып тұрады.

Ақын туралы бұл аңыз - Гельдерлиннің рухани әлемінің орталығы: өзінің күллі шығармашылығы арқылы ол поэзияның қызметіне деген мызғымайтын сенімін ұстанып келеді. Сондықтан да оның шығармашылығының этикалық пафосы сакральды, салтанатты реңкке ие болады. Оның әрбір өлеңі асқақ үнмен басталады: әсіресе, рухымен көк тәңіріне қарата айтылған өлеңдерінде ол өзін қара жердегі қарапайым тірлікке қатысы жоқтай, өзін жоғарғы күш туралы ақпарат беруші ретінде сезінеді, Кім "құдайдың дауысы", "батырлықтың хабаршысы" (кейбір жерлерде ол осылай айтады) немесе "халықтың тілі" болғысы келеді, сол адамның сөзі асқақ, биіктерге ұмтылатын, құдайлардың елшісіндей таза болуы тиіс. Храмның көзге көрінбейтін баспалдақтарымен ол көзге көрінбейтін, сансыз шоғырға, қара жердің тайпаларынан пайда болуға тиісті елес сияқты бұлдыраған халыққа қарап сөйлеп тұрады, өйткені "мәңгілік нәрсенің бәрін ақындар жасайды". Құдайлар үнсіз қалғаннан бері, олар, яғни, жер бетіндегі бейнетті еңбектің ортасында жүріп, мәңгіліктің жырын айтатындар, сол құдайлардың атымен және солардың сөзімен сөйлейді. Сондықтан да олардың боямасыз, қардай тап-таза өлеңдері асқақ естіледі. Сондықтан да өзінің өлеңдерінде ол осындай көтеріңкі буынмен сөйлейді.

Өзінің миссиясы немесе өзінің құдайдың елшісі екендігі туралы жоғары түсінігін Гельдерлин көп жылдар өтіп, өмірден ащы сабақ алғаннан кейін де өзгерткен жоқ. Тек бір жағдайда ғана оның мифі трагедиялық сипат алады: құдайдың елшісі ретіндегі қызметі оның жастық көктемі кезінде қиялдағанындай алаңсыз-мұңсыз емес екен, ерлікке толы тағдыр екен. Бозбала кезінде бұл оған керемет бақыттылық сияқты көрінді, ал ақыл тоқтатқан шағында түпсіздіктің үстімен жүрудің сұмдық болса да көркем, тағдырдың қара бұлттарының ортасында, фатум найзағайларының, жоғарғы күштің ызалы күркілінің астымен жүру екен.

Бізді зеңгір көк отымен балқытып,

Қасиетті ауырлықты құдай бізге сыйлайды.

Ол құдайға құлшылық қызметін атқару - бақытыңнан бас тарту деген сөз екендігін түсінді. Тәңір таңдаған адам балтаға түсетін ормандағы шексіз ағаштар тәрізді қызыл белгімен белгіленеді: нағыз поэзия тағдырға өз үнін де естіртеді, сондықтан да кім де кім жеңіл де бір қалыпты өмірден бас тартып, жоғарғы күштердің ойынына өз еркімен берілсе, нағыз ақын - сол адам. Кім де кім ерлікке пара-пар трагедиялықты бастан кешуге дайын болса, кім де кім өз үйінің жып-жылы ошағынан бас тартып, құдайлардың әмірін тыңдау үшін дауылдарға қарай жүруді қаласа, тек сол ғана нағыз ер жүрек батыр бола алады. Гиперион айтады: "Ғұламалыққа бір рет берілсең, ол өмір сенің мойыныңа салып қойған барлық шынжырды жұлып түседі" дейді, тек Эмпедокл мен мұңды Гельдерлин "құдыреттілікті құдыреттер сияқты көре алатындардың" құдайлар жіберген сұмдықты бастан кешетінін мойындады:

Өз үйлерін тас-талқан ғып, қайғы жұтып санасы,

Үйіндіге көмілсе де әкесі мен баласы,

жүрегінің қимастарын осылайша жоқ қылып,

көңілінен лақтырып,

армандайды құдайлардай болсам деп.

Ақынның жоғарғы күштің о бастағы қуатымен түйісіп қала беруі - өте қауіпті: ол жайтартқыш сияқты, өз көңілінің көкке қадалған жұп-жұқа да нәзік ұшымен шексіздіктің от-жарқылын өзіне тартып алады, өйтпесе, бұл "жыр құшағындағы" делдал "көктің сол от-жарқылының" кәдімгі қарапайым пенделерді өртеп жіберуіне мүмкіндік жасаған болар еді. Мәңгі жалғыздықтағы ол аса зұлым күштерді өзінің құдыретті қуатымен қарсы алады, олардың атомосферасында адамды өлтіріп жіберерліктей отты шрядтардың шоғырын ақын өзіне қабылдап алады. Өйткені өзіндегі оянып келе жатқан, көмейін күйдіріп бара жатқан пайғамбарлық жалынды жасырып үнсіз қалуға оның хақысы жоқ,:

Көк жүзінің жалыны,

Өзіндегі жауды өзі өртер ед,

Қараңғыны қақ жарып,

Еркіндікке ұмтылды,—

бірақ өзінің кеудесінде жасырын жатқан нәрселерді толықтай ашып көрсетуге билігі жете де бермейді; құдыреттілік туралы үнсіз қалу - күнә, бірақ ол туралы бәрін ашып айтып салу - одан да асқан күнә. Құдыреттілік пен батылдықты ол адамдардың арасынан іздеуі керек, олардың ұсақтығына шыдай жүріп, адамзаттық қасиеттерге ренжімеу де керек; құдайларға мадақ айта жүріп, мұның өзін, яғни, құдайдың жаршысын адами мұң-қайғысында жалғыз қалдырғандарға алғыс айтуы тиіс. Сөз де, үнсіздік те оның қасиетті қажеттілігі болып қала береді; поэзия дегеніміз - өзі жас кезінде армандағанындай, еркіндіктің рахаты емес, қуаныштың қанатында қалқып жүру де емес, ол мұңды да қасиетті міндет, таңдаулылардың құлдық қызметі. Кім де кім бір кезде соған қызмет етуге уәде берген болса, ол сонымен мәңгілікке байланысты қала береді, ол өзінен ешқашан да поэзияның Нессовтық киімін шеше алмайды, тіпті өзін өртеп жіберсе де бұл мүмкін емес (оған мысал: Гераклдың және барлық геройлардың тағдыры). Ол берген уәдесінен аттап та, кейін шегініп те кете алмайды: құдайдың сүйген құлдарының тағдыры ауыр болады.

Сонымен, Гельдерлин өз тағдырының күллі трагизмін анық түсінді; Клейст пен Ницще сияқты, өз өлімі туралы ой-сезім оның өмірін тым ерте билеп алды да, мұның өзі оның өмірінің әлі алдағы оншақты жылына көлеңкесін түсірді. Бірақ пастордың баласы Ницще сияқты, пастордың немересі болып келетін бұл да жұмсақ та әлжуаз баланың бойында классикалық күш бар еді: Прометейдің барлық ұрпақтары сияқты ол шексіз күштермен күш сынасуды қалайды. Ол Гете сияқты, өз болмысын тұншықтырып бара жатқан демондық күштерді арнаға қарай бөгеттер мен дамбалар арқылы бұрып, қуып немесе ауыздықтайын деп ниеттенбейді. Гете өмірінің аса қымбат қазыналарын құтқару үшін өз тағдырынан ылғи қашып жүретін болса, рухы мықты Гельдерлин ешқандай қару-жарақсыз-ақ дауылға қарсы тұрады: тазалық - оның ең басты қаруы. Ол өзінің бауырластарына, поэзияның бейнетін арқалап жүргендерге қасиетті сенім-ұстаным туралы, жоғары жауапкершіліктің ерлігі туралы, олардың ұлы міндеттерін атқаруы туралы сөзін жеткізу гимні үшін өз дауысын батылдықпен және мейірбандылықпен (бұл үндестік оның күллі тағдырының бойында сезіліп тұр) асқақтатады:

Құдыретті мейірімнен бас тартпан,

Ол мейірім - еркіндігім берілген.

Тұрады ол құдайдайын асқақтап,

Ондай кескін берілмеген тегіннен.

Біреудің мәжбүрлеуімен, ұсақ-түйек ойлармен, бір күндік бақытқа жармасып жүріп үлкен істерге қол жеткізе алмайсың. Поэзия – тағдырына қаймықпай қарау, мейірбандылық және батылдық: кім көктің күшімен тілдесе білсе, ол адам сол құдыреттің найзағайларынан және қауіптілігінен сескенбек емес.

Ақындар! Құдыреттің құзырымен,

Ұқсар бізге, бастарын жалаңаштап,

Ұлы әкенің сәулесін өз қолымен,

Қағып ап, әнге қосар дара бастап,

Көктің сыйын халыққа жеткізеді,

Өйткені таза біздің жүрегіміз,

Сәбидей тазалықпен нұрға бөлер,

Әкелік ақ тілекпен жыр да келер,

Құдыретті мұңымыз жұмбақ емес,

Бұлайша азап шеккендер сынбақ емес.

 Аударған Оңайгүл Тұржан